Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 4171 5 пікір 1 Ақпан, 2019 сағат 13:11

Сенатор Қытайдағы қазақ тарихына қатысты деректерді елге әкелу қажеттілігін айтты

2019 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кезекті Сенат отырысы өтті. Сол отырыста сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, Қытайдағы қазақ тарихына қатысты деректерді елге әкелу қажеттілігін айтып, нақты ұсыныстарын білдірді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. 

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қытайдағы қазақ тарихына қатысты деректерді елге әкелу қажеттілігін айта келіп: "Қазақстан Республикасының Президенттің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлт Көшбасшысының ықылым заманнан бүгінгі күнге дейінгі дәуірді  толық зерттеу үшін "Архив-2025" жеті жылдық бағдарламасын жасауды тапсырғаны белгілі. Сондықтан да, ел ішіндегі және көршілес шетелдердегі мұрағаттарды ақтарып, қазаққа қатысы бар деректерге іргелі зерттеулер жүргізу күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта   «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шетелдегі архивтерді Қазақстанға әкелудің жұмыстарын қолға алған жөн. Біз "Архив-2025" жеті жылдық бағдарламасын жасау барысында басты назарда Қытай елін ұстап, ол елдегі тарихымызға қажетті құнды деректерді елге әкелуге бар күшімізді жұмсауға тиіспіз" деді.

Жалпы Қытай елінің жазба тарихы тым тереңде жатыр. Ол жақта кешегі сақ-үйсін дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі жалпы қазаққа қатысты бар тарих күнбе күн жазылып қойған. Біз шынайы рухани жаңғыруды жүзеге асырғымыз келсе, сол ұзақ уақыт бойы сақталған тарихтың бетін ашуға тиіспіз. Архив құжаттарының молдығы жағынан алдына жан салмайтын Қытай елі бізге Сақ, Ғұн, Үйсіндерден қалған мұраларды табуымызға, оны ұлт тарихына қашап жазуымызға септесетін ел екені даусыз. Сондықтан да  қазақ ұлтына қатысты деректерге сұрау салған сенатор Мұрат Бақтиярұлының бұл депутаттық сауалының маңызы зор.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты: 

Бейжіңдегі Гугүн мұражайында, Сиань, Ішкі Моңғолда (Ордос, Хут-Хот), Шыңжаңда (Тұрфан, Үрімжі, Алтай, Іле) қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын руларға қатысты құнды деректер жетерлік. Құдайы көршіміз Қытай еске түскенде, оның сан ғасырдан бері жиналған мол архивтік құжаттары көз алдымызға елестейді. Сол тарихи жазбаларды жүйелі зерттеп, қазаққа қатысы бар тұстарын елге әкелу керек. Бұл - бір. Екіншіден, қазіргі таңда Қытайдың аумағындағы тастардағы суреттер, көне ескерткіш саналатын балбалтастардың біздің тарихымызбен тікелей қатысы барлығы анық. Қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын руларға қатысты зерттелмей жатқан осындай деректер өте көп. Мысалы, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде біздің Үйсін бабаларымыздың сансыз обалары, қорғандары жетерлік. Оны зерттеу бүгінгі қазақ тарихшыларының міндеті. 

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы осыны айта келіп, император Таң тай-цзун ескерткшінің қасындағы Түркілерге қатысты мүсін-балбалтастарға да тоқталып, нақты ұсыныстарын айтты.

Сенатордың айтуынша, Қытай мұрағаттарындағы тарихи деректерді зерттеу үшін мына бес мәселе басты назарда болуы керек. Олар:

1. Маман мәселесі. Бізге Қытай мұрағаттарын жүйелі зерттеу үшін Қазақ һәм Қытай тарихынан хабары бар, қазақ, қытай, мәнжур тілдерін жақсы білетін мамандар қажет. Сондай мамандарды тауып, олардың қазақ тарихшыларымен бірге зерттеу жүргізуіне жағдай жасауымыз керек.

2. Орыстардың қателігін түзеу. Ресей империясы тұсында және КСРО кезеңінде Қытайдағы тарихымызға қатысты қаншама деректер орыс тіліне аударылған болатын. Ресей тарихшылары қазақ халқының салт-санасынан, тарихи таным-түсінігінен хабары болмағандықтан көптеген деректерді қате аудара салды. Олар Қытай архивтеріндегі қазақ ру, тайпаларының атын бұрмалап жазды. Орыс тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімдейміз деп, қаншама сөз өзгеріске түсіп кетті. Кейіннен бізге қолжетімді орыс тілінен әлгі құжаттарды аударғанда түпнұсқадан тым алшақтап, көбінің түп мағынасы өзгеріп, атаулар әр түрлі аталатын болды. Бұл қателікті түзейтін кез жетті. Ықылым замандағы этностардың атын, адам есімдерін дұрыстап,  тарихи жазбалардағы иероглиф арқылы ерте замандағы фонетикасына қайтарып, қазақ тіліне қайта аударған жөн. Аудару барысында қазақ тілінің фонетикалық өзгерістерін ескеру керек.

3. Құпия шежірелер мен бейресми тарихнамаларға да мән беру. Сенатор Қытайдағы құнды деректерді зерттеу барысында құпия шежірелер мен бейресми тарихнамаларға да мән беру керектігін баса айтты. «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер»,  «26 тарих» - сияқты кітаптары қазақ тіліне аударылды. Бұл кітаптарды аударып, ғылыми айналымға енгізген Қытайдағы қандас бауырларға және Қазақстанда аударылып, айналымға түскен кейбір деректер үшін өз тарихшыларымызға алғыс білдіреміз. Десек те, осыған дейін Қытай тарихнамаларындағы деректердің азғантай бөлігін ғана өз игілігімізге жарата алып отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Біз ресми деректермен қатар, бейресми тарихнамалардағы, орданың құпия шежірелеріндегі деректерді де ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Себебі, бейресми деректер шынайылығымен құнды.

4. Археологиялық зерттеу жүргізу. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы тарихи жәдігерлердің сырын ашу үшін қытай-қазақ археологтары бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алса деген ұсынысын да айтты. Сенатордың айтуына қарағанда Қытайдағы жазба деректерді аударумен іс бітпейді. Сақ-үйсін қорғандары, көне қорымдар мен қабірлерге зерттеу жүргізіп, тарихтың тың бетін ашу керек. Қытайдағы мәңгі тастарға, тарихи ескертіштерге, тіпті жер аттарына дейін зерттеу жүргізу рухани жаңғырудың басты міндетіне айналғаны жөн. Біз қытайдың қазаққа қатысты жазбаша дерегін, фотосурет, бейнебаянын жинап шыға алсақ, ұлтымызды рухани тұрғыда түлетер едік. Әрине, бұл жұмыстың бәрі үкімет аралық келісім арқылы іске асады. Қытай секілді алпауыт ел мәңгілік досы қазақ халқына өз тарихын зерттеуге көмектесуі керек. Осы орайда Қытай-Қазақстан археологтары бірлескен ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырыуын қолға алған жөн.

5. Қытай деректерінің бір бөлігі Ұлыбританияда. Сенатор Қытай елінің өз мүддесіне қатысты біржақты жазған жазбаларын да бүгінгі заман көзқарасымен қайта қарап, тереңірек зерттеу керектігін айта келіп, Қытай , Қытайдағы архивтерге, тарихи жәдігерлерге үңілгенде көне дәуірге байланысты деректерді қайдан тауып алуға болатынына дейін айтты. Ерте дәуірге қатысты деректер Шиәннән (сиань), ал орта ғасырдан бергі деректерді Бейжіңнен табылады, ал Тұрфан, Дуньхуан өңірлеріндегі тарих Ұлыбританияға әкетілген. Сондықтан, Ұлыбританиядағы тарихи мұраларды да ұмыт қалдырмау керек.

"Біз осыған дейін Таң тай-цзун ескерткшінің қасындағы Түркілерге қатысты мүсін-балбалтастарды зерттеу нысаны еткен жоқпыз. Қазір біздің білуімізше Қытайда тікелей қазақ тарихына қатысы бар жеті мыңнан аса құжат бар. Осыған дейін сол құжаттардың үштен бірі ғана қазақ тіліне аударылып, ғылыми айналымға енген. Тіпті, кейінгі дәуірдегі, яғни XVIII-XIX ғасырдағы Цин патшалығының архивтерін ақтарып, өзімізге қажетті деректерді жинап ала алмадық. Бұл құжаттардың түпнұсқасы мәнжур тілінде. Кейіннен ғана қытайшаға аударылған" деді сенатор.

Демек, қазақтың жоңғар шапқыншылығынан кейінгі һәм орыс отарлаушылары келген кезеңге қатысты Қытай деректерін зерттеу үшін біздің тарихшыларға қытай тілін білу аздық ететіні белгілі болды. Мұрағатшылар көне қытай тілімен қатар мәнжур тілін де оқып-түсінетін дәрежеде болуы керек.

М. Бақтиярұлы: "Қазақстан Республикасының Президенттің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлт Көшбасшысының "Архив-2025" жеті жылдық бағдарламасын жасау ұсынысы қазақ тарихын түгендеуге зор мүмкіндік туғызады. Бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, алыс-жақын елдердегі мұрағаттарға іргелі зерттеулер жүргізу ұрпақ алдындағы парызымыз" деді.

Қ.Ақанұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552