Түркістан облысы, Отырар ауданында коворкинг орталығы ашылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан Халқына арнаған кезекті Жолдауында білім саласына ерекше назар аударғаны белгілі. Сондай-ақ, жастардың білім алуына да мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар аз емес.
Осыған орай, Түркістан облысы, Отырар ауданында коворкинг орталығы ашылды. Коворкингтің ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдас пен Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
«Отырар — Ұлылар Отаны десек, сол ұлылардың барлығы кітаптан білім алып, ұлы болған. Ия, кітап — рухани азығымыз, ол туралы көп айтуға болады. Қазіргі кітапханалар тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, тұрғындар үшін зияткерлік демалыс орнына айналуы тиіс. Міне бүгінгі ашылып отырған коворкинг орталығы соның дәлелі. Коворкинг дегеніміздің өзі — бірлесіп жұмыс жасау дегенді білдіреді. Яғни, бір сөзбен айтқанда кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдайды жасайтын орталық.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының кеңінен қанат жаюына ықпал жасайтын, жастарымыздың білімін шыңдайтын нағыз заманауи білім орталығына, кітапсүйер қауымның басқосар орталығына айналсын. Сондықтан бәріңізді осы орталыққа келуге шақырамын. Ең маңыздысы — коворкинг орталығы сіздер үшін қызмет етеді, — деді жиын барысында Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов.
Коворкинг дегеніміз – кітапханадан арнайы бір бөлмені оқырмандарға сай етіп әзірлеу.
Коворкинг орталығы кез келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік тудырады.
Бір сөзбен айтқанда кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдайды жасайтын орталық болмақ. Сондықтан мұндай орталықтарды құру әрі олардың санын көбейту заман талабынан туындап отыр.
Кітапханалар енді тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, қала, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналады.
Кітапхана тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс.
Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Жобаның негізгі мағынасы да осы, яғни дәстүрлі кітапханаларға жастарды тартып, олардың кітап оқуға, сапалы білім алуына жағдай жасау, жастар үшін өздерінің шығармашылық және ғылыми әлеуетін іске асыруға жақсы мүмкіндік.
Abai.kz