Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7615 14 пікір 8 Қаңтар, 2019 сағат 14:55

Ассамблея қазақ ұлтының мүддесі үшін не істеді?

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясына 23 жыл толады. Осы ширек ғасырға жуық уақытта бұл ұйым қандай жұмыстар атқарды? Қазақ ұлтының мүддесі үшін демесек те, ұлттар арасындағы татулықты сақтауға сеп бола алды ма? Әлде, “қазақстан – көпұлтты мемлекет” деп ұрандаудан әрі аса алмай отыр ма?

Білуімізше, 2008 жылдың 20-қаңтарында Президент “Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы” Заңға қол қойды. Сөйтіп, Ассамблея тіл, мәдениет, руханият саласында ғана емес, Қазақстанның экономикалық-саяси өміріне толық араласуға құқық алды. Ал, 2016 жылдың наурыз айында ассамблея атынан Ш.У.Нурымов, Р. Ким, Ю. Тимошенко, Н. Микаеляндер т.б  тоғыз адам Парламент сайлауына түсіп, депутаттық мандатқа ие болды. Айта кетерлігі, басқа депутаттарды халық сайласа, әлгі 9 депутатты тек ассамблея мүшелері ғана сайлаған. Сөйтіп, халық  дауыс бермек түгілі, түрін де танымайтын 9 адам  ел үшін маңызды шешімдерді қабылдап, Заң шығару орындарында отыр.

Мұхтар Тайжан, саясаткер:

- Меніңше, қазіргі мемлекеттік саясат түбегейлі өзгеруі қажет. Себебі, біз көп ұлтты мемлекет емеспіз. Иә, өзге этностар бар. Бірақ, бұл мемлекетті құрған қазақ халқы ғой. Сондықтан мемлекеттік саясат сол ұлттық бағытқа басымдық беруі керек. Барлық дамыған Еуропа мемлекеттерін алып қараңыз, ең әуелі ұлттық мүдде алдыңғы қатарда тұрады. Сондықтан, барлық этностар бұған құрметпен қарауға тиіс. Ал, ассамблеяның  ұлттық мүдде үшін қандай жұмыстар атқарып отырғанын білмеймін. Сондықтан, бұл ұйымның бүгінде ешқандай маңызы қалған жоқ.

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Алғаш Тәуелсіздік алған тұстағы өтпелі кезең үшін мұндай ұйымның құрылғаны дұрыс әрине. Өйткені, біздегі этностар арасындағы татулықты сақтау үшін қажет болды. Бірақ, ұйымның құрылғанына 20 жылдан асты ғой, осы уақыт ішінде мен Ассамблеяның қоғамдық белсенділігін байқай алмай келемін. Оны кешегі Қарағанды оқиғасынан немесе осы уақытқа дейінгі шешендермен, тәжіктермен болған қақтығыстардан аңғаруға болады. Олар сол оқиғалардың басы-қасында болып, ұлтараздық мәселелерді шешуге атсалысу қажет еді. Яғни, бұлар шын мәнінде халықтық ұйым болу керек. Бірақ, қазір көріп отырғанымыздай, Ассамблея тек қана биліктің тасасында қалып отыр. Оны былай қойғанда, осы уақыт ішінде ең болмаса бір рет қазақ тілінде жиын өткізген жоқ. Сондықтан, Ассамблеяның бүгінгі маңызы шамалы. Бұлар кешегі кеңестік кездегі "ұлттар достығы" деп аталатын саясаттың бүгінгі ізбасарлары ғана.

Ал, осы ұйымның атынан сайланған 9 депутатқа кезінде мен қарсы пікірімді білдіргенмін. Себебі, оларды халық сайлап отырған жоқ. Олар өздерін-өздері сайлап отыр. Бұл әрине, әділетсіздік.

Түйін

Қазақстан - көпұлтты мемлекет деген сөздің астарында - кешегі  отарлық саясаттың ықпалы жатыр. Себебі, қазақ халқы да дербестігі жоқ, сол көпұлттардың бірі ғана деген саясат жүргізуге тырысты. Алайда, бүгінгі тәуелсіз кезеңде барлығы да өзгерді. Және қазақ  ұлты өз жерінде үлкен басымдыққа ие болап отыр. Сондықтан, кеңес кезінен қалған таптаурын түсініктерді бұзып, кеш те болса отарсыздану бағдарламасын жасаған дұрыс шығар. Себебі, ұлттық мемлекет құрудың алғышарты - отарсыздану ғана...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048