Жазудан рекорд жасаған қаламгерлер
Ұзақ уақыт бойы Александр Дюма ең көп шығарма жазған суреткер болып саналып келді. Оның кітаптарының нақты санын әлі күнге дейін ешкім анықтаған жоқ. Жазушының өзі бір сөзінде 400 роман мен 75 пьесасы бар екенін айтыпты. Алайда, Андре Моруаның ұлы қаламгер туралы кітабында Дюманың артында 600 томға жуық әдеби мұрасы қалғаны туралы дерек кездеседі. Ұлы жазушының 1860 жылы жарық көрген толық шығармалар жинағы 301 томды құрайды. Дей тұрсақ та еңбекқор қаламгердің «Үш ноян» мен «Граф Монто-Кристо» романдарынан басқа шығармалары әдебиет тарихында қалған жоқ.
Француздардың тағы бір ұлы жазушысы Жорж Сименон – 400-ден астам романның авторы. Негізінен ол детектив жанрының қамшы салдырмаған жорғасы, шығармаларының басты кейіпкері тергеуші Мэгре екенін жұрт жақсы біледі. Әйгілі қаламгер детектив жанрына жатпайтын шығармалар да жазғанымен, олардың ешқайсысы да оқырман көңілінен шыққан жоқ. Кезекті кітабын жазарының алдында Сименон есігінің алдына «Бөгет жасамауларыңызды сұраймын!» деген тақтайшаны іліп қойып, қатарынан алты трубканы темекіге толтырып, оларды шегіп біткенше жазуын тоқтатпаған. Рингке шығатын боксшылардай әр кітабын жазуға кіріскенде және аяқтағанда қаншалықты арықтағанын білу үшін салмағын өлшеп тұрған.
Шығарма жазудың тағы бір чемпионы американдық фантаст-жазушы - Айзек Азимов. Қаламгердің 500-ден астам кітабы жарық көрді. Азимов өз туындыларын жазу машинкасында минутына 90 сөз басатын жылдамдықпен жазған, күніне 12 сағат жұмыс істеп, өте аз демалған. Бір сұхбатында ол газет тілшісінің «егер сіз жарты жыл ғана өмір сүретін уақытыңыз қалғанын білсеңіз не істер едіңіз?» деген сұрағына «мен өз шығармаларымды бұрынғыдан тез жылдамдықпен басуға кірісер едім» деп жауап беріпті.
Дегенмен, есімі Гиннестер рекордына енген бразилиялық қаламгер Риоки Иноэуден кітап жазу жағынан әзірге озып кеткен қаламгердің қарасы көрінбейді. Шыққан тегі жағынан жартылай жапондықтың мамандығы хирург болғанымен, ол 1986 жылы өзінің кәсіби мамандығын тастап, жазушылық жолды таңдады. Содан бергі уақытта ол 39 бүркеншік атпен 1110 кітап жазды. Негізінен оның қаламынан шыққан туындылар шытырман оқиғалы шығармалар, детектив пен махаббат романдары. Қаламгер өз туындыларын жазып болғаннан кейін қайталап оқымайтынын ашық мойындапты. Негізінен ол қатып қалған шаблондарды пайдаланады: ол бойынша кітапта адам өлтіру оқиғасы бесеуден, махаббат көрінісі екеуден, ал, кейіпкерлер саны он екіден аспауы тиіс.
Театр саласында әзірге испан драматургі Лопе де Вегадан асып түскен ешкім жоқ. Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, ол 1800 пьесасының бәрін өлеңмен жазған. Бір пьесасын жазуға үш күннен артық уақыт кетірмеген.
Амангелді Кеңшіліктің
Facebook-тегі жазбасы
Abai.kz