Мұхтар Шерім. Дым жоқ...
Облысқа "свежи" әкiм келiп, Iшкi iстер департаментiнiң бастығы, генерал-майор Дегенбай Жегенбаев есеп берiп жатыр. Қағаздан бас алмайды, қағаздың өзiн жеп қоятындай...
-Қылмысты қанша ғасыр өтсе де, iзiн суытпай ашып жатырмыз. Айбарлы ақын Махамбеттiң басын шауып алған жексұрын, оқымаған, тупой, рецидивист Ықыластың немересiнен туған шөбересiн шөп орып жүрген жерiнде тұтқындап, iстi сотқа өткiздiк... Тiрiдей ұстадық!
Әкiм көз әйнегiнiң үстiмен қарап, жөткiрiнiп салды. Сосын:
-Жегенбаев мырза, маған бүгiнгi қылмыс әлемiнiң жай-жапсары туралы мәлiмет берсеңiз...-дедi.
Облысқа "свежи" әкiм келiп, Iшкi iстер департаментiнiң бастығы, генерал-майор Дегенбай Жегенбаев есеп берiп жатыр. Қағаздан бас алмайды, қағаздың өзiн жеп қоятындай...
-Қылмысты қанша ғасыр өтсе де, iзiн суытпай ашып жатырмыз. Айбарлы ақын Махамбеттiң басын шауып алған жексұрын, оқымаған, тупой, рецидивист Ықыластың немересiнен туған шөбересiн шөп орып жүрген жерiнде тұтқындап, iстi сотқа өткiздiк... Тiрiдей ұстадық!
Әкiм көз әйнегiнiң үстiмен қарап, жөткiрiнiп салды. Сосын:
-Жегенбаев мырза, маған бүгiнгi қылмыс әлемiнiң жай-жапсары туралы мәлiмет берсеңiз...-дедi.
-Соған келе жатырмын, сәл сабыр етiңiз... 1960 жылы есiк алдында есiнеп отырған Қатипаш Кәрiбаева деген кемпiрдi зорлаған мәлiметтi архивтен тауып алып, 1940 жылы туылған , бүгiнде алпыс тоғызға келген қақпасты насыбай атып отырған жерiнде тұтқындадық... Қысқасы, тiрiдей ұстап алдық! Ал, биыл көктемде Әлекеев деген кәсiпкердi әйелiмен қоса бауыздап, үйiн тонап кеткен қанiшердi құдай бұйыртса, 2015 жылға жеткiзбей қолға түсiретiнiмiзге сенiмдiмiз. 1998 жылы ресторанда iшiп алып, досын 25 жерiнен пышақтап қашып кеткен Қашқынбаевтың Ресейде "Камазға" мыжылып өлгенiн естiп, iстi қысқарттық... Қан жiбермейдi, осыған көз жеткiздiк... 2005 жылы iшiп алып, рульге отырған Масбаев жолда пiсте шағып тұрған келiншектi қағып кеткен. Келiншек ауруханада пiсте шағып жатып қайтыс болған. Мiне, сол Масбаевтың биыл iзiне түстiк...
Әкiм мазасыздана бастады.Тершiген маңдайын сүртiп жатып:
-Нашақорлармен күрес қалай болып жатыр?-деп сұрады.
-Нашақорлықтың бетi аулақ, оған жоламауыңызды сұранамын... Облыстағы нашоқорларды жинап алып, сiздiң жиенiңiздiң атындағы "түнгi клубтың" қабырғаларын сылаттық, көнбегендерiн ұрып-соғып, әбден жылаттық... Сөйтiп, еңбекке баулып жатырмыз. Биыл облыс бойынша бiр тонна героин тәркiленiп, оның жартысын Ауғанстанға сатып жiбердiк... Облыс бюджетi үшiн... Қалғанын iздестiрiп жатырмыз. Өзiңiз бiлесiз, бүгiнде алаяқтық жолмен пәтер сатушылар қатары өсiп, оның тең жартысы шетелге қашып кеттi. Қаша берсiн, ол жақта жетiсер деймiсiз? Сауап болыпты деймiз де... Облысымызда мал ұрлығы да "өркендеп" келедi. 1993 жылы Малбаевтың қорасынан үш сиыр емшектерiмен қоса, бiр жылқы жүгенiмен, екi есек ер тоқымымен ұрланған. Атақты баукеспе мен осы қызметке келгенге дейiн ұсталмай жүрiптi. Ауылда тұратын нағашымның отыз қойын, жиырма ешкiсiн ұрлап, әлдекiмге "оптом" өткiзiп тұрган жерiнен тiрiдей ұстап алдық. Егер сол ұры сiздiң нағашыңыздың қорасына түссе қайтер едiк? Құдай оның бетiн аулақ етсiн. Облысымызда былтыр 119 жылқы, 119 сиыр, 119 түйе, 119 қоян ұрланса, биыл бұл көрсеткiш 120-ға жеттi. Баукеспелер шеттен келген жоқ, өзiмiздiң жерлестерiмiз, сондықтан "қайда қашар?"- деп отырмыз. Әйтеуiр бiр жылдары ұсталатынына сiздi сендiргiм келедi. Өйткенi, "ұсталмайтын" ұры жоқ..."
Облысымызда биыл 1999 қалта телефон қолды болды. Бұл бiздi қуантып отыр. Өйткенi, қалта телефоны адам денсаулығына зиян дегендi естiп жатырмыз... "Иномаркаларды "тонаушыларды да еркiндiкке жiбердiк, биыл 200 автомобиль ұрланды. Соның нәтижесiнде қала ауасы екi жүз есеге тазарды. Әрi техникалық байқаудан өтпей, салық төлемей жүргендер Май инспекторларынан құтылып, қуаныштан арақ iшiп кеттi деп естимiз. Ендiгi жылы 320 иномарка угон болады деп күтiлуде... Қасақана кiсi өлтiрушiлердiң 115-iне ескерту жасап үлгердiк. Бұларды тағы да 115 адам өлтiру кезiнде тiрiдей ұсталынып, нақты дәлелдермен сотқа өткiзiледi деп жоспарлап отырмыз. Бес қылмыскер таза жынды болып шықты. Алдағы кезде мұндай жындылар көбеймес үшiн, жындылардың бәрiн жинап алып, жиналыс өткiздiк.
Ол бетiн сипады. Облыс әкiмi де бетiн сипап болып:
-Болдыңыз ба?-деп сұрады.
-Болдым...
-Сiздiң дәйектемелерiңiзден қалтырап тоңдым...
-Аспирин iшiңiз...Терлейсiз...-деп мiңгiрледi генерал-майор. Әкiмде үн жоқ, генерал-майорда да үн жоқ. Өйткенi... дым жоқ.