Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 9109 16 пікір 19 Желтоқсан, 2018 сағат 12:23

Қазақ христианның жаңа жылын бір жылда үш тойлайды

Осы күнгі қазақтардың өткеріп жатқан ғұмыр-тіршілігіне қарап отырғанда «ах-ау керім, бұраң белім, күнде ойын күнде той жүрген жерің-ай» деген екі жол мәтіні еске түседі. Бұраң бел деуіне қарағанда өлең ойын-сауықты, ырду-дырдуды жақсы көретін, мінезі жеңілтек әлдебір бойжеткенге арналған. Ал қазіргі қазақтың үлкен-кішісіне, кәрісі мен жасына, қатыны мен еркегіне не болған? Әлде бүкіл қазақ ойын-сауықтан басқаға көп аса бас ауыртпайтын әлгі бұраңбел жеңілтек бойжеткенге айналып кеткен бе деп тағы қайғырасың.

Әйтпесе, өзінің әлмисақтан бері ата-бабасы тойлап көрмеген 31-ші желтоқсанның сақылдаған сары аязды немесе қызылшұнақ қасқа боран түнінде христиан дініндегілер улап-шулап жарыса арақ ішетін Жаңа жыл деп аталатын мейрамды қазақтарға ұқсап өлген әкесі тіріліп келгендей тойлайтын ел бүкіл Азияда да, Африкада да жоқ. Тойлағанда да үш айдай тойлайды ғой, қазекең! Және бұл Жаңа жыл дегені исламның емес христианның діни мейрамы екенін де жақсы біледі. Онымен қоймай, бұл Жаңа Жылды дүниежүзі тойлайды деп өтірік айтатынын қайтерсің.

Қой, өтірік айтпа! Екі миллиард қытайдың, соның аржақ-бержағындағы Үндістанның (1,5 миллиардтай), Жапонияның, екі Кореяның, Вьетнам, Лаос, Камбодже, Индонезияның, Африкадағы мемлекеттердің, арабтардың өз Жаңа Жылы бар дегенде ғана бетіңе бажырая қарап тұрады да: –А нам по хрену, Қазақстанда демократия. Біз Россиямен доспыз. Не надо ұлтаралық от тастауға,-деп өзіңе шүйлігеді. Ішің-бауырың уылжып, жүрегің сыздап қала бересің. Сосын «е-е, бұл бейшара қазақта не кінә бар? Анау ғой, солардың жүргізіп жатқан алақ-жұлақ еткен жүгірмекөз сасық саясаты ғой» дейсің ішіңнен ғана.

Бұл Жаңа Жылды қарсы алуға даярлық аудан, облыс орталықтарында, қалаларда Астана мен Алматыда бір жарым ай бұрын, яғни қарашаның 14-15-терінен-ақ басталып кетеді. Қала, аудан, облыс әкімшіліктері сол кезде мекемелерге көшелерді безендіруге тапсырма береді. Әуелі көшедегі сымдарға, ағаштарға үлкендігі тырнақтай-тырнақтай майда электр шамшалары іліне бастайды. Сосын алаңқайларға бағасы пәленбай миллиондық шыршалар тігіледі. Теледидардан «Жаңа Жыл келе жатыр!», «Алдағы Жаңа жылға қарай» өйтеміз де бүйтеміз көбірек айтыла бастайды. Бұл мейрам ескі күнтізбе бойынша бір, жаңа күнтізбе бойынша екінші, сосын «Рождество Христова» деп үш мәрте тойланып сол қарашаның 14-15-нен бастап ақпанның ортасына шейін созылады.

Сөйтіп жүргенде Ұлыстың ұлы күні, қасиетті Наурыз мейрамы да жақындап қалады. Бірақ ол туралы не ләм, не мим жоқ. Телеарналар да үнсіз. Көшелерде Наурыз құтты болсын деген бір ауыз сөз ілінбеген. Ақыры наурыз айының 20-21-ші жұлдызы да келеді. Міне, сол кезде ғана телеарналар әлгі екі ай тойдан басы енді жазылған адамша ауыздарына Наурыз мейрамы деген сөздерді ала бастайды. Қазақстан басшылары кімге жағынғысы келетінін, кімнен қорқатынын қайдам осы Наурыз кезінде «бұл – діни мейрам емес», « бұл – көктем мейрамы» дегенді жиі қайталай береді. Ал осының алдындағы Жаңа Жыл Христостың туған күні, яғни, христиан діни мейрам екені ашықтан-ашық жарияланып отырады. Қазақта не көп ұлтына пайдасы жоқ оқымысты көп. Сол оқымыстылар бұл жәй алдау екенін, Христостың туған күні деген римдіктердің ойдан шығарған өтірігі екенін де біледі. Бірақ айтуға жүрек жоқ.

Наурыз мейрамы көршілес Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты мұсылман елдерінің ең басты мейрамы. Айтпақшы, халқының 80% мұсылмандар болып саналатын Қазақстан басшылары «Қазақстан мұсылман мемлекеті емес» деп алақ-жұлақ етеді, әлдекімдерге қарап. Бұл елдерде 31-ші желтоқсанның түні ортасында қазақтың кемпір-шалдарынша қолына арақ құйған рюмка ұстап «сол үшін алып қояйық» деп балалары мен немерелерін құттықтап тұрудан өткен масқара жоқ. Олар бұл Жаңа Жылды Наурыз сияқты дүркіретіп тойламайды. Тіпті, көпшілігі атап та өтпейді. Оның есесіне Наурыз кезінде бүкіл республика нағыз ұлы мерекенің сән-салтанатына бөленеді. Оны айтып та, суреттеп те түгел жеткізіп беру мүмкін емес. Президенттері ұзыннан-шұбақ орысша құттықтау айтпайды.
Ал Қазақстанда ше? Өткен жылы Алматы көшелерінен «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Наурыз құтты болсын!» немесе тағы басқаша жазылған ұран іздеп табанымыздан таусылдық. Бірсыпыра аудан әкімшіліктерінің (әкімдік емес!) ғимаратында сондай жазу бар дегенді естідік. Рас, кейбір ашық алаңқайларда Наурыз басталғасын барып бірнеше киіз үй тігіліп, жанында палау, капрон стаканмен шай, кока-кола сатылып жатады. Бірнеше әнші шығып, әрқайсысы бір-екі ән айтып «тайып тұрады». Ал мен наурыздың 21-22-ші жұлдызында көшеге шығып қазақтар үш ай христиан мейрамын сосын қасиетті Наурызды қалай тойлайтынын салыстырып, ішім удай ашып үйге келемін де:
Алладан намыс тіледім,
Ұйықтаса ұлтым күрессіз,
Біреулер соған күледі
Мырзан-Қайғы деп бұл ессіз,- деп мұңаямын. Бірақ тез ұмытып кетемін. Өйткені, қазақпын ғой! Кешіріңіз, қазақ христиан Жаңа Жылын бір жылда үш мәрте тойламайды деп дау айтарсыз. Сенбесеңіз, Қазақстандағы кейбір телеарналарды қарашаның 14-15-нен ақпанның ортасына шейін бақылап көріңіз.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052