Сенбі, 23 Қараша 2024
Сайлау 4743 10 пікір 22 Қаңтар, 2019 сағат 14:22

Сайлау болған соң, саяси оппоненттер де болуы керек...

Қазір көп жұрт сайлау жайын сөз ете бастады. Әлеуметтік желіде гүбір-гүбір әңгіме... Бәрінің айтатыны бір, ол – сайлау. «Жақында сайлау болады екен» деген жел сөз желіне кезіп жүргелі де біраз болды. Саясаткерлер де сайлау болатынын болжап отыр.

Мысалы, саясаткер Әміржан Қосанов: «Меніңше, сайлау болады. Оған бірнеше себеп бар. Экономикалық жағдай тым қиындап барады. Тіпті, билікке бір табан жақын эксперттердің өзі осы жылдың қиын болатынын айтып отыр. Жағдай қиындаған сайын, сайлау өткізу де қиындай түседі. Сондықтан, осы жылы болмаса да, келер жылы сайлау болады» дейді.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым «qazaqtimes.com» сайтына берген сұхбатында: «Егер халықтың қалтасы қағылып жатса, жиған-терген қорлары жоқ болып жатса, екі рет девальвация болса, ертеңгі күнім не болмақ деп көшеде жүрген халықтың көңіл-күйі басқаша болады. Егер билік осыны түсінсе, сайлау өткізген күннің өзінде дауыстарды есептеген кезде биліктің 20-30 пайызға рейтингі түскенін анықтауы керек. Билікке, Назарбаевқа да, басқасына да 98 пайыздың қажеті жоқ. 70 пайызбен де, 51,1 пайызбен де президент, премьер болып отырған елдерді көріп отырмыз. Олардың жағдайы біздікінен жақсы. Қайта сенің 60 пайыз дауыс алғаның ел үшін жақсы. Сен тыраштанып жүресің. Менің болашағым қалай болар екен? Маған осы жолы 60 пайыз ғана дауыс берді. Ертең анау 40 пайыз 60 пайызға ауысып кетпей ме екен деп. Бұл сені халыққа жақын болуға мәжбүрлейді. Ал сен 98 пайыз дауыс жинап отырсаң, ештеңе істеуге мүдделі емессің ғой. Бәрі ғажап деген сөз. Ал елде бәрі ғажап па? Ғажап емес» депті.

Президенттің ел басқару өкілеті 2020 жылы аяқталады. Сөйтіп, сайлау болады. Сайлаудың нақты қашан болатыны жайлы болжам да көп. Біреулер сайлау уақытылы болады десе, енді біреулері әдеткідей «кезектен тыс» өтуі мүмкін дегенді айтады.

Жуырда «Нұр Отан» партиясы сьезд өткізетінін хабарлады. Ақпанның аяғында «нұр отандықтар» жиылып жиын өткізбек. Партия төрағасы қаулыға қол қойғанын орынбасар Мәулен Әшімбаев айтты.

Міне, дәл осы жиында «жүрек жұтқан» партиягер Президентке ұсыныс айтып, кезексіз сайлау өткізуін, оған өзі қатысуын қиылып сұрайды деген болжам бар. Бұл болжамды терістей алмаймыз. Себебі – бұған дейін мұндай жағдайлар болған.

Сонымен сайлау болған соң, саяси оппоненттер де болуы шарт. Қазақстанда бұған дейін бес рет сайлау өткен. Біз ескі сайлауларды еске түсірейік... Президент Назарбаевтың сайлаудағы саяси оппоненттері кімдер болды? Олар қазір не істеп жүр?

1991 жылғы сайлау.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан жалғыз үміткер болды. 98 пайыз дауыс жиған ол ел мемлекет басқару ісін қолға алды. 1991 жылы күйреген КСРО құрамында болған елдердің денінде сайлау өткен-ді.

1999 жылғы сайлау.

Арада сегіз жыл өткенде Тәуелсіз Қазақстан екінші сайлауын өткізді. Сайлау 1999 жылдың 10 қаңтарында өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев - 81%,

Серікболсын Әбділдин - 11,9%,

Ғани Қасымов - 4,7%,

Энгельс Ғаббасов 0,8 %.

Саяси оппоненттер қазір не істеп жүр?

Серікболсын Әбділдин биыл 82 жаста. Қазір Алматыда тұрып жатыр.

Ғани Қасымов қазір Патриоттар партиясынан кеткен. Депутат болды. Ол жақтан да байыз таппады. Қазір экс-депутат - белгілі блогер. Ара-тұра әндетіп тұрады.

Энгельс Ғаббасов дүниеден қайтқан.

2005 жылғы сайлау.

Қазақстандағы үшінші Президент сайлауы 2005 жылы 4 желтоқсанда өтті. Екі мәрте Президент болған Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы қарсыластары - Жармахан Тұяқбай, Әлихан Байменов, Ерасыл Абылқасымов пен Мэлс Елеусінов болды.

Нұрсұлтан Назарбаев – 91,15%,

Жармахан Тұяқбай – 6,61%,

Әлихан Байменов – 1,61%,

Ерасыл Абылқасымов – 0,34%,

Мэлс Елеусізов – 0,28%.

Саяси оппоненттер қазір не істеп жүр?

Жармахан Тұяқбай ЖСДП партиясын басқарып отыр. Тек сайлау науқаны кезінде тіріліп, басқа уақта дымын шығармайтын фиктивті партия - оппозиция ауылында есепте тұр.

Әлихан Байменов қазір Мемлекеттік қызмет жөніндегі айматық комитеттің басқарма төрағасы.

Ерасыл Абылқасымовтың қайда жүргені белгісіз. Кейінгі кездері ол кісіге көріпкелдік қасиет жұққан дейді білетіндер.

Мэлс Елеусінов экология мәселелерімен шұғылданып жүр.

2011 жылғы сайлау.

Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен президент сайлауына өз кандидатурасын тағы ұсынды. Бұл сайлау мерзімінен бұрын өтті. Бұл жолғы бәсекелестері - Жамбыл Ахметбеков, Ғани Қасымов және өмір бақиғы үміткер Мэлс Елеусізов еді.

Нұрсұлтан Назарбаев – 95,55%,

Ғани Қасымов – 1,94%,

Жамбыл Ахметбеков – 1,36%,

Мэлс Елеусізов – 1,15%.

Саяси оппоненттер қазір не істеп жүр?

Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге сайлауға екі мәрте түскен Ғани Қасымов пен эколог Елеусізовтің қазір не істеп жүргенін жоғарыда айттық. Қайталап жатпайық...

Жамбыл Ахметбеков қазір депутат. Мәжілістегі коммунистер партиясының өкілі. 2012 жылы Парламенттің Мәжілісіне өткен. Содан бері сол ауылда.

Ал бұл сайлауға "допуск" ала алмаған үміткерлер - Серік Сапарғали, Қанат Тұрагелді және Сәлем Өтен болды.

2015 жылғы сайлау.

Ел тарихындағы бесінші Президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтті. Бұл жолғы сайлауда Президент Назарбаевтың саяси оппоненттері - Әбілғазы Құсайынов пен Тұрғын Сыздықов болды.

Нұрсұлтан Назарбаев – 97,75%,

Тұрғын Сыздықов – 1,61%,

Әбілғазы Құсайынов – 0,64%.

Саяси оппоненттер қазір не істеп жүр?

Бір қызығы бұл екі кандитатты ел-жұрт бұрындары мүлде көрмеген еді. Бірі - бірнеше рет вице-министр болған, бірі - коммунист еді.

Қазір Тұрғын Сыздықов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ал Әбілғазы Құсайынов сайлаудан кейін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Кәсіподақтар Федерациясын басқарды.

Сайлауға түсіп, Президент болмаққа бекіген Әбілғазы Құсайыновтың Википедиядағы өмірбаянына назар аудардық. Әбекеңнің үлгі тұтар саясаткері - Нұрсұлтан Назарбаев екен. Ал хоббиі - саясат деп жазылыпты.

Бұған қоса, 2015 жылғы сайлауға Лимана Қойшыбаева дейтін келіншек қатысты. Ол Мемлекеттік тілді білмейтіндіктен, додаға жіберілген жоқ.

Өзін Қазақстан Мұсылмандар одағының басшысымын деп таныстыратын Мұрат Телібеков те Президент боламын деп шықты.

Бұл жолы Мэлс Елеусізов өзі бас тартты. Ақшасы жоқ екен.

Бұлардың барлығы ескі ереже бойынша өздерін-өздері ұсынған кандидаттар еді. Бұл сайлауларға "Нұр Отан" (ескідегі - Отан), "Ақжол", "Қазақстан коммунистері", "Қазақстан патроиттары", "ЖСДП" партиялары бақ сынасқан-ды.

Ендігі сайлау 2020 жылы деп күтілуде. Сайлау шарты да өзгерген. Енді кез келген Қазақстан азаматы сайлауға үміткер бола алмайды. Бұған қоса, саяси партияда мүшелікте болуың шарт. Қазақстанда тұрғанына 5 жыл болған, мемлекеттік қызметте, онда да саяси партияда мүшелікте бар адам ғана президенттіктен үміткерлердің қатарына енуі мүмкін.   Ал бұл демократия қағидасына қаншалықты сай?

Біз ескі сайлауларды еске түсіріп көрдік. 27 жылдан астам үздіксіз ел басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі сөзсіз тарихта қалады. Әзірдің өзінде әлем тарихындағы ең ұзақ ел басқарған президенттер тізімінде тұрған,  79 жасқа толатын Нұрсұлтан Әбішұлының есімі дәріптеліп-ақ жатыр. 2020 жылы президент Назарбаев 80 жасқа толады. Ендігі сайлаудағы саяси оппоненттер кімдер болмақ? Бұл да қызық сұрақ...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377