Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 8541 10 пікір 15 Қаңтар, 2019 сағат 10:37

Несіпбек Айтұлы: "Туған тілін білмесе,  туған ұлым жат маған"...

Қайран тілім

Егер тілім болса ертең құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ.

Расул Ғамзатов

 

Тілге қылыш төнгенде,

Күткен үміт сөнгенде,

Медет тілеп жылаймын,

Аспаннан да, жерден де.

Сырғи аққан судан да,

Ұйтқи соққан желден де.

Орман-тоғай, тау мен тас,

Өзеннен де, көлден де.

Жүгірген аң, ұшқан құс,

Қаңыраған шөлден де.

Әлдилеген бесіктен,

Есіктен де, төрден де.

Жер астында жеті атам

Ұйықтап жатқан көрден де.

Енді күнің не болар,

Қайран тілім шерменде?

 

Заман беті түзеліп,

Азат болған біз едік.

Өз тілінен жерініп,

Өзге тілдің соңына,

Кетті ұл мен қыз еріп.

Тұлпар тілдің тырдай ғып,

Жал-құйрығын күзедік...

 

Өлсек айтып өлейік,

Не салғанын көрейік.

Тұнжырайды туған тіл,

Босағада шөмейіп.

Төрге қашан шығады,

Жан-тынысы кеңейіп?

 

Тіл – халқымның жүрегі,

Тіл – халқымның тірегі.

Мың жасаған ұлы жұрт,

Тілмен ғана тірі еді.

Бабамыздың тілі еді,

Даламыздың тілі еді.

Омырауын емізген,

Анамыздың тілі еді.

Деп қуанып жүргенде,

Тілім қайта түледі.

Мына заман әкеліп,

Тығырыққа тіреді...

Бұл қалпында қайран тіл,

Қайтіп өмір сүреді?..

 

Шықты бәрі шегінен,

Енді қайда шегінем?

Әкем қазір өлгендей,

Еңіреймін, егілем.

Қолдан келер дәрмен жоқ,

Тепеңдеймін, тебінем.

Көптен кеңес болмаса,

Жалғыз өзім не білем?

 

Қорқам күнде, сақтанам,

Жау төнгендей тап маған.

Дулат көрген зар заман,

Мына бізге жетті аман.

Сан ғасырлар бабалар,

Сары майдай сақтаған,

Асыл тілім қор болды,

Табанында жаншылып,

Тасырлардың таптаған.

Пақыр болса бір сәрі

Ана сүтін татпаған.

Неткен сорлы ел едік,

Қара сирақ, ақ табан?

Жасты көрсем қуанам,

Ана тілін сатпаған.

Тілі шыққан қазақша,

Сәби көрсем шаттанам!

Туған тілін білмесе,

Туған ұлым жат маған!..

 

Біз жыламай кім жылар?

Жан-жағына үңіліп,

Ұлтым бар-ау демейді.

Іштен шыққан шұбырып,

Шұбар жылан көбейді.

 

Жыла мейлі, күл мейлі,

Қалай батпас жанға бұл?

Туған тілін білмейді,

Жиырма беске толған ұл.

 

Үрейленіп шошына,

Қайнап отыр ел іші.

Біздер күткен осы ма,

Бостандықтың жемісі?

 

Қазақ сөзін аталы,

Көмгісі бар кебінсіз.

Азаттығым қапалы,

Алғы күнге сенімсіз.

 

Жұтып қояр жылымның

Беті жатыр жылтырап.

Зар қақсайды жырымның

Сай-сүйегі сырқырап.

 

Сөйлемеймін себепсіз,

Өгей тілдің құлымыз.

Мемлекетке керексіз,

Мемлекеттік тіліміз.

 

Іштен тынып күрсініп,

Халқым күнде қынжылар.

Құрсын бүйткен тіршілік,

Біз жыламай кім жылар?

 

Арба сынып, ат өліп

Өтті бастан талай күн,

Өлі үмітке жан бітіп.

Келешекке қараймын,

Қарашығым қан жұтып.

 

Мұңлы жүрек жаралы,

Өксиді жас баладай.

Дүние көшіп барады,

Алды-артына қарамай.

 

Қасқырға қой бақтырған,

Мына заман қай заман?

Бірін-бірі лақтырған,

Қара базар айналам.

 

Арба сынып, ат өліп,

Айдалада қалды арман.

Күрік-күрік жөтеліп,

Қалтырайды тоңған жан.

 

Қарлы боран соғады,

Қаңыраған ішімде.

Көктем күлім қағады,

Өңімде емес түсімде...

 

Тойда

Әр түрлі ала-ғұла жұрт жиылған,

Бұл тойға қайдан келдім тұтқиылдан?

Біреулер төңкерді де теуіп кетті,

Көңілдің тостағанын сүт құйылған.

 

Қазаққа келгенменен пішіндері,

Қазақша бір ауыз сөз түсінбеді.

Бүйрегі,шіркіндердің, бүлк етпейді,

Білмедім, не бәлекет ішіндегі?

 

Жас тұнып жанарыма жас ботадай,

Өлеңнен тілген едім таспа талай.

Төгілтіп жыр оқып ем алдарында,

Бетіме бажырайды тасбақадай.

 

Соғады суық ызғар сөздерінен,

Жылылық көре алмадым көздерінен.

Қарадым мен де оларға ажырайып,

Қалдырмай кесірлерді өз жөнімен?..

 

Іші-арзан, жандар екен сырты-құнды,

Болмадық кісінескен жылқы құрлы.

Үн-түнсіз бұрылдым да жүре бердім,

Жасырып жұлықтағы жыртығымды...

                                              

Өлген соң да

Қыран құстай аспандап ана тілім

Көтерілсе, қауырсын-қанатымын.

Шалатұғын қиырдан не болмаса

Жарқылдаған көзінің болатымын.

 

Самғау ғана жарасар көк құсына,

Тегеуріні менмін ғой, топшысы да.

Уа, Тәңірім, бар болсаң шыныменен,

Жолатпа оны атылар оқ тұсына.

 

Жерге түссе қонатын тұғырымын,

Тұғыр болар тамырдың түбірімін.

Не болсам да болайын тілім үшін,

Керегіне жарасам ғұмырының.

 

Тұлпар болса алысқа арындайтын,

Тынысымын ешқашан тарылмайтын.

Тұяғымын немесе көк темірдей,

Тасқа соқса сынбайтын, жарылмайтын.

 

Үйлесімін табамын, жарасымын,

Тілімдікі бойдағы бар асылым.

Тұра шапса көк мұзда тайдырмайтын

Табандағы немесе тағасымын.

 

Түскен кезде тағдырдың егесіне,

Тағасының боламын шегесі де.

Қасиетіңнен, ана тіл, айналайын,

Халқым менің көтерген төбесіне!

 

Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да,

Намысым да өзіңсің, ұраным да!

Көз жұмылып, қараңғы көрге кірсем,

Сенің үнің жатады құлағымда!

 

Иманым да өзіңсің, құраным да,

Жағылатын басыма шырағым да.

Өлген соң да сен үшін күресемін,

Аруақ болып орнымнан тұрамын да!..

 

БАЙ БАЛАСЫНА

Сенің әкең мансапты,

Менің әкем малсақ-ты.

Сенде сарай он шақты,

Менде саулық он шақты.

Сенің әкең халықты

Қан жылатып жер сатты.

Менің әкем маңдайдан

Тамшылатып тер сатты.

Сенің шешең мойнынан

Ағытқан жоқ моншақты.

Менің шешем қолынан

Тастаған жоқ келсапты.

Жер мен көктей қарасам,

Екі арамыз алшақ-ты.

Сен жалайсың бармақты,

Мен сорамын саусақты.

Саусағымнан сорған сор

Қабырғамды қаусатты.

 

Аққан байлық сай тапты,

Байдың көңілі жай тапты.

Балпаң-балпаң басасың,

Бай баласы байпақты.

Байпағым бар екен деп,

Таптай берме Байтақты!

Көлденеңнен ит қосқан

Тоқтат енді айтақты.

Мына заман ырқыңа

Көнбейтінін байқатты.

Шала молда дін бұзар,

Шала қазақ тіл бұзар,

Елді бұзған дәл сендей

Көрмедім мен найсапты!

 

Кешіргейсің ұлыңды

Қарақшымен қандаспын,

Жемқорменен жолдаспын.

Дәмін таттым солармен,

Жал мен жая, жамбастың.

 

Бар ма басқа амалым,

Осы болса заманым.

Періштедей пендені,

Қайдан іздеп табамын?

 

Іздей білсем алқынбай,

Барлығына халқым бай.

Бірен-сарын бар шығар,

Құмға сіңген алтындай.

 

Қайран атамекенім,

Сенен қайда кетемін?

Кешіргейсің ұлыңды,

Бармен базар етемін...

 

Күлкім келеді

Жоғалған жылқым көп еді,

Тоналған мүлкім көп еді.

Дерегін білсе біреулер,

Хабарын мүмкін береді.

Ұрыдан қорғар ұлықтың,

Тиер ме, шіркін, көмегі?

Арбауға жұртым көнеді,

Алдауға ұлтым сенеді.

Қулардың саны көбейді,

Майлаған мұртын себебі.

Шындық көзі бар болса,

Бәрін де бір күн көреді.

Жоғалған жылқым көп еді,

Тоналған мүлкім көп еді.

Жемқорға жемқор тап берген,

Күреске күлкім келеді...

 

Айтумен жүрміз

Айтумен жүрміз Азаттық жырын,

Тартумен жүрміз азаптың жүгін.

Өзінің тілін ит те біледі,

Итке бермесін қазақтың күнін!...

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3545