Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 5835 1 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 16:14

Кәкен Қамзин. Сексен сегіздің мамыры

 

                                                                                                    Саяқпын,

                                                                                                    жалғыз емеспін

                                                                                                    ішінде шеңбер

егестің.

                                                                                                                  И.-В. Гете

 

Заңғарға тырмысқан зәулім мәрмәр үйлер де, беттақтайы қызғылт ұлутасқа оранған мекемелер де, көріністері көліктеріне сай әйдік кісілер де тәңір жарылқағыр астанамызда баршылық, шүкір. Ал, күндердің күнінде, сағаттардың сағатында, минуттардың минутында әлгі маңдайының жұлдызы жанған ғимараттардың біріндегі дөй адамның қолынан мөрленген жолдама алып, бетегеден биік, жусаннан аласа қызметке орналаса қалам деп кім ойлаған.

Бесіктен белі жаңа шыққан маманның шүу дегенде орталықта қалуы бақ емес, сор екенін көпір-лепір, сапыр-төктен аса алмаған өзім де, дәм айдап шалғайға тартқан жора-жолдастарым да жосықты парықтамаппыз. Со заматта өз өркештенуім бек оң көрінген. Өйтпей ше: қарғадайымнан бауыр басқан берекелі, мерекелі шаһарымда қалдым. Патша көңілім өзге жігіттердің налып-жасуы бекер-ақ деген де қойған. Оның несін сүлейлей беремін.

Тоқсан жігіт пен қыз аттануын аттанды-ақ, бірақ солардың бәрі телім-теперіш қабының аузын шымшып буып, маған тастап кеткен сықылды. Басты қатыратыны, жүйкеңді солқылдатаны – құрып қана кеткір, баяғы пәтер сүмеңі. «Қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы» дегенді кім айтса да, біліп айтқан. Осыдан жиырма жыл бұрынғыдай ол бар болғырыңды біздің ел балалары кез келген тұстан, кез келген мезетте емге таба алмайды. Оның кілтипаны жекеменшік үйлердің күрт азаюында, қазына үй құрылысының қарқынды жүргізілуінде дейді білгіштерге тете кей білгіштер. Ескі көздердің айтқанына сенсек, ертеректе Көк базарда алма көтерме бағамен арбалап пұлданыпты. Жаңакөздер есеп-қисабына илансақ, урбанизация деген жойытың арбаны да, апортты да әй-шәйға қаратпай Алматыдан асырып, аулаққа айдап тастаған көрінеді.

Біз де отбасымызбен сол маңға таман, со «М-ға» табан тіредік.

Жұмыс күніңнің көбі анда бар, мында кел, апарып таста, алып кел – қолбалалықпен өтеді. Ал, облыс орталығына, аудандарға жолдама алған сабаздар екі-үш айдан кейін сыңғырлаған жаңа пәтер алады. бір-екі жылдан соң лауазымдары да өседі, сөздерінің қорғасыны да көбейеді. Сен байғұстың сол қатардағы инженер жалақысын дәтке қуат қылып жүргенің. Қаншама теуіп темір үзуге ұмтылсаң да, алдыңда кезегін тосып жүрген өзіңдей кешегі жаутаңкөз барлығын және ойлайсың. Құдды шойын жолға тәуелді трамвайсың, озып та кете алмайсың, қалып қоюға да қақың жоқ – жез бұйдаң темірдей тәртіп уысында.

Аядай бөлмеде көзіңнің асылын тауысып анықтама жазудан қолың босай қалса, облыс-облысқа желі тартасың. Қай мекемеге қандай жабдық жеткізілді, қандайы кешеуілдеп жатыр, келесі тоқсаған қандай лимит бөлу керек – осының бәрі сенің мойныңда. «Манастың» демей-ақ қояйын «Шаһнаменің» жуандығындай киіз кітапқа мөңкедей тізілген.

Бас қосу, кеңес құру, мәжіліс шақыру, коллегия өткізудің көкесі де осында. Ішкеріде бір дүбірлі жиын өтсе, біз де оған іле-шала, ізін суытпай үн қосумыз қажет. Онсыз шаруамыз шаруа, ісіміз іс болып есептелмейді. Ішкен асымыз да – һарам. Сондай бір аса айтулы оқиғадан кейін біздің саланың кеңейтілген кеңесі шақырылып, министріміз өз баяндамасының бел ортасында: «Ми далжны дөстөйнә бипөлнәт укәзәни табарыша Меқайыл Серкеш Гәрбәшевә. Штоп паспибат за перестройка, за үскөрение и быт компенементным шалабеком нады ригүләрні сматрет телебидение, ригүләрні слушат радио, ригүләрні штудироват пешат. Некоторыйе інженера ніже среднеге таланта, ніже средней спасабнасти ни дилат ни төгө, ни другөгө!» - деп сұқ саусағымен көк тіреген. Ел дүркірете қол соққан. Сол көктен түскен сұқ қолдың айбыны ма, әлде байырғы жөн сілтеушіміздің екпіні қатты болды ма – айтты-айтпады, мұндағы елдің көзі содан кейін ашылып сала берді. Қаймағы бұзылмай, ұйып қалған ғұмыр-тіршілігімізді ойламаған жерден өзгеріс құйыны опыр-топырын шығарды. Әр бөлімге түрлі-түсті бір-бір телевизор берілді. Ендігәрі жұмыс оразасын қалайда ертеңгілік ақпарат бағдарламасымен ашамыз, газет, журнал сүземіз, одан қала берді, радиоға құлақ түреміз. Бәрін айт та бірін айт, балбақашадан бордельге шейінгі әлеумет саясат қызығына батты да кетті.

Шағын бөлмедегі бес адам: екі әйел, үш еркек жазылсақ – алақандаймыз, жұмылсақ – жұдырықтаймыз. Бөлім меңгерушіміз Денис Герасимович те бір ақеділ, түсін суытса да жасқандыра алмайтын жүзі нұрлы жан. Қаламы көсіліп кеп кеткенде, ресми жанрдың не-не түрін мөлдіретіп төгіп тастайды-ау, төгіп тастайды; қатынас қағаздардың мың құбылған інжу-маржаны сол кісінің инкубаторынан күнбе-күн балапандап шығып жатады. Қай-қайдағы, өмірі атын естіп көрмеген таундар мен штадтар, кенттер мен абадтардан көлденең жұрттың қолы тұрмақ, көңілі жете бермес «Made in...», «Не кантовать!» деп жазылған қат жабдықтардың біздің мекемеге ағыл-тегіл құйылып жатуы сол кісінің арқасы. Денис Герасимович Мищенконың кереметі, әне, сондай.

Әйел затының талдырмашының талдырмашы, талғампазының талғампазы, көріктісін көріктісі – біздің бөлімдегі екі жетекші инженер келіншек. Оған сөз бар ма? Қасы-көздері қиылып, жәудірей қарағанда, кеудеңді супермодельдің анары тыз еткізгендей болады. Өзипа мен Руна, әне, сондай жандар.

Маған жапсарлас отырған жігітті екінің бірі біледі, Абылан – белгілі партизан-жазушының баласы. Өзі де партизандау, серілеу, аңқылдақтау. Шаш қойысы да, бакенбарды да керімбөлек. Іш тарта айтсам, кешегі өткен алаш азаматтарынкіндей, әрілете айтсам, мың да сегіз жүз жиырма бесте Сенат алаңына шыққан декабристердікіндей.

Наиль Феликсович Юсупов деген алпысты алқымдаған ақкөңіл шалды қалай айтпай кетейін. Бір бөлімнің  қызметкері болмасақ та көңілі жақын, сәлемі түзік. Рас-өтірігін қайдам, Гришка Распутиннің көзін құртқан Феликс Юсуповтың ұрпағымын деп өзеурейді төрт-бес рюмкеден кейін. Шахмат партияларын, құдай бар болса, Капабланкадан кем талдамайды, Гете творчествосын академиктейін жіліктеп береді, Қазақстан металлогениясын бес саусағындай біледі. Ал, соған қарамастан, министрліктің шараушылық бөлімін ғана басқарады. Үлкенге де, кішіге де жас балаша елпең қағып жүргені.

  • Мойыма, Серпушка.  Бұл   араға   көп   бөгелмессің,  қарақұлақтандың  ғой.  Сендей қылшылдаған жігіттің орны – өндіріс, - деп ақыл-кеңесін де айтып қояды. – Ертеде, мына Жезқазған, Қоңырат жағында Сәтбаевпен бірге барлауда жүргенде, қазақ тіліне судай едім. Сол байлықтан қалай айрылып қалғанымды өзім де білмей қалдым. Тіл дегеніңіз қазына ғой, кен ғой. Айтпақшы, сол геология партияларында жүргенде шығарған қалжың тақпағымда бар. Қалай еді, сайтан алғырың? Ә-ә, былай,міне:

Сидя төрде франтовато,

Слушаю кюйи Курмангазы.

О, жеңеше – супруга брата!

Қайда қымыз бен қазың?

Бас бармағымды көрсетемін де қоямын, шалдың емеуіріні белгілі. Жымиысып алып, екеуміз де жай-жаймызға таямыз. Қайтейік, басқарма бастығының тызалақтаған пәруайынан-ақ әбден зәттіміз. Дәлізде екі-үш адамның басы  қосыла қалғанын көрсе, Кеңес өкіметіне қарсы эсерлер бас көтергелі жатқандай шүйіледі. Өзінше бір қызық жан – бірде көл, бірде шөл. «Ойбай, күйді-жанды! Құрыдық! Осы күні ешкімге сенуге болмайды. Бұтқоржындарын салпаңдатып текке жүр боғымды бітірмей! Маңғыстаудағы заводтың қарап тұрғаны анау!» - деп байбалам салғанда, Алай мен Памирде жер сілкініп, нақа, қара жер қақ айрылған екен деп қаласың. Онан соң жұмыс аяғына шейін Айса Омарбекұлы басын сол иығына жантайтқан күйі салы суға кетіп, не жауарын, не жаумасын білмес сыздауық бұлтша түнере қатып қалады.

О баста мінезі төтенше көрінгенмен бара-бара бойымыз үйренді. Сүйірлей кіріп, бүйірлей шығып, тиісті қағазымызға бармағын бастырып алып жүре береміз. Іс қағаздарына қол қойдыруға Денис Герасимович көбінесе екі бикешті жұмсайды – оның қандай саясат екенін мен қайдан білейін?

Сәрсенбінің сәті деді ме, әрі әр нәрсеге бойы үйрене берсін деді ме, қолыма фирма бланксіне басылған қатынас хатты ұстатып Айсекеңнің кабинетіне Денис Герасимович мені аттандырды. Күнде көріп жүрсек те, еменшеленген есіктің арғы жағындағы Айсекеңнің бүгінгі сықпыты төрге ілінген  нысаналы портретке мәш келіп тұр.

- Қойыңызшы... Сіздің   құлағыңыз   шалмайтын   нәсте   болсайшы.  Не  зат?  Е-е,  о азаматың Аргус жақтан емес пе? Сол кісіні ұйғарып отыр деңіз. Алды-артын қазірдің өзінде күзетіп жүр дейсіз, ә? Мынау жағымды жаңалық екен. Е-е, о кісі өзіміздің қалқам-шырақ қой. Е-е, жел мағрұптан тұрса, «мен көрдім ұзың қайың құлағанының» кері келеді деңіз. «Зәулім терек жай тартқыш» деймісіз? Аһ-һа-һа... Найзамыз ешкібастарға қашанда егеулі ғой, - деп сылқы-сылқ күлді. Есік аузында не әрі, не бері емес мені көре сала, трубканы алақанымен жауып, қолының сыртымен сырғытып салды.

- Телефонмен тілдесіп  жатыр,  -  деп  едім  бастығыма,  қағаз тым шұғыл болу керек,

Енді Абылан жүгірді. Оның сөзі де:

- Көк телефон зорығатын шығар, - болды.

- Ах, есен-аман    болғыр-ай,    бұл    қағазды   дәл   он   бірде   Минсоветтің   баланс комиссиясына жеткізбесек, бар лимиттен айрыламыз. Жоспарком сөзіңді сөйлеп тұрғанда, бергенді қағып алу керек қой, - баяз таба алмаған Денис Герасимович осы мезгіл есіктен өкшесін қадай басып кірген Өзипаны көргенде, ұшып кете жаздады:

- Өзипатай, айнам,  жарығым,  жұлдызым, бүгін тіпті құлпырып кетіпсің... Күлме, иә, өстіп бірді ойлап, екіні айтатын хохолың біз боламыз. Сен барып келші. Мына пұшпаққа виза ұра салса болғаны, дәнеңесі қисайып кетпес..

- Бала боп  кеттіңіз  бе, Ден Гер. Ол мені дымдамай құртады. Пайғамбарың құдайына сыйынып алмай, ешкімді маңайлатпайды. Оның визасынсыз-ақ министрге қол қойғызып әкелейін.

- Ой, ақылдым, солай ете қойшы. Сен болмасаң, біздің күніміз не болар еді? Бара ғой, айнам, бара ғой...

Денис Герасимовичтің шаруаны жайлап тастап, рахаттана, екі қолын желкесіне айқастырып, керіле күлгеніне не жетсін. Қағаздарына уақытында қол қойылуы ол үшін үлкен нәсіп. Сонан кейін екі алақанын жанып-жанып алып, ел қыдыруға шығады. Енді оның сылқ-сылқы мен ыңылы ана бөлмеден де, мына бөлмеден де барқын-жарқын естіледі. «Тамаша жұрт қой Болгария, ал Украина керемет!» - әй, Денис Герасимович-ай, бұныңызды болғарлар да, орыстар да естімесін.

Терезе перделерін қытықтай самал еседі, радио осы сәтті сағына күтіп тұрғандай бойды балқытар әуендерін қалықтатып қоя береді. Там-аш-ша десең, тамаша...

Денис Герасимович өткен-кеткеннен, әргі-бергіден әңгіме қозғайды.

- «Он үште – отау иесі» деп тауып айтқан қазақ ағаекемдер. Мені де тап сол жасымда сайтан иектеді. Әйтеу, сылқымдыққа, кербездікке үйірсек боп өстім қаршадайымнан. Надя деген дивчинаны көрсем болды, аяғымды тіптен мырза басамын. Сықырлауық етігімді таң сәріден бет көрінердей майлап, алқызыл жейдемді шашақты кемермен қынай буынып жатқаным. Сакидегі ұядай паркте әскери үрлемелі оркестр ойнайды, «Ақ қайың», «Амур толқындары», «Маньчжурия қыраттары», «Дунай толқындары» мен үшін осы күнге дейін сыны кетпеген ғажап бір сырлы әлем. – Денис Герасимович ақбуырыл тартқан шашын саусақтарымен салалай тарайды да, қоңқақ мұрнын ұстап біршама отырады. Ұмытқанын танауының ұшынан шап бергендей әңгімесін әрі қарай жалғайды. – Биге ол кезде, неге екенін қайдам, комсомол мүшелерін ғана жіберетін. Мен бейбақтың жасы жетіңкіремейді, темір шарбақтың сыртында тұрам көзім көкшірейіп. Сырттай сүйсініп, иемденіп жүрген Надюшам өзге жігітпен шат-шадыман дөңгеленіп жүреді. Мына жүрек қызыл жейденің парша-паршасын шығара жаздайды. Иә, соның күйігінен екі жас қостырып комсомолға өттім. Берданымды беріп қаладағы жылпың татар жігітінен би үйрендім, гармоньды да лыпылдата құлаштай созатын болдым. Кейінірек вальс-бостоннан, аргентина тангосынан алдыма жан салып көргем жоқ. Надяны да жатқа бермей, алып қалдым. Біздің үйдегі өздерің көрген мыжырайған кемпір ше? Ол мыстаның да кезінде әжептәуір қыз еді. Да-с-с, бәрі де алмағаштың бозындай өз кезінде екен. Екі жас қостырудың арқасында қырық төртінші жылы соғысқа алындық. Е-е-е, сендерге бұ нені аңғартсын, оның несін езгілей берем. Аласы көп, мазасыз заман еді ғой. Осы күні ананы үйту керек еді, мынаны қисайтып жіберіпсіңдер деушілер көбейді. Мың рет өлшеп, бір рет пішуге уақыт қайда. Біткен іске сыншы көп. Бүгінгі бар жақсылық, бар береке қисапсыз бейнетқорлық, жанқиярлық еңбек нәтижесінде келмеді ме...

- Ден Гер, сен осы, жаңылмасам, соғыста  Юсуповпен бірге болған жоқпысың? Сенің омырауың орден, медальдан көрінбейді, оның екі-үш медалі ғана бар, - деп Абылан сөзге килігеді.

- Ақсүйек тұқымы,   тәрбиесі   текті,   шет   тіліңнің   бірнешеуін  біледі.  Қан  көрсе, лоқсиды, құсады. Дивизия штабында тілмаш болды. Неміс, ағылшын, французбен көршісіндей шүйіркелеседі. Ал, біздікі жаттанды: еркектерді көрсек – «Hande hoh!», фрауларды көрсек –  «Legen Sie sich, bitte!» ғой. – деп өзеурей күлді. Аяз қалтыратқан кісіше тісіне тісі тимей шалқая құлады. Оны Абылан іліп әкетті, олардың соңынан лекілдей мен кеттім.

- Менің әкем де соғысқа қатысқан. Сіз қай жерден қайттыңыз, Денис Герасимович? – деймін күлкімді әрең тиып.

- Ваймар қаласынан  қайттым.  Бухенвальд  деген  тажалды  естуің бар шығар, ол дәп сол қаланың маңында. – бөлім меңгерушіміз түнеріп сала берді, маңдайындағы қалың-қалың қатпарлар оның екі көзіне құлап түскен сықылды. Кібіртіктеп қалған маған Абылан көзінің астымен ым қақты да:

- Юсупов Бухенвальдқа жеткенде, мұны Гете білмей-ақ қойсын, мұны Гете көрмей-ақ қойсын дей беріпті. Кінәздің айтуынша, «Жолаушының түнгі жырын» Гете сол төңіректе жазыпты:

Ты, что с неба и вполне

Все страданья укрощаешь

И несчастного вдвойне

Вдвое счастьем наполняешь, -

Ах, к чему вся скорбь и радость!

Истомил меня мой путь!

Мира сладость,

Низойди в больную грудь!

Денис Герасимовичтің түйілген қабағы жазылып сала берді, көзәйнегін баппен сүртіп, қайта киді де біз жаққа иек қаға қуақылана қарап қойып:

- Ол немістің  өлеңі  бұлай  емес  еді  ғой. Мектеп реформасына дейінгі білім бізде де бар, - деді.

- Сөзіңнің айна-қатесі  жоқ.  Сен  Лермонтовтың аудармасын ғана білесің, мынау бар ғой – Афанасий Феттікі. Брюсовтікі де бар, бірақ Абайдың аудармасы бәрінен асып түседі. – Абыланның қанында бар лиризм бетке шыға келді.

- Саксен-Веймар герцогтығының  құпия кеңесшісі фон Гетенің қызуы жетпістен асса да басылмаған екен. Қызылды да, қызықты да құр жібермепті. Әнеу күні кінәз екеуміз Ульрика фон Левенцов үшін «сапырып таза шарапты көтеріп басқа тастадық», - мен де білгірсіне үн қостым.

- Солай деңдер! Сендердің көкейлеріңді тескен арақ-шарап, аһаку-һаһаку. Мемлекет, қоғам мүддесі қаперлеріңе кірмейді, - деп зірк еткен үн аттан аударып тастағандай еді. Айса Омарбекұлының екі көзі шатынап кетіпті. – Бүкіл қоғам ішімдікке қарсы ымырасыз күрес ашып жатқанда, мынаның «шарап-шарап» деп қақсауын. Бұл –  біле-білсеңдер, барып тұрған саяси көрсоқырлық... Бағана бес-он минут күте тұруға тағаттарың жетпеді ме, қуықтарың жарылғандай біріңнен соң бірің шаптырып... шапқылап. Этика деген қайда – адам сөйлесіп жатыр, баса-көктеп кіріп келесіңдер. Жалпы, мына Серпер Сағынғалиев орталық аппарат қызметкері екенін жете сезінбейді. Түнеу күні министр көшелі пікір айтты, жұрт бір кісідей көтеріліп, сатырлата қол соқты, бұл – мырс-мырс. Бұған Отан, партия ұраны түк емес. Осындайлар үшін мен жерге кіре жаздаймын. Жарайды, шорқақ сөйлесін, орысшаны белден бассын, бірақ айтқаны имандай шындық. Өз басым ұйып тыңдадым. Бетбұрыс үшін, қайта құру үшін, жеделдету үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. О кісі ұзақ жыл партия-совет қызметінде болған, еңбегі сіңген адам, біз көрінгенге тәлкек қылғыза алмаймыз... Өздерің айтыңдаршы, жақында тоқсан жылдығы аталғалы отырған Орал мия заводына бөлінген алты диффузорды Павлодар нан комбинатына жіберткізіп қойған кім? Мына Сағынғалиев! Барып тұрған бассыздық, не деген сорақылық. Ұялсаңшы. Өзің инженерсің өзің өлеңге құмарсың. Онанша жұмыс процесін компьютерлендіру, шет ел технологиясын сатып алу жолын ойласаңшы. Бәрін кадр шешетіні ежелден белгілі. Тәрбие жұмысын ақсатып жібергенсіз, Мищенко жолдас. Естеріңде болсын, бұл жер өңшең алқаштар жиналған Жазушылар одағы емес, ат-тонды министрлік...

- Мен емес, Гете ғой.

- Кім дейсің?

- Гете деймін.

- Гете болса  қайтейін.  Ол  айтты  екен  деп,  біз халықты  бетімен  жібере алмаймыз.

Солай, Гете шырақ! Бояушы, бояушы десе, сақалдарын бояйды бұлар. Телевизорда тыным жоқ. Өшіріңдер! Күйді ғой, күйді мына шаруа! Ана екі шөпжелкелерің қайда? Жапонның мұртты резеңкесін іздеп кеткен бе қаңғып? Айтқандай, манағыларың не қағаз, әкеңдер, көрейін.

- Минсоветке жіберіп қойдық, - деген сөз менің аузымнан шығып кетті.

- Сізге менің  визамсыз  жіберуге  кім  рұқсат  берді,  а?  Мен  сізден  сұрап  тұрмын,

Сағынғалиев жолдас! Сіз бұл астамшылығыңыз үшін жауап бересіз. Басынайын деген екенсіз коллегия мүшесін. Мен сізге кім екенімді көрсетейін, бастан асқанды танытайын! Алда әлі аттестация барын есіңізге сала кетейін... – Айса Омарбекұлының ашуы мұндай қатты болар ма, үшеуміз де есеңгіреп, қағаз шұқып отырдық та қалдық.

  • Иә, - деді біраздан соң Денис Герасимович қоңқиған мұрнына жармасып. – Тыртық пен жыртық – ағайын. Сол сияқты бастық пен тәңір туыстас. Сен Айса Омарбекұлының запыраны сарқылғанша бой тасалай тұр... Ана журналға қол жалғап жіберші, қанеки, көрелік. Иә, жолсапарға аттан, мәселенки, Павлодарға. Әлгі өзің жіберген диффузорларды қондыруға бас-көз бол. Ар жағын тағы көре жатармыз. Оған дейін не есек, не хан өледі дегендей...
  • Ол қалада «Тірілер  мен  өлілер»  орамы бар. О дүние мен бұ дүниенің арасы сынық сүйем екенін көресің. Айса Омарбекұлы мың жерден көркейтем десе де, бәрібір мына дүние жалған, о дүниеде де жұмақ бар деп айта алмаймын. Көргем жоқ. Тірлікте сайранды сал өкіртіп, сен қыл көпірден өтерде бүкіл астана бикештері тілеуіңді тілейтіндей. Жоржи Амадудың сұлу біткенді сүйіп тауыса алмайсың, бірақ соған тырысу керек деген сөзі бар, - деп Абылан қос саусағын балерина балтырындай үстел үстімен бұлтыңдата жүргізіп өтті. – Ие, Руна Махмудовна, дөп келдің, Өзипа екеуіңнің ақ жүздеріңді көруге алдияр тақсыр Айсекең зар боп кетті.
  • Амадудың «Құмшағыл капитандары»  романы бойынша «Целинныйда» кино жүріп жатыр дейді, билет ала салу керек еді. Ештеңеге қол тимейді... Абыланның айтқаны рас па, Ден Гер? Бес-ақ минутқа шығып кетіп ем. Өзипа да келіп қалар. Қайда барсаң да жыпырлаған халық, иін тірескен кезек. Шетінен ғарышқа ұшардай бастарын темір телпекке тығып алған қатындар шаштаразды бермейді. Осы жұрт жұмыс дегенді қойған-ау, - деп Руна бұйраланған басын бұлғалақтатты. – Айтпақшы, маған ешкім телефон соққан жоқ па? Қызылорда шұғыл мәлімет беру керек еді.
  • Қызылорда жігіттерінің  қолы  саған  әлі  жете  алмай  жатқан  болуға  керек.  Бірақ осындағы Немо капитанға ма, Дворжецкийге ме ұқсайтын ақбас әртісің екі-үш қабат мазалады. Билет мәселесі әп-сәтте шешілген жоқ па өстіп. Немене күйеуің командировкаға кетіп пе еді? Мына біз сияқты шөліркегендердің аузына су тамызар пенде қайда? – Абылан Руна Махмудовнаға қарап көзін сығырайта жымың-жымың етті.
  • Баукеспе де  көрші-қолаңын  үптемейді, аулақ жүреді... Қосаққа жегілген байталдай семья арбасын он бес жыл бойы сүйреп келем. Қамыттан мойным бір босап көрген жоқ. Жалығады екенсің. – Руна жаймашуақтана жадырай күліп қойды. Күлкі ме күңірену ме, өзіне ғана мәлім.
  • Ендеше, мына Серпердің жолы болды дей бер. Келгені кеше, бүгін аттанып барады.

Он күн! Ойқой-ай, мына түтін сасыған Алматыдан безіп, кербез далада үйірдегі айғырдай арқырар ма еді? Солай ма, Ден Гер, а?

  • Қалаң да, далаң  да  қайбір  оңып тұр дейсің. Ертеңімізді ойламайтын пәңгіміз ғой...

Үһ, жарайды, бос сөзді қайтеміз. Бастық әлгінде қатты кетті. Қашанғы сөз естірте бересіңдер, - деп Денис Герасимович ақшулан шашын салалай Алатаудың ұшар басына көз жіберді...

Сағы сынбас Алатау. Бірін ұшырып, бірін қондырып жатқан сабырлы аэропорт. Жылышуақ. Ұрын келген самал терек, ақ қайың, алма ағаштардың балауыз жапырақтарын қытықтайды. Жанданып келе жатқан жаратқан ие жаратылысы. Жүйткіген автобус, толықсыған троллейбус, қос-қостан шахмат қолтықтаған таксилер. Торғай шырылдағаннан орталыққа, дағдылы шаруаларына асыққан ат үстіндегі жұрт. Себеттерін сүйреткен славян кемпірлері, у-шуын ерткен сығандар, елтірі бөріктері едірейген кавказдықтар, әзір-мәзір ұйғырлар...

Маған неге қарамайсыңдар дегендей ақтүбіт шашын сусылдатқан  шолжаң қыз нені меңзегені белгізсіз:

  • Le roi   est  mort,  vive  le  roi!  –  дейді  қасындағы  серігінің  иығына  басын  салып.

Шекспирдің «Король өлді, жасасын король!» дегенін өзінше французшылағаны.

  • Қойшы, қайдағы дәстүрлі өркениетті айтасың, - дейді кекілін жер үрлеген қараторы жігіт басын шайқай. – Олардың бүкіл мәдениеті мен ғылымын ілгеріде түркілер, скандинав келімсектері, немістер мен француздар жасап, орнықтырып берсе, енді, міне, түп-түгел еврейлер өркендетіп отыр. «Өзің диуанасың, кімге пір боласыңның» кері...
  • Һа-һа-һа! – оларға қосыла  мен  де  іштей күлдім. Сірескен халық «Саяхатқа» жетіп, лақ етіп сыртқа төгілгенше, шығыстан шалықтар тәңір шапағының өзі бас көтере қоймас. Шофер радиосынан төгілген Бизенің «Маржан іздеушілері», Шопеннің фортепианоға арналған концерті менің алдыңғы жағымда отырған екі қарттың делебесін қоздырған секілді.
  • О-о-о, кезде  крайкомтұғын, жарқыным. Қазіргідей шалтай-балтай жоқ. Тәртіп – во!

Ұлтшылдарды ұлардай шулататынбыз. Үй, сен білесің, онда әлгі...

-Крайком-срайкомыңды қоя тұршы тықпаламай. Ананы қара, сасық сары дәріні аямай шашып жатыр. Өздерінше арам шөпті отағандағысы. Осы бәленің уы арам шөппен қоса гүлзарды, жеміс ағаштарын құртпай ма. Адам денсаулығы ше? Мына мақта егетін өзбектер дифолиант дей ме, гербидцид дей ме – содан орасан зиян шегіп отыр...

  • Крайком аппаратында    дүрілдеп    тұрған   кезім...   Үй,   сен   білесің,   онда   әлгі  коллективтендіру...
  • Басы ауырмастың... Жаны   ашымастың  басы   ауырмас.  Шаш  ал  десең,  бас алып жатқан әпербақандар. Ана жылдары Мәскеудің талай ағашын Хрущев қиғызып тастап еді, енді мынау келіп...
  • Заман басқа ғой, қария... Ал, әлгі крайком кезінде...
  • Заман басқа  болғанмен,  орындаушылар бұрынғы.  Сол  крайкомыңды  құйысқанға қыстырмай қоя тұршы. Бұрын жыбырлап-сыбырлап қана жүруші ең, омыраулап барасың ғой тіптен...

Сөздері бірде жарасып, бірде жараспай келе жатқан екі шал әңгімесінің жалғасына қаныға алмай өз аялдамамда мен қалдым. Сағат тілі сегізден сәл жылжыпты, енді үйді қоя тұрып жұмысқа тарту керек шығар. Соным ақыл болар дедім.

Соным ақыл болыпты. Мекемеміз гу-гу. Сағат тоғыз болар-болмай басқарма бастығы мені екі рет сұрапты. Секем алып қалдым. Керекуде түзу жүріп, түзу тұрдым. Әлде анадағы кіжіңін ұмытпай жүр ме екен? Денис Герасимович пен Абыланға қараймын – олар да алақандарын жаяды. Бір білсе, Өзипа мен Руна білер еді, олар әлі жоқ...

  • Иә, - деді Денис Герасимович қоңқиған мұрнын сипап. – Жақсы барып қайттың ба?

Дұр-ес. Сен келгенше министрімізді орнынан алып қойдық. Пенсияға жасы да келді. Асарын асады, жасарын жасады. Тұнығын шайқап ішті, лайын тұндырып ішті. Иә, майданда біздің взвод командирі болып еді. Тайсалмайтын, ержүрек адам, несін айтасың... Иә, уақытылы, абырой-атақ барда демалысқа кеткеннен артық не бар?.. Иә, тарихтың өз тәртібі бар.  Дерзко рубят парубки, но чуйка  меня никогда не подводила – и тот, и этот плохо кончат...

Бөлім бастығымыз әппақ қардай орамалымен көзілдірігін қайта-қайта сүрте берді. Ақбурыл шашы он күн аралығында мүлде сарғылт тартқандай, қолындағы шыты көзілдірік әйнегінен ауып үш саусағының арасында жүр.

  • Сонау елу  үшінші  жылы  Сталин  жолдас  дүние  салғанда,  империализм  шеңгелі алқымнан алардай көрінген. Оған қарағанда, бұл не, тәйірі. Қазір не десе, о десін – бәрінің бәсін болашақ берер. Сол болашақтың райы қалай болар екен? Дегенмен  елбасы кетсе де, министр кетсе де – ел аман, жұрт тыныш, - Денис Герасимович қыстыға жөткірініп терезеге қарап кетті.

Расында да басқарма бастығы тағатсыздана күтіп отыр екен. Жүзі жылы, қабағы бұлтсыз. Сәлемімді де түзік қабыл алды, қос қолын бір-ақ ұсынды.

  • Қане, отыра  қал.  Барып  қайттың.  Естіп  жатырмыз. Завод директоры мақтауыңды асырды. Жаңа техниканы, жұмыс процесін жақсы біледі деп. Ертістің балығынан да балық қоймапсыздар. Һа-һа-һа! Әнеу күні диффузорларды Павлодарға дер кезінде жібергенсің. Реконструкциясы басталмаған кәсіпорынға бөлгеннен гөрі, дәл осы сәт қажетсініп отырған интернационал ұжымға жіберткенің құп болған. Техникамен маневр жасау, жаңаша ойлау, жедел шешім қабылдау дегеніміз – осы. Біздегі салбөксе, көкмылжың талай маманға сондай қасиет жетіспейді. – безектеген көк телефонды алды да, менде шұғыл кеңес өтіп жатыр еді, өзім хабарласармын деп, ұясына қондыра салды. – Естіген шығарсың, үлкен бастық – министріміз пенсияға кетті. Әбден аяққа тұсау боп еді. Ескі кадр ғой, қанша тыртаңдаса да жеделдетуге ілесе алмады. Инициативамызды өрге бастырмай, әбжыландай кесе-көлденең жатып алды. Қаржы табу, бизнес тетігін жедел іске қосу дегенді сезбейді-ау, сезбейді. Ар-абырой деп басты қатырды. Гран интернационализмі жоқ. Қазақшылық, шылық-былық. Балық анау дөңдегі үйден бастап шіріген... Естіген шығарсың, «Дружба народов» деген журналда керемет интервью шығыпты. Таппай жүр ем, таптырып ап, бес қайтара оқып шықтым. Керемет. Сен де қарап шық. Енді көзіміз ашылатын шығар. Айналасына жақын-жұрағатын, жора-жолдастарын үймелетіп...  Ана сендердегі Өзипа туған інісінің келіні, соның выходкаларын да көтеріп жүрдім ғой. Енді ол бикеш өз еркімен кетуге арыз беріпті.

Айса Омарбекұлы бетінде Кремльдің Спасс мұнарасы бедерленген сәнді қобдишадан сигарет алып, ұзақ уқалап мүштегіне кигізді де, әңгімесін қайта тұтатты:

-Юсуповты   айтам,   соған   не   жоқ   десеңші.  Принципшілін  недобитый дворянсымақтың. Министр кетсе, мен де кетем деп арыз жазыпты. Ежелгі қанаттасы. Одан аулақ жүр. Саған тіл үйретемін деп, мін үйретіп жүрмесін. Ағылшынды білесің, соны місе тұт. Француз бен немістің басын ауыртпай-ақ қой, дипломат емессің. Қазақтың полиглот боп ұшпаққа шыққанын көргем жоқ.  Тоқтай тұр, әлгі қосыла шырқайтын шансондарың қалай еді? Жақында кәсіби мерекеміз, соған ЦК-дан Генекеңнің өзі келеді деген сыбыс бар. Сонда дуэтпен әуелетіп бір тастасаңдар қайтеді, аһ?

  • Оның мәтібі ресми салтанаттан қиястау. Сонсоң Юсупов екеуміз:

Cornet Obolensky, luettes de poste,

Lieutenant Golitsyn, versez le vin, - деуден аса алмадық.

  • Солай де... Иә, Мищенкоға талай ескертіп едім, моральдық ахуалға сақ бол деп. Ана Руналарың бар ғой, төрінен көрі жуық бір әртіспен әуей боп, соған байға тигелі  жатыр. Сен оны білесің, ертеде халық жауы боп, жиырма жыл отырып келген. Сенімсіз адам... Рунаның отбасы – полный развал. Тоже мне Қыз Жібек! Үш баласы бар, әкетіп бара жатқан ненің махаббаты? Ол да қызметтен кетер, не бетімен істейді. Мищенко, әрине, жұмысты жапырып жібереді. Айыбы – босбелбеулеу. Пенсиясы да жақын, екі ай ғана қалды... Осының бәрін саған түсінсін деп айтып отырмын. Сонымен бөлімнің бар ауыртпалығы Абылан екеуіңнің мойныңда. Бірақ Абылан былай, аполитичныйлау жігіт, оның үстіне қыз-қырқынды көрсе,  анауы... арқасы қозып кетеді... Иә, жеделдету, қайта құру жолында мықтап жұмыстануымыз керек. Партиямыздың Орталық Комитеті бәрімізден соны талап етіп отыр... Әсіресе жастарға қамқорлық ерекше болу керек. Ұмытпай тұрғанда айтайын, сенің жағдайыңды ескеріп, малосемейкадан орын бергіздім. Қазір Юсуповқа бар да ордеріңді ал. Балаң екеу ме еді?
  • Екеу, - тілге әрең  келдім.  Дүниені  дүр  сілкіндірген  он  күн деп осыны айт. Мына үйіп-төгілген жаңалық пен жақсылықты сіңіру үшін тағы бір он күн керек шығар. Құлағыма самолет гүрілі сіңіп қалған ба, екі құлағым тарс бітеліп қалды, тіпті қалқыған қалың бұлт та осы кабинет ішінде сияқты.
  • Самолеттен түсіп  тұрғаның  осы  ғой.  Қазіргі  жастар  керемет   деймін, тәртіп  деп осыны айт. Иә, солай. Министр кетті. Енді кім келер екен деп қыпылдап отырмыз... Сендердің құлақтарыңа ештеңе тиген жоқ па? – Айса Омарбекұлы осы жолы маған біртүрлі қасын түйістіре қараған сықылды, селтеңдеген тарыдай сәуле сол жанарынан оң жанарына ағып өткендей болды. Мен басымды шайқадым.
  • Осы күнгі  кейбір  жастар  ішінен  оқып  туады. Ауызға, әрине, сақ болған жөн. Дос бар, дұшпан бар дегендей. Біздікі ағалық ақыл ғой әншейін, - деп күліп қойды.- Шаршап келген шығарсың, үйіңе қайт. Рұқсат. Келінді қуант. Кісі есігінде жүру – азап, оны Горький мен Мұқанов болмасақ та білеміз...

Екі өкпемді қолыма алып Микоян көшесіндегі лашығым қайдасың деп ұшып келемін. Жыртық үйдің құдайы бар, тәуба, қатарға қосылды деген осы енді.

  • Тәуба, қатарға  қосылды  деген  осы, - деді  әйелім  жымың-жымың етіп.  Төргі үйге дастархан жайылып қалыпты, ет асылып жатқан сияқты. Бүкшеңдеп қожайын кемпір де бірнеше қабат бас сұғып шықты.
  • Кеше көкем  келіп кетті, - деді әлден соң әйелім керемет құпияны ашқандай. Көкесі – менің туған ағам, талайдан бері Қостанайда қызметте. – Осында бір үлкен шаруамен келіпті. Қане таба қойшы, тапқыш екеніңді білейін...
  • Демалысқа келген  шығар. Қазір жұмыстың саябырсыған кезі. Астық себіліп бітті, - дедім есіней керіліп. – Қасында жеңгей бар ма екен, жертөлемізге шақырып алайық.
  • Онда құлағыңа сыбырлайын, бері жақындашы. – әйелім айтып ауыз жинап алғанша, аузым аңқайып отырдым да қалдым. Келіншегімнің ішек-сілесі қатып жатыр. Мынау – менің үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін жайт.
  • Оны кім айтты? – дедім сеніңкіремей. – Қалжыңы шығар.
  • Жоға. Баршагүл  жеңешем  айтты,  о  кісі де келді. Шүйіншіңді дайында. Сендердің министрлеріңнің орнына тағайындалмақ. Бүгінгі газеттерге жарлық шығады. Осының алдында ғана керемет түс көріп ем. Бір жақсылықтың боларын жүрегім сезген. Жасаған иеме ғана жалынамын, жан баласына бас имейтін принципіңмен осы подвалдан шықпас ең. Сен кеудеңді  қанша өрге айдағанмен, желкеніңді жел үрлемесе, не сорым? – әйелім ежелгі сүрлеуіне түсіп, біраз арындады. – Келсе, ешқайда кетпесін деп кетті. Жұмысын бітіріп осында келеді. Бұрынғыдай қарсы келе берме. Жасы да, жолы да үлкен. Былай бейім, оң қабақ танытсаңшы. Әрине, жеп отырған нанын бөліп бермес, дегенмен көлеңкесі де бізге сая емес пе? Себептің өзі себеппен арбаға мінеді...
  • Жарайды, жарайды,   сенікі  жөн.  Көндім.  Кнәз  Юсупов  айтпақшы,  «Фаусттағы» Валентиндей жанымды әзәзілге сатуға дайынмын!
  • Саған айтқан сөз – қор! Алжыған, маскүнем шалдың сандырағын аузыңнан тастама.

Жетісерсің! Онанда Әлия мен Әселді ойнатып кел.

  • Хо-ро-шо! – деп, екі  қызымды  жетелей  далаға шықтым. Күн төбеден ауып кетіпті.

Есік алдындағы кермеге жайылған ақ шатырдай кір тамшылары қара жерге тырс-тырс тамып тұр. Кеңсайға қарай қаралы машиналар легі шұбап барады. Өлілер мен тірілер көшесі. Кімді кім жерлеуге апара жатқанын бір жартқанның өзі білер. Әйтеуір, біреу өлмей біреудің күні жоқ. Ich sterbe!

 

Алматы, 1988.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321