Ұлы Ұрлық дәуірі қашан бітеді?
2019 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы бір жарым есеге өсті. Яғни, осы уақытқа дейін 28 мың теңге алатын қызметкердің айлығы енді 42 500 теңге болған. Сәйкесінше, Ұлттық экономика министрлігі бір жылда азық-түлік тауарларының да 5,8 % өскенін мәлімдеді.
Нақтырақ айтсақ, нан өнімдері мен жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май, қант, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар мен алкогольді ішімдіктер қымбаттаған. Мәселен, құмшекердің орташа бағасы 2018 жылдың қаңтар айында 194 теңге болса, 2019 жылғы қаңтарда килограмы 240 теңгеге көтерілген. Демек, айлығыңыз қанша өссе де, бәрібір, шайлығыңыздан артылмайды.
Ал, оған пәтерақы мен банкке берешек қарызыңызды қосыңыз. Бүгінде кез-келген қазақтың басында екі-үш несие бар. Банктердің қаржылық жағдайын жақсы білетін “Бірінші кредиттік бюро” өкілдері экнономикалық ахуалдың күн сайын төмендеп бара жатқанын айтады. Олардың мәліметіне сәйкес, биыл қарапайым халықтың банктерге қарызы 6 триллионға жуықтаған. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың 92% екінші деңгейлі банктерге, 5% түрлі қаржылық ұйымдарға, 3% онлайн несие берушілерге қарыз.
Сонда, минералдық ресурстарға бай мемлекет бола тұра, халық осынша қарыз қамытын қалай киді? “Қазақстан қазба байлығы жөнінен дүние жүзіндегі ең бай он елдің қатарына кіреді” дейді ақпарат өкілдері. Олардың дерегіне сенсек, біз вольфрам, қорғасын, барий қорынан әлемде 1-орын, күміс пен мырыштан – 2-орын, марганец қорынан – 3-орын алады екенбіз. Ал, көмір мен газдан – 9-орын, мұнайдан – 13 орынды иеленіппіз. Әлі де сол тұғырда тұрмыз ба, жоқ, әлдеқашан “ұшып” кеттік пе, ол жағы әзірге белгісіз. Олай дейтініміз, осы қазба байлықтардың барлығы шет елдіктердің қолына өткені жайлы еміс-еміс ақпараттар естіп қаламыз. Әрине, ашық айтылып жатпайды. Бірақ, ата-бабасынан мұра боп қалған жер һәм ел байлығының кімге, қайда кетіп жатқаны әркімді де қызықтыратыны сөзсіз.
2005 жылы, “Апта.kz” газетінің 25-наурыз №5-6 санында “Қазақстан халқы – он бес миллион, миллиардерлер - үшеу” деген мақала шығыпты. Ол үш миллиардер – Александр Машкевич, Патох Шодиев, Алиджан Ибрагимов деген дөкейлер екен. Үшеуі де дүние жүзіндегі ең бай адамдар ретінде “Forbes” тің бетін бермейді.
Сонымен, біз осы үштік туралы аз ғана мәлімет бере кетейік:
Александр Антонұлы Машкевич – 1954 жылы Бішкекте, адвокат пен дәрігердің отбасында туған. Қазақстанға алғаш рет 1994 жылы TransWorld Group компаниясымен бірге келген. Келген бойда Қазақстан металын оңды-солды шашып, ойына келгенін істейді. Қазақстан көмірінің 70% өндіретін Екібастұз көмір кенінің “Восточный” разрезі де Александр Антонұлының меншігіне өтеді. Қой дейтін қожа болмаған соң, үш жылдың ішінде Қазақстандағы ең ірі ақша айналымына ие болады. Тіпті, Израилде шығатын “Гарец” газеті Машкевичтің сол кезде-ақ, Қазақстан байлығының үштен екісін иемденіп отырғанын жазады. Бүгінде, жылдық табысы $1.5 млрд тан кем емес. Кейбір деректерде Машкевичтің қазір Қазақстан азаматы емес екені айтылады. Яғни бар байлықты үптеп, өз еліне тайып тұрды деуге негіз бар.
Патох Каюмович Шодиев - Өзбекстанда туған. Қазақстан миллиардері. 2002 жылдың шілде айында Лакшми Миттал фирмасымен сыбайласа отырып, Қазақстанның металлургия комбинатын өз қолына біржола алады. Александр Машкевичпен іскерлік байланыста. 2011 жылы жылдық табысы – 3,7 миллард долларды құраған. Шодиев қазір Бельгия азаматтығын алған.
Алиджан Рахманович Ибрагимов – 1954 жылы Өзбекстанның Ферғана облысында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары “Невада - Семей” АҚ президенті болған. Одан соң Евразия банкі директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Ал, 2005 жылы Қазақстан алюминийінің тізгінін қолына алады. Сөйтіп, «Қазақстан алюминийі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болған. Ибрагимовтың 2018 дегі жылдық табысы – 2,3 миллард доллар. Ол бүгінде Ұлыбритания азаматтығын алған.
Түйін.
2017 жылы Швейцарияда Global Wealth Report 2017 атты әлем елдерінің байлығы туралы есеп жарияланды. Оған сәйкес, Қазақстанда ересек адамдардың жан басына шаққандағы әл-ауқат көрсеткіші 5 мың доллардан кем болған. Осылайша, Қазақстан Орталық Африка елдерімен бірге кедей мемлекеттер тізіміне кірді.
Сонда, жөргекпұлын тамағына жеткізе алмай жылаған ана мен баланың, күнін көре алмай амалсыз қылмысқа барған жастар мен жасөспірімдердің, зейнетақысын дәрісіне жеткізе алмай қиналған қарттардың обалы кімге? Сыртқа кеткен Қазақстан байлығының есебін қашан, кімнен аламыз? Машкевич, Шодиевтерді осынша тайраңдатқан кім? Жалпы, Ұлы Ұрлық дәуірі қашан бітеді?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz