Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 8987 23 пікір 27 Ақпан, 2019 сағат 14:02

Ресейдегі соңғы қазақ мектебі жабылды

Ресей Федерациясындағы соңғы қазақ мектебі жабылды. Бұл туралы белгілі блогер Айбар Азаматов инстаграм парақшасында жазған. Айтуынша, РФ ның Керей Алтай аймағындағы жалғыз қазақ мектебі былтырғы оқу жылында толығымен орыс тіліне көшкен.

Сол мектептің директоры Нұрғайша Баринованың айтуынша, бұл жағдай білім туралы Заң қабылданғаннан кейін болған. Енді Ресейдің аумағында ресми түрде бірде-бір қазақ мектебі де, балабақшасы да жоқ.

Блогердің сөзінше, 2018 жылы Қазақстанда 3.588.626 орыс ұлтының өкілі болса, ал, орыс тіліндегі мектептердің саны 1500-ге жуық болған. Ал, Ресейде, 2018 жылы 900.000 қазақ болса, енді ол жерде бірде-бір қазақ мектебі болмайтын көрінеді.

Біз бұл мәселе төңірегінде қоғам қайраткері Дос Көшім мырзаның ойын сұрап білген едік...

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Мен Ресейдегі соңғы қазақ мектебінің жабылғанын қос қолымды көтеріп қолдаймын. Себебі, ол орыс мемлекетінің өз идеологиясы бар. Ондағы тұрғындар  да орыс тілін білу керек. Сондықтан, қазақ мектебі жабылады. Және ЖОО-ларда да басқа тілден сабақ берілмейді. Бұл Германияда да бар, Францияда бар, барлық мемлекеттерде бар нәрсе. Сондықтан, оған бола ашуланудың қажеті жоқ.

Біздің ренжитініміз, өзіміз сондай қадамға бара алмай отырмыз. Бізде ешқандай автономия жоқ. Мысалы, Ресейде татарларға, башқұрттарға басқаларға өздерінің тілдері болу керек дейді. Бізде ондай жоқ қой. Бізде барлығы Мемлекеттік тілде болу керек. Сондықтан біз де барлық мектепті қазақ тіліне көшіруге тиіспіз.

Тіл негізінен отбасында сақталады. Біздегі шешендерді, ингуштарды қарасаңыз бірімен-бірі тек қана өз тілдерінде сөйлеседі. Күрттер, түріктер де солай. Олар орыс мектебінде оқиды, кейбірі қазақ мектебінде оқиды. Бірақ, өзара тек қана ана тілдерінде сөйлеседі. Бұл отбасындағы қағида. Сондықтан ол жақтағы ағайын баласына кішкентайынан қазақ екенін құлағына құйып өсірсе, тілін, мәдениетін сақтап  қалуға болады. Бұл жерде мектепке байланып қалған ештеңе жоқ.

Иә, олар да сол мемлекеттің азаматы есебінде жақсы қызмет атқарғысы келеді, бәсекелес болғысы келеді. Ол үшін орыс мектептерінде оқығандары дұрыс. Егер, болашақтарын сол елмен байланыстырып, сонда қалуға ниеттенгендер болса. Ал, "мен қазақтың азаматымын, қазақ мемлекетінде тұрамын" деп келгендер болса, әрдайым есігіміз ашық. Егер, келмейтін болса, өздерінің таңдауы, қажет болса сол жерде жүріп-ақ қазақ мәдениетін сақтап қалар. Ол - орыстың ортасы. Оны мойындауымыз керек. Қытайдағы, Өзбекстандағы, басқа жақтағы қазақтар да осыны ойлану керек.

Сондықтан бұл жерде “есің барда елің тап” деп бір-ақ нәрсе айтуға болады.

Түйін.

Қош! Дос Көшім Ресейдің қазақ мектебін жауып жатқанын қолдап отырғаны тегін емес. Саясаттанушы Ресей соңғы қазақ мектебін жабу арқылы бізге даңғыл жол салып бергенін сүйіншілеп отырғандай. Ал, Қазақстандағы 1500-ден аса орыс мектебі қашан жабылады? Кез-келген істі Ресейге қарап атқаратын біздің билік, бұл жағдайдан үлгі алар ма екен?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052