Әзербайжан Украинаға қару бере ме?

Ресей Грозный аспанында Әзербайжанның жолаушылар ұшағын атып түсіргені үшін кешірім сұраудан бас тартқаннан кейін шиеленісіп кеткен Баку мен Мәскеудің арасы кейінгі апталарда одан әрі ушыға түсті. Бұған 8 тамыз күні Одесса облысындағы Әзербайжан мемлекеттік SOCAR компаниясына тиесілі мұнай базасы мен Украинаны Әзербайжан газымен қамтамасыз ететін сол жердегі компрессор станциясын Ресей күштерінің атқылауы себеп болды.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев бұл шабуыл әдейі жасалған деп Кремльді айыптады. Әзербайжандық бірнеше БАҚ енді Әлиев Киевке қару-жарақ жеткізуге қойылған тыйымды алып тастауы мүмкін деп жарыса жазды.
10 тамызда Илхам Әлиев пен Украина президенті Владимир Зеленский телефонмен сөйлескен еді. Әңгіме барысында екі тарап та Ресейдің Украина аумағындағы Әзербайжан нысандарына жасаған әуе шабуылдарын айыптады. Зеленский Әлиевпен сөйлескеннен кейін бұл шабуылдарды "біздің және еуропалық басқа елдердің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін энергия жолдарын қиюды көздеген Ресейдің қасақана әрекеті" деп бағалады.
Осы шабуылдар жасалғанға дейін, шілде айының аяғында, Әзербайжан газы Украинаға алғаш рет Болгария мен Румыния арқылы Трансбалқан дәлізімен жеткізілген еді.
Мәскеу мұнай базасы мен компрессор станциясына жасалған шабуылдарға ресми түсініктеме берген жоқ. Тек Ресейдің қорғаныс министрлігі 2-8 тамыз аралығында бірнеше нысанаға, соның ішінде "Украинаның әскери-өнеркәсіп кешені жұмысын қамтамасыз ететін газ тасымалдау жүйесі нысандарына" да шабуыл жасалғанын хабарлады.
Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс бастаған соң Әзербайжан әуелде бейтарап ұстанымда болды: ол Ресейді агрессиясы үшін айыптаған жоқ, соғысып жатқан екі тарапқа да қару-жарақ бермеді, бірақ Украинаға гуманитарлық көмек көрсетті.
Осындай саясат Ресей Грозный маңында дрон шабуылын тойтару кезінде Әзербайжанның жолаушылар ұшағын атып түсіріп, ол үшін тікелей әрі айқын кешірім сұраудан бас тартқанға дейін жалғасты. Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты.
Әзербайжан – Украинаға көрсетілген гуманитарлық көмек көлемі бойынша ТМД елдері ішінде бірінші орында. Қазіргі уақытта оның жалпы көлемі 42 миллион долларға жеткен.
Зеленскиймен сөйлескеннен кейін көп ұзамай Әзербайжан президенті Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін елдің Энергетика министрлігіне 2 миллион доллар бөлу туралы өкімге қол қойды. Бұдан бөлек, Caliber басылымы дереккөздерге сүйеніп, егер "Ресей Әзербайжан мүдделеріне қарсы агрессивті саясатын жалғастыратын болса, Баку Украинаға қару беруге қойылған тыйымды алып тастауы мүмкін" деп жазды. Caliber – Әзербайжан билігіне жақын басылымдардың бірі саналады.
Abai.kz