"Zona.kz-ке" әй дейтін әже жоқ па?
Еліміздегі ақпарат кеңістіктігінің әлі де болса біреулерге кіріптар екені, бұл салада әлі де толық тәуелсіздікке жете алмағанымыз ешкімге де құпия емес. Әсіресе біздегі орыс тілді бұқаралақ ақпарат құралдарының кей-кейде қазақ елінің емес, көрші Ресейдің өктемшіл саясатының қолшоқпарына айналып кететіні де ащы шындық. Мұның өзі мемлекетіміздің өз мүддесіне орай әрекет етуіне, сөйтіп өзінің дербес саясат жүргізуіне үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Ал мұның өзі сайып келгенде бізге деген ниеті дұрыс елдермен ара қатынасымызға елеулі сызат түсіруі де ғажап емес.
Ал мұндай сұрқайы саясатты насихаттайтын мақалалар кейбір порталдарда жетіп артылады. Мәселен, бұл орайда біздегі Zona.kz деген портал ешкімге де дес бермей келеді. Жарайды, сын мақалалар жарияласын. Оған ешкім де қарсы емес. Елімізде шешілмеген проблемалар аз емес те шығар. Алайда бір елді екінші елге қарсы қоятын, таза арандатушылық сипатқа ие мақалаларды басу бұл порталдың шын ниетін байқатса керек.
Осында жақында ғана шыққан «Янукович ұлттық-фашистік сипаттағы «басқарылатын монстрды» құрып, қоректендіріп отырды» (Янукович создавал и подпитывал «управляемого монстра» в лице национал-фашистских молодчиков.) деген бір сұхбатсымақты басыпты. Мұнда Виктор Шацких деген тілші Вадим Колесниченко деген саясатшысымақпен көлдей сұхбат құрады. Бұл екеуі тәуелсіз Украина еліне деген өшпенділікті қоздыруға, ондағы жұртты ешбір дәлелсіз әбден жерден алып, жерден салған. Орынсыз тіл тигізуге келгенде екеуі де алдына жан салмайды. Өзгесін былай қойғанда, осы сұхбаттың тақырыбындағы «национал-фашистских молодчики», «монстр» деген сөздердің өзі неге тұрады? Осы сөздерден-ақ бұлардың жалақор екені, тәуелсіз елге деген өшпенділік көзқарастары айқын аңғарылып тұр емес пе? Сұхбат беруші ештеңеден де де аянып қалмаған. Бар пәлені украиндықтардың басына үйіп төккен. Оның түсінігінде бұл елдегі тәуелсіздікке ұмтылу, тілін дамытып, мәдениетін өркендету бандеровтық сипаттағы ұлттық-фашистік қозғалысқа барып тіріледі екен. Не деген «терең» тұжырым десеңізші.
Сұхбат беруші жайлы бірер сөз. Оны осы сұхбатты алған тілшінің сипаттауымен берелік. Бір әрпін өзгертпестен сол қалпында бердік. Осыдан да оқырмандар оның кім екенін байқар. Сонымен ол кім екен? Оқып көріңіздер. Вадим Колесниченко – украинский и российский политик, один из самых ярких представителей «русской партии» на Украине. До Майдана был депутатом украинского парламента трёх созывов, активно продвигал идею придания русскому языку статуса второго государственного. Сейчас живёт в России, возглавляет Международный совет организации российских соотечественников.
Автордың ойынша мұндай үрдіс бұрынғы Кеңес одағының құрамына енген елдердің барлығында да тән екен. Және бұл өзге ұлттарға, әсіресе орыс ұлтына қарсы бағытталған көрінеді. Бұл саясаткерсымақ бара-бара күні кеше Қарағандыда болған жайттан да осыны аңғарып қалыпты. Оның ойынша елдегі қиындықтардың барлығына да біздер «армяндар мен орыстар кінәлі» деп санайтын көрінеміз. Автордың мұндай сөздерді қайдан естігенін білмейміз. Сірә, бұл кісінің шовинизммен әбден уланған санасының шатаса бастаған қиялынан туындаса керек.
Жарайды, жай ғана қиял болса, ештеңе демес едік. Өзбектер айтпақшы, «Әр кәллада — бір қиял» болса, не қылар дейсің. Алайда еліміздегі орыс тілді ақпарат құралдары оқырмандарының аз емес екенін, олар әлі де болса ықпалды екенін ескерсек, мұндай «қиялдардың» арты неге әкеліп соғатынын болжау қиын болмас. Сонда дейміз-ау, бізбен достас елге ашықтан-ашық «ұлтшыл-фашистер» деп жала жабатын, сөйтіп сайып келгенде екі елдің арасына сына қағатын, өзге елдерді жау қылыл көрсететін мұндай арандатушылық мақалаға ешбір тосқауыл қойылмай ма? Күні ертең украиндық достар: «Оу, қазақтар, бізді осынша қаралайтын мақала бастатындай, біз сіздерге не істеп едік?» десе не бетімізді айтамыз? Мұндайда атамыз қазақ «Жаман үйді қонағы билейді» деген бірауыз сөзбен түйіндеп кетсе керек.
Жалпы, бұл порталдың халықтар арасына ши жүгіртіп, бұрынғы Кеңес одағы елдерінің тәуелсіз саясатына ашықтан-ашық қарсылық танытып, олардың істерінің бәрін теріс жағынан көрсетуге келгенде ештеңеден де аянып қалмайтыны анық байқалады. Тіпті Ресей баспасөзіндегі арандатушылық мақалаларды көшіріп басуды місе тұтпай, сонау шетелдердегі аты-жөні белгісіздеу дерекөздерін пайдалануға барын салып тыраштанып бағады. Оған уақытын да, қаржысын да, ресурстарын да аямайды. Мәселен, өзгесін былай қойғанда бұл порталдың дәл осы біз сөз етіп отырған санында ғана әлгіндей «сенсациялық» екі бірдей мақала беріліпті. Оның бірін Алишер Максудов деген біреу атын адам естіп көрмеген Nanionai Interest деген басылымнан «Украина Еуропаның бір бөлігі болғысы келеді» атты мақаласын көшіріп басыпты. Бастан аяққа дейін «Украина Еуропаға кетіп қалады» деп көз жасын көлдеткен мақалада автор өзінше бұл қадамның жақсылыққа соқпайтынын айтып, тәуелсіз елге қоқан-лоққы жасаудан тартынбайды. «Ресей Азов теңізінде Украинаның кемелерін басып алғанда Еуропа оған не істей алды?» деген секілді әңгімені қоңырсытып, «сендерді ешкім де қорғай алмайды» деген таза дұшпандыққа дейін барады.
Ал енді мұны да аз десеңіз, бұл портал тағы да Ростислав Ищенко дегеннің өзіміздегі Camonitor.kz деген порталында басылған «Ашарашылық» саясаттың бір құралы» атты мақаласын да алақайлатып басыпты. Сөйтсек, «Бақсақ бақа екен» дегендей Ищенко деген мықтың да шетелдегі The Wall Street Journal басылымындағы «Ұмытылған кеңестік ашаршылық. Біз Сталиннің Украинаға не істегенін білеміз, алайда Қазақстанды ұмыттық» деген жап-жақсы мақаласының мәнін әбден өзгертіп, «Шетел енді бұл ашаршылықты енді саясат құралына айналдырғысы келеді. Бұл ашаршылықта тек қазақтар ғана қырылған жоқ, ондай зұлмат анау Поволжье, Кубань мен Солтүстік Кавказда да болды ғой» деп көлгірсиді.
Мінекей, біздегі кейбір порталдардың жымысқы әрекеттері осындай. Мұндайлар бізде оларға «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағандықтан күннен-күнге есіріп барады.
Жайберген Болатов
Abai.kz