Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 8556 15 пікір 6 Ақпан, 2019 сағат 12:55

Әлемде теңдесі жоқ ЭКСПО өткізген елдің Астанасы неге әлі көмір жағады?

Қазақстанның бас қаласы Астанада әлі күнге газ жоқ. Көк түтінге тұншыққан қала тұрғындары жиі шағымданғанымен, әзірге нәтиже байқалмайды. Қала әкімшілігі 2017 жылы Қостанайдан газ тартылады деп жоспарлаған болатын. Бірақ, ол жоспар бекітілмеді. Одан кейін Қызылордадан Астанаға дейінгі аралықта құбыр тартуды қолға алған.  Бірақ, оған да қаржы мәселесі қол байлау болып тұрған көрінеді.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Елордаға газ жеткізу үшін үш жоба әзірленген. Бірақ, сол үшеуі де сәтсіз болыпты. Ал, соңғы мақұлданған “Сарыарқа” жобасы бойынша құбырды Астанаға дейін тартудың бірінші кезеңіне шамамен 267,3 млрд теңге жұмсалады.

2017 жылдың желтоқсан айында Астанада қою түтін бірнеше күнге жалғасып, тұрғындар дабыл қаққан болатын. Ол туралы БАҚ өкілдері жазды да. Алайда, ол көк түтіннің себебі моңғол антциклонының әсерінен деп топшылады “Казгидромед” басшысы Марина Шмидт. Яғни, антциклон кезінде атмосферада ауа ағындары алмаспағандықтан зиянды заттар жиналып, көк түтін түзілген екен. Бірақ, шын мәнінде көк түтіннің негізгі себебі - үздіксіз көмірмен пеш жағу, ағылған автокөлік екені белгілі.

Дәл осы жылы Астанада “Болашақ энергиясы” деген ұранмен Халықаралық ЭКСПО көрмесі өтті. Орасан зор оқиға деп бағаланған шараға бюджеттен 565 миллиард теңге жұмсалды. Яғни, 2,1 миллиард доллар. Оның 1,58 миллиарды Астана қаласының бюджетінен алынған. Ал, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық Компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов: «ЭКСПО-2017» көрмесі - әлі талай ұрпақтың игілігіне жарайды,- деді.

Бірақ, “Қазақстанды әлемге таныту үшін” жасалған осы шара халыққа не берді? Неге көрменің билеті қарапайым мұғалімдерге күштеп сатылды? Сыртқы имидж үшін шашылған сол миллиардтардан Астананың іргесіндегі су, жылу, отыны жоқ қарапайым қазаққа неге бір тиын бұйырмады? Қаладан қуылған қаңғыбастар мен қарапайым асханадағы қызмет көрсету құнының неге тым қымбат болғаны тағы түсініксіз. Бірақ, соған қарамай "бізді әлем таныды" деп  бөркімізді аспанға атып жүргенде, батыс баспасөзі  “Өз даму деңгейін әлемге паш етпек болған Қазақстанның салтанатты әрі қымбатқа түскен бұл талпынысы - Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесінің жұртшылықпен байланысы сәтсіз болды" деп бір ауыз сөзбен қорытынды жасады.

Түйін.

Күні кеше Астанада “времянкадан” өрт шығып, бес бүлдіршін қаза тапты. Бұл қайғыдан қазақ қоғамы әлі де ес жия алмай отыр. ІІМ министрлігі “Өрттің шығу себебі – пеш жаққанда қауіпсіздік шарасы сақталмағаннан”, - деді. Ал, әлемде теңдесі жоқ ЭКСПО өткізген елдің астанасы неге әлі пеш жағады? Қисынсыз.

Егер, “ЭКСПО” Есімов айтқандай “ұрпақ игілігіне жарайтын жоба” болса  - өртке оранған бес бүлдіршін сол игілікті неге көре алмады?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052