Жексенбі, 16 Желтоқсан 2018
Дін мен тін 1211 9 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 10:59

Араб дәстүршілдігін қабылдаған жастар қазақ болып қала алмайды

Сопылық ілімнің тарих сахнасына шығу кезеңін көптеген сопылықты зерттеушілер Мұхаммед пайғамбар заманынан бастау алатынын алға тартады. Ол шындығында солай. Жалпы сопылық жолдың Исламдағы маңызының қаншалықты жоғары екендігін замандасымыз Осман Нури Топбаш былай деп тұжырымдайды: «Тасаввуф – Исламның санасы. Оның жүректегі өмірі. Оның асылы мен руханиаты. Мұнда ешбір шүбә жоқ. Яғни, Ислам ішкі сырындағы бұл асылдығы мен руханиаты қабілеті бар адамдарда көрініс тауып, мумин көңілдердегі руханиат пен фәйіз, махаббат пен шаттық ерекшеліктерін өз шыңына жеткізеді. Демек, тасаввуф – Ислам бағындағы ұлы білім мен парасат бәйтерегінің ең жемісті бұтақтарының бірі.»[ii] Демек, сопылық ілім болмаса, Ислам діні толық дін бола алмайды. Өйткені, сопылық ілім өз бастауын Мұхаммед пайғамбар негізін салған рух әлемімен сабақтастықтан алады. Пайғамбарды өзгелерден ерекшелеп, пайғамбарлық дәрежеге көтерген осы рух әлемімен байланысқа түсуі болатын. Сопыларды Мұхаммед пайғамбардың осы киелі қасиетін жалғастырушылар деп айтса болады.   Бірақ, бұл айтылғандарды толығымен мойындап, сене қою қиын. Сондықтан бұл мәселеге кеңінен тоқталып, таратып айқанымыз дұрыс.

Сонымен, сопылық жол дегеніміз не? Сопылық жолдың шариғат жолынан қандай ерекшелігі бар? Сопылық жол қалай шықты? Бұл сұрақтарға жауап беру оншалықты оңай емес. Сопылық жолға түсу дегеніміз, Мұхаммет Пайғамбардың (с.а.с.) рухани әлеміне өту, Пайғамбар (с.а.с.) рухымен сабақтастықта болу дегенді білдіреді. Сопылық ілім әр кезде адам баласындағы ой-пікір мен іс-әрекетінің тазалығын, жүрегінің тазалығын талап етті және сопылық ілім өзінің мақсат–мұратына жету жолында әр кезде Құран аяттарына арқа сүйеді. Онда сопылардың қалай жүріп-тұруы анық көрсетілген. Құран аяттарында былай делінеді: «Қиямет күні Менің алдымда сендерге мал-мүлік, перзент, бақ-дәулеттеріңнен ешқандай пайда жоқ. Тек, ол адам Маған таза жүрегімен келсе ғана пайда бар» [(88:89) ]. Пайғамбар хадисінде де жүрек тазалығына көп мән берілген. Ол былай дейді: «Денеде жұдырықтай бір кесек ет бар. Егер ол таза болса – бүкіл дене таза болып, өте көркем болады. Егер ол бұзылып, хақтан тайып, жаман жолға кетсе, бүкіл дене бұзылады. Біліңдер және өте мұқият болыңдар, оның аты – жүрек!». Енді бір хадисінде «Ақиқатында Алла Тағала сіздердің түрлеріңізге және байлықтарыңызға  назар салмайды, бірақ та жүректеріңізге қарайды» - дейді. Құранның аяттары мен Пайғамбардың хадистеріне сүйенген  сопылық ілімнің негізгі мақсаты адам жүрегін жамандықтан сақтап, таза ұстауға бағытталғанын, сол жүрек тазалығы арқылы адамзат қоғамын шындық пен әділет жолына, рухани тазалыққа тәрбиелейтінін, бағыттайтынын көруге болады. Демек, сопылық жол ислам дініндегі халықтарды Мұхаммед пайғамбар негізін салған рух әлемімен сабақтастықты жалғастыратын жол. Ал, енді осы сопылық жолдың түрлі тариқаттарға бөліну себептері мен олардың арасында ерекшеліктердің барлығын осы саланы зерттеп жүрген мамандар да, халық та мойындай бермейді. Сопылық жолдың барлығы бірдей, тариқаттар арасында ешқандай айырмащылық жоқ деп есептейді. Өйткені, сопылық жолдың негізгі мақсаты рух әлемімен сабақтастық болғандықтан, ол барлық тариқаттарға ортақ. Сол себепті, тариқаттар арасынан ерекшелік іздеп қажеті жоқ дегенді алға тартады. Шындығында солай ма? Сонда сопылық тариқаттардың дүниеге келуіне ықпал еткен не және қай кезеңде қалыптасты?- деген сұрақтарға жауап беруге тура келеді.

Сопылық жолдың XI-XII ғасырларға дейін тариқат деңгейіне көтерілмегені тарихтан белгілі. Сопылық тариқаттар тарихын зерттеуші Дж. С. Тримингэм, сопылықтың алғашқы сатысы, ұйымдасу кезеңі-ханакалардың қалыптасуы IX ғасырда, ал тариқаттардың қалыптасуы XIII ғасырдан басталды деп есептейді.[1] Бұл жерде сопылықты зерттеушілердің Түркістан жеріндегі сопылық жолдың даму ерекшеліктерін ескермегендігін байқаймыз. Түркістан жеріндегі сопылық жолдың дамуы мен ұйымдасу кезеңі Ислам орталықтарына қарағанда жылдамырақ жүргендігін сопылық тарихын зерттеушілер оншалықты сезіне бермейді. Мысалы, XI ғасыр туындысы болып табылатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» шығармасында басты кейіпкердің бірі-Оғдүрміштің сопы болуының өзі сопылық жолдың Түркістан жерінде бұрыннан бар екендігін көрсетеді.[2] Оның үстіне Түркістан жеріне ислам дінін таратушы тұлғалардың Али ибн Абу Талиб ұрпақтары болуының өзі, бұл жердегі діни ой-пікірдің деңгейі Ислам орталықтарынан жоғары болмаса, төмен болмағандығына дәлел бола алады. Оған дәлел ретінде Түркістан жерінен шыққан ғұламалардың аты Ислам әлеміне X ғасырдың өзінде-ақ белгілі болуы, бұл жердегі исламдық ғылымдардың даму қарқыны жоғары болғандығын дәлелдейді. Йасауийа тариқатының тарихы болып табылатын «Насаб-нама» нұсқаларында қырық күн шілдеге отыру (чилла-хана), зікір салу дәстүрінің сол IX-X ғасырлардың өзінде болғандығы, Әулие Қараханның қаншамма рет шілдеге отырып шыққандығы баяндалады.[3] Бұл Түркістан жеріндегі Ислам дінінің өзіндік ерекшелігі болғандығынан хабар береді. Оған қоса, «Насаб-нама» нұсқаларында Исхақ бабтың Түркістан жеріне «суфра тұту» дәстүрі мен «хикма иләһийа» ілімін әкелгендігі, Хзыр алейһисаламмен 90 жыл сұхбаты болғандығы, сол үшін күніне он соғым, жүз қой сойғандығы жазылған.[4] Демек, Пайғамбар рухымен сабақтастық, Пайғамбар рухы арқылы рухтар әлемімен сабақтастық Түркістан жеріне ислам дінін таратушы Исхақ баб, Абд ар-Рахим баб, Абд ал-Жалилдермен бірге VIII ғасырдың екінші жартысынан жалғасып келе жатқандығына айғақ бола алады. Бұл Түркістан жеріндегі сопылық тәжірибе ислам дінінің Түркістан жеріне алғашқы таралу кезеңінен бері бар деп есептеуге болады. Өйткені, Түркістан жерінде алғаш «суфра тұтқан» кісі Исхақ баб. Ол «суфра тұту» дәстүрін өз ұрпақтарына қалдырады. Қожа Ахмет Йасауидің әкесі Исхақ бабтың оныншы ұрпағы Ибрахим шайх. Ибрахим шайх өз ұлы Қожа Ахметті «суфра тұту» үшін Йасыға аттандырады. Бұл кезең Ислам әлеміндегі иманның әлсіреп, мұсылман қоғамының тоқырауға түсіп, мұсылмандардың рухани азғындыққа түскен кезеңі болатын. Қожа Ахмет Йасауи өз дәуірінің тарихи шындығын былайша суреттейді:

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,

Күннен күн бетер деген хадис жетті.

Пайғамбар айтқандары келіп жетті.

Бұл дүниені қараңғылық басты достар.

 

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,

Біліп, көріп өздерін отқа атты.

Өзі амал қылмай халыққа ілім үйретті,

Дүние үшін діндерін сатты көргін.

 

Ұстаз, дінсіз құлдар болды хакім,

Менмендік дүкенін ашып болды залым.

Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым,

Көпшілігі халықтың кәпір болды көргін.

 

Дінсіз ұстаздарға еш қауіп жоқ.

Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.

Ұшып-қонып, өлімнен еш хабары жоқ.

Ол жанның дүние діні болды көргін.[5]

Мұндай азғындаған, имансыз қоғамды қайта қалпына келтіру шариғат шеңберінде жай уағызбен мүмкін емес болатын. Ол үшін шариғат шеңберінен шектелмей, руханиатты көтеру қажеттігін, сопылық ілімді халық санасына сіңіру, сол арқылы ғана халықты иманға бет бұрғызуға болатындығын түсінді. Қожа Ахмет Йасауи өз Хикметтерін мына жолдардан бастайды:  Биссмилла деп баяндайын хикмет айтып,

Тәліптерге дүр мен гауһар шаштым , міне.

Қиындықты қатты тартып, қандар жұтып,

Мен екінші дәптер сөзін аштым, міне.[6]

Бұл жердегі Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың «екінші дәптер» деп отырғаны рух әлемімен сабақтастық. Рух әлемімен сабақтастық болғанда ғана адамның рухани болмысы дамиды, өркендейді, иманы бекиді. Иман болмаса, дін де жоқ. Дінді ақылмен емес, жүрекпен қабылдау қажет. Олай болмаған жағдайда иман кәміл болмайды. Йасы елінде Қожа Ахмет өз ілімін-сопылық жолды тарату жолында отыз жыл бойы күреседі. Соңында, жеңіске жетіп, Йасауийа тариқатын қалыптастырды. Ендігі кезекте Йасауи жолының ерекшелігі мен ол жолдың қалыптасуына негіз болған ілімдердің шығу тарихына қасқаша талдау жасаймыз.

Қожа Ахмет Йасауидің өз тариқатын қалыптастыруда ғылыми негіз болған Абу Ханифа Нұғман бин Сәбиттің «Фихқ ал-Акбар» және «Китабу-л Алим уа-л мутаалим» атты шығармасы болды. Бұл шығармаларға назар салатын болсақ, онда Абу Ханифаның тек құқықтық мәселелермен айналыспағанын, алдымен діндегі сенім мәселелеріне көңіл бөлгендігін көреміз. Мысалы, «Ал-фихқ ал-Акбар» атты еңбегі Исламның негізгі мәселесі – Иман негіздерін талдауға арналған. Ол кітапта Алла Тағаланың бірлігі мен Алла Тағаланың сипаттарына, Құранның қолдан жаратылмағандығы мен Пайғамбарлардың Алла тарапынан жіберілгендігіне, Пайғамбарлар мұғжизасының шындығы мен Алла Тағаланың бұл жаратылысты жаратпас бұрын да Жаратушы болғандығына, «Иман» мен «Исламның» мәні туралы мәселелерге талдау жасалады. Ал, құқықтық мәселеде Абу Ханифа Құран аяттарына сүйене отырып, ислам дінін қабылдаған  әрбір халық арабтың дәстүрлерін қабылдамай-ақ, Құранға қайшы келмейтін салт-дәстүрлерін сақтап қалуға құқылы деген принципті ұстанды. Оның бұл тұжырымдары оның «Китабу-л Алим уа-л Мутаʻалим» деген кітабында баяндалды. Ең бастысы Абу Ханифа Құран аяттарын талдауда ақылға баса мән берді.  Оның себебін біз жоғарыда атап өттік. Енді осы мәселелерге кеңірек тоқталып, Абу Ханифаның ханафи мазхабын қалыптастырудағы ұстанған негізгі ұстанымдарына тоқталып өтейік. Абу Ханифаның құқықтық мәселелердегі негізгі ұстанымдарына талдау жасау үшін, оның «Ал-Алим уа-л Мутааллим» атты шығармасында көтерілген мәселе өте күрделі және ислам дінін қабылдаған халықтардың исламда бола тұрып, өздерінің рухани, мәдени болмысы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу мүмкіндігі барлығын Құран аяттарына сүйене отырып, талдап көрсетіп бергенінің куәсі боламыз. Ол кісі Құранда жазылған діннің бір, шариғаттың көп екендігін алға тарта отырып, әр халықтың өзінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде қалу қажеттігіне мән береді.  Қожа Ахмет Йасауи Абу Ханифаның осы ұстанымдарын негізге ала отырып, алдымен иман негіздерін қалыптастыруға күш салды.

Қожа Ахмет Йасауи өзіне дейін жинақталған сопылық ілім тәжірибелерін жинақтап, сопылық ілімді жетілдіре отырып, сопылықты тариқат дәрежесіне, үлкен доктрина деңгейіне көтерді. Бұл адам баласының таным аясын кеңейтті. Йасауиге дейін Абу Ханифа, Имам Матуриди Алланы тануда нақыл мен ақылды, сезім мүшелерін құрал етсе, Қожа Ахмет Йасауи бұлардың қатарына жүректі мекен еткен рухты қосты. Ол өзінің «Мират ал-Қулуб» атты еңбегінде «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен (жүректің түбіндегі субстанция, көңіл) амал ету болып табылады, - дейді.[7]Ал, жүректі амал еттіретін жол -  біреу. Ол – Алланың зікірі. Йасауи зікір ғибадаты туралы былай дейді:

Алла жады нұрын кімге тарту қылса,

Қу нәпсі, мемендікпен қалады екен.

Пенде егер, зікірші болып, Алла десе,

Кірлеген көңіл татын ашар екен.

 

«Фәзкуруни әзкуркум» есітіп нада.

Зікірін айтып, әмірін ұстап мушаһада,

Кіріп көрге, тартып түрлі мужаһада,

Ғашық жандар сыр шарабын ішер екен[8].

Осы зікір ғибадаты жүрек көзін ашты, иманнан ажыраған халықты иманға қайтарды. Ол да Абу Ханифа сияқты иманды бар ғибадаттың алдына шығарды. Ол иман туралы айтқан мына Хикметі иманның маңызының діндегі орны қаншалықты екендігін көрсетеді:

Хикмет бірлән әууал адам дін бар айлады,

Он сегіз мың қамуғ алам қайран ерур.

«Қалу бала» деген құлдар үлес алды.

Сакут еткен құлдар діні ойран болур.

 

Хақ тағала иман ата (сыйлады) қылды бізга,

Аууал Мұстафа расулы айды бізге.

Друд етсак қууат берар дінімізга,

Йоқ ерса, қылғанларым ойран ерур[9].

Иман болмаса, дін де жоқ. Дінді ақылмен емес, жүрекпен қабылдау қажет. Олай болмаған жағдайда иман кәміл болмайды. Қазақ халқының иман-сенімі Йасауидің осы ұстанымы негізінде қалыптасты. Иманды бәрінен жоғары бағалады. Қазақта «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген аталы сөз бар. Демек, иман-ар қазақ үшін иман малынан да, жанынан да артық. Ал, Абай болса:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа қол емес,[10]-дейді.

Немесе

Ақылмен ойлап білген сөз

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек білген сөз

Бар тамырды қуалар.[11]

Бұл жолдар қазақ халқының не нәрсе болса да, жүрекпен қабылдайтынын көрсетеді. Демек, бұл қазақ халқының діни дүниетанымы тариқат жолы арқылы қалыптасқандығының айғағы. Мысалы, рух, әруах, әулие туралы түсініктер негізінде Йасауи дүниетанымы жатқанын аңғару қиын емес. Қожа Ахмет Йасауи әулиелер туралы былай дейді:

Шын ғашықтар дәйім тірі өлген емес,

Әруақтары жер астына кірген емес.

Заһид, абид бұл мағынаны білген емес,

Шын ғашықтар халайықтың Қызыры болар[12].

Немесе

Алла үшін жанын берген зая қалмас,

Екі әлем оған бостан, әркез өлмес.

Шын ғашықтың сыры құпия халық білмес,

Көз жасын куә қылып жүрер болар[13].

Йасауидің бұл Хикметтері әулиелер туралы Құран Кәрімнің «Юунус» сүресіндегі «Алланың достарына еш қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды»[14], -деген Құран аятымен мағыналас екендігін көруге болады. Сондай-ақ, Йасауи Хикметтерінде әулиелердің Алламен байланыса алатыны туралы да айтылады:

Хақ уәсіліне жетейін десең зары қылғын,

Зікірін айтып, жарандарға жары бергін.

Жапа тартып, жарандардан үлес алғын,

Үлес алмай дидарын көрер ме екен?[15]

Бұл Хикмет те әулиелердің Алла мен адам арасын байланыстыра алатын қуаты барлығын көсетіп тұр. Ал бұған Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің отыз бесінші аятында «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және оған жақын болатын жолды іздеңдер және оның жолында күресіңдер, сонда, әрине құтыласыңдар», - дейді. Олай болса, қазақ халқының көне дәуірлерден бері жыр-дастандарында жырланып келген, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан әулиелерге зиарат жасау, олардан жәрдем сұрауы Исламға қайшы келмейді. Осылай сопылық жол түркі халықтарының діни танымының негізіне айналды.

Тариқат – мұсылман дінін қабылдаған халықтардың Исламның негізгі бес парызын қабыл етіп, қалған діни жол-жоралғыны сопылық жол-рухани таным негізінде қалыптастыра отырып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен әр халықтың өзінің табиғи ерекшелігіне қарай қалыптасқан салт-дәстүріне беру деп айтса болады. Енді осы мәселелерді Қожа Ахмет Йасауи бабамыз қалай шешті, соған қысқаша тоқталып көрелік.

Қожа Ахмет Йасауиге дейін сопылық жеке тұлғалардың немесе белгілі шайхтың айналасына шоғырланған топтың рухани жетілу тәжірибесі болса, Йасауи оны жалпы түркі қоғамының ортақ иман-сенім нгізінее айналдыра білді. Қожа Ахмет Йасауи өз тариқатын қалыптастырғанда алдымен Исламның рухани негіздеріне баса мән берді. Соларға арқа сүйеді. Бұл Йасауи жолындағы халықтың иман-сенімінің Исламдық негіздерден айнымауының кепілі болды. Көп жағдайда Йасауи жолындағы халықтың иманының беріктігі жағынан өзге халықтарға үлгі болатын дәрежеде еді.

Қоғамдық қатынастарды реттеуді Қожа Ахмет Йасауи толығымен түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына берді. Себебі, түркінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің өзі Алла Тағаланың бұл халыққа берген нығметі болатын. Оның сақталуын Йасауи тариқаттың басты шарты деп білді. Біз Йасауидің тариқат жолына мұндай қатаң талап қойғанын мәдениеті Йасауи жолы негізінде қалыптасқан қазақ халқының салт-дәстүрі араб дәстүрінде қалыптасқан шариғат жолынан өзгешелігіне қарап көруімізге болады. Мысалы, бір ғана некелік қатынастардағы ерекшеліктердің өзі шариғат пен түркілік дәстүр арасында қаншалықты айырмашылық барлығын дәлелдейді. Араб қоғамында қалыптастырылған шариғатта некелік қатынас эндогамдық сипатта, ал қазақтарда некелік қатынас экзогамдық сипатта. Қазақтардың дәстүрінде жеті атаға дейінгі некелік қатынасқа түскендер үшін өлім жазасы белгіленген. Ал, арабтарда немере ағайындылар арасындағы некелік қатынас – Пайғамбар сүннеті. Бұл Қожа Ахмет Йасауидің түркілік дәстүрге қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Осы түркілердің осы салт-дәстүлік ерекшеліктерін Йасауи өзінің бізге дейін жетпеген «Фатава-и танбих»-«Пәтуалар көрсеткіші» атты кітабында негіздеп жазды деген ойдамыз. Міне, осы айтылғандарды жинақтап көретін болсақ, онда Исламның бес парызын негізге алып, сопылық жолдың жалпы заңдылықтарына бағына отырып, әр халықтың ерекшелігіне орай, исламдық рухани негіздерді қалыптастырып,  өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қолдануға мүмкіндік беретін жолды тариқат деп атайтынын көруімізге болады. Қожа Ахмет Йасауи осылай түркінің ислам дініндегі жолын, шеңберін айқындап берді. Бұл жолдан-шеңберден тыс түркі баласы үшін ислам діні болғанымен, түркі мәдениеті жоқ болатын. Сол себепті, Йасауиді кезінде Алишер Новаи сияқты ғұлама «Түркі жұртының құбыласы» деп атады. Өзге ғалымдар Йасауиге «Қтуб ал-Ақтаб» деген ат берді. Ол да «түркі жұртының Темірқазығы» дегенді білдіретін. Йасауийа тариқаты Жошы ұлысында мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген кезде мемлекеттің басқару жүйесін толығымен қайта құруға мүмкіндік берді. Мемлекеттегі бүкіл заң шығару құқы, қоғамдық қатынастарды реттеу дін өкілдерінің қолына берілді. Мемлекеттегі бүкіл қарым-қатынас заңға бағындырылды. Сөйтіп, мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен көне түркілік мемлекетті басқару  жүйесімен сәйкестендірілді. Мемлекеттің құрамындағы рулық, тайпалық жүйелер мемлекеттің керегесін құрады. Керегені шаңырақпен жалғастыратын уық қызметін рулар мен тайпалардың рухани жетекшісі билер атқарды. Осылай біріне-бірі  тәуелді, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын мемлекеттің құрылымдық жүйе қалыптасты. Мұндай құрылымдық жүйесі бар мемлекетте әділдік пен заңдылық қана абсолюттік билікке ие еді. Қоғамның әр бір мүшесі  өзін сол  қоғамның толық қанды мүшесі санады. Біреуге біреудің қиянат жасауға ешқандай мүмкіндігі  қалмады. Себебі, әрбір адамның соңында аталасы, руласы т.б. тұрды. Өздерін Ұлы Жаратушының өкілі санайтын әулиелердің мақсаты орындалды. Олар сол ортағасырлардағы ең әділетті қоғамды орнатты және  сол кезеңдегі Жошы Ұлысы әділдік пен заңдылық билік құрған Пайғамбар дәуіріндегі қоғамға барынша жақындатылған еді. Билік жүйесінің ешқайсысы абсолютік билікке ие емес еді. Ханды Шыңғыс хан ұрпақтары арасынан сайлап қою билердің қолына берілді. Міне, осы заң хандардың Йасауи жолына қарсы шығуының басты себебі болды.

Қожа Ахмет Йасауидің сопылық жолды тариқат дәрежесіне көтеруі, түркілердің Исламдағы жолын  осылай айқындап беруі өзге халықтарға да өздерінің рухани-мәдени, құқықтық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін сопылық тариқаттарды қалыптастыруына мүмкіндік берді. Сопылық тариқаттар белгілі бір халықтың рухани-мәдени болмысы мен көне дәуірден келе жатқан салт-дәстүрлеріне негізделді. Осылай тариқаттар арасындағы ерекшеліктер қалыптасты. Бір тариқат пен екінші тариқат арасындағы ерекшеліктің болуы заңдылық деп танылды және мойындалды. Өйткені, әр халық өзіндік салт-дәстүрлік ерекшелікке ие. Егерде бір халық екінші бір халықтың тариқатына өтетін болса, онда сол тариқаттың дәстүрлік ерекшелігін қабылдауға мәжбүр болады. Діни таным негіздері өзгереді. Өйткені, бір тариқатта киелі саналған салт-дәстүр, екінші тариқатқа өткенде киелілік сипатын жоғалтады. Оның орнын жаңа қабылдаған тариқаттың киелі саналған салт-дәстүрі басады. Осылай халықтың этникалық бет-бейнесі өзгереді. Демек, халықтың бір тариқаттан, екінші тариқатқа өтуі өзінің Тәңір Тағала жаратқан этникалық болмысынан ажырауына әкелетін қасіретті құбылыс. Біз оны Өзбек ұлысы мен Қазақ хандығының ыдырауы мысалдарында  көре аламыз. Өзбек ұлысының ханы Әбілхайырдың йасауийа тариқатынан бас тартып, оның орнына нақшбандийа тариқатын қабылдауы ұлысты үшке бөлді. Осының салдарынан мәдениеті, әдет-ғұрпы, тілі үш бөлек қазақ, өзбек, ноғай халықтары осы кезеңде тарих сахнасына шықты. Әбілхайыр ханның осы қателігін Қазақ хандығының хандары да қайталады. Мақсаттары – хан билігін шариғат шеңберімен шектейтін, абсолюттік билікті хан бермейтін билер институтынан құтылу болды. Есім ханның «Есім ханның ескі жолы» мен Тәуке ханның «Жеті жарғысы» йасауийа тариқатына, билер институтын қолында ұстап отырған Йасауи жолы өкілдеріне қарсы бағытталды. «Есім ханның ескі жолы» кезеңінен бастап Қазақ жерінің оңтүстігінде халықтардың арасында нақшбандийа тариқатының ықпалымен этникалық жіктелу басталды. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі бұзылып, оның орнын ішкі неке-немере ағайындар арасындағы некелік қатынас басты. Халық этникалық жіктелуге түсті. Осы мәселе әлі күнге мамандар тарапынан мойындалмай келеді. Тариқаттар арасындағы мұндай ерекшеліктің барлығын жоққа шығарып, халықтың этникалық болмысына ешқандай ықпалы жоқ деген сыңайда мақалалар да жариялап жатқан мамандар да бар. Мысалы, М.Исаханның «Қазақстандағы өзбектер тарихы» атты мақаласы «Абай.кз» сайтында 2013 жылдың 7 наурызында жарияланыпты. Сол мақаланың «Тарихи негізі әлсіз шығарма елді бүлдіреді» деген бөлігінде менің осы тариқаттар арасындағы ерекшелікке қатысты жасаған тұжырымымды сынай келе М.Исахан былай дейді: «Әсілі, Оңтүстік Қазақстандағы өзбектердің басым көпшілігі Қазақтың Арғын, Найман, Қоңырат, Қаңлы, Қатаған-Жайма руларынан және түбі араб болып табылатын Қожалар мен Сунақтардан тұрады. Тарихшы З.Жандарбек бұл рулардың өзбектеніп кету себебін олардың Нахшбандийа тариқатын қабылдап, шариғатты қатаң ұстанып, әдет-ғұрыптағы жеті атаға дейін қыз алыспау салтын бұзғандығымен түсіндіреді (З.Жандарбек. Иасауй жолы және Қазақ қауымы. Ел-шежіре. беттер. Алматы, 2006. 232-233 беттер). З.Жандарбектің бұл тұжырымы қисынды болғанымен, келісе қою қиын. Біздіңше, XVI ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани хан көшпелі өзбек тайпаларын бастап барып Мәураннахрды жаулап алғанда, көшпелі тайпалардың түрі мен тілі өзгеріске ұшырап, кейін Қоқан хандығы кезінде қайта көшіп келген.». Осылай Мұхан мырза айды аспаннан бірақ шығарады.

Оның ойынша сырттан келіп жатқан дін халықтың этникалық болмысына  ешқандай әсер етпейді. Демек, бұл қазіргі сырттан келіп қазақтың ішкі тұтастығын бүлдіріп жатқан уаххаби-салафилер де, өзге ағымдардың да қазақтың этникалық болмысына ешқандай зияны ықпалы болмайды деген сөз. Енді осы Мұхан Исаханның тұжырымдары қаншалықты шындыққа сай келеді? Осы мәселеге талдау жасап көрелік.

Біз жоғарыда тариқаттардың қалыптасу принциптері мен тариқаттардың жіктелуі астарында не жатқандығын, Йасауи жолының негізгі ерекшелігін жоғарыда талдап көрсеттік. Тариқаттардың осындай ерекшеліктері болғандықтан абсолюттік билікке ұмтылған Қазақ хандығы билеушілерінің нақшбандийа тариқатын әдейі қазақ арасына  әкелгендігін аталған кітапта нақты мысалдармен жазған болатынбыз. Хандардың мақсаты өздеріне абсолюттік билік бермейтін, барлығын заң шеңберінде шешетін билер институтынан арылу болғандығын, билерден арылу үшін алдымен сол билер жетекшілік етіп отырған ру, тайпаларды ыдырату қажеттігін, ол үшін алдымен жеті атаға қыз алысуға тыйым салатын Йасауи жолынан басқа тариқатты қабылдау керектігін хандар жақсы түсінді. Нақшбандийа тариқаты сол талапқа сай келетін. Бұл тариқатта ағайынды кісілердің қыз алысып, қыз берісуі Пайғамбар сүннеті деп есептелді. Алдымен бұл жолды қабылдаған Есім хан болды. «Есім ханның ескі жолы» атты жарғыда заңдастырылды. «Ескі» деп аталуының өзі бұл жолдың Йасауиге дейінгі араб шариғатын қабылдау болғандығын қазіргі халық түсіне бермейді. Ағайындар арасында алғашқы өзара қыз алысып, қазақ құрамынан шығарылғандар қалалардың халқы болды. Киелі саналған жеті ата принципі лақтырылып тасталып, оның орнын «Пайғамбар сүннеті» басты. Нәтижесінде рулар ыдырады. Киелі саналған билер институты өзінің қуатынан айырла бастады. Есім ханның бұл саясатын ары қарай Тәуке хан жалғастырды. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сырттай қарағанда, қазақ үшін тиімді болды. Бірақ, бұл заңның қазақ мемлекеттігінің тағдырына зияны «Есім ханның Ескі жолынан» артық болмаса, кем болған жоқ. Сырттай қарасаң, ру, тайпа да,  жеті ата принципі де орнында қалды. Есесіне олардың барлығын реттеп, әділеттілік прициптерін сақтап отырған, әуелден билер интитутының иесі болған Йасауи жолы өкілдері билік жүйесінен шеттетіліп, олардың орны әр рудың, тайпаның өзінен шыққан «игі жақсыларға» берді. Нәтижесінде, билер институты өз қызметін тоқтатты. Осы кезге дейін Алланың атынан билік жүргізген, бұрынғы кезде өз шежірелерін Әзірет Әлінің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын (қожалар) Йасауийа тариқаты өкілдерінен құралған Билер Кеңесі – енді, қазақ ру, тайпаларының өз арасынан шыққан білімдар кісілерден құралатын болды. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сакральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Қарадан шыққан билер Йасауи жолы өкілдері сақтап келген әділеттілік принципін сақтай алған жоқ. Ру, тайпалар арасында талас-тартыс басталды. Мұның соңы мемлекеттің күйреуіне алып келгендігін қайталап жатудың өзі артық. Міне, осы аласапыран кезеңде қазақтан қаншама халық нақшбандийа тариқатын қабылдап, өзбектеніп кетті. Қазір Түркістан, Шымкент айналасындағы өзбектердің қайсысы қай рудан шыққандығын санамалап беруге болады. Мысалы, Тәуке ханның бас Барқы аталықтың Түркістанда қалған ұрпақтарының барлығы өзбек. Өздерінің айтуынша, сандары 2000 үйден асады. Ал, Арқаға кеткен ұрпақтарының барлығы қазақ. Сол сияқты Түркістанның айналасындағы өзбек қыстақтарындағы халықтың 90 пайызы қазақ руларынан өзбектенген халық екенін көруге болады Және олар аралас  емес, сол ру-ру болып отыр. Мысалы, Қарашық аулындағы өзбектердің дені Көкмұрын қыпшақ. Қолдарында шежірелері бар. Шипан аулындағы өзбектердің барлығы дерлік найман-балталы, бағаналы. Қазіргі күні бұлардың барлығы өзара қыз алысып, құдандалы болып кеткен. Шымкент, Сайрамдағы өзбектердің де кешегі қазақ руларынан екендігін көруімізге болады. Бұл мақаланың мақсаты – қай жердегі өзбектердің кешегі қазақтың қай руынан шыққанын тізбектеп жазу емес, оларды басқа ұлтқа айналдырған факторды анықтау. Ол фактор – діни фактор. Тәуке ханның нақшбандийа тариқатын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеруі отырықшы халықтардың барлығын нақшбандийа тариқатын, сол тариқаттың дәстүрлік негізі болған араб-парсы дәстүрі мен мәдениетін қабылдауға мәжбүр етті. Бұл келіп қазақтарды этникалық жіктелуге түсірді. Қазіргі күні сол өзбектер арасында қазақ халқы құрамына қайта оралуға ниет білдіріп жатқан ағайындар бар. Мысалы, Сайрам өзбектері арасындағы Сіргелі тайпасының Қарабатыр руы өкілдері өздерінің қайдан шыққандарын анықтап, шежірелерін түзіп, қайтадан қазақ болуға ниет білдіріп жатыр. Қазір олардың саны 750-дей отбасы. Ал, мұның жақсы нышан екендігін жоққа шығаруға болмас. Бірақ олардың қайтадан толыққанды қазаққа айналуы үшін алдымен Йасауи жолына, Йасауи мәдениетіне бет бұрғызу керек. Сонда ғана олар толыққанды қазаққа айналады. Оның есесіне бүгінгі күні уаххабилік-салафилік жолға түскен, араб дәстүршілдігін қабылдаған жастардың ертеңгі күні қазақ болмайтынын да түсінуге тиіспіз. Сондықтан қазіргі күні елімізде жүріп жатқан діни-рухани үдерістердің қазақтың этникалық бет-бейнесін өзгертуге, керек десе қазақ халқын тарих сахнасынан кетіруге қуаты бар алапат күш екені мойындалуы тиіс. Ал, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қайта қалыптастырып, рухын жаңғырту үшін алдымен қазақтың дәстүрлі дінінің негізі-Йасауи жолын мемлекеттік дін дәрежесіне көтеру қажеттігін ұмытпауымыз керек. Олай болмаған жағдайда Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген принциптік мәселелердің іске асуы мүмкін емес.

Ендігі кезекте айтпауға болмайтын тағы бір мәселе қалып барады. Ол – қазіргі  кезеңде елімізге тараған нақшбандийа тариқатына қатысты мәселе. Атап айтқанда, өз бастауын Абд ал-Вахид ишаннан алатын нақшбандийлер. Бұл нақшбандилер тобының басшысы Абд ал-Вахид ишанды кезінде Қожа Ахмет Йасауи бабамыз түсіне аян беріп, Йасауи жолын қайтадан қалпына келтіру мақсатында Тәжікстан жерінен алдырған болатын. Ол кісінің Түркістанға келуі Кеңес өкіметінің құрылуымен тұспа-тұс келіп, Абд ал-Вахид ишан өз мақсатын жүзеге асыра алмады. Қайтадан құпия зікірге көшуге мәжбүр болды. Бірақ, тариқатта Йасауи жолында қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қарсы, жалпы қазақ мәдениетіне қарсы ешнәрсе жоқ. Тек, рух әлемімен сабақтастыққа байланысты мәселелер ғана қарастырылады. Сондықтан, қазіргі өз бастауын Абд ал-Вахит ишаннан алатын нақшбандилердің бағыты қазақ руханиатына қарсы емес деп түсінуіміз керек.

 Зікірия Жандарбек

Abai.kz

9 пікір