Сәрсенбі, 16 Қаңтар 2019
704 0 пікір 11 Қаңтар, 2019 сағат 13:20

Қазақстанда ҰБТ 15–20 қаңтар аралығында ақылы негізде өткізіледі

Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет — қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізілетін болады. Тестілеу ақылы негізде өтеді, құны — 2242 теңге. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалмақ. 

Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуге қатысу арқылы оқуға түсуші ЖОО-ның ақылы бөліміне құжат тапсыра алады. Қаңтарда шекті балын жинаған тестке қатысушы ҰБТ сертификатымен ЖОО-ға тек коммерциялық негізде оқуға түсе алады: шекті балын жинаса болғаны. Сонымен қатар, ҰБТ-ны қаңтарда тапсырғандар негізгі ҰБТ-ны маусым айында да тапсыра алады және мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатыса алады.

«Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде 2019 жылғы маусым-шілде айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Тестілеуге қатысуға өтінім беру үшін тұрғылықты тіркелген жері бойынша ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ өткізу пунктеріне жүгіну қажет», — делінген ҚР БҒМ материалдарында. 

2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.

Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.

Еске сала кетейік, 2018 жылдан бастап әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, білім беру бағдарламаларының тізімі, бөлінген гранттардың саны, сондай-ақ, өткен жылғы гранттар конкурсының нәтижелері жазылған ақпараттық парақша беріледі. Аталған ақпараттық парақша түлекке өзінің болашақ мамандығын таңдау кезінде көмек болады.

Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді. 2019 жылдан бастап мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында мамандықтардың тізімі нақты көрсетілген классификатор пайдаланылған болатын. Ендігі кезекте мамандарды даярлау бағыты көрсетілетін болады. Сәйкесінше, еліміздің жоғары оқу орындары дербес білім беру бағдарламаларын әзірлейді.

Осыған орай, мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал, «Ақпараттық технологиялар» тобына — «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» және т.б. Яғни, білім беру гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандықтар бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылатын болады. Грант ұтып алған соң оқуға түсуші (талапкер) ЖОО-ға таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тіркеліп, ЖОО-ға құжаттарын тапсыру кезінде таңдап алған мамандығы бойынша білім алатын болады.

Елбасы «100 нақты қадам» ұлт жоспарында Назарбаев Университетінің тәжірибесін ескере отырып, ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды. Академиялық еркіндік — білім беру сапасын арттыру бағдарламаларының мазмұнын дербес анықтау бойынша ЖОО-ларға өкілеттік беру. Бұл білікті кадрлар мен жаңа мамандықтарға деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келе жатқан жаңа экономикаға көшу жағдайында аса маңызды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу — Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін бағалау жүйесі. ҰБТ-ның нәтижесі қабылдау емтиханы ретінде колледждерде, ЖОО-ларда есептелінеді. Сондай-ақ, ҰБТ-ның балдары «Болашақ» президенттік стипендиясын алуға жарамды.

ҰБТ алғаш рет 1999 жылы енгізілді. 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды: 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр.

ҰБТ бір кезеңнен тұрады және 140 балдық межемен бағаланады. Оқушылар бір күнде үш міндетті пәннен (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) — әрқайсысында 20 тапсырмадан және екі бейінді пәннен — әрқайсысында 30 тапсырмадан тест тапсырады.

2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізіледі. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80%-ын құрайды.

Abai.kz

0 пікір