Кореялық дәрігерлер Түркістан облысындағы жеті айлық сәбиге тегін ота жасады
Кореялық дәрігерлер Түркістан облысында тұратын жеті айлық сәбиге тегін ота жасап берді,- деп хабарлайды Abai.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Қайырымдылық шарасы «Сун-Чхун-Хьян» клиникасы (Оңтүстік Корея) мен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асқан.
Нұркен Елшібек есімді нәресте қазір Пучхон қаласында орналасқан «Сун-Чхун-Хьян» клиникасында ем қабылдауда.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас бала жоғарғы еріннің бітпеуі, яғни «қоян жырық» диагнозымен туылған. Сәбидің анасы Нұрила Исаева баласына Кореяда 10 мың долларлық операция жасатуды тіпті армандамағанын да айтады.
«Ұлымның жағдайын Алланың берген сынағы деп қабылдадық. Ауыр бет ақауымен өмір сүруге үйренуге тура келді. Уақыт өте бұл баладан гөрі менің жаныма қатты батты. Себебі, аяғым ауыр кезде қатты тұмауратып, ұзақ емделуге тура келді. Кейін дәрігерлер баламның кеселіне осы әсер етуі мүмкін деп болжады. Уақыт өте келе тыныс алуы ауырлап, емгенде сүттің көбі далаға ағып кететін болды. Шашалып қала береді. Іші кеуіп кетеді. Отырғызып емізіп, түнімен тұншығып қалмасын деп қолда ұстайтынбыз. Операцияны жасату үшін барлық жақтан сұрастырып, кезекке тұрдық. Отаны алты айдан кейін жасату керек болды. Осы кезде бізге Корея мамандарының қайырымдылық шарасы туралы айтты. Мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін түсініп, Түркістан облысының дәрігерлерімен осында келдік»,- дейді сәбидің анасы Нұрила Исаева.
Жекеменшік клиника науқас баланың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды өз мойнына алған. Мамандардың сөзінше, ота бес сағатқа созылған. Ауыр саналатын операцияны ең мықты пластикалық хирург, профессор Ким Енг Пэ жасаған. Операция сәтті өткеннен кейін «Сун-Чхун-Хьян» университеті жанындағы Пучхон госпиталі меңгерушісінің орынбасары, профессор Мин Генг Дэ кішкентай науқастың жағдайын сұрап келіп, оған сыйлық табыс етті.
Айта кетейік, екіжақты келіссөздер нәтижесінде күнгейдің ақ халаттылары аталған клиникаға барып, шетелдік дәрігерлерден дәріс алды. Сондай-ақ, тәжірибе алмасты. Осы уақыт ішінде 50-ге жуық дәрігер, медициналық қызметкер, анастезиологтар мен хирургтар, сондай-ақ гинекологтар ақысыз бір айлық оқу курсына барып қайтты.
Тек өткен жылы Түркістан облысында 78 балаға осындай ота жасалды. Ағымдағы жылы ондай науқастардың саны 108-ге жеткен.
Abai.kz