Сенбі, 12 Қазан 2024
Құйылсын көшің 8748 29 пікір 20 Ақпан, 2019 сағат 09:53

Байлар табысының 1%-ын ай сайын «Отандастар» қорына аударып отыруы керек

ҚР «Атамекен»

ҰКП-ның басқарма төрағасы

А.И. Мырзахметовке

Құрметті Абылай Исабекұлы!

Сізді елуге толған мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын және Сізбен бір жылда туған төл екенімді айтып, айналама ылғи мақтанып жүрем!

Мен Тәуелсіздіктің жемісі, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі дегенде, дау жоқ, бірінші сөзді Елбасының көші-қон саясатын жолға қойған сәтінен, Қазақ көшінен  бастау керек деп есептеймін! Жай дастархан басынан бастап, мерекелік шараларда, мемлекттің тарихи шешім қабылдайтын жиналыстарында, партиялардың кезекті съезідерінде, халықаралық түс алған басқосуларда, тіпті Біріккен ұлттар ұйымының мінберінде де бірінші сөзді Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шеттегі қазақты Атажұртқа шақырып қоныстандырған еңбегінен бастау керек! Және ол сөз соның барысын басынан кешірген, игілігін көрген біздің – шеттен оралған қандастарымыздың аузымен үлкен, биік мінбелерден үнемі айтылып тұрғаны дұрыс!

Себебі, Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕЛ тәуелсіздігін жарялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі болатын!

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бір айға жуық бұрын, нақтылап айтсақ, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы №711 Қаулы шығартқан болатын.

Қаулы шығартып қана қоймай, Ел Тәуелсіздігін жариялай салып, он бес күннен кейін, яғни 1991 жылы 31 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Тұңғыш Президент салауатымен Қазақ Радиосының эфирінен Өзі сөз алып, «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» - деп, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты тарихи Жолдауын жариялады.

1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматы қаласында дүние жүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен тұңғыш құрылтай өтіп,  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оған Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланды. Аталған құрылтай қазірге дейін бес мәрте шақырылып, қазақ көшіне тың серпін берді.

1997 жылдың 13 желтоқсанында тұңғыш рет қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданып, оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойды. Аталған Заңға қазірге дейін бес мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Биыл Парламентте тағы да қайта қарауға дайындық жұмыстары жүрілуде.

Оның сыртында, «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қаулысымен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз жеңілдік қарастырылды.

Президент тапсырмасына сай, 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 Үкімет қаулысымен «Оралмандар» мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін жеті обылыс арнайы белгіленді; Сондай-ақ, тағы да Үкімет 2018 жылғы 18 мамырда №280 қаулы қабылдап, «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітіп берді...

Міне, Ұлт Көшбасшысының осы қамқорлығының арқасында Елімізге алыс-жақын шетелдерден бір жарым миллиондай қандасымыз оралды. Қазір олардың саны өсімімен екі милионға жуықтады.

Әлі де бес миллионның үстіндегі қандасымыздың Отанына орала алмай отырғанын ойласақ, көші-қон саясатының, ол саясатты жүргізіп отырған атқарушы биліктің көтерер жүгі тым ауыр екенін мөлшерлеу онша қиын емес.

Оның үстіне, этникалық қазақтардың мол шоғыры қоныстанған шығыстағы көршімізде жүріп жатқан саяси қысымды ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстың тіптен күрделі екеніне көз жеткіземіз.

Ұлт Көшбашысы жолға қойған осынау Ұлы саясатты жүзеге асыру үшін, әрине, қомақты қаржы керек!

Құдайға шүкір, «Тоқырау жылдары» деген атпен тарихқа қалған сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде мемлекет көші-қон саясатынан қаржы аяған емес. Соңғы жылдары әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың салқыны біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Соған байланысты болу керек, қазіргі таңда Үкімет тек «Оралмандар» мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған жеті обылысқа қоныстанған ағайындарға ғана бір жолғы жәрдемақы мен бір жылға дейін пәтер жалдап тұру қаражатын берумен шектеліп қалды.

Есесіне, Президент біздің өтінішімізді жерге тастамай, 2017 жылы Астанада ашылған Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Үкіметке «Отандастар қорын» құру туралы тапсырма берді.

Қарап отырсақ, әлемде ұлттық қор ашқан, сол қорға сүйеніп мемлекет құрған ұлттар бар екен. Соның бір мысалы – еврей. Еврейлердің «Көші-қон» қорының іргетасы 1846 жылы қаланған. Тұңғыш түйіндемесін жасаған кісі "өзіміздің" кәдімгі Карл Маркс. Қор құрылған тұста Израильде небары 10 мың 29 адам ғана болыпты. Израиль мемлекеті құрылған күні (1848 жыл, 14 мамыр) олардың саны осы ұлттық Қордың жебеуімен бір-ақ күнде 600 мың адамға толыққан. Қысқасы, еврейлер қор арқылы мемлекет құрды. Дүниенің түкпір-түкпірінде жүрген этникалық еврейлердің байлары мен орта таптары өз табыстарынан сол Ұлттық қорларына ақша құйып отырады. Шетелде қоныс тепкен әрбір еврей ұрпағының өмірінде бір рет сол қордың есебінен тарихи отаны Израильге барып, саяхаттап қайтуға құқығы бар.

«Қор» деп, міне, осыны айт!

Құдайға тәубе, Елбасы тапсырмасына сай, міне, ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы №644 Қаулысымен біздің де «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымыз құрылып, өз жұмысын бастады. Оған президент болып, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұртай Әбіқаев ағамыз тағайындалып, айналасына тебінді жас жігіттерді жиып жатыр.

Құрметті Абылай Исабекұлы!

 Есіңізде болса, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Үкіметке «Отандастар қорын» құру туралы тапсырма беріп жатып, «ШЕТТЕГІ ЖӘНЕ ЕЛГЕ КӨШІП КЕЛЕТІН АҒАЙЫНДЫ ҚОЛДАУ ҮШІН «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫН ҚҰРАМЫЗ. ҚАЗАҚ БИЗНЕСМЕНДЕРІН ОСЫ ҚОРҒА ӨЗ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСУҒА ШАҚЫРАМЫН!» - деген болатын.

Өкінішке орай, содан бері де екі жылдың жүзі болды, Ұлт Көшбасшысы айтқан «ҚАЗАҚ БИЗНЕСМЕНДЕРІ» жым-жырт!

Тырп еткен қимыл байқалмайды!

Үнсіз жатыр!

Неге?!

Дау жоқ, Тәуелсіздіктің, Ұлт Көшбасшысының дана саясатының арқасында елдегі капиталдың едәуір бөлігін иемденген әлеуметтік топ –   ҚАЗАҚ БУРЖУАЗИЯСЫ баяғыда қалыптасты. Оған куә – «Forbes» журналы жариялап тұратын Болат Өтемұратов, Владимир Ким, Тимур мен Динара Кұлыбаевтар және Алиджан Ибрагимов қатарлы ең бай қазақстандықтардың тізімі.

Қазақ байлары қазіргі таңда ата-бабасына ас беру, ат шаптыру, күмбез орнатудан арыға озбай келеді. Егер, «Рухани жаңғырудың» талабы осы десек, қателесеміз. Елбасы айтқан «Үшінші индустриялық революцияға» ілесіп, қазақ санасында да төңкеріс жасауымыз қажет!

Қайырымдылықтың ұлттық деңгейдегі мысалын көрсету үшін арыға бармай-ақ, Алаш Орда дәуіріне көз жүгіртсек жеткілікті.

Өткен ғасырдың басында Мақсұт тәйжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы қатарлы қазақтың алты байы ««Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом жібердік» - деп, хат жазып, Алаш көсемдеріне ақша жөнелткен. Бұл туралы «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 17 мартта шыққан №222 санында арнаулы хабар басылған (https://abai.kz/post/15273 ).

Мен осы «Отандастар қорының» құрылуына түрткі болған азамат ретінде осы айдан бастап, өз еңбекақымның 1%-ын «Отандастар» қорына аударуды бастадым (банктің түбіртегі қоса тіркелді).

Қазақ бизнесмендерінің есінде болсын, қазір қандастарымыз жабылған жала мен жағылған күйеден тазарды. Енді қазақ көші мәңгі тоқтамайды, қазақтың Қазақстаға келгені – келген! Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ!» деп шегелеп тастаған.

Былайғы жерде бізге де ұлт болып ұйысып, уақыт кетірмей, шетте қалған қазақты Атажұртына оралтудың ауыр міндеті жүктеліп отыр. Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, «Бүгін біз оларды жылытсақ, ертең өзіміз олардың жылуына жылынамыз»!

«ҚАЗАҚ БИЗНЕСМЕНДЕРІН ОСЫ ҚОРҒА ӨЗ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСУҒА ШАҚЫРАМЫН!» - деген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуіне сай, енді ҚР «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы ретінде Сіздің де қазақстандық байлардың өз табысының, кем дегенде, 1%-ын ай сайын «Отандастар» қорына аударып отыруына ықпал етуіңізді, ұлттық деңгейде үлгі көрсетуіңізді сұраймын!

«Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз» - депті ғой, жоғарыдағы Мақсұт тәйжі Сасанұлы бастаған аталарымыз.

Сол секілді, «Отандастар» қорына қол ұшын беруде, басқасы болмаса да Болат Өтемұратов пен Құлыбаевтар отбасы қол қусырып, қарап қалмас деп сенем!

Зор құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Астана

Abai.kz

 

29 пікір