Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 5018 18 пікір 21 Қараша, 2018 сағат 10:43

«Көшбасшы жолы. Астана». Назарбаев туралы неше фильм түсірілді?

Өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино. Бұл сөз Лениннің сөзі делінеді ғалымдар арасында. Оның академиялық 54 томдық еңбегінің ішінде мұндай сөз кездеспейді, әрине. Біз мысал ретінде келтіріп отырған сөз Луначарскийдің естелігінен алынған.

Жә. Бұл сөздің кімнің естелігінен алынғаны, тіпті, кімнің айтқаны да маңызды емес. Маңыздысы сол – бұл сөздің шындығы. Өнер атаулының ішіндегі маңыздысы да, сонымен қатар ең кенжесі де – кино. Бүгінгі адамзат санасын өзгертудің немесе қалыптастырудың негізі әрі ең тиімді құралы да кино болып отыр. Міне осындай мүмкіндіктерінің көптігімен және кеңдігімен кино – заманауи қоғамдағы жорға жанрға айналған.

Кез келген өнер секілді киномотография да дами келе жанрларға бөліне бастады. Әрбір жанрдың өз ерекшеліктері бар. Сол жанрлар ішіндегі көпшілікті аса қызықтыратыны – өмірбаяндық кино жанры болып саналады. Бұл тектес фильмдерге сұраныстың көптігін адамзаттың өзіне үлгі боларлық адам іздеуімен түсіндіруге болатын шығар.

Өнер атаулының ең бірінші классикалық үлгісі қалыптасады. Бұл – аксема. Немесе біз сол үлгідегі алғашқы туындыларды сол жанрдың классикасы санап кетеміз. Қай жағынан алып қарағанда да өмірбаяндық кинолар көбіне таза тарихи деректерге құрылады. Әрине, идеологияны ескермегенде. Сондықтан өмірбаяндық кино жанрында экспериментке бара қойған режиссерлер аз кездеседі. Солардың бірі Голливудтағы Қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Линкольн президент» фильмі. Онда АҚШ президенті адамзатты қан сорғыш жыртқыштардан құтқарушы тип ретінде суреттелген. Өнер осылай эксперименттер нәтижесінде дами түседі. Арада бірнеше жылдар өткенде сол эксперименттердің өзі классикаға айналатын күн туады.

Қазақ киномотографиясы қандай өмірбаяндық фильмдермен мақтана алады? Әрине біздің режиссерлерден әзірге эксперимент күте алмаймыз. Сонда да болса тілге тиек етерлік киноленталар жетерлік.

Осы қатарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Елбасы жолы» киноэпопеясын айтуға болады. Киноэпопея ел экрандарына 2011 жылы шыққан «Балалық шағымның аспаны» фильмінен басталған. Кейін оның жалғасы - «Отты өзен», «Темір тау», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері шықты. Оларда Назарбаевтың балалық, жасөспірім, жастық шағы, саясаткер ретінде қалыптасу жолы баяндалады. Ал одан кейін түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағалығына тағайындалғанынан тартып, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамдарды, бірінші президенттік сайлауды қамтиды.

Біздің Елбасы өмірінен түсірліген фильмдер жайлы сөз қозғауымыздың өз себебі бар. 17 қараша күні режиссер Ақан Сатаев «Көшбасшы жолы. Астана» фильмінің постерін жариялады. Бұл біз айтып отырған «Елбасы жолы» киноэпопеясының алтыншы бөлімі саналады. Фильм жақын арада көрермен қауымға жол тартады деп күтілуде.

Енді Елбасы туралы түсірілген осы өмірбаяндық көркем фильмдерді рет-ретімен таныстыра кетейік:

1.«Балалық шағымның аспаны» - 2011 жыл. Режиссері Рүстем Әбдірашев. Елбасының балалық шағы жайлы.

2,3. «Отты өзен», «Темір тау» - 2013 жыл. Режиссері Рүстем Әбдірашев. 1958-1967 жылдар аралығын қамтиды.

4.«Тығырықтан жол тапқан» - 2014. Режиссері Рүстем Әбдірашев. 1971-1977 жылдар аралығы.

5.«Жұлдыздар тоғысқанда» - 2016. Режиссері Сергей Снежкин (Ресей). 1984-1993 жылдар аралығы.

6.«Көшбасшы жолы. Астана» - 2018. Режиссері Ақан Сатаев. 1994-1998 жылдар арлығындағы оқиғалар қамтылған.

Әлі ел назарына ұсыныла қоймаған алтыншы бөлімде Мемлекет басшысының елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешімі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы маңызды оқиғалар көрініс табады.

Бәріміз байқағандай, «Елбасы жолы» киноэпопеясы мемлекет басшысының өмір жолын кезең-кезеңімен экранға шығарып келеді. Демек, Ақан Сатаев түсірген фильм киноэпопеяның соңғы бөлімі емес. Себебі, бұл бөлім 1998 жылмен шектеліп отыр. Алдағы уақытта жалғасты түсірілуі мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, Рүстем Әбдірашев түсірген алғашқы төрт бөлімде Елбасының рөлін актер Нұрлан Әлімжанов сомдаса, Сергей Снежкин фильмінде бұл жұмыс актер Берік Айтжановқа жүктелген. Ал Ақан Сатаев өзінің бас кейіпкерін сомдауды актер Мұрат Ахмановқа сеніп тапсырған екен.

Ақыры Елбасы жайлы фильмдерді сөз еткен екенбіз деректі фильмдер туралы да айта кетейік. Бірақ Елбасы өмірінен түсірілген деректі фильмдер аз емес. Елімізде ғана емес алыс-жақын шетелдерде де бірқанша дүние экранға жол тартқан. Біз әрине оның бәрін түгендеуді мақсат етіп отырған жоқпыз.

1.«Назарбаев. Live» - 2013 жыл. Ұзақтығы 57 минут. Режиссері Ақан Сатаев. Назарбаевтың балалық шағынан бүгінгі күніне дейінгі өмірін көрсеткен.

2.«С Назарбаевым о главном...» - 2015 жыл. Ұзақтығы 58 минут. Президент туралы деректі фильм. Сұхбат форматында жазылған еңбекте Елбасы ел ішіндегі маңызды оқиғалар мен ірі реформалар жайлы ой қозғайды. Жобаның ерекшелігі Президенттің бүгінгі пікірлері мен егемендіктің алғашқы жылдары айтқан ойларын салыстыра отырып, сұхбат құрылуында. Бұл егемендіктің алғашқы жылдарында жазылған кадрлар. Заманның тар кезі еді. Азық-түлік, жылу-жарық тапшы уақыт. Сөз жоқ, Президенттің сөздері жабыққан жұрттың жанына шипа болды.

3.«Елбасы» - 2016 жыл. Авторы Ярослав Красиенко.

4.«Избранный веременем» - 2017 жыл. Ұзақтығы 37 минут. Деректі картинаны ҚР Президентінің Телерадио кешені белгілі ресейлік публицист Леонид Млечинмен бірлесіп түсірген.

5.«Елбасы, жаңа тарих» (тарихи деректі фильм) – 2017 жыл. Ұзақтығы 94 минут.

6.«Ат үстіндегі ғұмыр» - 2017. Ұзақтығы 30 минут. «Асыл арна» телеарнасы түсірген.

7. «Елбасы - біреу, біз оған - тіреу!» - 2017 жыл. Ұзақтығы 17 минут. «Хабар» телеарнасы түсірген.

Баста айтқанымыздай Елбасы жайлы түсірілген деректі фильмдер өте көп. Біз көрермен көңілінен шыққан бірқаншасын ғана атап көрсеттік. Бұлардан бөлек, еліміздің әр өңіріндегі телеарналар түсірген фильмдер бар. Сауд Арабиясы, Қытай, Қырғызстан қатарлы елдердің мемлекеттік телеарналары да Қазақстан президенті жайлы деректі фильмдер көрсеткен болатын.

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі заманауи қоғамда адамзат санасына әсер етудің ең өтімді құралы кино болып отыр. «Ел болам десең экраныңды түзе» деп шыр-пыр болатынымыз да содан. Дәл осындай үлкен мүмкіндікке ие киномотография саласында Елбасының өмір жолы жайлы фильмдердің болғаны өте дұрыс деп есептейміз. Бұл фильмдерден тек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің жеке өмір жолы ғана емес, ел тарихы жайлы да мағұлмат алуға болады.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534