Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Күбіртке 12060 41 пікір 11 Қаңтар, 2019 сағат 16:00

Қыдырәлі Оразұлы: "Қытайды зерттеу институтын құрып жатырмыз"

2018 жыл қызығы мен шыжығы мол тартысты һәм табысты жыл болды. Өткен жылда біз "өйттік, бүйттік" деп шіренбесек те, қазақ қоғамында ең бір қызу талқы болған мәселені түйіндей кеткенді жөн деп таптық. Былтыр қазақ ақпарат кеңістігінде ең жиі көтерілген мәселе – Қытайдағы қазақтардың саяси қудалауға түсіп, төтеннен теперіш көргені болды. Бұл мәселені мұндағы «Атажұрт», «Жебеу», «Адырна», «Ел аманаты» қатарлы бірнеше қоғамдық ұйым жарғақ құлағы жастық көрмей айтып жатты. Шеттегі қазақ мәселесі, оның ішінде Қытайдағы саяси лагерлерге тоғытылған туысқандардың жағдайы жайлы «Abai.kz» ақпараттық порталы үздіксіз жазып отырды. «Abai.kz» ақпараттық порталы құрылған 10 жылдың ішінде үздіксіз көтеріп келе жатқан екі мәселе болса, соның бірі осы қазақ көші еді.

Ал, өткенде редакциямызға «Атажұрт» еріктілер бірлестігінің жетекшісі, қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы арнайы келіп, сұхбат берді.

Жалпы «Атажұрт» бірлестігі қашан және не мақсатпен құрылған? «Атажұртты» кім құрды? Серікжан Біләшұлы «Атажұртқа» қалай және қашан келді? «Атажұрт» қайдан қаржыландырылады? Олар осы уақытқа дейін қандай шаруалар атқарды? Келер жылға қандай жоспарлары бар?  Осы ауандағы оқырман ойындағы біраз сауалға егжей-тегжейлі жауап алдық. Оқып көріңіз...


2020 жылдан кейін Қытайдағы аз ұлттардың ұлты куәлікте жазылмайды

2016 жылы тамыз айында Қытайдың Шыңжаң аймағына бұрын Тибетті басқарған Шың Шуаң Го деген адам келді. Ол Тибетті 5 жыл басқарған, қатыгез басшы. Ол басқаруға келгеннен бастап, Шыңжаңда жағдай өзгере бастады. Ол келе салысымен жер-жердегі, аудан-аудандағы, қала-қаладағы оқу бітіріп келіп, жұмыс таппай жүрген жас азаматтарды 5 жылдық келісімшартпен полицияға қызметке алды. Аудандарда саяси үйрену орталықтарын сала бастады. Ол кезде оның қазіргідей лагерьге айналатынын ешкім білген жоқ. Кейін Қытай құпия құжат әзірленген. Ол құжат бойынша 2020 жылдан бастап Шыңжаңдағы аз ұлттардың ұлты жеке куәлігінде жазылмайды деп көрсетілген. Құжатта тек «қытайлық» деп жазыла бастайды.

Біз бұл құжатты көрген соң, 2020 жылдан кейін қазақтар Қазақстанға келсе, ол өзінің ұлтының қазақ екенін дәлелдей алмай, біздің Қазақстан азаматтығын ала алмайтынын түсіндік. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжат ондағы жұртты жаппай қытайландыру үшін керек екен. Соның алғашқы қадамы басталар сәт жақындап келеді.

«Атажұрт» әуелде «Көш» болып құрылған

Содан "ондағы қазақты 2020 жылдан бұрын мүмкіндігінше Қазақстанға көшіріп алайық" деген мақсатпен біраз ұлтшыл азаматтар бірігіп, «Көш» деген топтарды құрдық. Бұл 2016 жылдың қаркүйек айы еді.

Ол кезде қытайдың «вичат» деген желісі болды. Ол тұста арғы беттегі қазақтармен емін-еркін сөйлесіп, хат-хабар алмасып тұратынбыз. Сол «вичатта» Қытайдағы 48 аудан, 5 қала бойынша «Нарынқол көші», «Тараз көші»  деген сияқты ол жақтағы жер атауларына қатысты «Алтай көші», «Іле көші», «Тарбағатай көші» деген топтарды құрдық.

Ондағы мақсатымыз да айқын. Дәл сол кезде Елбасымыздың оңтүстіктен солтүстікке қоныстандырудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шыққан еді. Онда оңтүстіктің жұмыс күшін солтүстікке тарту және шеттен келген қандастарды солтүстіктің 7 өңіріне қоныстандыру мәселесі қарастырылған еді.

Біз осы бағдарламаны бетке ала отырып, Қытайдағы қазақтарға Елбасының бағдарламасын насихаттадық. «Егер Қазақстанға көшіп келер болсаң, саған Үкімет солтүстіктегі 7 облыстан егін немесе мал шаруашылығымен айналысу үшін жер береді. Көшіп келу, үй алу, кәсіп бастау үшін қаражат береді» деп тәптіштеп түсіндірдік.

Осы мақсатта, біз әуелі бірнеше жігіт бірігіп, солтүстік облыстарды араладық. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Петропавл және Ақмола облыстарына барып,  жергілікті басшыларға сол жақтағы шеттен келіп, нәтижелі жұмыс жасап жатқан азаматтарды көрсеттік. Одан солтүстіктің тұмса табиғатын, еш суармасыз-ақ, жайқалып жатқан егінді, топырақтың құнарлылығын арғы жақтағы қазақтарға айтып түсіндірдік. Көшке үгіттедік. Бұл 2016 жыл еді.

Біз үгіттегенде де, «Қытай құрысын, Қытайдан қашыңдар» деп емес, Қазақстан Үкіметінің дәл сол кездегі саяси бағдарламасының тиімділігін түсіндіріп, мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырдық.

Соның нәтижесінде, 2016 жылдың қараша-желтоқсан айларында 1500 отабасы көшіп келуге дайын болды. Бұл 1500 отбасы теңін буып-түйіп, көшке дайын отырған. Содан біз нақты көшетіндердің тобын құрдық. Енді жалғыз ғана мәселе қалды. Жаңағы көшетін жұрттың балалары сабақта еді. Олар қыстық немесе жаздық демалыс кезінде көшетін болды. Қысқы демалыс қаңтардың ішінде басталады. Олардың кейбірінде шетелге шығатын құжаттары жоқ. Қытайда шетелге шығатын құжатты біздегідей «ЦОНнан» ала салмайды, міндетті түрде шетелден шақырту керек. Біз сол шақыртуларды ұйымдастырып беріп отырдық.

Шың Шуаң Го бұйрығымен құжат тәркілеу басталды

Содан ондағы жұрт қаңтарды күтетін болды. Ал 2017 жылдың қаңтар айында Шың Шуаң Го бұйрығымен, «бармақ бедері арқылы қайта тіркеу» деген желеумен, төлқұжаттарды жинау басталды. Сонда жаңағы көшетін кісілер, алғаш болып құжат тапсырған екен.

Бастапқыда құжаттарды бір аптада немесе он күнде қайтарып береміз деп жинағанымен, олай болмады. 10 күн, 20 күн тіпті 1 ай күтті. Құжаттар қайтарылмады. Тіпті, ақпан айында Қазақстанға жаңадан келіп, азаматтық алып үлгермеген, пенсия алып үлгермеген кісілерді, Қазақстанда оқып жатқан студентерді, Қазақстанның ықтиярхатын алған адамдарды да құжатты қайта тіркемесе, күшін жоятынын айтып Қытайға шақыртып алды. Мұндағы жұрт бала-шағаларын көрші-қолаң, туған-туыстарына қалдырып, барды. Сол барғандар бастапқыда айлап қонақ үй жалдап тұрды. Ал мына жақта бала-шалалары қараусыз қалған еді.

2017 жылдың наурызынан бастап халықты лагерьге қамау басталды

Ал 2017 жылдың наурыз айынан бастап, жаңағы өздері салған лагерьлерге өздері тағайындаған полицейлер арқылы адамдарды кіргізе бастады. Лагерьлерге кімдер кіргізілді, кім Қазақстанға барды, кім Қазақстандағы туыстарымен телефон арқылы, «ватсап» желісі арқылы сөйлісті, кім телефонына «ватсап» орнатты, кім Қазақстанда оқып жатыр, міне сол азаматтар алғашқы санатта лагерьлерге қамалды.

Осы өзіңіз жақсы білетін Өмірбек Бегалы деген азамат 7-наурыз күні алғашқылардың қатарында лагерьге қамалған.  Осыдан кейін, біз сол жақтағы беделді азаматтар арқылы Шыңжаңдағы мәселені Бейжіңге жеткізуге әрекет еттік. Бірақ, ол кісілердің өзі қорықты.

Ал 2017 жылдың сәуір айында осы жақтағы біраз азамат жиналып, Шыңжаңдағы мәселелерді тәптіштеп хатқа жазып, мұндағы жұрттың қолын қойдырып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жеткізуді ойладық.

Мен өзім, медицина саласының маманы болғандықтан, өз ой-пікірін қоғамға айтып, ақылшы болып жүрген ағамыз, ғылым докторы Советхан Ғаббасов ағаға бардым. Ол кісіге барлық жағдайды айтып түсіндірдім. Біздің хатымызды министрлікке жеткізуге көмектесуін сұрадым. Алғашқыда, Советхан аға менің сөзіме сене қойған жоқ.

Содан бір күні үлкен жиналыс ұйымдастырып, біраз азаматтарды шақырдым. Ол жиынға туыстары Қытай лагерьіне қамалған адамдарды да шақырған едім. Барлығын тыңдап, көзі жеткен соң Советхан аға бізге көмектесетінін айтты.

2017 жылдың 10-мамыр күні Советхан аға екеуіміз министрлікке, Астанаға бардық. Онда ҚР СІМ қызметтік кеңсесінің басшысы Бақытжан Сариев деген кісімен жолығып, құжаттарымызды бердік.

Қытайдағы жағдайды, ондағы қазақтардың құжатсыз қалғанын, мына жақта бала-шағаларының қараусыз екенін, тіпті, ол жерде Қазақстанның құжаты саналатын Ықтяирхатты алған адамдардың да қамауда екенін айттық. Шың Шуаң Го Қазақстан азаматтарын да қамаған еді. Соның бірі жаңағы Өмірбек Бегалы болатын.

Сөзімізді тыңдап болған министрлік өкілі жағдайдың қиын екенін, бұл мәселені Қытай консулдығымен кездесіп, анықтайтынын жеткізді. Сол кездесуден бір аптадан соң, Қытайдан делегация шақыртылатынын айтты. Делегацияны Қытай консулдығы шақыртатын еді. Бұл кездесуге біз де қатысатын болдық.

Қытай делегаттары артқы есікпен шығып кеткен...

Кейін мамыр айының соңында Астанаға Қытайдан делегация келіп, оралмандармен кездесіп жатыр екен деген ақпар шықты. Оны біз естіген жоқпыз. Маған ешкім хабарласқан жоқ. Олардың ойы – өздерін тыңдайтын санаулы адамдарды кіргізіп, алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап беріп кету болса керек.

Содан мен ол жаққа адам жібердім. Олардың Алматыға келетін-келмейтінін білдім. Екі күннен соң Алматыға келеді екен. Жиын түскі сағат 14:30-ға белгіленген екен. Алматыдағы кездесуге кімдердің қатысатынын белгілі бір ұйым тізімдеп жатыр екен. Біз барып, өз ойымызды айттық. Бірақ бізді тізімге қосқан жоқ. Олар алдын ала сегіз адамды дайындап қойған екен.

Біреуі – пенсияны тоқтатпау туралы, енді біреуі – ықтиярхатты жинамау, туралы айтады екен. Жалпы сол кезде Ораза уағы еді. Жиын болатын күні сол жерге жұртты жинадық. Халық делегаттармен кездессін дедік. Сол үшін де: «Ертең сағат 12-де Қытай консулының алдында Қытай делегациясы халықпен кездеседі екен. Қытайда ұсталған, қамалған, паспорттарынан айрылған азаматтардың туыстарымен кездеседі екен» деген хабарлама тараттық.

Сол күні шамамен 150-ден аса адам жиылды. Барлығының сөзін естіп, қағазға түсіріп, қол қойдырып, хат дайындадық. «31 арнасы», «КТК арнасы», «Азаттық» келіп түсірді. Хабар таратты. Әлгі делегация сағат 15:30-да келді. Бізді кіргізген жоқ.

Біздің талап хатымызды алды. «Жауап береміз» деді. Біз жауабын күтіп соңына дейін тұрдық. Біз алдыңғы есікте күтіп тұрғанда, олар артқы есікпен кетіп қапты.

«Атажұрт» неге еш жерде тіркелмеген?

Осы уақытқа дейін ерікті түрде жұмыс жасап келе жатқан біз, сол күннен бастап «Атажұртты» ресми тіркетейік деп шештік. Өйткені, заңды қоғамдық ұйым болмасаң, жаңағыдай кездесулерге қатыса алмайды екенсің... Құжаттарымызды жинап, тіркеуге бердік. Бұл 2017 жылдың мамыры аяқталар кез еді.

Бірақ, біздің арамызда әлі азаматтық алмаған кісілер болды да, бізді тіркеген жоқ. Кейін, әне-міне деп жүріп уақыт та болмай кетті.

«Атажұрт» ақшаны қайдан алды?

Біз ең бастапқыда өзара серттескенбіз. «Атажұрттағы» жұмысымыз үшін ешкімнен ақша сұрамаймыз деп. Ешбір жұмысымызды міндетсінбейміз дедік. Бізде «Атажұртта» 70-тей жігіт болды. Әрқайсымыз 10 мың теңгеден шығарғанда, 700 мың теңге оңай жиналатын. Әрқайсымыздың өз кәсібіміз бар. Осы уақытқа дейін солай келдік.

Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайы

Содан кейін Астанада Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайы өтетін болды. Біз сол құрылтайға қатысу үшін қауымдастыққа хат жаздық. Олар, бұл мәселені кіргізе алмайтынын айтып, жауап берді. Өйткені, бұл ерте жоспарланған мәселе екен. Енді не істейміз?

Ендеше конференция өткізіп, үндеу жасайық деп шештік. Ең бірінші рет 2017 жылы 20-маусымда Алматыда баспасөз конференциясын өткіздік. Оған елге аты белгілі ағаларымыз Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмадәлов, Советхан Ғаббасовтар бас болып қатысты. Осы баспасөз конференциясын өткізген күні ақпаратты Тайванның телеарнасы, Түркия мен АҚШ-тың бірнеше ақпарат құралдары таратты.

Қытайдан келеген қаламгерлер үндемей қалғанда, Өмірхан Алтын аға айтты

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Қытайдағы жағдайды ең құрығанда бір адам Елбасына айтар дедік. Себебі, Қытайдан келген делегаттардың ішінде небір ақын-жазушылар болды. Бірақ, күтпеген жерден Германиядан келген қандас ағамыз Өмірхан Алтын айтты. Біз бұған шексіз қуандық. Сол үшін де ол кісіге шексіз алғысымызды айтамыз...

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткен күні Қытайда паспорттарды қайтара бастады

Сол күні Қытайда түнімен паспорттарды қайтарып бере бастады. Өйткені, Қазақстанда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Оған Презизент қатысуда.  Мәселені ушықтырмайық деген ойлары болған шығар. Жаңағы көшетін кісілер паспорттарын ала салып, визаның кезегіне тұрды. Ал визаның кезегі қараша айына дейін созылып жатыр екен.  Ол кезде маусым-шілде айы еді ғой. Виза кезегіне әлі 4 ай бар. Қарашада виза берілсе, балалары тағы сабаққа кіріп кетеді. Бізге осы жағынан көмектесіңіздер деп хабарласты. Сол кезде біз Қытайдағы көшетін топтардың ішінен белсенді азаматтарды жауапты етіп қойғанбыз. Соның ішінде Сәулетбай деген белсенді азамат болды.

Сәулетбайға: "көшуге дайын азаматтардың паспорттарын жина да, Үрімжідегі консулдыққа бар. Бар да, бұл азаматтардың Мемлекеттік бағдарлама бойынша солтүстік облыстарға көшіп баратын, олар ертерек көшіп баруы керектігін, егер балалары қарашаға қалса, бұлар көше алмайтынын айт" деп тапсырма бердім.

Сәулетбай Үрімжідегі консулдыққа 60 отбасының паспортын алып барды. Ұзын-ырғасы 200-ден аса адам. Сөйткенде консулдықтағылар ҚР СІМ-нен "виза аш" деген бір жапырақ қағаз алып келуін сұрапты. Содан мына жақта мен тағы Астанаға барып, министрлікке жолықтым. Олар оралмандарды қабылдайтын облыстардан шынымен қабылдайтыны туралы қағаз сұратты.  Ақыры біз облыстардан қағаз алып, СІМ арқылы жібердік.

Павлодар облысының Успень деген ауданында әкім орыс жігіт екен. Жалпы Павлодар облысына 50 квота берілген екен. Соны аудандарға бөліп тастайды.

67 отбасын көшіріп әкелдік

Сөйтіп, айналасы бір аптада оларға виза ашып берді. Олар 5-6 отбасынан бірігіп келе бастады. Алғаш келген 5 отбасын, бірі Майқапшағайдан, бірі Бақтыдан өтіп келгендерді жинап, Павлодарға апардық. Павлодардың Ольгина деген жеріне бардық. Сосын, екінші легпен келетін 6 отбасын бір уақытта жинадық. Бәріне Қорғаспен келіңдер дедік. Олар: «бізді кім күтіп алады, бізді қайда апарады, кім апарады» деген сұрақтар қойды. Біз: «иә, Үкімет сіздерді күтіп алады» дедік те, біз өзіміз күтіп алып, өзіміз апардық. Біз осылай бір көрсетсек, арғы жақтағы жұрт оянады деп ойладық.

Содан, «Қазақстан» арнасына хабарластым. Әдетте, «КТК», «31» арналары келетін де, олар келмейтін. Оларға осындай мемлекеттік бағдарламамен келе жатқанын, күтіп алып, солтүстікке апаратынымызды, ол жақта әкімдер де күтіп отырғанын айтып едік, олар бізбен жолға шықты. Сол жолы Жапонияның «НHK» деген телеарнасы келген. Олар хабарласып, осы көшті түсірді. Сөйтіп, ең алғаш Жаркентте алдыларынан шашу шашып, қара жоға билетіп, күтіп алған едік. Жалпы 20 адам келді. Барлығы көздеріне жас алып, қуаныштарында шек болмады.

Сөйтіп, оларды Алматыға әкеліп, бір күн қонақ үйде жатқызып, ертесі өздерін пойызбен, жүктерін камазға артып, Павлодарға апардық. Павлодардың жұмыспен қамту  басшысына айтқан едік, ол кісілер 3 газельмен күтіп алды. біреуіне жүк артып, екеуіне кісілерді отырғызып, ауылға бардық. Олар киіз үй тігіп, қой сойып, шашу шашып күтіп отыр екен. Ол жерде керемет той болды. Әкім сол жердегі үйлерді, жерлерді көрсетті. Содан кейін-ақ, артынан адамдар келе бастады.

Біз тамыздың ортасына дейін барлығы 67 отбасын апарып орналастырдық. Олардың көбі, Павлодарға, сосын Петропавлға, Ақмолаға, Шығыс Қазақстанға барды.

Қытайда жағдай қайта ушықты

Осыдан кейін Қытайдағы жағдай ушыға бастады. Тамыздың соңы, қыркүйектің басына қарай паспорттарды қайта жинады. Осыдан бастап, саяси үйрену лагерьіне кіргізу күшейді.

2017 жылдың қазан айлаларында біз баспасөз конференциясын өткіздік. Оған Дулат Исабеков, Расул Жұмалы ағалар бастаған зиялы қауым қатысты. Оның барлығы ақпарат құралдарында тарады.

Сол кезде СІМ «шеттегі азаматтарды қорғауға бар күшімізді саламыз» деген еді. Содан біз ел-елді, жер-жерді аралай бастадық. Кім, қашан ұсталды деген мәлемттерді жинадық. Жалпы арыз жаз дегенен оралмандар қорқады. Қорқуының жалғыз себебі – Қытайдағы туыстарына кесірі тиіп кете деген қауіп қана.

Арыз жинайды бастадық

Алғашында біз ауыл ауылдарды араладық. Кейін, Талдықорған, Семей, Өскемен, Үржар, Мақаншы, Зайсан деген жерлерді аралап арыз жинадық. Оларға адам құқығы бойынша көмек көрсетілетінін, ол арыздар Сырты істер министрлігіне де керек екенін айтып түсіндірдік. Қанша адам ұсталғанын олар да білуі керек еді.   Әрбір арызды министрлікке өздері өткізіп отырды. Өйткені, олардың атынан біз жаза алмайтын едік. Сондықтан ,СІМ-нің адресін, электронды, пошталық адресін бердік.

Менің офисімде біз 2 жыл бойы осы жұмыстарды жасадық. Осылайша, біз 2017 жылға қойған мақсатты орындадық.

2018 жылға келсек, енді осы Қытайдағы зұлымдықты БҰҰ-ға жеткізуді мақсат етіп қойдық. Содан бастап арыздардың санын кемі 10 мыңға жеткізу үшін жұмыс жасадық. Тағы да ел араладық. Бірақ, арызымыздың саны бір мыңға әзер толды. Осының өзін жинау қиын шаруа екен. Жұрт Қытайдағы туыстарына кесірі тиіп кетеді деп, арыз жазбайды.

Не керек, енді осы жинаған 1000 арызды БҰҰ-ға жеткізу керек болды. Өйткені, бұрынырақта арыз берген адамдардың сұрағы көбейді. Уақыт та өтіп барады.

Осы жерде айта кетейік, 2018 жылдың қазан айына дейін, өзіңіз алғаш болып көтерген Сайрагүл Сауытбай мәселесі бар ғой... Сайрагүл Сауытбайдың мәселесін, тұңғыш рет осы «Abai.kz» порталында өзіңіз жаздыңыз. Осының арқасында ел боп, жұрт боп сотта жеңді. Сол кезде халықаралық ұйымдар араласты. Соның ішінде ең көп араласқан Германия еді. Германия елшілігі Сайрагүлдің сотына келіп қатысты. Германия елшілігімен сол кезде жақын танысқанбыз.

2018 жылы қазан айында Германиядан Еуропаға баратын виза сұрадық. Олар біздің туристік визамен бара алмайтынымызды, тек дипломатиялық келісім жолымен бара алатынымызды айтты. Ол үшін сол жақтағы азамат, Германия үкіметіне барып, «Осы азаматтар келеді. Мен ол азаматтардың қаражатына, жатын орнына және қауіпсіздігіне жауапты боламын» деген қолхат беруі керек екен.

Енді ол жақта Өмірхан Алтын ағадан басқа ешкімді танымаймыз. Ол кісімен туысқан болсамақ та, ұлттың мүддесі жолында сондай бір жақын адамдар болып кеттік емес пе?.

Жаңағы арыздарды алып бару үшін мына жақтан үш адам, мен, Серікжан Білашұлы деген ағамыз және Қытайда лагерьде отырып келген Аманжан деген бауырымыз баратын болып келістік.

Ол кісі бизнесмен емес, қарапайым қызметкер ғой. Сондықтан, үш адамды күтіп алуға ол кісінің мүмкіндігі жетпейтіні түсінікті. Біз өз қаражатымызбен барамыз дедік. Ол үшін енді Өмірхан аға осы жаққа келіп, «мен кепіл боламын» деген анкета толтыруы керек екен.

Сөйтіп жүргенде, бір күні Өмірхан аға өз жұмыстарымен Алматыға келе қалды. Біз дереу елшілікке бардық. Анкетасын толтырдық. Бұл 19-қазан еді.

Серікжан Білашұлы неге Еуропаға бармады?

Әр адам жеке құжаттар жинайды екен. Жеке куәлігін, бала-шағасының куәліктерін, қызмет орнынан жалақысы туралы анықтама, шотындағы қаржысы туралы және басында үйі бар деген анықтамалар жинауымызды тапсырды. Сонда ғана бізге қараша айының 1-15 аралығына виза жазып беретін болды.  Ол үшін қазан айының 23-24 күндері біз құжаттарды тапсырып беруіміз керек еді. Аманжан екеуіміз бір-екі күнде құжаттарымызды жинадық. Бірақ, Серікжан ағамыз құжаттарын жинай алмады. Әуелі, 3-4 күн өтті. Кейін Серікжан аға өзінің жағдайларына байланысты бір аптада құжаттарын жинай алмады. Біз ары күттік, бері күттік. Соңында, Серікжан ағаны 10 күндей күттік.  Қазанның 31-күні соңғы күн еді. Серікжан ағаның ары қарай күту мүмкін емес болды.

Ол кісі құжаттарын жинай алмаған соң, біз Аманжан екеуіміз, 31-қазан күні визаға өтініш бердік. Біздің визамыз қарашаның 6-күні шығатын еді.

31-қазан түнде Өмірхан аға Германиядан телефон соқты. Визаларымызды сұрады. Біз құжаттарды кешігіп тапсырғанымызды айттық.  Ол кісі: «Маған қазір Германияның адам құқығын қорғау ұйымы хабарласты. 5-қарадаша БҰҰ 31-сессиясы ашылады. Соның бірінші күнін Шыңжаңдағы адам құқықтары мәселесі бойынша жиналысқа арнайды екен. Соған сендерді шақырып жатыр» деді. Мен біздің визамыздың 6-қарашада шығатынын айтып едім, «Онда сен ертең Германия елшілігіне барып, осы жағдайды айт және маған паспорттарыңды фотоға түсіріп жібер» деді.  Ертесі мен таңмен елшілікке барып едім, олар көмектесетін болды. Бізге визаны 2-қарашаға шығарып берді.

Алматы-Ыстамбұл, Ыстамбұл-Молдова, Молдова-Женева сапары туралы...

Біз 3-қараша күні Алматы-Ыстамбұл, Ыстамбұл-Молдова, Молдова-Женева бағыты бойынша ұшуымыз керек екен.  5-қараша таңда Женевада болатын жалғыз ұшақ сол.

Енді осы жерде айта кететіні, бізде БҰҰ-ға жазылған 1000 арыз бар еді. Әр арызың артында қосымша қағаздары бар, барлығы 3000 парақ.

Содан мен Өмірхан ағамен сөйлесіп, ақыры барған соң, Еуропарламентке де осы арыздарды тапсырып кету туралы айтып ем, ол кісі қолдады. Ол жерге осыған дейін Өмірхан Алтын аға барған.

Одан бөлек, Францияның Страсбург қаласында Халықаралық сот бар екен. Ол жерде жеке адамдар мемлекетті сотқа бере алады. Көп адам Гаага сотымен шатастырады. Гаага сотында мемлекеттер мемлекеттерді ғана бере алады. Жекелеген адам арыз бере алмайды. Соған да арыздың бір нұсқасын беретін болдық. Біз арыздардың шапкасын ауыстырып, көшірме жасадық. Біздің жігіттер таңғы 5-ке дейін көшірме жасады.  Ұзын ырғасы 9 мыңдай бет болды.

Ыстамбұлда Аманжанды полиция ұстады

3-қараша күні Алматыдан Ыстамбұлға ұштық. Ыстамбұлдың әуежайында кедендік бақылаудан мен өтіп кеттім де, артымда тұрған Аманжанды полиция ұстап қалды. Неге ұстағанын сұрап ек, еш себебін айтпады. Біраздан соң, мені де шығарамыз деді. Мен арыздарды чемоданға салғам, ол багажда еді. Соны ұстап қалмасын деп, дереу багаждан чемоданды алып, сыртқа шығардым да қайтып кірейін десем кіргізбейді.  Ыстамбұлдағы ағаларымыз бар, таңғы беске дейін Ыстамбұлдың әуежайында, полиция мен прокуратурада жүрдік. Себебін айтпайды.

Ұшақ таңғы сағат 8-де, Малдоваға ұшуымыз керек. Мен Аманжанды ұстаған жерге барып сұрап едім, «Аманжанды Қазақстанға қайтардық» деді. Түркиядағы таныс кісілерге хабарластым. Олар анықтаса, Аманжанды әлі қайтармапты. Менің ұшағымның уақыты келіп қалды. Қарасам, біздің ұшақ 1 сағат 40 минут кешігіп жатыр екен. Қайтып кеп сол жерде шу шығардым. «Мына кісі БҰҰ-да сөз сөйлейтін кісі, егер босатпасаңдар мұны әлемдік БАҚ-та жариялаймын», дедім. Шекарашы басшысын шақырды. Біраздан соң, Аманжан шығып менің заттарымды берді. Олар:  «Біз жібере алмаймыз» деді.

Амалсыз Малдова арқылы Женеваға бардым. Таңғы сегізде Өмірхан аға Германиядан келіп күтіп тұрған екен. Дереу бір қонақ үйге орналасып, сағат 11-де болатын жиынға 10-да бардық. Жол жөнекей, сөйлейтін сөздерімді жазып алғам.

Сөйтіп, БҰҰ адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұйым басшыларына өзіміздің арыздарды көрсеттік. Онда кім, қайда туған, паспорт нөмері қандай, аты-жөні,  қашан ұсталды, не себеппен ұсталды, оның отбасы жағдайы қандай, ақпаратты кім берді, оның телефондары т.б. толық жазылған еді. Осының барлығын 1 мың арызды және видео арыздарды түгел көрсеттік.

Бізге дәл осындай фактілермен келген ешкім болмағын айтты. Олар қазақтар тек Қазақстанда тұрады, ұйғырлар Шыңжаңда тұрады. Шыңжаңдағы проблема тек ұйғырларға қатысты деп ойлайды екен.

Біз Шыңжаңның Іле, Алтай, Тарбағатай деген үш облысы барын, ол жерде 3 миллион қазақ тұратынын, бұл Шыңжаңның 60 пайыз халқын құрайтынын, онда 100 мыңдаған адамның қамалғанын айттық.

БҰҰ-да Шыңжаңдағы қазақтар жағдайын туралы сөйледік

Біраздан соң, жиналыс басталды. Модератор: «өте маңызды  қонағымыз бар» деп, алғашқы сөзді бізге, Өмірхан аға екеуімізге берді. Өмірхан аға 5 минут, мен 8 минут сөйледік. Шыңжаңдағы қазақтардың  жағдайын толық айттық. Сол жерде Қытайдың 14 өкілі отырды. Бізден кейін тайван, тибет, моңғол, ұйғыр, вьетнам т.б. кезек-кезегімен сөйледі. Олардың барлығының сөзін бөліп, дәлел сұрап отырған қытайлар бізге қарсы бір ауыз сөз айта алған жоқ.

Женевадағы митинг. Франция соты. Еуропарламент

Ертесі БҰҰ-да Қытай адам құқықтары туралы сөйлейтін болды. Женева администрациясы БҰҰ алдындағы алаңды беріпті. Сол жерде Қытайдан қысым көріп отырған басқа ұлттар митинг өткізбек екен.

Ол жерде, индустар, тибеттер, ұйғырлар, вьетнамдар, тайвандар, моңғолдар бар. Біз де барайық деп шештік. Бардық. Сол жерде Аманжан мен Өмірхан аға сөйледі. Аманжан содан бір күн бұрын, кешігіп келген.  Сол алаңда 5 мыңдай адам болса, соның ішінде лагерьде отырып шыққан, лагерьді ішінен көрген жалғыз адам – Аманжан еді. Өте керемет болды. Барлық ақпарат құралдары Аманжаннан сұхбат алды. Сол жерде қазақтардың да ұсталып жатқанын бүкіл әлем білді.

Біздің БҰҰ жиынына қатысуымызға, Женевада, Парижде өткен жиындарға қатысуымызға Өмірхан Алтын ағамыз көп жүгірді.

Түстен кейін БҰҰ-ға кірдік. Қытай «Жаңа эрадағы адам құқығының дамуы» деген тақырыпта үлкен көрме жасапты.  Ол жерде Қытайдағы бүкіл ұлттардың керемет өмір сүріп жатқанын, ұйғырдардың алма-жүзім егіп мәз болып жүргенін, қазақтардың би билеп жүргенін түсіріп, көрме қойған екен.

Оны көрген біз, «мынау қытайлар БҰҰ-ны алдауға көшті» деп, фейсбукте тікелей эфир жасадық. Көрме басшыларына барып, «мынаны жақсы жасапсыңдар, бірақ, бір нәрсені ұмытыпсыңдар» дедік.  Сөйтіп тұрғанда, бізді полиция ұстады. Неге десек, «мыналар түсірді» деп шағым жасапты.

Енді ол көрме ғой. Онда түсіруге болмайды деген еш белгі жоқ. Ел секілді біз де көріп, түсіріп жүргенімізді айттық. Біздің құжаттарымызды алып кеткен, біраздан соң, қайтарып берді.

Ары қарай, Францияға бардық. Әлгі Халықаралық сотқа Қытай кірмеген, қол қоймаған екен.

Айтпақшы, Парижде Дүниежүзілік соғыстың 100 жылдығына бірнеше мемлекеттің басшылары жиналып жатқан. Соның ішінде Доналд Трамп та бар еді. Біздің мақсат егер мүмкін болса, сол Доналд Трампқа жолығып қалу болатын. Ол туралы фейсбукте де жаздық.

Сол күні  Қазақстандағы Қытайдың жаңа сайланған елшісі біздің СІМ-ге барды. Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін екі ел бірлесіп шешу туралы сөйлескен. Екі күннен кейін, біздің Премьер-министрді Қытайға шақыртты. Біз Брюсселде, Еуропарламентке құжаттарды тапсырып жатқан сәтте, менің телефоныма сүйіншілеген хабарлар келе бастады. Біреудің ағасы, біреудің баласы жаңағы саяси үйрену лагерьінен босай бастапты. Соның бірі, өзіңіз жақсы білетін Шынар деген қарындасымыздан келді. Шынар кішкене баласымен қалған.  Сол Шынардың күйеуін де жіберіпті. Ол Қазақстан елшілігінде виза ала алмай тұр екен. Өмірхан аға Сыртқы істер министрлігіне айтып, визасын алды. Шынардың күйеуі қазір Қазақстанға келді.

Өзіңіз жазған Ақшиде тұратын апаның 13 жасар қыз да келді.  Осындай ақпарлар көп болды. Бірақ біз оның барлығын жариялағамыз келмеді. Өйткені «Қытай өкіметін біз жеңдік» деп дабыра қылсақ,  олар да кері бірдеңе істейді. Сондықтан, біз артын күтейік деп қазірге дейін үндемей келгенбіз. Енді атын айтпасам да біліп, отырсыздар ғой, бір кісілер сүйіншілеп жатыр.

Осы жерде айта кететін жайт, бұның барлығы халықтың арқасында болған шаруа. Барлығы халықтың тілеуі ғой. Бардық. Айттық.

Осылай барып келгенімізді фейсбукте өзіміз ғана жаздық. Тіпті, кішкене бір дүниені әлеуметтік желіде айғайлап, лекциялап айтып жүрген бір кісілер де үнсіз қалды.

БҰҰ-да қазақтар мәселесін көтеру Қытайға үлкен соққы болды. Күні бүгінге дейін адамдар көшіп келіп жатыр. Енді олардың әрқайсысын ақпаратқа шығарып, шулатсақ, Қытай тағы қырсығып, кесіріміз қалғандарына тиюі мүмкін деп, үндемедік. Қазір, Аллаға шүкір жақсы жағына келе жатырмыз. Солай бола берсе екен дейміз.

Қыдырәлі «Атажұрттан» неге кетті? «Атажұрт» бөлінді ме?

Жалпы неге біз аяқ-астынан осындай жағдайға түстік деп ойлаймын... Неге алдын ала білмедік? Қытайды зерттеп, олардың жоспарларын алдын ала білген болсақ, Қытайдағы қазақты көшіру мәселесін басқа жолмен шешер ме едік?! Бәлкім, ертерек көшіріп алар ек.  Кезінде Атажұртты құрғанда, бір тармағымыз Қытайды зерттеу болатын. Жарғыда солай жазылған еді.

Қазір қарап отырсаңыз, Қазақстанда Қытай саясатын зерттеп жатқан ешбір ұйым жоқ екен. Мысал үшін айтайын,бір ғана Шыңжаңда Қазақстанды зерттейтін 14 институт бар. Олар күнделікті асханаға қанша адам кіріп, қанша адам шығатынына дейін есептейді екен. Күнделікті ақпаратта кім не жазғанын, анау бір түкпірдегі ауылдың әкімі қандай жұмыс жасап жатқанына дейін біліп отыр.  Қазақстанның бүкіл ішкі-сыртқы саясатын зерттеп жатыр. Ал бізде  Қытайды зерттеп жатқан бірде-бір институт жоқ.

Қазір «Атажұрттың» бір миссиясы аяқталды. 2017 жылы біз Қытай мәселесін Үкіметке жеткізсек, 2018 жылы БҰҰ-ға жеткіздік. Енді бұл мәселе оң шешіліп келе жатыр.

Серікжан Біләшұлы «Атажұртқа» кейін қосылды

Жалпы «Атажұрт» ең алғаш 15 адаммен құрылған. Біз ұлтжанды азаматтарды жинадық. Әлеуметтік желіде өз ойларын батыл жеткізіп жүрген азаматтарды шақырдық. Сол кезде Серікжан Білашұлы ағамызды да осы жұмысқа тарттық.

«Атажұрт» Секеңнен бұрын құрылған. Секең 2017 жылдың шілде айының соңына таман қосылған.  ШҚО да, Павлодар, Ақмола т.б. барлық жерде жауапты адамдар боды. Осы азаматтар жер-жерден арыздар жинады. Қаншама баспасөз мәслихаттарын өткіздік. 100-ге таяу конференция өткізген шығармыз. Себебі, бір аптада 3 реттен өткізген кездер де болған.

Осы жерде айта кетейік, Қытайдан келіп Қазақстанның түрлі университеттерінде оқып жатқан студенттердің де мәселесін көтердік. 2018 жылға қараған қыстық каникулда 89 студент Қытайға барып, ұсталып қалды.

«Abai.kz» порталы бұл мәселе бойынша үзбей хабар таратып отырды. Енді, осы 2018 жылы студенттерді жаздық каникулда Қытайға бармауға шақырдық. Оларды жатақханалардан шығарып тастайды. Олардың жататын жерлері жоқ. Қайда барады? Біз жігіттерді ұйымдастырып, осы балаларға көмек етейік дедік. Оларға тұратын орын тауып берейік деп, Алматыдан бір қонақ үйді жалға алып, 100 студентті жаздық каникулда 3 ай тегін тұрғыздық. Ол жерде,  тегін ағылшын тілі курстарын оқыту, дайындық курстарын ұйымдастыру деген секілді бірқатар шаруалар атқарылды.

Қытайды зерттеу институтын құрып жатырмыз

Ендігі 2019 жылғы үлкен жоспар, Қытай зерттеу институтын құру. Менде қазір осы жолда жүрмін. Құжаттарын заңды тіркету үшін Астанаға барып құзырлы органдармен сөйлестік. Олар да құлықты болып отыр. Құжаттары да дайын боп қалды.

Ендігі ең негізгі мәселе мамандарды тарту. Қытайдан қазір 300 мыңға жуық адам көшіп келген. Осы азаматтардың барлығы Қытайда түрлі салада еңбек еткен. Тіпті, ол жәй егінші болсын... Түрлі саладағы Қытай саясатын біледі. Осы 300 мыңның ішінен біз 100 адамды таңдап алсақ дейміз.

Қойылатын екі талап бар. Біріншісі – қазақшылдығы, ұлтшылдығы болса, екіншісі – тіл білуі, білімі. Бұл Қазақстанның мүддесіне, Қазақстанның болашағы жолында еңбек етуге үлкен қадам болар еді.

Жақында АҚШ-қа Қытайдан қашып барған, Қытайда ҰҚҚ-да қызмет еткен, қазір Қытайдың бірден-бір жауы болып отырған Го Ун Ги деген зерттеуші бар. Сол өткенде «Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысында Қытайдың қулығын Америка халқы өмір бойы түсіне алмайды. Себебі олар Қытайда  туып өскен жоқ» деді. Тура сол сияқты, жергілікті халыққа қарағанда Қытайдан көшіп келгендер Қытайдың саясатын жақсырақ біледі. Сондай адамдарды пайдаланып, қытайдың ішкі-сыртқы саясаты, экпорт-импорт саясаты, жалпы шекаралық аймақтарда адамдарды қалай пайдалануда, біздің тарансшекаралық сулдарымызды қалай пайдаланып жатыр деген тақырыптарды зерттеуіміз керек.

Мысалы, біздің трансшекаралық сулар туралы келісімге Қытай қол қоймаған. Неге? Қытай өз ішінде үлкен жобаларды салып жатыр. Сол суларды, Ілені, Ертісті Қытайдың ішкі жобаларына пайдаланбақ. Су арнасын сол үшін бұрып отыр. Олар тек жобаларды салып бітірген соң ғана қол қоюы мүмкін. Одан бұрын қойса, онда рұқсат алуы керек болады. Осы секілді біршама мәселелер бар. Ішпек-жемектер де, бізге келіп жатқан тауарлар да, сол санатқа жатады.

Оқу-ағарту мәселе бар. Қазір Қытайда 15 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатыр екен. Және олардың дені тегін оқиды. Интернетте «ҰБТ-сыз грантқа оқиды» деген сыңайлы жарнамалар қаптап жүр. Осымен айналасып отырған жиырма неше компания бар. Оларға Қытай нақты білім емес, идеологиялық білім береді.

Мынаны қараңыз, Қытай өзінің миллиондаған студентін тегін оқытпайды. Қытайда былай, емтихан тапсырасың. Өтсең, ақылы оқисың. Емтиханнан өтпесең, ақылы да оқи алмайсың. Грант деген өздерінің студенттеріне жоқ. Ал Қазақстанның, ОА елдері  студенттерін грантқа оқытады... Ертең осы 15 мың студент кім болып келеді бізге?

Міне, осы секілді түрлі мәселелерді алдын ала зерттеп отыратын институт қажет болды. Қытайдың экономикалық және басқа да саясатын зерттеу мақсатында қазір Қытай зерттеу институтын құрып жатырмыз.

«Атажұртты» Серікжан Біләшұлы жүргізеді

«Атажұрттың» бір мақсаты орындалды. Енді қалғанын Секрікжан Білашұлы жүргізеді. Ал мен зерттеумен айналыспақпын.

Біз алдында Үкіметке ұсыныс бергенбіз. Олар да қолдады. Тіркеу мәселесі аяқталып қалды. Заңды түрде жұмыс жасаймыз. Институттың жұмысына келсек, заңды ұйым болған соң мемлекетпен бірлесіп жұмыс жасаймыз деп ойлаймын.

Бізден көмек керек болса, әрдайым дайынбыз

Енді мен «Атажұрттың» басынан бастап құрғаннан кейін, қазір оның болашағын, бағыт-бағдарын бақылап отырамын. Егер бізден көмек керек болса, әрине көмектесеміз. Ол жерде көптеген азаматтар бар. Оның барлығын мен ұйымдастырып алып келгем. Әрі қарай, қандай да бір қиыншылықтар болып жатса, біз бағыт беруге дайынбыз.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3287
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850