Елбасы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсырды
Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке «Алқоңыр дүние» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін; ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы Бақтыгерееваға «Ана сыры» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін, ақын Өтеген Оралбайұлы Оралбаевқа «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін берілді.
Мұнан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев екі авторлық ұжымға да мемлекеттік сыйлықты тапсырды.
Нақты айтқанда, Төлеубек Нығметұлы Әлпиевке, Алан Асқарұлы Бөрібаевқа, Сүндет Әбдірахманұлы Байғожинге, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына қатысушыларға «Абай» операсы (Л. Хамиди, А. Жұбанов) үшін; Ақан Қарғамбайұлы Сатаевқа, Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваға, Тимур Қазбекұлы Жақсылықовқа, Алтынай Бауыржанқызы Нөгербекке, Әділ Ералыұлы Ахметовке «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін мемлекеттік сыйлық тапсырылды.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, Ұлы даланың еркін даусын төрткүл әлемге естірту дәуірі Сіздей ұлға бұйырғаны тағдыр сыйы екені рас. Қасиетті Атамекеннің өткен рухын жаңғыртып, жас ұрпақ санасында жеті қасиетін қайтадан есіне салып, парасатпен, ұлылықпен, саясаткерлікпен жаңа ғасыр көшіне жалғап отырған еңбегіңіз әлемге аян. Өз басым атқа мініп, домбыра тартып өскен сезімтал жүрегіңізге қайран қалатынымды жасыра алмаймын. Ерекше адамсыз, өнері ұлы болмай мемлекет ұлы болмайды. Кітап оқылмайды деген бекер сөз. Қазақ әдебиетінің жауһарларының әлемнің бүгінде алты тіліне аударыла бастауы, әлем әдебиетінің озық үлгілерінің қазақ тіліне аударылып келуі соған басталған ұлы қадам деп білеміз. Еркіндіктің көк туын қыран мінез қайсарлығыңызбен биіктете береріңізге сенімдіміз және тілекшіміз», - деді Елбасы қолынан мемлекеттік сыйлық алған Ақұштап Бақтыгереева.
Abai.kz