Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
3671 0 пікір 26 Желтоқсан, 2018 сағат 10:54

Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сот басталды

Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта сейсенбі күні мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша алдын алдын ала тыңдау басталды.

Теннің өліміне қатысты істе үш айыпталушы бар. Олар - Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Қиясов және Құдайбергеновке "Бұзақылық" (192-бап, 2-бөлім) және "Адам өлімі" (99-бап, 2-бөлім) баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Толыбаева "қылмысты хабарламау" (434-бап) айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Құдайбергенов пен Толыбаеваға өзара келісіп "ұрлық жасады" деген айып тағылған. Олар жаз айларынан бері қамауда отыр.

Алдын ала сот тыңдауына жәбірленуші жақ - спортшының туыстары, адвокаттары, айыпталушы және айыпталушының жақындары, адвокаттары, ақпарат құралдары қатысты. Сот ашық болғанымен, процесс басталған кезде Денис Теннің анасы, үш күдікті өздерін фото-видеоға түсіруге рұқсат бермейтінін айтты. Істі судья Кеңшілік Абдельдинов жүргізді.

Алғашқы сот тыңдауында жәбірленуші жақтың адвокаты Нұрлан Өстеміров сотқа 39 томды істе қарама-қайшылықтар көп екенін айтып, істі қайта қарауға жіберу керектігін айтты.

"Атап айтқанда онда істің тапсырыспен жасалған қылмыс екені айтылады. Сондықтан айыпталушылар қатарында тағы күдіктілер болуы керек" деді ол.

Жәбірленуші тараптың өтінішіне прокуратура өкілі мен қорғау тарабы қарсы болған. Судья Абдельдинов Өстеміровтің шағымын қанағаттандырмағанмен "егер сот барысында жаңа деректер анықталып жатса, қосымша қараймыз" деп айтты.

Айыпталушылар күдікке ілінген баптардың бірі бойынша өмірлік жаза беру қарастырылғандықтан судья олардың ісін алқа билер қарастыра алатынын айтты. Бірақ айыпталушылар одан бас тартты.

Келесі сот отырысы 3 қаңтарға белгіленді.

19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Алдын-ала дерек бойынша, ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

Спортшының өлімі қоғамда резонанс тудырды. Елде ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкасын талап еткен ұрандар көбейді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969