Қазақ көшінің бозторғайы!
Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Ауыт Мұқибек өмірдің асыл асуы саналатын елу жасқа толып отыр. "Ердің жасы - елуде" дейтін қазақ Ауыттай ұлынан әлі талай ерлік күтеді. Себебі, Ауыттың елге еткен еңбегін бірер мақалаға сыйғызып айту мүмкін емес.
Ауыт – ақын. Ауыт – қоғам қайраткері. Ауыт – қазақ көшінің шырылдаған бозторғайы. Жиырмадан енді аса салып, Қытайдағы туған ауылына қазақ мектебін салғызған Аукең содан бергі ширек ғасыр уақытта бір рет те болса тыншып, қол қусырып отырған кезі жоқ. Қазақтың алып ақыны Тұманбай Молдағалиевтің бел баласындай болған ақын Аукең "Балдырған" журналында қызмет етіп жүргенде қазақ бүлдіршіндеріне арнап қаншама жыр жазды. Жас өскін балапандар Ауыттың өлеңдерімен өмірге көз салды, Аукеңдей болмаққа құлшынды.
Тұмағаң өмірден озғаннан кейін Мұқибектің ұлы бірыңғай қоғамдық істерде белсенділік танытып, қазақ көшінің түзелуіне барын салды. Мәселенің бәрі заңмен шешілетінін ерте ұғып, "Көші-қон туралы" Заңның қайта жазылуына мұрындық болды. Біздің Abai.kz ақпараттық порталына жүзден аса мақала жазды. Күлтегінше айтсақ, "түн ұйықтамады, күн отырмады"...
1969 жылы Шығыс Түркістанның Құлжа ауданында дүниеге келген шынашақтай сәби, 1993 жылы Күйтін қаласындағы педагогикалық институттың Әдебиет факультетін бітірген бала ақын, 1995 жылы 26 жасында мектептің директоры болған ұстаз-жігіт қазақтың Ата-мекеніне келіп «Жас жүрек жайып саусағын», «Қалқатайға қарай-қарай талды көз», «Мөлдір» атты жыр жинақтарын бұрқыратып жазып үлкен ақынға айналды. Үлкен ақынның жүрегі де кең болары анық. Сол кең жүрек қазір "Қазақ көші оңалсын" деп дүрс-дүрс соғып тұр.
Ол жүрекке Алаш баласы қарыз екенін түсінер кез келер. Оған дейін бір ауыз болсын жылы сөз арнауды өзімізге парыз санадық. Сөйттік те, ақынның жан жолдасы Қастер Сарқытқанның мақаласын оқырман назарына ұсындық.
Abai.kz ақпараттық порталы
Осыдан ширек ғасыр ілгері, 1990 жылдардың бас кезінде, Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысына қарасты педагогикалық институтының “Оқыту басқармасында” жұмыс істеп жүрдім. Сол тұста, институтта облыстың әр түкпірінен келген, әр түрлы жастағы мұғалімдер білім жетілдіруге келіп, екі жыл оқып қайтатын. Сондай курстың бірінде ақын Ауыт Мұқибек оқыды. Сұңғақ бойлы, талдырмаш денелі, ақ сары жүзді, үнемі күлімсіреп жүретін жайдары жігіт институттың қоғамдық өміріне белсене араласушы еді. Бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатқан институт өмірінде Ауыт та оқуын бітіріп ауылына қайтты. Содан кейін араға жылдар салып барып, ол екеуіміз Атамекенде қайта жүздестік. Кейін ол Алматыдан Астанаға қоныс аударса да, арадағы хат-хабар алмасуымыз үзілмеді. Шынайы түсіністік пен жылы қарым-қатынас әлі де жалғасын тауып келеді.
"Өзімнен өзім ұрланып барам,
Күндерден жарқын ұялып қалам.
Сырларға жүкті жылдардан әйтеу,
Сәбидей таза жыр алып қалам" деп басталатын «Уақыт» жайлы өлеңім бар еді. Сол жырдағыдай өзімізден - өзімізді ептеп, еш білдірмей ұрлаған сиқыр уақыт екеуімізді де 50 деген белеске қалай “алдап” алып келгенін шынымен сезбей қалдық. Ал көңіл шіркін баяғы пединститутта жүрген жылдардай үмітке толы....
Елу жас адам ғұмырының ең шырқау биігі тәрізді. Ақыл толықсып, көңіл толып, сана шалқып, дүниенің басы мен аяғына еркін көз салып, терең оймен толғанатын шақ. Бойдағы бұла қуаттың да қайта қоймаған, алыса кетсең әлі де алып ұрардай екпінің бар кез. Бір сөзбен айтқанда “Өмірдің асыл асуы”. Осы жасқа жеткенде адам бір сәт болса да, артына қайырылып соған дейін құйындатып, дауылдатып өткен өміріне алғаш рет сыни көзбен қарайды екен. Абайша айтқанда: “Өзіңнен өзің ойша есеп алып” ар алдында тұтас ғұмырыңды таразыға тартасың. Таразыға сен тартқаныңмен ту сыртыңда баспалап, бағып ел-жұртың тұрады. Бағасын берушілер әне солар. Сондай ағайындар арасында "Ауыт мырза елу жылдық саналы ғұмырында, елі мен жері үшін не істеп берді екен?" деп мен де мойынымды созып, оның “таразысына” өзімше үңіліп көрдім...
Әзір ел арасында, әлеуметтік желілер де “Ұлтқа қызмет ету” деген әдемі тіркес, мағаналы ұғым қалаптасып келеді. Дұрыс-ақ, ұлтқа қызмет ету әр азаматтың міндеті. Бірақ, әркімнің жағдайы алуан, мүмкіндігі қыйлы. Сондықтан “Ел неге мен істегендей істеп, мен айтқандай айтпайды?” деп налудың қажеті жоқ. Себебі, ұлтқа қызмет ету - шет-шегарасы, пішін мен ережесі жоқ ұшан-теңіз дүние. Халықтың әлеуметтік, құқықтық, экономикалық мәселелері қанша ұлан-асыр болса, олар үшін қызмет етуде әне сондай шексіз, сан түрлі. Көсемдер көсіле, батырлар төселе жүріп, елі мен жері үшін қызмет етеді. Бірақ елдің бәрі олар емес. Әркім өз мамандығы саласында жүріп-ақ елі үшін еңбек етеді. Тіпті, ошақ қасынан ұзамаған әйел де ең кемі, бір азаматының түтінін түтетіп, ертеңгі жауынгерді, ғалымды немесе шаруаны тәрбиелеп ұлтқа еңбек етіп отыр. Әңгіме, қызмет етуде, бар мүмкіндігін толық пайдаланбаушылар қынжылтады. Алайда, жоқ «мүмкіндікті» бар етіп, өз-өзіне жол ашып, қолынан келгенше ел-жұртына жұмыс істейтін жандар да болады. Біздің Ауыт міне осы топқа жататын санаулы да, саналы азаматтардың бірі.
Ол елге еңбек етудің төте, әрі ұрымтал тұсын алғырлықпен таба білді. Ол ақын, зиялы қауым өкілі, сонысымен де, өз үлесін қосып өмір сүре беруіне болатын еді. Бірақ азаматымыз олай істемеді. Сол кездегі күйіп тұрған көші-қон, азаматтық алу, тұрақты тіркелу секілді күрмеуі көп, алайда, қарапайым халық үшін аса маңызды заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енуіне зор еңбек көрсетті. "Нұр Отанның" қоғамдық қабылдау бөлімінде қызмет ете жүріп, шеттегі ағайындардың арыз-арманын қатысты мекемелерге табыстап олардың мәселесінің оң шешім табуына да ықпал жасады. Оның осы жұмыстарға қатысты құзырлы орындар мен азаматтарға жазған мақалалары мен әлеуметтік желілерде үздіксіз жариялаған жаңалықтарының өзі бір төбе дүние.
Жалпы Ауыт Мұқибекұлы, оның нендей еңбек еткені туралы көп жазудың қажеті шамалы, оны құлағы түрік халықтың бәрі жақсы біледі. Бірақ халық даналығы "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демей ме? Мен оны көптен білетін адам ретінде, оның 50 жылдық мерейтойы тұсында бір ауыз ой-пікірімді айтқым келді. Менің сөзіме жақтайтын немесе керісінше сөз қозғайтын азаматтар болуы мүмкін. Әрине пенде баласы болғандықтан бәріміздің азды-көпті мініміздің бары рас. Дана Абай:
"Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес" демей ме «Ойға түстім, толғандым»-атты өлеңінде.
Сондықтан кімде болмасын азаматтарымыздың бойындағы түймедей мінін, түйедей етудің орнына, түйірдей жақсылығын бағалағанымыз жөн. "Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер" деген сөздің салмағын сезінейік. Жасырары жоқ, халық болған соң, кесер мінездердің де болуы табиғи. Жікшілдікке, жершілдікке, рушылдыққа бөліну аз болғандай, діни және экономикалық жақтағы алшақтық та өсіп келеді. Біздің халықта: "Өз жұртың күншіл, нағашы жұртың сыншыл, қайын жұртың міншіл келеді" деген сөз бар. Осы бойынша қарап отырсаң жігіттің үш жұрты да "оңып тұрғаны жоқ" секілді. Белгілі мәннен алғанда дұрыс болып көрінгенімен, үлкен жақтан "ынтымақ пен бірлікке" шақыратын тіркес емес. Сол үшін: "Өз жұртың – қорғаның, нағышы жұртың – орманың, қайын жұртың - қормалың" деп неге өзгертпеске? "Сөз түзелмей, мін түзелмес" деген бар ғой, сондықтан азаматтарымыз үшін тек жақсы сөзде болайық, сонда ғана елдігіміз баянды болады. Қазіргі геосаяси жағдай бізден соны талап етіп тұр.
Сонымен, Ауыт бауырым, мерей тойың құтты болсын! Сенің бойыңда саясаткерлерге тән – шешендік пен ізденгіштік, дипломаттарға тән- сыйласымдылық пен жайсаңдық, ақындарға тән – алғырлық пен өршілдік, азаматтарға тән – қарапайымдылық пен қайырымдылық бар. Міне осы асыл қасиеттеріңнің арқасында әлі алысқа шауып, елің мен жерің үшін талай-талай асуларды бағындыратыныңа сенеміз. "Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды" деген дала даналығы тағы бар. Құрметті Ауыт Мұқибекұлы: Отызыңда орда бұзып, елге келдің. Қырқыңда "қырсығы" көп қамалдарды алып, еліңе игілік еттің. Елуіңде елі таныған, сөзі өтімді, іске бекімді, сыйлы азаматқа айналдың. "Саналы ғұмырында, не істеп берді екен?" деп мойын созып қараған маған, көзіме түскені осы – алған асуларың болды. Міне өмірің ең асыл белесіне шықтың азаматым, артыңда тарихта қалар іздерің, көз алдың да арман мен үмітке толы көкжиегің көлбейді.
Алға азамат!
(соңы)
Қастер Сарқытқан
Abai.kz