Жұма, 29 Наурыз 2024
3503 1 пікір 19 Желтоқсан, 2018 сағат 10:30

Экономикалық және әлеуметтік әлеует, жетістіктер мен халық өмірінің сапасы

Тәуелсіздік — халықтың басты құндылығы. Қазақстан егемендіктің алғашқы күндерінен бастап дамып, гүлдене түсуде, бұған қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларындағы ауқымды табыстар мен жетістіктер дәлел. Тәуеліздік жылдарында еліміз ұлттық экономиканың барлық салаларында жаңа белестерге қол жеткізді.

Сарапшылар РrimeМinister.kz-ке аталған тарихи оқиғаның маңыздылығы мен Қазақстанның 27 жылдағы жетістіктері туралы айтып берді.  

Тәуелсіздік пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісімге негізделген сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлемнің озық мемлекеттерінің қатарына қосылды. Қарқынды даму моделі елімізді дүниежүзінің жылдам дамушы мемлекеттерінің алдыңғы қатарына шығарды. Бүгінде 1991 жылы Қазақстан халқы таңдаған тарихи күшті асыра бағаламау мүмкін емес — бір-біріне сенім ұялаған, еркін, тәуелсіз елде, әлемде өмір сүруді таңдау, өз тағдырын, келешек ұрпақтың өмірін анықтау, жарқын келешекке жол бастау. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап адам мен оның құқықтары мен мүдделері басты байлық ретінде саналатын құқықтық демократиялық мемлекет пен әділетті азаматтық қоғам құру туралы мақсат қойды.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина тәуелсіздік ұғымы қазақстандықтар үшін қасиетті ұғым саналатынын айтты.

«Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әрі баға жетпес құндылық екенін біздің халық жақсы сезініп, түсінеді, оны қастерлейді. Тәуелсіздік елімізде өзіміздің мүддемізге сай дербес саясатымызды жүргізуге, халықаралық қауымдастықтың тең мүшесі ретінде орнымызды айқындауға зор мүмкіндік берді», — деді А. Жолдыбалина.

Сонымен қатар, сарапшының пікірінше, мықты мемлекет құру жолында өңірлерді дамыту үлкен маңызға ие.

«Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктердің бірі деп бүгінде өңірлердің дамуын айта аламын. Еліміздегі өңірлердің экономикалық-әлеуметтік әлеуеті, жетістіктері, өмір сапасы біртұтас Қазақстанның тұрақты әрі тепе-тең дамуына ықпал етеді. Әр өңірдің гүлденуі – ол Қазақстанның гүлденуі, яғни алдағы уақытта әр өңір өзіндік бренд, өзіндік даму ерекшеліктері, экономикалық бағыттылығы бар аймаққа айналуы тиіс. Экономикалық қуатты әрі әлеуметтік жағынан жоғары дамыған күшті өңірлер Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі, — деді сарапшы.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшылары өз кезегінде Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы рөлі мен орнына қатысты пікір білдіріп, тәуелсіздіктің арқасында қазақстандықтарға ашылған елеулі мүмкіндіктерді атап өтті.

ӘЭСИ сарапшысы Жұмабек Сарабековтың айтуынша, республикамыз тәуелсіздіктің 27 жылында мемлекеттілікті нығайту мен ұлттық әлеуетті дамыту мақсатында қызықты да күрделі жолды еңсерді. Еліміз нарықтық арнаға көшу міндетін ойдағыдай орындап, тұрақты экономикалық өсім негіздерін салды. Қазақстан ауқымды әлеуметтік реформалардың іске асырылуын қамтамасыз еткен мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырды.

«Қазақстан этносаралық қатынастардың үйлесімді және орнықты дамуымен ерекшеленетін мемлекет ретінде бағаланады. Осылардың арқасында Астана бүгінгі таңда – Орталық Азияда мойындалған көшбасшы ел. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы 20 есе өсті, бұл Қазақстанға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылуға жол ашты. Бұдан өзге, Қазақстан бизнес жүргізуге өте қолайлы жағдайлар жасай алды – тәуелсіздіктің 27 жылында ҚР-ға 300 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестициялар бағытталды. Аталған көрсеткіш бойынша біз посткеңестік мемлекеттер арасында көш бастаушылардың біріміз», — деді Ж. Сарабеков.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның осы жылдар аралығында география «қақпанын» еңсере алғаны да аса маңызды. Әлемдік мұхиттан алыс орналасуы осыған дейін Қазақстанның әлсіз жері ретінде қаралып келді, алайда көлік инфрақұрылымының ауқымды жаңғыртылуы, соның ішінде жаңа автожолдар мен темір жолдар құрылысы, сондай-ақ порт қуаттылықтарын дамытудың арқасында Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы құрлық көпіріне айналуда.

Салыстыра тексерілген әрі стратегиялық сауатты сыртқы саясат Қазақстанның тұрақты ішкі дамуының маңызды кепіліне айналғанын атап өткен жөн. Ресей, Қытай, Еуропалық одақ және Құрама Штаттар секілді ірі державалардың геосаяси мүдделерінің тоғысында тұрған Қазақстан барлық орталықтармен теңдей қарым-қатынас орната алды. Қазіргі таңда Астана өзін стратегиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосатын халықаралық қатынастардың беделді субъектісі ретінде танытты.

Бұдан өзге, Ж. Сарабеков Қазақстан алдында дамудың заманауи кезеңінде жаңа сын-тегеуріндер тұрғанын атап өтті.

«Бүгінде біз ірі мемлекеттер арасындағы геосаяси күрестің шиеленісуіне куә болып отырмыз. Әлемдік экономикада жаһанданудан кері серпілу сипаттары байқалуда, бұл бүкіл жаһандық жеткізу тізбегіндегі елеулі ауытқуларға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар АТ-ны өнеркәсіпке кеңінен енгізу және ескірген өндірістен бас тартумен сүйемелденетін технологиялық құрылымда түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы факторлардың барлығы Қазақстанда әрі қарай жаңғырту мен құрылымдық реформаларды жүргізуді қажет етеді», — деді сарапшы.

ӘЭСИ сарапшысы Радик Темірғалиев тәуелсіздік — бұл халықтың еркіндігі екенін айтты. Ұлыстың сақталуы мен толыққанды дамуының жалғыз сенімді кепілі — дербес мемлекеттілігінің болуында.

«Мемлекеттілікті алу және сақтау әр ұлыстың басты мақсаты екені сөзсіз. Әрине, халқымның өз мемлекетінің бар болғанына қуанамын. Егер қазіргі әлемде мыңдаған түрлі халық болса, онда 200-ге жуық мемлекет – БҰҰ мүшесі. Сондықтан бұл біз әрдайым түсіне бермейтін аса бағалы құндылық», — деді сарапшы.

Сонымен қатар, Р. Темірғалиев әрбір адам үшін тәуелсіздік — алдымен өзінің еркіндігі екенін айтты.

«Бұл – еш кедергісіз ақпарат алудың, өзін-өзі дамытудың баға жетпес мүмкіндігі. Адамдар өз бетінше бизнеспен, шығармашылықпен және т.б. айналыса алады. Бүгінде қазақстандықтарды әлемнің кез келген нүктесінен кезіктіруге болады. Азаматтарымыз шет елдерде білім алып, жұмыс істеп, өмір сүре алады. Бұл – біздің жайлы өмір сүруімізге жасалған жағдай», — деп түйіндеді сарапшы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3589