Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2019
Ел іші... 2919 4 пікір 17 Қаңтар, 2019 сағат 11:43

Дәулет Бақбергенов: «Бұл барып тұрған алаяқтық»

Жақында редакциямызға кәсіпкер Дәулет Бақбергенов хабарласып, өзі басқарған компанияның соттың солақайлығынан әділетсіздіктің құрбаны болғанын айтып, араша сұрады. Abai.kz еркін сөз алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір білдіруге әркім құқылы. Біз де Дәулет мырзаның сөзін жерге тастамадық. Мәселенің мән-жайын сұрап, білдік.

Дәулет мырза Алматы қаласында орналасқан «Fuji-лифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады екен. Бұл серіктестік күні бүгінге дейін лифті орнатумен айналысып келген.

Сөйтіп, 2015 жылы «АХЭКО» ЖШС-мен келісімшарт түзіпті. Бұл серіктестіктің басында Әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Әбілфас Муслимович Хамедов дейтін кісі болған. Келісімшартті жасау, келіссөздер жүргізу процессін басқа-басқа емес, дәл осы Әбілфас Муслимұлы жүргізген екен.

Тапсырыс беруші түрлі себептермен келісімшарт талаптарын бұзғанына қарамастан, ақырында сотқа беріп, сотта судьяның біржақтылы шешімімен жеңіп шыққан. Сот жауапкер тараптың нақтылы келтірген дәлелдерінің бірде-біреуін ескермеген.

Әрі қарай, сөзіміз сұйық шықпас үшін, «Fuji-лифт» ЖШС-нің атқарушы директоры Дәулет Бақбергеновті әңгімеге тарттық. Сот процессінің қалай өткені туралы егжей-тегжейлі сұрап білдік.

Келісім қалай жасалды?

(Дәулет Бақбергенов)

Дәулет Бақбергенов,  «Fuji-лифт» ЖШС атқарушы директоры:

- Сіздерге түсінікті болуы үшін, келісімшарттың қалай түзілгенінен бастайын. 2015 жылдың маусым айында біздің «Fuji-лифт» ЖШС мен «АХЭКО» ЖШС арасында келісімшарт жасалған. Ол бойынша біз оларға 6 лифті орнатып беруіміз керек еді. Бұл келісімшарттың жалпы сомасы 5 миллион 300 мың теңгедей болды.

2016 жылдың қаңтар айында біз лифтілерді орнату жұмыстарын бастадық. Неге осынша ұзақ уақаттын соң? Біз келісім жасалғаннан кейін-ақ, орнату жұмыстарын бастап кетер едік. Келісімшарт бойынша олар бізге лифтілерді орнататын жерлерді дайындап беруі керек болған. Яғни, лифті орнататын шұңқырды дайындап беруі керек еді.

Одан кейін, «АХЭКО» ЖШС арасында келісімшарт түзілгеннен 3 күннің ішінде жалпы соманың 75 пайызын төлеуі міндетті болған. Олар 3 күнде төлеуі керек соманы 162 күн дегенде төледі.  Бірақ, біз сонда да жұмысты бастап кеттік. Өткендегі сот отырысында мен осы мәселерді айтып, өтініш, арыз, мәлімдеме жасаған едік. Сот біздің мәлімдемелердің бірде-бірін ескерген жоқ. Неге екені тағы белгісіз...

Жалпы лифтіні орнату екі кезеңнен тұрады. Бірінші монтаж жұмыстары, екінші лифтіні іске қосу. Токтарын, электрлік құрылғыларын іске қосу кезеңі.

Сөйтіп, монтаж жасайтын жер дайын емес. Біз бұл туралы «АХЭКО-ға» бірнеше хат жаздық.  Лифтіні олар өздері сатып алған. Лифт олардың меншігі. Олар бізге лифтінің бөлшектерін әкеліп беруі керек еді.

Жалпы бір лифті 100 шақты бөлшектен тұрады. Бізге сол бөлшектерді әкеліп берген соң, біз лифтіні орнатуымыз керек қой... «АХЭКО» бізге сол бөлшектерді бөліп-бөліп әкеле бастады. Онда да толық емес.  Себебі, сатып алған лифттері басқа жердегі қоймаларында екен. Негізі келісім бойынша алты лифті орнатуымыз керек.

Бізге қалай жетізіп берді, біз солай орната бастадық.  Лифтінің жабдықтарын бөліп-бөліп әкелген соң, біз тағы да «АХЭКО-ға» арыз хаттар жаздық. Бірақ, олар біздің жазған хаттарымыздың ешқайсысына жауап бермеді. Жоғарыда айтқанымдай, келісімшарт сомасының 75 пайызын жарты жыл созып жүріп, 162 күнде төледі.

Кейін, олар лифтінің көтерілетін биіктігін тағы 3 метрге ұзартатынын айтты. Құрылыс жүріп жатқан ғимаратқа тағы бір қабат қосылады екен. Ол кезде біз орнату жұмыстарын бастап кеткенбіз. Содан, ғимаратқа тағы бір қабат қосылатын болды. Оның да шұңқыры дайын емес. Жұмыс тағы тоқтап қалды.

3 метрге ұзарған соң, оған қосымша бөлшектер керек қой. Ол бөлшектерді «АХЭКО» алуы керек болды. Сөйтіп, созып жүріп алды. Ақыры, 2017 жылдың қазан айында ғана бізге лифті орнататын орынды дайындап, лифтінің қосалқы бөлшектерін жеткізіп берді.

Біз сол кезде-ақ, оны орнаттық. Лифтінің монтажын бітірдік.

Лифтінің негізгі жұмысы – қаңқасы, ауыр темір бөлшектері орнатылды. Енді оны іске қосу керек. Қосу үшін электрлік жабдықтары керек. Енді сол электрлік жабдықтарды жеткізіп бермей, соза бастады. Ол жере электрлік жабдықтар, планта, басқару бөлшектері деген жабдықтар керек еді.

Содан біз, жаңағы «АХЭКО-ға» тағы да хат жаздық. Олар тағы  жауап бермеді. Мен осының барлығын аппеляциялық арызда да, сотта да айтып, көрсеткенмін. Бір қызығы судья осының ешқайсысын ескерген жоқ.

Біз шағымдарымызды хатқа түсіріп, жаңағы «АХЭКО-ға» жібереміз. Олардан жауап жоқ. Сөйтіп, негізгі жұмыстар аяқталған соң, олар бізге хат жазды.  «Неге бітірмейсіңдер?» деген мағынадағы сұрақтарды қойды. Тіпті, біздің жұмысқа мүлде қатысы жоқ талаптарды қойды.

Осыдан кейін, арада келіссөздер болды. Екі жақ келісімге келіп, біз ары қарай өз жұмысымызды жасай бердік. Олар да бізді сотқа берген жоқ. Біз де олардың артынан қудаламадық.

2017 жылдың қазан айында монтаж жұмыстары толығымен бітті. Енді тек лифтілерді қосу керек. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, электрлік жабдықтарды бізге әкеліп бермеген. Сөйтіп жүргенде, жаңағы ғимараттағы өздерінің құрылыс жұмыстары аяқталмай, созылған жұмыс созыла берді.

Ақыры 2018 жылдың қазан-қыркүйек айларында олар бізді сотқа берді. Сонда бізге келісімшартты уақытылы орындаған жоқ деп шағымданды. «Келісімшартта көрсетілген өз міндеттерін орындамады. Келісімшарттың мерзімін, шартын бұзды» деп сотқа беріп, екі арада жасалған келісімшартты толық күшін жоятындай етіп бұзуды, өздері кешіктіріп төлеген 75 пайыздың ақшасын толық қайтаруды талап етті.

Ал сот біздің келтірген аргумент дәлелдеріміздің бірде-біреуін ескерместен, «АХЭКО-ның» пайдасына шешім шығарып берді.

«Көп сұраққа көзін жұмған Мадыбаева «әлденеге» мүдделі ме?»

Судья Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы – Мадыбаева Зейнекүлтай деген кісі.

2018 жылдың 28-желтоқсаны күні мен аппеляциялық арыз бердім. Сол жерде алдыңғы соттағы сауатты, хат танитын адамға айдан анық өрескелдікті жаздым.

Алдыңғы сот отырысы кезінде судья Мадыбаева біздің айтқан мәлімдеме, ескертпе, арыз, дәлелдерімізді ескерген жоқ. Әйтпесе, біз сотта барлығын дәлел фактімен, уақыт-күнімен көрсеттік.

Тіпті, сот шешімін қарасаңыз арызданушы, яғни тапсырыс беруші «АХЭКО» ЖШС келісімшарттың бірде-бір пунктін бұзбаған сияқты көрсетілген. Барлық қателік, заң бұзушылық тек біздің комания тарапынан болған сияқты.

Мысалы, аппеляциялық арызда мен неге біз тапсырысты уақытылы орындай алмағанымызды көрсеттім. Орындай алмаған себебіміз:

1. Олар бізге лифтінің бөлшектерін жеткізіп бермеді. Арызданушы тарап сот отырысында осыған қарсы ешқандай аргумент айта алмады. Бірақ, судья мұны ескермеді.

2. Лифтінің сызбаларға сәйкес болмауы. Оны да арызданушы тарап дәлелдей алған жоқ. Мұндай шарт бұзу болмағанын дәлелдей алған жоқ. Бұл да ескерусіз қалды.

3. Келісімшарттың төлем бойынша шарттарын олар орындаған жоқ. 3 күннің ішінде төлейтін қаржыны 6 айдың, 162 күннің ішінде төледі. Бұл да келісімшартты бұзу еді. Бірақ судья тағы көз жұмды.

4. Орнату жұмыстары жүріп жатқан кезде тағы бір қабаттың қосылуы біздің жұмысымызға кедергі келтірді.

5. Одан кейін лифтіні қосуға, тағы бір қабатқа көтеру үшін қажет бөлшектерді уақыты әкеліп берген жоқ.

6. Лифтіні қосуға керек бөлшектерді бізге дер кезінде жеткізіп берген жоқ. Сондықтан біздің де жұмыстарымыз едәуір кешеуілдеді.

Осының барлығын судья Мадыбаева қараусыз, ескерусіз қалдырды. Мен аппеляциялық арызда жаздым. Алдыңғы сотта да бірнеше мәрте айттым. Сол кезде арызданушы тарап ешбір аргумент айта алмады.

Осы аппеляциялық арызды қалалық сотқа жаздық. Енді сот арызды өндіріске алуы керек.  Содан кейін соттың күні тағайындалса, осы жолы әділдік орнайды деп ойлаймын.

«Біз неге «АХЭКО-ны» сотқа бермедік?»

Келісімшарттың талаптарын осыншама өрескел бұзған «АХЭКО-ны» неге біз сотқа бермедік? Біз оларды сотқа бермедік. Біздің қателік сол болды.  Мен компанияның атқарушы директоры ретінде, басшыларға талай рет айттым. «Шара қолданайық, сотқа берейік» дедім. Өкінішке орай, бізбен келісім жасасқан кісі біздің басшылармен жақсы қарым-қатынаста болған, біздің басшылар сыйлайтын лауазымды кісі екен. Біздің басшылар солай деп санаған. Жұртқа сыйлы, біраз ел танитын кісі болған соң, қазақылыққа салынып, арадағы мәселелерді сөйлесіп шешіп жүрген едік.

Әзірбайжан қауымдастығының төрағасы ма, президенті ме, әйтеуір сондай адам. Аты-жөні Әбілфас Муслимович Хамедов деген кісі.

Негізі «АХЭКО» деген компанияның директоры – Абдуллаев Тайр деген кісі. Құжатта солай деп көрсетілген. Ал шын мәнісінде жаңағы Айбдуллаев Тайр деген адам құрылыс бойынша меңгеруші ме, әйтеуір сондай бір қызмет атқарады.

«Әбілфас Муслимович – шешім қабылдаушы тұлға»

Келісімшартты жасаған, тексерген, келіссөздерді жүргізген Әбілфас Муслимович деген адам. Ол жаңағы жерде бұйрық бойынша істеп жүр ме, жоқ па, біз оны білмейміз. Себебі, компанияның ресми басқарушысы, құрылтайшысы, жалғыз қатысушысы – Абдуллаев Тайр деп көрсетілген. Компания ресми соныкі. Ал шын мәнінде барлығын шешіп отырған Әбілфас Муслимович деген адам.

Барлық келісімдерді жасағанда, келіссөздерді жүргізгенде біз сол Әбілфас деген кісімен кездесіп, келісім жасасып отырдық.

Менің келісім жасайтын құзіретім жоқ. Мен атқарушы директормын. Ресми компанияның бұйрығы шығады, менің атыма. Мен сол бұйрықпен ғана жұмыс жасаймын. Келісімді біздің басшылар жасаған. Ол кезде басшымыз Айбын Әубәкір еді. Қазір Құрманәлі Сералы деген азамат.

Біздің екеуара жасасқан келісімшартқа Әбілфас деген кісі қол қоймаған. Дегенмен, заңда шешім қабылдаушы тұлға деген түсінік бар. Әбілфас сол – шешім қабылдаушы тұлға. Ондай тұлға кез келген жағдайда жауапқа тартылады. Ол компанияның ресми өкілі болмаған күннің өзінде, ол шешім қабылдаушы тұлға компанияның барлық іс әрекеттеріне жауап беруі керек.

«Бұл барып тұрған алаяқтық»

Бұл ашық түрде алаяқтық деп есептеймін. Себебі, келісімшарт 2015 жылдың жазында жасалған. Олар бізді 2018 жылдың күзінде, арада үш жыл өткеннен кейін ғана сотқа беріп отыр.

Келісімшарттың мерзімі 30 күн ғана. Яғни, олар бізге лифтіні әкеліп, орынды дайындап береді. Ақшасын төлейді. Біз 30 күннің ішінде 6 лифтіні орнатып беруіміз керек. Біз бұл келісімшартты түзерде өзімізге жүктелетін міндеттерді толық түсініп, 30 күннің ішінде 6 лифтіні орнатамыз деп жасадық қой. Егер жаңағыдай, құрылыс жағынан кедергілер болмаса,  талаптар орындалса, ақшаны уақыты төлесе, лифтіні түгел, «міне, орнатыңдар» деп әкелсе, біз онатып берер едік. Бірақ  басынан бастап олай болған жоқ. Ақшаны кешіктірді. Лифтіні уақыты әкелмеді. Одан кейін орны дайын емес болды.

Біз 3 жыл бойы келіссөздер жүргізу арқылы мәселені шешкіміз келді. 3 жыл бойы біз жұмыс істедік. Тіпті 3 жыл 3 ай. Содан кейін ғана бізді сотқа беріп жатыр.

Егер шынымен олар біздің компаниямыздың келісімшартты орындай алмайтынына көзі жетсе немесе біздің жұмысымызға көңілі толмаса, неге екі айдан немесе  үш айдан кейін, мейлі жарты жылдан немесе бір жылдан кейін сотқа бермеді?

Сотта алдында өздері кешіктіріп төлеген ақшаны  толық қайтару туралы талап қойған. Яғни жаңағы 5 миллионның 75 пайызын қайтарсын деді. Біз 3 жылда көп жұмыс жасадық. 90 пайыз жұмысты аяқтадық. Енді тек сол лифтіні қосуға қажет бөлшекті бермей, жұмыс тоқтаған кезде олар соны пайдаланып, бізді сотқа беріп, ақша өндіруді ғана ойлап отыр. Бұл меніңше ашық алаяқтық.

«АХЭКО-ны» бірнеше компания сотқа берген екен»

Енді «сот.кз» деген сайтты қарадым. Жаңағы «АХЭКО-ны» сотқа берген бірнеше компания бар екен. Бұл сайт әділет министрлігінің сайты ғой деймін, қателеспесем.  Сол жерде компанияның нөмері арқылы білуге болады. Кез келген компанияның кіммен соттасып жатқанын, кім-кімге арызданғанын білуге болады. Бірнеше компания «АХЭКО-ны» сотқа берген екен. Енді ол жерде кімдікі дұрыс екенін мен  білмеймін, мүмкін «АХЭКО-ныкі» дұрыс шығар.  Бірақ ақшаны кешіктіріп төлеп жатыр дегенді оқыдым.

«АХЭКО-ны» сотқа берген компаниялар

17.07.2018 жыл. «НУРАСЫЛ СТРОЙ» ЖШС.

06.11.2018 жыл. «КВАНТ ТОРГ СЕРВИС» ЖШС.

21.11.2018 жыл. Алматы қаласы, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық ұйымы.

Әбілфас Муслимович – «Әзірбайжан қауымдастығы» РҚБ төрағасы

Біз Әбілфас Муслимұлы Хамедовтың биографиясына үңілдік. Ол кісінің ныспы-сойы кім екенін, қандай қызметтер атқарғанын білдік.

Әбілфас Муслимұлы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында туған екен. Алматы Сәулет-құрылыс институтын тәмамдаған. 1993 жылдан бастап «ХЭМКО» құрылыс компаниясын басқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.

Біраз жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болыпты. 2018 жылдың 28 сәуірінде Президент пәрмен беріп, Әбілфас Муслимұлы Хамедовты төраға орынбасары қызметінен босатқан екен. Ақорданың ресми сайты солай деп жазады.

2007 жылдан қазіргі кезге дейін «Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып табылады.

«Құрмет» орденін таққан, Ассамблеяның және басқа да мерейтойлық медальдердің иегері екен.

«Уикипедиядағы» мәліметте – «Абилфас Муслимович жыл сайын қайырымдылық мақсаттарға, мамандандырылған мектептер мен мүгедектерге арналған интернаттарды қайта құрылымдау мен жөндеуге қаржы бөледі, бала бақшаларына, тұрмысы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсетеді» деп жазылған екен.

Біз мәселенің ақ-қарасын айыру мақсатында Әбілфас Муслимовичтің қалта телефонына бірнеше мәрте қоңырау шалдық. Телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.

Одан кейін, «spra.vkaru.net» порталында көрсетілген қалалық телефонға да хабарластық. Өкінішке орай, қоңырауымыз жауапсыз болды.

Abai.kz еркін пікір алаңы. Жоғарыдағы материалға қатысты қарсы тараптың айтар уәжі болса, біз портал бетінде жариялайтынымызды және бір мәрте ескертеміз.

Түйін. Біз әзірге бұл мақалаға қатысты түйін жазбадық. Әбілфас Муслимұлы шешім қабылдайтын «АХЭКО» серіктестігінің талап-арызын құптап шығарған, судья Мадыбаеваның шешімін аппелияцияға берген екен. Арыз беруші «Fuji-лифт» серіктестігі аппелияциялық сот екі тараптың да уәжін естісе, екі тарапқа да әділ шешім шығарса дейді. Біз де осыдан үміттіміз. Аппелияциялық сот әділ төрелегін айтар...

Дейтұрғанмен, Президент жарлығымен Ассамблеядағы қызметінен босатылған Әбілфас Муслимович Хамедов мырза күні бүгінге дейін «Әзірбайжан қауымдастығы» бірлестігін басқарып келе жатыр екен.

Жауапты қызметте, жұрт алдында жүрген, ел мен елдің, адам мен адамның татулығына жауапты азаматтардың аттары осындай келеңсіз оқиғаларда аталып қалуы – ешкімге абырой әпермейтіні шындық.

Қазақ «елдестірмек елшіден» дейді. Ел ішінде елшілік етіп жүрген Әбілфас Муслимович те мұны ескерсе игі еді...

Abai.kz

4 пікір