Жұма, 27 Желтоқсан 2024
3608 1 пікір 21 Қаңтар, 2019 сағат 06:32

ОНЛАЙН САДАҚА: «Зекет» қорының мобилді қосымшасы іске қосылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры садақа, зекет беру жүйесін оңтайландыру мақсатында қордың мобилді қосымшасын іске қосты, - деп хабарлайды Абай-ақпарат ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қосымшада «зекетті есептеу», «зекет кітабы», «қор туралы», «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды басты мәзірлер арқылы қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер алуға болады.

«Мобилді қосымшаны іске қосудағы негізгі мақсатымыз – қайырымдылық көмек көрсетуге, зекет беруге ниет білдірген азаматтарға қолайлы мүмкіндік жасау. Қосымшаға көмекке аса зәру жандардың ортақ базасын енгіздік. Онда науқастың аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, медициналық анықтамалар, т.б. қажетті құжаттар жүктелген. «Онлайн садақа жасау» мәзірі арқылы аталған кісіге көмек бере аласыз. Қордың басты ұстанымы – елімізде шариғат (ханафи мәзһабы негізінде) бойынша садақа-зекет беру дәстүрін қалыптастыру, қаржылық мөлдірлікті, бәріне бірдей ақшалай ашықтықты қамтамасыз ету», – дейді «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров.

Талғат Сейіткәрімұлының айтуынша, мобилді қосымшаның бір ерекшелігі: автоматты есептегіш (калькулятор) құралы зекет беру көрсеткішіне жеткен мал-мүліктің, яғни жинақталған қаржының зекетін бірден анықтайды. Мобилді қосымшаны «Play Mapкет» жүйесі арқылы «ҚМДБ зекет» сөзін жазып, жүктеп алуға болады.            

Айта кетейік, 2011 жылы ашылған ҚМДБ «Зекет» қоры – жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай үлестіретін коммерциялық емес ұйым. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Мақсаты – көмекке аса зәру жеке тұлғаларды әлеуметтік қолдау, Исламның лайықты түрде насихатталуына қаржылай қолдау көрсету, т.б.

Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», – деген нақыл бар. «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры 2018 жылы республика бойынша 25 мың жанұяға қайырымдылық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, 5 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Мүгедек балалардың ем-домына қаражат бөлді. Өткен жылы «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында баспанаға аса зәру 9 отбасына пәтер берілді. 1 жылда қайырымдылық бағытында 160 млн. теңге қаражат жұмсалды.

Алла Тағала Құранда: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» («Әнғам» сүресі, 160-аят), – деп баяндаған. Осы ретте ҚМДБ «Зекет» қоры жомарт, қайырымды жандарды игі, ізгі, сауапты іс-шараларға белсенді түрде үлес қосуға үндейді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054