Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2548 0 пікір 18 Сәуір, 2011 сағат 08:01

Қуандық Шамахайұлы. Ерте туып, кеш қалған - көшпенділер

Сөз басы

Сөз басы

Адам баласы дүниеге келгеннен бастап жер еміп, тіршілік нәрін алатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шығар. Сондықтан ғой, «жер ана» деп оған бас иіп табынатынымыз. Алайда, жер емудің амал-айласы мен әдіс-тәсілдері әр елде сан алуан түрмен қалыптасқан екен. Табиғаты мен ауа- райы тіршілікке қолайлы өңірде қоныс тепкен, өндірістері қарыштап дамыған елдер әу баста-ақ жермен тікелей қатынасқа көшіп, жайқалып өсіп, көзге көрініп тұрғанын ғана емес, қойнауындағы байлыққа да қолдарын малып үлгерулерінің арқасында қарыштап дамудың шыңына жетсе керек. Ал, көшпенділер біз жер астын айтпағанның өзінде оның үстіндегі өсімдік, шөп атаулыға да ол тұста қол ұшын тигізбедік. Көз алдымызда мөлдіріп, пісіп тұрған жеміс-жидекті үзіп жегенімізді есепке алмай-ақ қоялықшы. Жердің игілігін біз негізінен мал арқылы, одан шығатын өнім арқылы ғана көріп, дәмін таттық. Онымыздың өзі шын мәнінде, делдал арқылы жететін пайдалы коэффициенті шамалы тауар ретінде тұтынылды. БҰҰ-нан ұсынылған зерттеулердің нәтижесіне көз салып қараңыз, кешегі жер қайысқан қолымен, ат жалында құйғытып әлемді жаулаған көшпенділердің мұрагерлері болып табылатын елдердің қайсысы көш бастап тұр? Ешбірі де! Анау Монғолияң да, көрші Қырғызың да, мына өзіміз де «дамушы» деп сыпайы түрде аталатын кедей елдердің қатарындамыз. Ал, біз осы кешегі тарихи дәуірдің өзінде бай болып көрдік пе? Осы бір кедейшілік деген дүние көшпенділермен тарихи тағдырлас пәле емес пе екен?! Жалпы, кедейшілік дегеніміздің өзі не нәрсе? Осы сауалдарға шама-шарқымызша жауап іздеп көрсек. Белгілі бір елдің экономикасы қоғамдық-әлеуметтік қажеттілікті толықтай жеткілікті қамтамасыз ете алмауының салдарынан  тұрмыстық ең маңызды дүниелердің тапшылыққа айналуы немесе қол жетімділікке сай келмеуінен кедейшілік туатын көрінеді. Кедейшілік - ішінара көп түрге бөлінбек. Тіпті қала берді, салыстырмалы түрдегі кедейшілік деген ұғым да кездеседі. Сонда кешегі ержүрек көшпенділерді айналсоқтап кетпей жүрген «мәңгілік досымыз» кедейшіліктің түп негізі қайда жатыр, оған кім кінәлі деген сауал осындайда еріксіз туады. Кінә - мал шаруашылығына ғана сүйенген дәстүрлі экономикада ма, аумалы-төкпелі ауа-райы мен жылдың төрт мезгілі алмасатын өлкемізде ме, әлде, көшпелі тұрмыста ма? Бәлкім, көшпенділердің өзгеге ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігінде шығар. Тарихи дамудың түрлі кезеңдерінде көшпенді тайпалар өзара және жат жұртпен үнемі қан төгісіп, «еңку-еңку жер шалумен» екі мыңдай жылды артқа тастаған екен. Экономикамыздың мешеулігі мен «дамушы» кедейлер қатарынан ойып тұрып орын алуымыздың терең сыры осында жатса керек.

Дәстүрлі экономикамыз - дамуды тежегіш тетік

Көшпенділерге тән ділдік ерекшелік біздің қазақта да бар. Біз киелі көк бөріден тараған көрінеміз, турасы «ит-құстан». Осы аңызға және өзіміз жатып келіп сенеміз. Ал, өркениетті жұрт мұнымызға езу тартады да, «сендер жазықсыз жануарды ұстап етін жейтін, сыпырып алған терісін жамылып қыстан шығатын, төл тарихын да жөнді білмейтін жабайы көшпенділердің ұрпағысыңдар» дегенді былш еткізіп бетімізге айтпаса да әдемілеп тұрып жеткізеді. Оны Батыс елдерінде немесе АҚШ-та болған, ондағы зиялы қауыммен ұзақ әңгіме-дүкен құрған кез-келген азамат растай алады. Әрине, ондайда бәріміз де сөзге қонақ бермей көшпенділер мәдениеті мен өркениетінің «кереметтігін» дәлелдемекке тырысып, шала бүлініп жатамыз. Кешегі заман өтті, кетті. Бүгінгі таңда адамзат қоғамы қарыштап дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Саналы адамның (homo sapiens) алғаш пайда болуы жайындағы полицентризм тұрғысынан келсек, барлық тайпа атаулы дамудың даңғыл жолына қарай ентелеп, таласып-тармасып қара жарысқа түскенде бәрінің қолында тастан өзге құрал болған жоқ.  Яғни, сонау көне дәуірдегі арғы ата-бабаларымыз өзге жұртпен тең болды. Ол тұста қазіргі тұтас әлемді «өркениетті», «алғашқы ондық, сегіздік», «дамушы» деп бөлмейтін. Бәрі бірдей азық табудың қамымен мамыт аулап жүрсе, кімнен кім оза қойсын. Адамзат қоғамының тарихи дамуы жолындағы бүгінгі биігінен көз салсақ, сол жарыста қара үзіп озып келгендері қаншама. Жол ортада, тіпті жұртта қалғандары да баршылық. Кеше ғана «еруіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» әлемнің жартысын жаулай жаздаған біз, көшпенділер қазір қай тұста жүрміз? Айтпаса да түсінікті шығар. Адам жетілмейінше қоғамның дамымасы хақ. Ал, қоғамдық даму айналып келіп адамды жетілдіруші фактор болатыны заңдылық.  Олай болса, әлемдегі сан мыңдаған елдер мен ұлттардың дамуы, өрлеу тарихи жолы мен оның эволюциясына көз жүгірітіп, өзгелермен салыстырып, көшпенді бабаларымыздың бірыңғай батырлықтан тұратын иігілікті істерін жат жұрттықтарға қарағанда озығы мен тозығы қайсы дегенді таразылап көрсек деген ниет қой, біздікі. Ақпараттық технология ғасыры аталған бүгінгі таңда  ғылыми-техникалық прогресс дес бермей алпауыт жер шарымыздың өзін «кішірейтіп» алақанымызға салып беруге шақ қалды. Ғарышқа ұшқанымызды, әлемдегі теңдессіз зымырандарды жеті қат көкке біздің елден аттандыратындығын, жаппай компьютердің құлағында ойнап, ғаламторда балықша жүзетіндігімізді айтып, мақтанбай-ақ қойдық. Себебі, оның бәрі біздің төл туындымыз емес.  Бар болғаны, бізден де ілгері кетіп, суырылып алға шыққан өзге жұрт игілігінің нарық заңдылығына сай жеткен қазан түбіндегі қаспағы ғана. Күн шығысымызда жапон, корей, бір бүйірімізде қытай, келесі жағымызда ресейліктер, одан ары еуропалық пен американдықтардың өркениеті мысымызды басып тұр. Қалай десек те, олар бүкіләлем мойындаған даму мен прогрестің жалын шашқан ошақтары. Табыс пен жетістік атаулының бәрі солардың еншісінде, біздің емес, өкінішке қарай!

Ал, біз ше? Ежелгі көршіміз әрі кедендік ортақ одақтасымыздың өзі бізге «баран» деп миығынан күліп қояды. Ал, біз болсақ, қойдай жуастығымызды «толеранттық», қоңырқай тірлігімізді «шүкіршілік» деп қойып әлі мүлгіп отырмыз. Онымен қоймай арасында «дипломмен ауылға!» деп ұран тастап қоямыз. Тап бір сонда гүлденіп тұрған өркениет бардай-ақ. Қазіргіні айтпағанның өзінде өткен ғасырдың басындағы хакім Абайдың, Алаш көсемдерінің «жылатып айтқан» сөздерін қаперге алар түріміз жоқ. Тіпті «бір жыл қой баққаннан жүз жыл ақыл сұрама» деген мақалды да ұмытып кеткенбіз. Келер келешек, болар болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіне келе бір жұттық қойдан мәңгі өшпес ойды алға тарта алсақ, қанеки!

Тарих - шындық, ал, оның дәмі  удай ащы

Тарихи деректерге көз салсақ, көшпенділер ұрпағының пешенесіне әу баста-ақ, артта қалушылықты жазып қойғандай көрінеді де тұрады. Ежелгі көшпенділер Орта және Орталық Азияда қазіргі қытайлар мен орыстардың арғы ата-бабаларының түсіне кірмей тұрғанда-ақ, алғашқы мемлекетті құрғанын тарихшылар дәлелдеп қойған. Расында, жыл санауымыздан бұрынғы 209 жылы шаңырақ көтерген Ғұн мемлекетінен бастасақ, көшпенділер ел билеудің, өкімет құрудың 2200 жылдан астам тарихы бар ежелгі халықтардың бірі. Бірақ, оның несімен мақтанамыз, қалай масайраймыз деген ой тағы келеді. Тарихи дерекке жүгінейік. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы II ғасырда Ғұндар қала салған жоқ. Мал шаруашылығымен шұғылданды, судың тұнығын, шөптің шүйгінін іздеп жылдың төрт мезгілін көші-қонмен өткізді. Ал, шығыстағы көршіміз ол тұста жібектен мата тоқып, жау алмас қамалы бар қалаларды жер-жерде тұрғызып жатты. Тіпті, X ғасырдың (б.ж.с.б.) өзінде Қытай мен Үндістанда біріккен мемлекеттери болды. Бұл жерде адамзатқа Сократ, Платон, Демокрит, Аристотель сынды ұлы ойшылдарды сан ондап дүниеге әкелген V - IV ғасырлардағы Грек мәдениеті мен ғылымы жайында ауыз ашпай-ақ қойған жөн. Көне қытай жазбаларының бірінде Сяньби елінің (II - IV ғғ) ханы туралы «ол батыл, ержүректігімен айналасына танылып, 99 тайпаға әмірлік етті. Ханның мұрагерлері астана құруға қолайлы мекен іздеумен көшіп-қонып жүрді» делінеді екен.  Біздің батыр текті жаужүрек көшпенділер осылай көшпен арпаласып, дала кезіп жүргенде көрші қытайдың іскер пысық халқы ауыр өнеркәсіпті игеріп, алтын, асыл тастарды өңдей бастаған көрінеді. Олармен сауда-саттық жасап, кейбірін ұстаздыққа тартуларының арқасында 233 жылы сяньбилер жер қайысқан қол жинап, ғұндармен салыстырғанда қару-жарақтың жетілген түрлерін асынып, шығыс жаққа жорыққа шығып тонаушылықпен айналысқан. Көріп тұрсыз  ғой, тонаумен, қарақшылықпен! Көшпенді бабаларымыз сонда өздеріне қару жасауды үйреткен ұстаздарына шабуыл жасап, тонағаны ғой, егер дерек рас болса. Ұлы Нирун мемлекеті (330-555 жж) кезінде де шетелдіктер көшпенділерді жабайы жұрт ретінде таныған көрінеді. Шын мәнінде, нирундардың өздері де тұрмыстық жағынан оңып тұрмаған болса керек. Бірақ, соған қарамастан өздерінің артта қалушылықтарына қатты алаңдап, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырғандары аңғарылады. Нирун елінің  ханы 483 жылы Шығыс Ци мемлекетіне елші жолдап, жібек мата тоқушылар жіберуін сұраған екен. Алайда, олар көшпенділердің өтінішін құлақтарына да ілмеген, тіпті мұрын шүйіріп менменсіген. Ал, VI-IX ғасырларда ежелгі монғол жерімен қоса Орта Азияның көп бөлігін түркі тайпалары биледі. Түркі қағанаты (555-745 жж) тұсында да көшпенділер отырықшылыққа айнала алмады. Әр тайпаға тиесілі жерлері болды, бір көшпенді қайтыс болса, зиратының үстіне оның көзі тірісінде өлтірген адамының санымен тас үйеді екен. Қазір де көп жерлерде кездеседі, тау төбе үйілген тастар, оны «мықтың үйі» деп жүрміз. Қызыққа қараңыз! Сонда олар адам өлтіруді ерен еңбек, әжептәуір мәртебе санағаны ғой. Ондай жұртты жат ел жабайы санамағанда неғылсын. Достасар ел табыла ма, олармен? Жауласумен ғана күн көрген жұрт иен даланы мекендеп, сыртқы әлемнен бөлініп қараңғы надан өмір сүрмегенде, өркениет көшінің соңында қалмағанда қара үзіп алға шығар деймісің?!                                                            Ұйғыр мемлекеті (745 - 840 жж) тұсында Сэлэнгэ дариясы (қазіргі Монғолия жері) маңын мекендеген көшпенділер  ат үстінде құйғытып келе жатып-ақ құралайды көзден ататын мерген, тонау мен ұрлыққа, шабуға келгенде келгенде аяқтыға жол бермейтіні, тайпалар өзара қырқысқанда да бір-біріне есе жібермейтіндігі туралы әлем тарихшылары түрлі деректер ұсынған. Мұндай қатыгез жұртпен қандай ел достасып, ынтымақтасуы мүмкін. Ойлап көрейікші.  Хиргис тайпасы (бұл қазіргі қырғыздар емес) туралы да мынандай жазбалар кездеседі: «Қыста ағаш қабықтарынан тұрғызылған күркеде тұрады, атты сарбаздары ағаш қалқанмен қорғанады, темірден жасалған өткір қарулар қолданады, адам өлтіру мен тонауды кәсіп етеді. Сондай-ақ, Кидан тұсындағы көшпенді тайпалар туралы «шөп жабу, малға жем әзірлеу, мал бағу секілді тіршілік шаруаларын әйелдер мен балалардың мойнына артып қояды, еркектер жиналып топ құрады да айналасына шабуыл жасап, өзгенің  дүние-мүлкін тартып алумен күн көреді». Тағы да адам секілді өркениетті ғұмыр кешпегені көрініп тұр. X ғасырдан бастап түркі тайпаларының билігі әлсіреп, ақ қорғаннан бері қарайғы кең далада шашырай қоныстанған көшпенділердің сан жүздеген тайпалары нағыз «күндіз отырмаудың, түнде ұйықтамаудың» кебін киіп өзара қан төгісіп, қырқысумен XIII ғасырдың соңы яғни, орта ғасырдың жартысын еңсергені тарихтан мәлім.  «Не шын, тарих ғана шын, қалғанның бәрі жалған» деген афоризмнің жаны бар.  Қалай десек те, көшпенділердің өткен тарихы соғыс пен қайғы-қасіретке толы болғаны ақиқат. Оның ішінде өзгелерден қорғанудан бұрын өздері соғыс ашып, жаулап алғаны басым түсіп жатқандығында да гәп болса керек.  Жалпы кез-келген мемлекеттің тарихы қоғамдық байлықты өсіру үшін жасалатын мәңгілік күрестен тұратыны еш шүбәсіз шындық. Алайда, бұл күрестің міндетті түрде жаулап алу, жорық жасау немесе тонаудан тұруы шарт емес шығар. Амал не, тарих дөңгелегін кері бұра алмайсың.

Көшпенділердің біріккен мемлекеті және Шыңғыс хан

Қазіргі таңда монғол тарихшыларының арасында Шыңғыс хан құрған көшпенділердің біріккен мемлекеті жайында екіұдай пікір пайда болыпты. Соңғы кезде оны құрған Тэмүжин Шыңғыс хан емес, біріккен мемлекет тарихи қажеттіліктің нәтижесінде өзі туған деп жазып жүргендер де бар. Оған шынайы бағасын тарихшылар бере жатар, біздікі жай публицист ретінде ой бөлісу ғана.  Үш өзен монғолдары атанған көшпенділердің тайпалық құрылымдары ары қарай өмір сүру қабілетінен айырылғандықтан тарап, IX ғасырда аймақтар орнаған. Оның ішінде Керей, Найман, Меркіт деген аймақтар да болғаны белгілі. Әлеуметтік сұраныс деген адамның тек алғашқы қажеттілігімен ғана шектелмесе керек. Осы тұста күштерін біріктіріп үлгермеген даланың жабайылау көшпенділеріне өркениетті отырықшылар еселерін жібере қоятындай әлсіз емес еді. Көшпенділер тайпаларға бөлініп алып, тұрмыстық қажеттіліктерін бір-бірінің дүние-мүлкін тартып алу, шауып кету арқылы өтеп жүрді. Баяғы сол жабайы әдіспен күнелтті. Өстіп жүріп, тайпалық бірлестіктері ыдырап, олар енді мемлекеттік құрылым сипатындағы аймақтар одағына көшеді. Кейінгі тарих дәл «Құпия шежіредегідей» немесе «Шыңғыс хан» телесериалындағыдай бағытпен өрбіген. Көшпенділердің жан-жаққа тарап бытырап кеткен түрлі аймақтары өзара қан төгісіп, билікке таласумен әбден титықтауға таяйды. Монғолдың кейбір жас тарихшыларының пайымдауынша, осынау қиын-қыстау кезеңдегі әлеуметтік жағдайдың өзі Тэмүжинсіз де біріккен империялық ұлы мемлекетті құруы заңдылық еді. Сол тұста жаңадан құрылған Монғол атты көшпенділердің біріккен мемлекеті бір тұлғаның немесе арнайы топтардың туындысы емес, керісінше, заманның тапсырысының нәтижесі екені басы ашық дүние еді. Сондықтан да қолдаушылардың көп болғандығы ақиқат. Қызу тартыспен өткен тарихи аумалы-төкпелі кезеңде шектеусіз биліктің мерзімсіз мандатын ешбір бақылаусыз әрі қайтарымсыз күйінде бір адамға тапсыра салды деп сөгеді, бүгінгі монғолдың жас демократ тарихшылары.  Расында, азғана топтың кездейсоқ таңдауының сәтті шығуына кепілдіктің тым аз болатыны да ойландыратын-ақ жағдай. Шыңғыс хан - Тэмүжиннің билеген тұсында көшпенділер жорық пен соғыстан көз ашпағаны тарихи шындық. Ол тұста бәлкім, көшпенділердің қолдарынан келетін бар өнерлерінің өзі осы соғысу ғана болған шығар. Жалпы жеке тұлғаның тарихи рөліне баға бергенде оны тым асыра дәріптеп жіберудің өзін соншалықты табылған ақыл деуге келмес.  Ең өкініштісінің өзі, көшпенді қауымның өркениетті жатсынып, бастарын біріктіруден гөрі жақ-жаққа бөлініп, бытырауларының салдарынан 13 ғасырды артқа тастап барып, зорға дегенде біріккен мемлекеттің құрылуы еді.  Осыншама ұзақ мерзімнің өзі көшпенділерді өркениет көшінен соншалықты алыста қалып қоюына әсер еткен жоқ па екен? Әлде, оның сырын дәстүрлі экономикамыздың тірегі мал шаруашылығынан іздеу керек пе? Қалай болғанда да «сананы тұрмыс билеп» баяғы сол ұйымдастыруға, өркениет көшінің алдына шығуына мойындары жар бермеуінің басты себебінің өзі көшпенділік салғырт психологияда жатса керек.

Көшпенділер мемлекеті мен оның ерекшеліктері

Түрлі тайпалар мен аймақтарға бөлініп алып, ұзақ жылдар бойы бір-бірлерімен арпалысқан көшпенділер тонау мен шауып алудан да асқан зұлымдықтарға дейін бара бастаған. Оны дәлелдеу үшін бүгінгі бізге жеткен теңдессіз тарихи дерек «Құпия шежіреге» жүгінейік: Меркіт руының  Чилэдү деген ақылына көркі сай жігіті  Олхонуд аймағынан қалыңдығын алып, өз жайымен кетіп бара жатады. Есүхэй бастаған бір топ қарақшы оларға шабуыл жасап, жігітті жеті қыр асырып қуып жіберіп, айдай сұлу жас келінді тартып алады. Дәл осы оқиғаны «мәдениеттің» қай түріне жатқызуға болатынын, бір сәт қисынға салып көріңіз. Соғысқан екі жақтың бірі жеңіп, екіншісі жеңілуі заңдылық. Ал, жеңілген жақтан қолға түскендер құлақ кесті құлға айналып, өмір бойы азап шегу маңдайына жазылған. Өз жөнімен жүріп, ешкімге жасаған қиянаты болмаса да жоғарыдағы Чилэдү секілді жазықсыз жапа шегетіндер әділет іздей бастаған тұста оларға Тэмүжин құрған біріккен мемлекет 1206 жылы ғана көмекке келеді. Баяғы бір адамның шексіз билігі болатын. Соған қарамастан осының өзі киіз туырлықтылар үшін «ештен кеш жақсы» демекші, тарихи ірі жетістік екендігінде дау жоқ. Әйтеуір, ұйымдасқан, ұжымдасқан формаға еніп, белгілі бір тәртіппен тіршілік етуге мүмкіндік туғанын айтсаңшы. Алайда, бәрібір соғыстан көз ашпады. Тіпті Шыңғыстан кейінгі тақ мұрагерлері де көшпенділер даласында тыныштық орната қоймады. Қанды қырғынның аумағы кеңейіп, жарты әлемге жайылғаны тарихтан мәлім. Жалпы мемлекет деген машина кім қалағанның ерік күшімен аяқ астынан пайда бола қалатын бақыт құсы болмаса керек. Мәселенің мәні де осында. Белгілі бір кеңістікте мерзімі жетіп, жағдайы қалыптасқанда пайда болатын, өрлейтін, құлдырайтын, өзгеріп жаңаратын, қайта түлейтін қоғамдық шынайы көрініс. Оның өзі шындығына келгенде, адамның «қулық-сұмдығының жемісі» болғандықтан табынатын тәңір емес, әрине. Егер әр адам мінсіз тәрбиелі, телегей теңіз білімді, көңілі сүттен ақ, судан таза болса мемлекеттің қажеті де шамалы болар еді. Адамдардың бір-біріне деген қорқынышы мен үрейі мемлекетті тудырды да, енді мемлекет бәрін өзіне бағындырып отыру үшін негізгі заңға сүйенген тәртіпті орнатты. Мемлекеттік биліксіз қоғам туралы ой практикалық жағынан утопиялық қиял болғанымен  адал да таза «академиялық» мазмұны жағынан мүлдем негізсіз де дүние емес.

Кездейсоқ жетістік, кешірілмес қателік

Шексіз билік иеленген Шыңғыс ханды таққа отырғызып, ұлы империя құрылғаннан кейін көшпенді тайпалар бір-бірлерін «түтіп жеулерін» тоқтатты. Ұйымдасып, етек-жеңдерін жинап ел болудың қамына кірісті. Енді өркениетті түрде дамудың жолы ашыла бастағанда, өкінішке қарай  тағы да бүлінді. Бейбіт өмірден іштері пысып Қорадағы малды сауып сүтін ішу, қазандағы етті түсіріп жеуден өзге ешбір «өнім өндіруді» білмейтін, білгісі де келмейтін көшпенділер үшін өзге де тұрмыстық қажеттіліктер жетіп артылар еді. Оны міндетті түрде табу керек. Ешкім олардың жоқ-жітігін түгендемейді, керегін алақандарына әкеліп салып бермейді. Алайын десе, қолда барлары атасының құнын сұрайды. Проблема осыдан туындағанда, «қолымыздан не келуші еді?» деп ойланып-толғанып көреді ғой. Сонда біріншіден, соғыс ашып, өзгенікін тартып алудан, күш көрсетіп тонаудан қолайлы жол көрінбеді. Екіншіден, көшпенділердің ондаған түрлі тайпаларынан құралған әлеуеті мықты алып армия қалыптасып үлгерген болатын. Атты жауынгерлердің жер қайыстырар ұлы қолы отырықшы елдердің кез-келгенін таптап өтуге бар еді. Осының бәрі көшпенділер көсемдері мен ел басқарған  уәзірлерінің көздерін шел бастырды деуге болады. Монғол империясы деп аталғанымен іс жүзіндегі көшпенді халықтардың біріккен мемлекетінің бар билігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Тэмүжин-гуай елдің ішкі жағдайын реттеп, дамудың қамынан бұрын әлемді жаулап, бүкіл дүниежүзіне иелік еткісі келді. Ат жалында құйғытып жүріп, жарты әлемді өртке орады да.  Соғыстың географиялық аумағы кеңейіп, бағыты өзгергені болмаса оның зардабы мен шығыны арта түспесе кеміген жоқ. Көшпенділердің қаны төгіліп, жарлары жесір, балалары жетім қалды.  Көз ашқалы соғыс пен атыс-шабыстан өзгені көрмеген Тэмүжиннің бар білерінің өзі жаулап алып, билеп-төстеу ғана болғаны тарихтан мәлім. (Арыға бармай-ақ, кеше ғана елдің сорпа бетіне шығар үздіктерін, Алаш көсемдерін  «халық жауы» деген жаламен абақтыда азаптап, атып тастаған қызыл жендет Иосиф Сталиннің өзін  «халықтың әкесі» «ұлы ұстаз» деп дәріптеген жоқпыз ба?!) Біріккен мемлекет ыдырап, тарай бастағаннан кейінгі кезең, яғни,  XX ғасырға дейін көшпенді халықтардың тарихы бірыңғай жеңілістен тұратын деректерге толды. Жеті ғасыр бұрынғы жұлдызды сәттерін еске алып, тамсанумен ғана кейінгі ұрпағы күн кешті. Тым құрығанда, олар арттарында бір жөні түзу қала да салып қалдырмады. Ұланғайыр иен дала ғана қалды, аңырап. Бұл енді, ащы болса да тарихи шындық. Жиырма ғасыр бойы көшпенді киіз туырлықтылар мемлекетінің қай елін жасампаз халық болды деп айта аласың? «Сырт көз - сыншы», шетелдіктер соның ішінде зиялы қауым орта ғасырдағы тарихи деректерді алға тартады да бізге «соғысқұмар, бүлдіргіш жұртсыңдар» деп бетімізге басады. Жалпы, материалдық байлықты өндіріп, индустриаланған қоғам ғана дамыған елге айналмақ. Ал, соғыс ашумен, жаулап алумен немесе қой бағып, жылқы айдаумен  ұшпаққа шығамын деу далбаса тірлік болмай ма! Шыңғыс мұрагерлерінен Құбылай ханның заманы біршама имантаразы дәуір болғанға ұқсайды. Ханның өзі де біршама көзі ашық, көкірегі ояу адам болғанын сол заманның куәгері Марко Поло (1257-1324) «Әлемнің түрлі қызықтары мен оқиғалары» атты кітабында көптеген деректермен дәйектеген. Құбылай ханның көшпенділер мемлекетінің астанасын Даду (Пекин)  қаласына көшіруінің өзі кездейсоқтық болмаған көрінеді. Отырықшылықтың артықшылығына көз жеткізген ақылды хан келер ұрпағына көшпенді тірліктен ажыраудың маңыздылығын ескертсе керек. Құбылай қайтыс болғаннан кейін ондағы көшпенділер билігінің түпқазығы босай берген. Ақыры, «елу жылда ел жаңа» демекші, 1368 жылы Тоған Темір ханның тұсында билеуші көшпенділерді жергілікті халық қытай жерінен ит қосып қуып шықты.  «Өзге елде сұлтан болудың» ақыры немен тынатындығын осы тарихи дерек көрсетіп бергендей болды. Құбылай ханның басы-қасында болып, жиырма жыл бойы қызмет еткен саяхатшы итальян Марко Полоны бүгінде шетелдіктер көшпенділер астанасында болды демейді. Керісінше, қытай мемлекетінде болғандай жаңсақ әрі қате топшылап жүр.                                                                                         Тарих бәрін де таразылайды. Десек те, ежелгі көшпенділер үшін отырықшы елдерді жаулап,  мүлкін тартып алудан өзге жол болмаған да секілді. Көрші және шетелдермен екі жақты пайдалы сауда-саттық жасайын десе, көшпенділер қолындағы малынан өзге несін бермек. Оның сыртында ұзақ уақыт бойы атысып-шабысумен күнелтіп «дала тағылары», «жабайы көшпенділер» аталып кеткен жұртпен достаса қоятын ел табылсын ба?!   XXI ғасырдың оншақты жылын артқа тастаған қазіргі кездің өзінде қазақ-қырғыз-монғол технологиясымен жасалған әлемдік нарықта қандай тауарымызбен бәсекелесе аламыз дегенге келгенде ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Мыс, темір, мұнай секілді табиғи байлықтарымызды ғана айтпасақ, өзгеге ұсынатын неміз бар еді. Баяғы сол таз қалпымыздан өзгеріп кете алғанымыз шамалы. Сол Шыңғыс хан тұсында да дамуды тұрақтандырып, экономикасын жөнге келтірген елдер көшпенділер мекенінің айналасында болды. Негізі солармен мәдениетті түрде қарым-қатынас жасауға, бейбіт қатар өмір сүруге, әлеуметтік қажеттіліктер мен жоқ-жітіктерін «достастық елдердің» көмегімен түгендеуге, жалпы адам секілді жүріп-тұруға болушы еді. Ал, Тэмүжин басқарған көшпенділер империясы өзгені қырып, өзі де құритын соғысшыл жолды таңдап болашақ алдында қателік жасады. Елдің түбіне жеткен де сол сұм соғыс пен қырғын жорық еді. Көшпенді тайпалар өзара бірлігі мықты болып, өзгемен тату-тәтті тұрғанда қазіргі таңда әлемді ауызға қаратқан ұлы держава болып дамып кеткен болар ма еді, кім білсін. Сол бірліктің жоқтығынан бір-бірімен қырқысып, қан төгісіп жүріп ХІХ ғасырға жеткенде сол баяғы орта ғасырдағы мешеуліктен шыға алмаған күйі қазақтар орысқа, монғолдар манж-қытайға бодан болып кеткен жоқпыз ба?

Орта ғасырдағы кейбір көршілердің дамуы

Тарихта XVII ғасырдың ортасына дейінгі 1200 жылды орта ғасыр деп атайтыны белгілі. Оны ерекшелеп отыруымыздың өзіндік себебі бар. Дәл осы тұста әлем елдері шаруашылық жүргізіп келген ескі тәсілдерін жетілдіріп, әлеуметтік-мәдени салада ірі қадамдар жасаған. Олардың бәрі де алға қарай қарыштап даму, халқының жағдайын барынша көтеру жолында аянбай тер төкті. Негізі адам баласының бәрі де әу баста көшпенді болғаны күмәнсіз шындық. Ал, бізден басқасының бәрі тіршілікке қолайсыздығын, дамуға тежегіш күш болатындығын сезіп көшпенділік өмірден бас тартқан болса керек. Қолайлы бір жерді тауып, тұрақтаған әрі дереу отырықшылық тірлікке бейімделіп үлгерген. Олар сонысымен ұтыпты. Дүниенің сырын ерте танып-біліп, мәдени-ғылыми жетістікке бізден бұрын қол созыпты. Оны орта ғасыр тарихын парақтаған кез-келген көзі ашық жан пайымдай алады. Бірлі-екілі мысалдарға жүгінейік. Біздің ата-балаларымыз кезінде «қара қытай» деп менсінбеген мына іргелес көршімізде VIII ғасырда «Шуду Бао» (астана жаңлықтары) атты газет шығарылса,  VII ғасырдың өзінде қытай императорының кітапханасында 90 мың кітап қоры болған. Орта ғасырдың біз менсінбеген «қара қытайыңыз» қазіргі сөзбен айтқанда экономиканың инфрақұрылымын қалыптастырып, Хуанхэ мен Янцзы дарияларын байланыстырған су жолы тасымалының алып құрылымы болып табылатын 1700 шақырымдық су арнасын салып, пайдаланған. Көшпелі тірліктен ерте бас тартқан Үндістандағы сәулет өнерінің  ғажайып туындысы Тәжі-Махал да осы орта ғасырдың еншісінде. Қайсы бірін айтып тауысасың, көшпенділер сол баяғы мал соңында салпақтап, киіз үйімен әр таудың бір сайын алма-кезек аралап, өріс-қоныс іздеп азапқа түсіп жүргенде кәрі Еуропаның көптеген қалалары аяқтарынан тік тұрып, сәулет өнерінің таңғажайып үлгілері жасалып, беріктігімен, сапасымен талай жылды артқа тастап, жұртқа  таңдай қақтырған 150-170 метрлік гот үлгісіндегі ғимараттар бой түзеді. Әлем елдерінің дамуы мен өрлеуі үрдісіне көз салып қарасақ, жалпы біздің көшпенді өмірдің артта қалушылығы тек орта ғасырға тіреліп те тұрған жоқ сияқты.

Әлеуметтік дамудың тиімді жолдары бар ма?

Өндіріс пен технологиядан тым алшақтау, алты ай қыста қолдан жем жеуге машықтанған, жаз айларының өзінде соңынан  салпақтап жайып, қолдан суарып отырмаса,  беретін өнімінің өзі «ит-құсқа бұйырып кетуі» бек мүмкін - мал шаруашылығы мен болашағы бұлдыр, табиғи шикі затқа негізделген әрі онысы сыбайлас-жемқорлықтың ми батпағына белуарынан батқан экономикалық жұпыны тірлік адам дамуын қамтамасыз ете алмайды. Ал, адам дамуын ойламаған, оған құлшынбаған елдің маңдайына жазылатын тағдыры тек қана артта қалушылық пен мешеулік екені тарихтан мәлім. Мал жайылымы мен шұрайлы кең өріске таласып, жоңғарлармен жылдар бойы қан төгіскен соң орыс отарына ендік. Кеңес одағы тұсында да адамнан бұрын қойдың қамын ойлап, жүз енеліктен 150 қозы алу үшін жанталастық.  Комсомолдық бригадалар құрып, жастарды қой соңынан салпақтатып қоюды мақтан тұттық. Қалаға жоламай, ауыл маңынан айналсоқтап шықпай  адами қоғамдық дамудан «өз еркімізбен» бас тартып жүргенімізде тағы бір ғасыр өте шықты. Ол аз болғандай енді жаңа ғасырда  тағы да «дипломмен ауылға» деп ұрандатып жүрміз. Дегенмен, көне замандағы райымыздан қайтып, қазір толеранттылыққа көшкенбіз. Экономикамыз тек мал шаруашылығына тіреліп тұрған да жоқ. Қазір дала қазағынан қала қазағына айналып үлгердік. Астық өсіріп, оны шетелдерге экспортқа шығарып жатырмыз. Шикі зат пен қуат көздеріне де баймыз.  Дегенмен қуануға тағы ерте.                                    Экономикамызда астыртын тонау мен қомағайлана жеудің, жатыпішерліктің тетіктері күш алып тұр. Жұмыссыздықтың белең алуынан кедейшілік меңдеп барады. Бұл әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай, жастардың «дипломмен баруға» тиіс ауылдық жерлерде тіпті өршіп тұр.  Ондағы күнкөрістің негізі дәл қазір малда ғана. Оның өзіне де кепілдік жоқ, «мал бір жұттық» дегенді бұрынғылар тегін айтпаған ғой. Мал ұрлығының көбеюі де сол «екі қолға бір күректің» табылмауында жатса керек. Әрине, бұл жерде жұмыс таппаса ұрлық жасасын деп отырған ешкім жоқ. Ұрлықшыларды жазалау, түрмеге қамау - кезек күттірмейтін іс. Адам баласының өзі биологиялық өнім ретінде рухани тұрғыдан ағартылып, білім-пайымын жетілдіріп отырмаса, өн бойында жасырынып жатқан жыртқыштық қабілеті оянып кетуі кәдік. Өзінің кедейлігін өзгеден көріп, бай-бағыландарға деген өшпенділігі өршіп кетсе ежелгі замандағыдай атқа қонып, атой салуы да ғажап емес. (Тарихи тағдырлас қырғыз бен монғол атқа қонудың үлгісін бізге көрсетіп те жүр) Ондай жағдайда ортақ қазанға қолдарын терең батырып, мол қарпып қалғандар бәрін шекара асырып, өзім де соңынан қашып кетемін деп босқа дәмеленбей-ақ қойғандары жөн. Ал, әзірше біздің үкімет «өз күнін өзі көріп», тұрмыстық-әлеуметтік төлемдердің ақысын, анау-мынау салықтарды әлсін-әлсін көтерсе де үн-түнсіз төлеп қана азғана жалақысын місе тұтып жүрген қарапайым халыққа мың да алғыстарын жаудыртулары керек. Алғыс айтып қана қол қусырып, қарап отырмай сайын далада бытырап кеткен ауыл-аймақтардың етек-жеңдерін жинап, топтастыра ірілендіріп қызмет көрсету мен өнім жасайтын зауыт-кәсіпорындар ашып, игерілмей қалып, «өліп» жатқан ақшаға жан кіргізу қажет. Сонда ғана біз ғасырлар бойы қуып жете алмай келе жатқан «даму» атты сәйгүлікті құрықтап, оған жүген салып ерттеп мінетін шығармыз. Ол үшін сырттан «Дэн Сяо Пин» іздеудің не қажеті бар?!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5659