Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 16637 3 пікір 1 Наурыз, 2019 сағат 13:05

Ш.Айтматов. Мойынқұмдағы ақырзаман

Шыңғыс Айтматовтың «Плаха» романы 1986 жылы Мәскеуде шығатын «Новый мир» журналында жарияланған. Романның осы үзіндісі Серік Асылбекұлының аудармасымен «Жалын» журналының 1986 жылғы 1-ші санында жарық көрген. Ал кейін «Плаха» романын атақты жазушы, марқұм Шерхан Мұртаза «Жанпида» деген атпен аударған.   

(«Жаңғырық» («Плаха») романынан үзінді)

Таудың күнгей беткейлерін сәбидің демі секілді жеп-жеңіл, өткінші шуағымен маужыратқан ауа райы лезде құбыла қалды - мұздақтар жақтан жел тұрып, өзімен бірге алдағы қарлы түннің ызғарын байқатпай жеткізген ымырт көлеңкесі сай-салаға ұрлана кіріп келе жатты.

Төңіректе қар қалың еді. Ыстықкөлдің ұзыннан-ұзақ созылған қырқаларын осыдан екі күн бұрын табиғатың өздігінен бұрқ ете қалатын оқыс апаты - қар көшкіні басып салған болатын. Ойласаң, жаның түршігеді - қар боранының тас түнегі бейне жарық дүниені жұтып қойғандай тауды да, көкті де мүлде көрсетпей жіберді. Кейінірек бәрі тына қалды, аспан шайдай ашылды. Содан бері қар боранынан саябыр тапқан шыңдар тау-тау үрдесінге оранып, ызғарлы тыныштық құшағында оқшау меңірейіп-меңірейіп тұр.

Тек осы бір бейуақта Ұзыншат сайының бойымен ұшар бастары бұйра бұлттарға малынған Аламөңкенің қарлы асуына бет түзеген көптонналық вертолеттің сәттен сәтке зорая түскен гүрілі ғана бірте-бірте ұлғая берді де, ақыры ол тек дыбыс пен жарықтан басқаның аяғы жетпейтін қырқалар мен шыңдардың, мұздықтардың үстіне қалқып шығып, барша дүниені зор үнімен тітірентіп, көк кеңістігін толық иеленіп алды. Жартастар мен құздарға жаңғырығып зорая түскен гүрілдің алға жылжыған сайын күшейе бастағаны сондай - енді сәлден соң анадағыдай жердің сілкінгені тәрізді бір сұмдық болатын сияқтанып кетті...

Бір сәт солай болды да - ұшу бағытының бойындағы жел қаққан жалаң құздың тіп-тік құламасындағы азғантай үрдесін дыбыс толқынынан дір ете түсті де, кенет ұйыған қан секілді тоқтай қалды. Шың басындағы бірнеше салмақты тас сусылдақ құламаның бойымен төмендеген сайын ізіне шаң мен қиыршық майда тастарды ілестіре құлдилап, қызыл талмен жиде-жиденің арасындағы үрдесіндерді зеңбіректің добынша бұрқ еткізген күйі таудың етегіндегі қасқыр апанына дейін келіп жетті.

Қаншық қасқыр – Ақбөрі - жоғарыдан домаланған тастар мен сауылдаған қардан аулағырақ ыршып түсті де, серіппе секілді бүктетіле қалып, жалын күдірейткен күйі кекке суарылған отты көздері қараңғыда жарқырап, кез келген сәтте айқаса кетуге дайын пішінмен шегіншектей берді. Бірақ ол бұл жолы бекер қауіптеніп еді. Ең қорқыныштысы - жазық дала ғой: винттердің гүрілі мен автоматтан жаңбырша себелеген оқтың ысқырықтары құлағыңды тұндырып, вертолет адымыңды жаздырмай төбеңе ентелеп төніп келген кезде, одан құтылу жоқ, сол шақта өзіңнің мәңгі азапқа жаратылған бөрібасыңды сұғарға тесік таппайсың.

Тауда жағдай басқаша - мұнда барлық уақытта да қашып құтылуға, қауіп сейілгенше тығыла тұруға болады. Бұл жерде вертолет қатерлі емес, тауда вертолеттің өзіне қауіпті. Алайда қорқыныштың, оның үстіне бұрын бастан өткерген, санаңды сансыратқан қорқыныштың көзі соқыр. Көктегі вертолет жақындаған сайын қаншық басын ішіне тығып, бір уыс бола қалды да, ұлып қоя берді: қанша айтқанмен жүйкесі шыдамады - тұла бойын әлсіздік пен дүлей қорқыныш билеген Ақбөрі бейне бір сол арқылы тіпті басқаны былай қойғанда жер сілкінісі кезіндегідей жоғарыдағы тастарды домалатқан темір құбыжықты қуып тастағысы келіп, өзінің айқасқа әзір екенінің дәлелі ретінде бар жан дәрменімен тістерін кектене сақылдатты.

Қаншығының аяғы ауырлағаннан бері уақытының көбін апанда, қауіпсіз кездері қорыстың ішінде өткізіп жүрген арлан қасқыр Тасшайнар Ақбөрінің әлек-шәлегі шыға қыңсылаған үнінен оянып кетті. Жақ сүйегінің күштілігіне байланысты айналадағы қойшылар Тасшайнар атандырып жіберген ол серігін сабырға шақырғандай баяу ырылдап қойып, бейне қаншығын денесімен қорғағысы келгендей бауырымен жылжып оның жанына келді. Арланға бүйірін тақап, тығыла түскен қаншық әлде әділетсіз дүниеге, әлде өзінің бейбақ тағдырына ма - кімге екені белгісіз - шағынғандай, вертолет әлдеқашан Аламөңкенің мұз қатқан ұлы шыңдары мен бұлттарды артқа тастап, үнін өшірсе де тұла бойы қалшылдап, өзіне-өзі келе алмай қойды.

Тау мен тас ғарыш әлеміндегі жым-жырттық апаны секілденіп, аяқ астынан тым-тырыс бола қалған осы бір сәтте қаншық кенет өз бойынан, дәлірек айтқанда, пісіп жетілген аналық құрсағынан тіршілік қимылын айқын сезді. Осындай күйді Ақбөрі тұңғыш рет жортуылшылық өмірінің алғашқы айларында, бір ор қоянды бас салып, жұмарлап жатқан сәтте байқап еді - сонда да көзге көрінбейтін осындай бір тіршілік иесі оқыс қимылымен олжасын алаңсыз жәукемдеген әуейі жас қасқырды еріксіз селт еткізіп, таң қалдырған-ды. Бұл сезімнің соншалықты қызықты, әрі түсініксіз болғаны сондай - оның әлі көзге көрінбейтін жан иелерімен шала-жансар тышқанды ермек еткен мысықша ойнағысы келіп кеткен-ді. Міне, енді ол күтпеген жерден тәніндегі сол бір тіршілік иелерінің кәдімгідей үлкейіп қалғаның аңғарды - аманшылық болса, олар енді бірер аптадан соң жарық дүниеге шығуға тиіс еді. Алайда қаншық тәнінің ажырамас бір бөлшегін құрайтын ұрпақтары әзірше оның өзінен ажырағысыз еді, сондықтан да енесінің есін шығарған сұмдықты осы бір сәтте олар да белгілі бір дәрежеде - санасыз түрде болса да - өз бойларынан өткізіп жатты. Бұл олардың өздерін қаталдықпен күтіп жатқан кең дүниемен ең алғашқы, сырттай танысулары еді. Сондықтан да олар енелерінің қайғысына ортақтастығын білдіріп, іште жатып-ақ бұлқынып бақты. Қорқыныш бәріне де ортақ еді - үрей толқыны оларға енелерінің қаны арқылы берілетін.

Құрсағындағы өзінің еркінен тыс болып жатқан бүлікке құлақ тіккен Ақбөрі кәдімгідей абыржып қалды. Ол тәнінен жаратылған ұрпақты беймәлім қатерден қалайда қорғап қалуға бекінген қаншықтың жүрегі ерлік отымен тұтанып, қатты дүрсілдеп кетті. Қазір ол кіммен болса да ойланбастан айқаса кетуге әзір еді. Оның қанында табиғаттың ұрпақ қамы деп аталатын ұлы түйсігі оянды. Сонымен бірге, Ақбөрі өзінің болашақ сұршаларын – егер олар қазір қасында болса – бауырына алып алаңсыз аймалағысы, ұзақ-ұзақ емізгісі келіп кеткенін сезді. Бұл – алдағы бақытты күні бұрын түйсінушілік сезімі еді. Сондықтан да ол төсегіндегі қос қатар, бауырсақтай-бауырсақтай ірі, қызыл қоңыр емшектерінің тезірек сүтке толуын асыға күткен сезіммен бауырын жерге төсеген күйі олай-бұлай наздана керіліп алды да, әбден көңілі көншігеннен кейін апанның түкпіріндегі өзінің сүйікті сұр серісі – Тасшайнарға қарай жақындады. Ол терісі жып-жылы, ерен ірі, еңселі, әрі қайратты қасқыр еді. Қаншық жып-жылы денесін бұған еркелей сүйкеп өткен сайын қосағының бойындағы өзгерісті, тіпті оның – қатулы қабақты Тасшайнардың өзі жаратылыстың тілмен айтып беруге келмейтін бір құпия күші арқылы сезгендей болды. Кенет ол құлақтарын едірейтіп, шойындай ап-ауыр маңғал басын көтеріп алды да, алдан беймәлім бір қуаныш нышанын аңғарғандай қара қоңыр түк басқан шүңірек жанары жылтылдап, өзінің әрқашанда көгілдір көзді қаншыққа мүлтіксіз бағынуға, оны жан аямай қорғауға дайын екенін дәлелдегендей қарлығыңқы, марғау үнмен ырылдап қойып, жып-жылы, жалпақ, дымқыл тілімен Ақбараның басын, әсіресе оның жарқыраған әдемі көгілдір көздері мен тұмсығын ерекше ынталы қимылмен сүйсіне жалай бастады. Ақбара оның жалағанын ұнататын, әсіресе Тасшайнар бұнымен ойнағысы кеп, еркелік таныта түскен сайын арланның құмарлық отымен ісініп, жыланша жалаңдап шыға келген тілі одан сайын өртеніп, одан сайын шапшаң, одан сайын ептейлі бола түсетін, ал қаншық ондайда қосағын сабасына түсіру үшін өзіне осының бәрінің әсері жоқтай өп-өтірік немқұрайды кейіпке ене қалатын, сол кезде арланның тілі де өзінің әдеттегі майлы қансоқтадан кейін болатын сабырлы, дымқыл, жұмсақ қалпына түсетін.

Ақбөрі – бұл жұптың басы, ақылы, жорықтардың қолбасшысы еді, ал арлан болса оның дегенін бұлжытпайтын сенімді серігі, қайтпас қайсар зор қара күші болатын. Бөрілер жұбының бұл заңы ешқашан бұзылып көрген емес. Тек бір рет қана бұл күтпеген, тосын жағдай болды, арландарды ондаған шақырымнан шақырып алатын ылыққан ұятсыз қаншықтардың біріне ұрланып еріп кеткен бұның жұбайы үстінен бөтен ұрғашының иісін мүңкітіп, таң алдында келіп тұр.Ақбөрі мұндай сорақылықты кешіре алмады - арланды арс етіп иығынан бір қауып алды да, көпке дейін маңына жолатпай, ізінен сүмеңдетіп қойды. Бейне Тасшайнар бұған дейін мұның Құдай қосқан қосағы болмағандай-ақ, бейне оның бар-жоқтығы бұл үшін енді маңызын мүлде жойғандай-ақ арланның арттан шыққан қыңсылына да құлақ аспаған бұл содан қайтып әңгүдік немені жанына жақындатқан жоқ; ал егер ол мұның көңілін тауып, бағындыру үшін жақындамаққа батылы барса, бұл онымен күш сынасуға да әзір еді. Ақбөрінің бұл маңға басқа жақтан ауып келген осы бір бөрілер жұбының – ақылы, ал арланның бар болғаны – қара күші ғана болып жүргені кездейсоқтық емес еді.

Қазір Тасшайнардың қойнынан жылылық тауып, аздап өзіне-өзі келген Ақбөрі басына түскен бақытсыздықты бірге бөліскені үшін, сол арқылы мұның өзінің күшіне деген сенімділігін бекіте түскені үшін арланына риза еді, сондықтан да қаншық оның жанын сала аймалағанына қарсылық білдірмей, өзі де татуласқанының белгісі ретінде бірер рет жалап-жалап алды. Сонан соң шүкіршілік қылып сабасына түскен ол құрсағындағы бүлікшіл бөлтіріктерінің қылықтарын анық түсіне алмаған күйі тұла бойы сықырлап, бірте-бірте жылжып келіп қалған аязды түннің құшағында қалған апанның түкпіріне тығыла берді.

Қаншықтың үрейін ұшырған бұл күн осылайша аяқталды. Жаратылыстың мәңгілік инстіктіне бағынған ол дауыл құлатқан ағаштар мен жақпар тастың қалқасындағы ит тұмсығы батпайтын ну басқан жықпыл сайдағы осы апанды да солар үшін — қасқырлар әулетінің ертеңгі ізбасарлары үшін жер үстінде олардың да табан тірер тұрағы болуы үшін арлан екеуі әдейі іздеп тауып еді ғой.

Оның үстіне Ақбөрі мен Тасшайнар бұл төнірекке кірме болатын. Олардың сыртқы көрінісінің өзі жергілікті қоңырқай түсті ағайындарынан өзгешеленіп тұратын. Ең бірінші айырмашылық - кірмелердің төсі мен шоқтығынан басқа жерлерінің даланың ақжал қасқырларына тән күмісше жылтылдаған ақшулан түспен көмкерілгенінде еді. Әрі бой-сойы жағынан да Ыстықкөл қырқаларының қасқырларына қарағанда ақжалдар әлдеқайда ірі, еңселі болып келетін. Егер біреу-міреу Ақбөрінің жақыннан көргендей болса, еріксіз таңырқар еді - оның көздері мұздай көгілдір болатын, бұл қасқырлар әулетінде сирек, тіпті жалғыз-ақ рет кездесетін ерекшелік болуы мүмкін. Бұдан бір жыл бұрын ақжалдар бұл маңда мүлде кездеспейтін. Олар сол күйінше осы араны мекен етіп қалып қойды. Алғашында жергілікті қасқырлардың иелігінен аулақ жүруге тырысқан олар көбіне бейтарап жатқан жерлерді ғана аралап, тамақ табу үшін төменге – елді-мекендерге, сапар шегіп жүрді, бірақ, әйтеуір, қалай болғанда да жергілікті қасқырларға жолаған жоқ, өйткені көгілдір көзді Ақбара жаратылысынан тәкаппар еді, ол өзге біреулерге бағынышты болғанды ұнатпайтын.

Бәріне төреші - уақыт. Бірте-бірте ақжалдар бел ала бастады, қанды айқастарға түсіп жүріп олар да Ыстықкөл өңірінен өз еншілерін алды, енді бұлардың иелігіне ену үшін басқа қасқырлардың өзіне ойлануға тура келетін болды. Ақжалдардың Ыстықкөл өңіріндегі өмірлері осылайша сәтті басталды деуге болады, бірақ оның да өз тарихы бар еді, егер аңдар да өткенін еске түсіріп, талдай алатын болса, ақылды, әсершіл Ақбөрінің нені еске алатынын кім білсін, әйтеуір, сұңғыла қаншыктың кейде көзіне жас алып, күрсінері сөзсіз еді.

Сонау көзден бұлбұл ұшқан жерлерде – алыстағы шетсіз-шексіз далада киіктер үйіріне ойран салған бұлардың ұлы жорықтарынның ізі калды. Сексеуіл тоғайлары жапқан Мойынқұм даласын есте жоқ ескі заманнан бері мекендеп келе жатқан, өздері де сол уақыттың өзіндей көне, ашатұяқтардың түп атасы — киіктер, осы бір шабыстан шаршауды білмейтін, құбыр сықылданған кең танауларынан ауаны еркін өткізе білетін, сондықтан да азаннан қара кешке дейін жүгіргенде ентікпейтін жануарлар, ата жауы — қасқырлар қуып бергенде естері шыққан олардың бір үйірі өзіне екінші үйірді, екіншісі — үшіншісін косып ап, Мойынқұмның қырқаларының, жазықтарының, жал-жал құмдарының үстімен тасқын судай қаптағанда жер жарықтық нөсерлеткен бұршақтың астында қалғандай гуілдеп, сансыз тұяқ серіпкен шаң мен үйірлердің тер сасыған иісіне бөккен ауа құйындай ұйтқыған жылдамдықтардың рухымен тұтанып тұратын; ал киік үйірлерін қалайда сексеуілдің түбіндегі баскесер арландар құрған ажал тұзағына бұруға асыққан қасқырлар бұл кезде бауырларын жаза түсетін; тосқауыл құрып жатқан арландар құрбандықтарының көк желкесіне оқша атылып, киіктермен бірге домалаған күйі оларды тамақтарынан орып-орып жіберетін де, қан-қан тұмсықтары  қызарып, қанжілік қуғынға араласатын; алайда көбінесе қасқырлар тосқауылының қай жерде екенін байқап қалатын киіктер кейде оны айналып өтіп кететін; бөрілер онан сайын өршелене түсетін; бір-бірінен ажырағысыз үлкен бір шеңбер құрған қашқындар мен қуғыншылар қандары басына құтырына шапшып, Жаратқанның бір өзі болмаса, басқаға тоқтау бермес өмір мен өлім белдескеп ұлы жанталасқа бойындағы барын салатын; мұндай есуас шабыстың қарқынына төтеп бере алмаған, өмір сүрудің мұншалықты қатыгез түріне арналып жаратылмаған қасқырлар бірте-бірте алыстап бара жатқан құйын жарыстың артынан көзін сатқан күйі шаң қауып, құлап түсетін; егер олар бұдан кейін тірі қалса, ең болмаса киіктер секілді қаша да білмейтіи төскейінде отар-отар қойы өрген бейтаныс өлкелерге қарай қарасын батыратын, бірақ ол жақты өзі өмір сүргенді жақсы көретін, солай бола тұра басқалардың, әсіресе өзінің қол астынан аулақта, бостандықта жүретіндердің өмір сүргенін қаламайтындар - қойлардың Құдайы, сонымен бірге олардьщ кұлы - адамдар мекен ететін.

Ей, адамдар, адамдар - жартықұдайлар! Олар да Мойынқұмның киіктерін аулайтын. Әуелі астарына ат мініп, үстеріне тері, қолдарына садақ ұстай келген олар кейіннен мылтықтарын гүрсілдетіп, қиқулап, олай-бұлай шапқылайтынды шығарды, киіктер бұл кезде бұта-бұтаны паналап, сексеуіл тоғайларына барып тығылатын. Бұдан соң машинаға мінуді әдет қылған жартыкұдайлар сілесі қатқан ақбөкендерді қаскырлар секілді шеп құрып қыратын болды, ал бұдан да кейінірек вертолет дейтін құбыжық шықты, енді олар төңіректі әуелі әуеден барлап алып, сонан соң ақбөкендер қалайда қашып құтылмас үшін сағатына жүз, тіпті одан да көп шақырым жылдамдықпен үйтқыған жердегі мергендерге координаттарды дәл хабарлайтын болды. Машиналар, вертолеттер, алыстан көздейтін винтовкалар — міне, осылар – Мойынқұм тіршілігінің аяғын аспанан келтірді...

Қасқырлардың маңдайына жазған бейнетке – аң қағу жорықтарына араласа бастаған кезде көгілдір көзді Ақбөрі екі қар басқан, ал оның болашақ серігі Тасшайнар одан сәл ересектеу еді. Әуелі дүбірлі қуғынның артында қалған жаралы киіктерді талап өлтіруге машықтанған олар келе-келе қайрат пен қажыры жағынан үйірдегі тәжірибелі тарландардыц, әсіресе қартамыштардың біразын басып оза бастады. Егер бәрі бұрынғыдай жаратылыстың дегенімен бола бергенде бұлардың көп ұзамай үйір бастауы анық еді. Бірақ тағдыр бұларға күтпеғен сыйын тосты...

Жылға жыл ұқсай бермейді, сол жылы көктемде ақбөкен үйірлері қырғын төлдеді, өткен күз күйек кезінде күн жылы, жаңбыр мол болып, жер екі қайтара көктеген еді, сондықтан да ешкілердің көпшілігі жазғытұрым егіз тапты. Төлдер алдында киіктер Мойынқұмның мойны алыс жатқан ішкері құмдарына үдере көшті, бұл жерлерге қар түспеген еді, оньң үстіне қауіпсіз - шағылға тұяғы іліккен киік қасқырға қарасын да көрсетпек емес. Оның есесіне қасқырлар өздеріне тиесілі сыбағасын күз бен қысқа қарай артығымен алатын, өйткені жаңағы өсіп-өнген, көптігінен жер қайысқан үйір-үйір киіктер маусымдық көшу кезінде қайтадан жартылай шөлейт кең жазықтарға қаптайтын. Міне, сол кезде қасқырлардың құдайы береді. Тіпті шыжыған шілдеде де қасқырлар киіктерге тиіспеитін - басқалардың жыл бойғы шаруасын бас-аяғы бір жазда атқаруға тиісті балпақтар бұл кезде тыным таппай, далада ерсілі-қарсылы ағылып жатады және, Құдайға шүкір, оларды аулау да қиын емес.

Бастарына төнген қауіпті азды-көпті сезген суырлар әулеті кыпың қағады. Ауламай несі бар, терер тезектің де өз кезегі бар. Балпақты қыста таба алмайсың. Шілдеде қаскырларға әр түрлі жануарлар мен құстар, әсіресе шіл, қоректікке жарай береді, ал киіктерге жасалатын ұлы жорық күзде басталып, қыс аягына дейін созылады. Тағы да сол - терер тезектің де өз кезегі бар. Түз табиғатының акылға қонымды заңы - осылай. Монынқұмның өзімен бірге жаратылған бұл заңдылықты тек оқыс апаттар мен адамдар ғана бұза алатын...

II

Таң алдында түз әуесі біршама салқын тартып, тірі жан-жануардың тынысы кеңейе бастады - күннен-күнге сортаң даланы қуыра түскен аптапты өзімен бірге ілестіре жақындап қалған жаңа күн мен өтіп бара жатқан қапырық түннің өларасы секілденген рақаты мол бір сәт туды. Ал даланы акшылтым көгілдір мұнарға бөлеген ай бұл кезде сап-сары боп дөңгелеп, Мойынқұм үстімен жылжып бара жатты. Ешқайдан да, еш жерден де жердің шеті де, шегі де көрінбейді, болар-болмас қана бұлыңдаған көкжиек жұлдызды аспанмен жігін білдірмей жымдасып кеткен. Бұл өлі тыныштық емес еді, өйткені түзді мекендеген жан-жануарлардың жыланнан басқасы осы сәт таңғы салқыннан өлшеусіз рақат тауып, тіршілікке ұмтылып жатқан болатын. Жыңғылға қонақтаған құстар шиқылдап, қозғала бастады, түні бойы жағы талмай шыққан шегірткелер тың күшпен тынымсыз шырылға басты, маңғаздана қалған кірпілер ерсілі-қарсылы ағылып, әлі өзінің жемін - сексеуілдің шашылып қалған тұқымын жинауға кірісе қоймаған, осы жаңа ғана оянған балпақтар індерінен бастарын қылтыңдатады. Бір үлкен жалпақ бас байғыз бен оның темірқанат болып қалған бес-алты балапаны бір-бірін шықылықтай шақырып, ойнап жүр. Оларға таң алдындағы даланың басқа аңдары мен жәндіктері үн қосуда...

Киіктерді қууда өздерінің қайратын анық танытып, Мойынкұмның ең азулы көкжалдарының біріне айналған көгілдір көз Ақбөрі мен Тасшайнардың жұптық өмірінің ең алғашқы жазы басталды. Өздерінің бақыттарына қарай, - аңдардың да талайлысы, не талайсызы болады деп ұғу керек, - олардың екеуін де, Ақбөріні де, Тасшайнарды да табиғат аң қағу кезінде алдағыны болжағыштық, былайынша айтқанда, тиімді тәсілқойлық, ерен қайраттылық, найзағайдай шапшаңдылық секілді Мойынкұм түзінің жыртқыштары үшін таптырмас қасиеттермен сыйлаған еді. Осының бәрі бұл жұптың алдында қиындығы да, қызығы да мол, жаратылыстың тек жыртқыштарға ғана көзі қиятын сыйы - асау өмір күтіп тұрғандығын дәлелдейтін. Әзірше олардың  Мойынқұм даласының бірден бір толық патшасы болуына ештеңе кедергі болған жоқ, өйткені бұл өлкеге адамдардың келуі кездейсоқтық сипатқа қана ие болатын, сондықтан да бұлар әлі екіаяқтылармен бетпе-бет қалып көрмеп еді. Олар ондай оқиғаға сәл кейінірек кездеседі. Сонымен бірге қасқырлардың егер жаратылыстан алған ерекше сыйы деу артық болса, тағы бір ерекшелігі бар-ды. Ол - бұлардың да барлық басқа жан-жануар секілді алдағы күндердің қамын ойлап, босқа бас қатырмайтындығы еді. Барлығын да күні бұрын өлшеп-пішкен дана табиғат о баста жан-жануарды уакыттың мұндай артық  бейнетінен мүлде азат етіп жаратқан ғой! Алайда кейінірек  Мойынкұм тұрғындарының басына төнетін сұмдық трагедияның түп себебі осында жатқан болатын. Олардың ешқайсысының  маңдайына бұл сұмдықты күні бұрын болжау жазылмады. Мойынқұм түзіндегі тіршілік соншалықты мамыражай, өміршең болып көрінгенімен азиялық субконтинент белдеуіне орналасқан, географиялық картада шынашақтай ғана сары қоңыр бояумен белгіленген осы бір кішкентай аралды жылдан-жылға тыңнан жыртылған егіс алқаптары мен жаңа жайылымдарды игеру мақсатымен қазылып жатқан артезиан құдықтардың соңына ерген отар-отар мал, түздің шекарасымен жүріп бара жатқан дүниедегі ең ірі газ құбырларының бірінің жанынан салынып жатқан канал мен үлкен жол жан-жағынан бірте-бірте қусырып келе жатқан. Бұл - адамдардың техникамен, радиобайланыспен бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы қаруланып алып, дөңгелекті моторлармен басқа да шөл, жартылай шөлейт аймақтар секілді Мойынқұм қойнауына да күн өткен сайын тереңдеп еніп бара жатқанын дәлелдейтін және бұның өзі қазір ерлігін өзінен кейінгі ұрпағы мақтаныш тұтатын қаһарман саяхатшылар ашқан географиялық жаңалық емес, кәдімгі кім болса соның қолынан келетін қарапайым еңбек жағдайына айналғаны олардың – Мойынқұм саваннасы жан-жануарларының - ешқайсысының миына кіріп шықпайтын. Бірегей жаратылған Мойынқұм түзінің жан-жануарлары сонымен  бірге адамзат қоғамына үйреншікті құбылыстардың бәрінің де жер үстіндегі мейірімділік пен зұлымдық атаулының қайнар көзі болып табылатынын, соның бәрін қалай бұру - жақсылыққа ма, жаманшылыққа ма - ол да солардың еркінде екенін мүлде түсінбейтін. Ал адамдар ойлауды үйреніп, өздерін өздері тануға талап қылғаннан бері басын қатырып, бірақ сонда да шешуін таба алмаумен келе жатқан мәңгілік сұрақ - неліктен әрқашан дерлік зұлымдықтың мүмкіншілігі мейірімділіктен басым түсе береді деген сауал - Мойынқұмды қоныстанған тертаяқтылар мен басқа да жәндіктер үшін болса-болмасын қараңғы еді...

Адамдар ғана бас қатыруға лайық мұндай нәрселер логика бойынша Мойынқұм жан-жануарларын мазалай алмайды, өйткені олардың бойындағы инстинкт те, тәжірибе де мүлде басқа әрекеттерге арналып жаратылған. Шөлге төзімді жыңғыл мен арса-арса, тастай қатты бұтақтары арқанша ширатылған жартылай ағаш, жартылай бұта құм сексеуіл, әр түрлі қатқыл шөп, одан да гөрі арасындағы тұрқы итпен шамаластың бәрі тұнық қара судағы секілді төңірекке түгел көрінетін, өзі де айналаны түгел шола алатын, күн мен ай астында күмісше жылтылдап, шөл далада бұлыңдап тұратын ши тоғайлары жиі ұшырасатын осы бір байтақ даланың шетсіз-шексіз жазықтары мен қырқаларының есте жок ескі замандардан бері қалыптасқан тіршілігін жалпы алғанда әзірше ешкім мазалай қойған жоқ еді.

Осы өлкеде Ақбөрі мен Тасшайнардың әсіресе аңдар үшін аса маңызды болып есептелетін жұптық өмірі басталды. Сол бір есте қалған Мойынқұм көктемінде жаныңдағы сұршаларын ойнатуға алып шығуга ыңғайлы жартылай қураған жыңғыл тоғайы бар жықпыл сайдың ішіндегі сексеуіл томарының түбіндегі сол бір апанда Акбөрі бұлардың тұңғыштарын - үш бірдей бөлтірікті дүниеге әкеп еді. Әрқайсысы өз қылығын шығара бастаған бөлтіріктер ойын кезінде ұмытып кеткендерімен бірте-бірте құлақтарын қасқырша тік ұстауды, төрт аяғымен нық тұруды үйреніп келе жатты. Көп ұзамай олар да ұлылы-кішілі жорықтар кезінде ата-енесіне еретінді шығарды. Сондай жорықтардың бірі қасқырлар үшіп қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады.

Сол күні Ақбөрі бөлтіріктерін әсіресе су шайған жыралар мен жықпыл-жықпыл қолаттарын иісі еріксіз бас айналдыратын қою шөп басқан Мойынқұм даласының ең бір мойны қашық жатқан қиянына бастап шықты. Егер әлгі биік шабындықтың жұпарын сімірген күйі біраз жүгірсең, әуелі жер басып жүру дегеннің зор бақыт екенін сезген денең өз-өзінен ширап сала берер еді де, сонан соң маужырап, ұйкың келетін. Ақбөрі бұл маңды күшік кезінен білетін, жыл сайын әлгі иісі еріксіз бас айналдыратын сасық меңдуана гүлдеген кезде бір келіп қайтатын. Жол-жөнекей даланың тышқанын аулап, жүгіріп-жүгіріп денесін қыздырып алған ол содан кейін меңдуананың иісіне шала мас болған күйі қалың шалғынның арасына аунай кетіп, рақаттана маужырағанды ұнататын.

Бұл жолы олар жалғыз емес еді, өздерімен бірге іздеріне ерткен ұзын сирақтары қолайсыздау ербиген үш бөлтірігі бар. Оларды қоршаған ортаны, өз иелігін танып білуге, зерттеуге осы бастан үйрете беру керек еді. Таныстыру мақсатымен енесі бастап келген бұл ара қасқырлар иелігінің шекарасы еді, әрі қарай бөрілерге қас, жат дүние басталады, ол жақта адамдар бар, кейде сол жақтан күздің ұзақ ұлитын ызғырық желі секілденген паровоз гудоктары естілетін. Ақбөрі бұларды солай қарай бастап келе жатты.

Ақбөрінің ізімен Тасшайнар бүлкілдейді, ал күштері бойына сыймаған ерке бөлтіріктердің кейде арындап ілгері озып кететіні бар, бірақ соқпақтың алдына өзінен бұрын ешкімнің түспеуін қатаң бақылап отыратын қаншық касқыр олардың мұндай басбұзарлығына жол бермейді...

Сексеуіл мен түз жусаны жапқан дала таусылар емес, әдеттегідей Мойынқұм ауа райының бүгін де ашық, ыссы боларын аңғартқан күн бірте-бірте тас төбеге көтеріліп келеді. Ұялас қасқырлар намаздыгер шамасында межелі жерге келіп те жетті. Нағыз дер шақ — күн әлі жарық. Биыл бітік, өскелең шыққан шөп ересек қасқырлардың шоқтығынан келеді. Ыстық күнге шыжыған мендуананың көріксіз гүлдерінің иісі әсіресе шөп бітік өскен калыңдық-қалыңдықтың арасынан ерекше білінеді. Қасқырлар ұзақ жолдан соң осы араға - кішкентай сайға келіп сәл тыныс алды. Алайда тынымсыз бөлтіріктердің дем алғаннан гөрі бейтаныс жердегі көзге көрінгеннің бәрін иіскелеп, тіміскілеп олай-бұлай жүгіруі көп болды. Жолшыбай бірнеше семіз балпақ пен қоян ұстап жеп, талай құс ұясын бұзған, жырадағы бұлақтан әбден шөлін қандырған қарны тоқ, сусыны қанық бөрілер тобының осы араға түнеп шығатын түрлері бар еді, бірақ оқыс киліккен төтенше бір окиға оларға бұл араны шұғыл тастап, алды-артына қарамастан алыста қалған апандарына тұра қашуға мәжбүр етті. Олар сол күні түнімен жортты.

Күн батар алдында сасық меңдуананың иісіне шала мас боп, бұтаның көлеңкесіне қисая кеткен Ақбөрі мен Тасшайнар кенет жақын маңнан адам үнін есітті. Адамды әуелі сайдың жоғары жағында асыр салып жүрген бөлтіріктер көрген еді. Олар бұл араға ғайыптан пайда бола қалған бұл тірі жанның адам екенін аңғарған да, ұққан да жоқ. Бұтындағы лыпасы мен басындағы бір кездегі ақ, ал қазір едәуір кір басқандықтан түсін де ажырату қиындап кеткен панамасы мен жалаң аяғына сұға салған кедасынан басқа дәнеңесі жоқ тырдай жалаңаш біреу әлгі шөптердің үстімен жүгіріп келе жатты. Жүгіргені де қызық – содан бір ерекше ләззат тапқандай, әдейі биік бұталарды таңдап-таңдап секірген ол біресе алға, біресе артқа кезек-кезек секеңдейді. Бөлтіріктер әуелі не істерін білмей ауыздары аңқайды да қалды – бұндайды олардың тұңғыш көруі еді. Ал адам болса жынданып кеткендей әлі секектеумен жүр. Бірте-бірте батылдана бастаған бөлтіріктерді әуесқойлық жеңе бастады – олардың бұрын өздері ешқашан кездестірмеген мына секектеген тыр жалаңаш екі аяқты аңмен ойнағысы кеп кетті. Ең қызығы – әлгінің бөлтіріктерді көріп, кенеттен бұл араға қасқырлар қайдан пайда бола кетті деп қауіптенудің орнына бұларға еркелете қолын созып, жақындай түсуі болды.

– ОҺо, мынаны қара! – деп айқайлап жіберді  ентіге дем алған ол маңдайының терін сүртіп. – Бөлтіріктер ғой мынау! Әлде менің басым айналып тұр ма? Жоқ, өздері үшеу, кәдімгідей үлкейіп, қарақұлақтанып қалған. Аһ, менің кішкентай ғана сұршаларым! Сендер мұнда қайдан жүрсіңдер? Не істеп жүрсіңдер? Мені мұнда тағдыр айдап келді, ал сендердің мына қарғыс атқыр меңдуана басқан айдалада нелерің бар? Ал, кәне, кәне, маған келе қойыңдар, қорықпаңдар! Аһ, менің кішкентай ғана ақымақ сұршаларым!

Есі кіре қоймаған бөлтіріктер, шынында, оның еркелеткеніне еліге бастады. Адаммен жарысып ойнағысы келіп кеткен олар құйрықтарын бұлғаңдатып, солай қарай жер бауырлай жылжи бастаған, кенет Ақбөрі сайдан атылып шықты. Қаншық қас қағым сәтте жағдайдың қатерлі екенін аңғара қойған еді. Ызалана ырылдаған ол батып бара жатқан күннің қан қызыл шапағына малынған тыр жалаңаш адамға қарай ұмтылды. Сол екпінімен әлгінің тамағын, не ішін азу тісімен орып жіберудің ешқандай қиындығы жоқ еді. Ал өзіне қарай долдана ұмтылған қасқырды көзі шалып қалған адам болса, осы сәт  қорыққаннан не істерін білмей, қолымен басын қорғалаған күйі жерге отыра кетті. Оны құтқарған да осынысы болды. Оның отыра қалғанын байқап қалған Ақбөрі шешімін дереу өзгертіп жіберді. Ол бір-ақ соғып, шаруасын тындыруға болатын тыр жалаңаш, қорғансыз бейшараның  үстімен құйындата секіріп өтіп бара жатып, оның бет-жүзін, қорыққаннан шарасынан  шығып бара жатқан көзін байқап қалды, сонымен бірге адам иісін де сезді , жалт бұрылып, енді қарсы жаққа қарай үстінен тағы бір секіріп түсті. Сонан соң сол зымыраған күйі бөлтіріктерге қарай ұмтылған  Ақбөрі оларды құйрықтарының түбінен ауырта тістелеп, сайға қарай дүркірете қуып берді, жолшыбай адамды көріп, жалын дүрдитіп шыға келген Тасшайнарды да бір қауып түсіп, бәрі ұмар-жұмар боп, көзді ашып-жұмғанша сайға түсіп көрінбей кетті...

Бұны байқап қалған әлгі тыр жалаңаш дәрменсіз бейшара да қасқырлардан тұра қашты. Қорыққаннан артына қарауға да шамасы келмеген ол өкпесі өшкенше жүгіре берді, жүгіре берді...

Бұл – Ақбөрі мен оның үйірінің адамзатпен тұңғыш кездесуі еді. Ол кезде бұл кездесудің кейінірек тағы да қайталанарын кім біліпті...

Жердің таңертеңнен бері жиған мол ыстығы бетіне қайта теуіп, күн көкжиекке еңкейе бастады. Күн  мен дала – ең алғашқы өлшемдер, міне, осылар: күнге қарап даланы, далаға қарап күнді өлшейді. Ал дала аспанының биіктігін көктегі қарақұс өлшейді. Сол бір намаздыгер шақта көк жүзінде Мойынқұм даласын айналып бір топ қарақұс ұшып жүрді. Сол бір әрқашан салқын сабат болып тұратын бұлтсыз көк жүзін әрі-бері шарлап жүрген олар өздерін өздері ұмытқандай рақаттана қалықтайды. Біріне бірі тұмсық түйістіріп, шеңбер құра қалықтаған олар мынау аспан мен жердің бірлігін , мәңгілігін ишаралап, айғақтап бара жатқандай еді. Қарақұстар ешқандай дыбыс шығармайды, тек жерде не болып жатқанын қалт жібермей бақылап, төменге көз тігеді. Өздерінің ештеңені қалт жібермейтін өткір көздерінің арқасында (есіту қабілеті оларда екінші орында) түз тағыларының бәрінің  әміршісі болып алған осы бір ақсүйек, текті құстар мынау күнәһар жерге тек қоректену және түнеу үшін ғана қонатын.

Шыңырау көк жүзіндегі олардың осы сәтте үстін қадау-қадау жыңғыл мен ақ селеудей жылтыраған ши көмкерген кішкентай қыратқа аялдаған қаншық пен арланды, оның  үш бөлтірігін алақандағыдай ап-айқын көруі әбден мүмкін еді. Ыстықтан тілдері салақтап кеткен бөрілер тобы бұл кезде өздерін  аспаннан көк қырандары бақылап жүргендері қаперіне де кірместен қыраттың үстінде алаңсыз дем алып жатқан болатын. Басын көтерген күйі алдыңғы аяқтарын айқастарып алған Тасшайнар басқалардан сүйегінің ірілігімен, денесінің кесектігімен, күдірейген жалымен ерекшеленетін. Оның қасында құйрығын екі бұтының арасына қысып ап, шоқия қалған жас қаншық Ақбөрі қоладан құйған мүсінше қалшияды. Қаншықтың серпінді, сіңірлі алдыңғы аяқтары сіресе қалған. Оның ағараңдаған кеудесі мен әлі тартыла қоймаған, бірақ бұрынғыдай ісініп, салпылдап та кетпеген екі қатар емшекті сыптай іші белінің мықтылығын, денесінің жараулығын аңғартады. Ал үш бөлтірік сол маңда асыр салуда. Олардың тынымсыздығы, еркелігі, мазасыздығы ата-енесінің қаперіне де кіріп шығар емес. Арлан да, қаншық та оларға мейлі, ойнай түссін дегендей немқұрайды ғана көз тастайды...

Ал батар күннің шапағына малынған Мойынқұм даласын салқын ғана бақылаған қарақұстар болса әлі де қалықтаудан жалығар емес. Бөрілер тобынан сәл ғана қиыстау жатқан жыңғылды тоғайдың арасында  киіктер жайылып жүр. Өздері біршама. Киіктердің бұлардан да көп бір үйірі әріректе еді. Егер қарақұстар ақбөкенді аулайтын болса, онда көктен о шеті мен бұ шеті ондаған шақырым алқапты бақылай алатын олар киіктер үшін таптырмайтын қоныс болып есептелетін осы бір жартылай шөлейт аймақта түздің ең байырғы тұрғындарының жүздеп, тіпті мыңдап өріп жүретінін аңғарар еді. Кешкі аптап басылып, қараңғылық әбден қоюланған кезде киіктер түзде сирек кездесетін алыстағы суаттарға қарай беттейтін. Кейбір үйірлер қазірдің өзінде солай қарай қаптай бастады. Оларды алда ұзақ жол күтіп жатты.

Киіктердің бір үйірінің қасқырлар жатқан қыратты жақыннан жанай өткені соншалық – ағараңдаған шилердің арасынан олардың бұлт-бұлт еткен бүйірлері мен арқасы басын жерге салған кейбір текелердің мүйіздері қылтылдап көрініп бара жатты. Ауаның қарсылығын оңай жеңу үшін  бастарын төмен салып жүретін олар кез келген сәтте атыла кетуге дайын тұрады. Қауіп атаулының қай-қайсынан да қашып қана құтыла алатын киіктерді табиғаттың өзі осылай жаратқан. Көптігінің өзімен-ақ үлкен күшке айналған ақбөкендер ештеңеден үрікпегеннің өзінде талмастан бірқалыпты текіректеумен отырады, сондықтан да қасқырдан өзгеге дес бере қоймайды...

Қазір олар өздерімен бірге үйірді рухтандырған жел мен ұйытқыған шаңды ілестіріп, бұтаның тасасындағы Ақбөрі бастаған бөрілер тобының жанынан өтіп бара жатты. Бойындағы соқыр түйсіктері оянып, қандары басына шапшып шыға келген бөлтіріктер өз-өздерінен біртүрлі шамырқанып кеткендей болды. Үшеуі де тұмсықтарымен ауа тартып, дүрлігіп шыға келді – неге екенін өздері де түсінбесе де олардың ши-шидің арасымен денелері жылт-жылт етіп, ағызып бара жатқан ұлы дүрмекке қарай бас салып, тұра шапқысы келіп кетті. Алайда арлан қасқыр Тасшайнар да, қаншық қасқыр Ақбөрі де жандарынан өтіп бара жатқан үйірге екі-ақ қарғып жетуге, сөйтіп жер мен көкті шыр көбелек айналдырып, өмір мен өлім белдескен ұлы бәйгенің құйындай ұйытқыған бір бұрылысында ұшып барып олардың екі-үшеуін жер жастандыруға шамалары келсе де, қимылсыз қалды, тіпті орындарынан селт еткен жоқ. Солай болуы әбден мүмкін еді, бірақ сәті түспесе қуып жетіп ала алмай қалулары да ғажап емес-тін – ондай ондайлар да болған. Сондықтан да Ақбөрі мен Тасшайнардың қуа жөнелер түрлері көрінбеді, ал шындығында, тегін олжаның орайы келіп-ақ тұрды: киіктер үйірі бұлардан бар болғаны таяқ тастам жерден өтіп бара жатқан-ды. Бірақ бұның да өз себебі бар – олар сол күні тоқ болатын, әрі осындай жанып тұрған ыстықта желден жүйрік бөкендерді тоқ күйде қуалау қасқырлар үшін өліммен тең еді. Ал тіпті ең бастысы мұндай ұлы қуғанға бөлтіріктер әлі дайын емес болатын. Киіктерге жете алмай демі бітіп, дымы құрыған олардың біржола сағы сынып қалулары мүмкін еді, ондай жағдайда олардың енді қайтіп қуғынға зауқы соқпай, жүні жығылып қалуы ғажап емес. Қысқа қарай, үлкен қуғын кезінде сөз басқа, ол кезде үйіне жетіп, жонданып қалған бөлтіріктердің өз күштеріне көздерін жеткізуге, сөйтіп ортақ іске араластыруға болады, ал әзірше ойынды бастамай қоя тұрған абзал. Есесіне кейін қандай мереке болады десеңші!

Аңшылық құмарлығына беріліп, тықыршыған бөлтіріктерінен ығыр болған Ақбөрі әрменірек секіріп түсті де, күмістей құбылған шилердің арасымен уылдырық шашу үшін өзен бойымен өрге жүзген балықтар секілді бүйірлері бұлтылдап , суатқа қарай ағызып бара жатқан киіктердің әрбір қимылын қалт жібермеген күйі шоқиып отырып қалды. Ақбөрінің да дүниеге деген өз көзқарасы бар. Қазір оның  көздерінде  киіктер әзірше кете берсін, түпкілігінде түздегінің бәрі түзде қалады, әрнәрсенің өзінің сәті бар деген жазу тұр еді. Бөлтіріктер бұл кезде түнерген Тасшайнарды қалайда сергітуге тырысып, әкесінің мазасын алып жатқан болатын.

Ал Ақбөрі кенеттен көз алдына қар жамылған қысқы байтақ даланы елестетті – Тәңірінің бір сәтті күні таң алдында төңіректі басып салып, бір, не жарты тәуліктен соң еріп кететін алғашқы ұлпа қар үлкен қуғынның жақындап қалғанының белгісі болатын. Сол күннен бастап киіктерді қуу қасқырлардың ең басты ісіне айналады. Бір күні сол сәт те туады! Мұңайған ақ шилер мен бастары салбыраған жыңғылдардың қою бұталарын қырау көмкерген, төмендеп тұман аққан қыстың сол бір бұлыңғыр күнін қаншықтың көз алдына ап-айқын елестеткені сондай – ол бейне өзін, шынында да, аязды ауаны құшырлана сіміргендей, бейне табанындағы қап-қатты көпшіктері қар бетіне жұлдыз шоғырынша дөңгелене қалған іздерді жаңа ғана түсіріп өткендей, бұрынғыға қарағанда денелері жонданып, аяқтарының сіңірлері тарамыстана түскен бөтіріктерінің іздерін және олармен қатарласа тырнақтары құс тұмсығындай өткір, басқан жері орланып, бәрінен де терең ойылған Тасшайнардың ізін көріп тұрғандай сезініп кетті. Иә, ол – Тасшайнар – үйірдің күші, қаһары, жарқылдаған ақ алмасы, сондықтан да ол қуып жеткен киік ақ қарды өзінің қызыл қанымен бояйды, бұл жерге төрелік жүрмейді, бас қаша болуы да мүмкін емес – бұл арада күнәһар да, бейкүнә да жоқ, себебі табиғаттың өзі осы бір сұр тері жамылған тіршілік иелерін басқалардың қанын ішу үшін жаратқан, әйтпесе бұлар тіршілік ете алмайды, күнәһарды іздесең біреудің қанын біреуге ішкізетін етіп қойған Жаратқанның өзінен ізде. (Тек нанды да, етті де өз еңбегімен табатын өзіне өзі қожа болып жаратылған адамдардың жөні ғана бір басқа).

Мойынқұмның алғашқы қансонарының бойымен жосылған гүл шоғыры секілденген ірілі-ұсақты сол іздер желі ызыңдаған алқаптағы бұталардың тасасына барып тоқтайды – қасқырлар осы арада жан-жағын біраз байырқалап алғаннан кейін шепте қалатындарды тастап кетеді...

Міне, ындынды құртқан сол сағат та туады – қардың бетімен мұздақ қатқан шөптерге бауырын төсей, жермен-жексен боп еркелей ұрлана жылжыған Ақбөрі алаңсыз жайылып жүрген киіктерге қол созымдай жерге дейін жақындап барады да, көлеңкеше көлбең етіп, атылып кеп кетеді, әне, сонда қасқырлардың құдайы берді дей бер! Ақбөрінің бөлтіріктерін алғаш рет аңға қосатын сол бір сәтті айқын елестеткені сондай – өзін-өзі әзер тежеген ол еріксіз қыңсылап-қыңсылап жіберді.

Ойхой, түздегі алғашқы қансонар қандай! Ақ қардың үстіндегі қызыл қоңыр дақ секілденген киіктер өрттен үріккендей алды-артына қарамастан зымыраған кезде оларды өкшелей қуған қасқырлардың алдында Ақбөрі, одан сәл кейінірек осыдай қуғынға бола жаратылған оның үш тұңғышы, ал бір қапталында шаршау-шалдығу дегенді білмейтін, киіктерді шепте қалған қасқырларға қайыра қуып тығып, сол арқылы бөлтіріктерін аңшылыққа баулитын қайтпас қайсар Тасшайнар ағызып келе жатады. Иә, бұл шабысты ешкім де тоқтата алмайды. Қуған кезінде Ақбөріні қызықтыратын олжа ғана емес, кең даламен сұр қанатты құстай ұшқан бөрілер әулетінің аңшылықты сәтті аяқтап, әбден құмардан шығуы да... Қасқырлар өмірінің бар мән-мағынасы осында жатыр...

Бұл – қаншықтың арманы, оның жаны мен тәнін қақ жарып шарықтаған қиялы еді, кейін ол осы бір сәттер оның түсіне кіретін, жүрегін қансырай шымырлап аңсататын болады... Әлі ол талай сол армандардың төлеуі ретінде еңіз-теңізі шығып аңырайды. Барлық армандар да осы тектес емес пе – әуелі олар елес ретінде пайда болады, сонан соң санаңда тамырсыз бүр жаруға батылы барған ағаш секілді гүлдейді. Барлық армандар да осыған ұқсас...

III

Қыс Мойынқұм қойнауына да келіп жетті. Бірде бұл араның қуаң табиғатына үйлесе қоймайтын о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін қар мұхиты сол бір таңертеңгілікке білдірмей ілесіп келді де, бүткіл түзді ағартып, басып салды: шөл мен тақырлар бойына ылғал тартып, жұмсарды, жел мен қаңбаққа кеңістік тауып берген аппақ дала алыстан толқындана мұнартып, Мойынқұмды шетсіз-шексіз ғарышта ғана болатын ұлы тыныштық басты... Ал осының алдында алыстағы беймәлім теңіздер мен өзендерден сапар шеккен үйір-үйір қаздар Мойынқұм түзінің үстімен биік самғап, қаңқылдап ұшып өтті, шамасы, олар жылы  жақтағы суларға бет алса керек, егер түздегі аңдарға қанат бітсе, олар да қаздардың қоңыраудай нәзік үніне ілесіп, көзден бұлбұл ұшар еді. Алайда әрбір тіршіліктің аттап кетуге болмайтын өз шеңбері бар... Сондықтан көкте қалықтаған түз қарақұстары оларға ермей қала берді...

Ал қысқа қарай Ақбөрінің балаңдықтан қол үзе бастаған тұңғыштары кәдімгідей есейіп, әрқайсысы өзіне тән мінездерімен ерекшелене бастады. Әрине, Жаратқанның құдіретінен асып ешқайда бара алмайсың – Ақбөрі оларға адамдар секілді ат қоя алған жоқ, есесіне оларды иісіне және басқа ерекше белгілеріне қарап, бір-бірінен оңай ажырата білетін ол бөлтіріктерін кез келген кезде шақырып алатын. Мысалы, Тасшайнар секілді маңдайлы бөлтірікті Қазанбас деп атауға болатын, басқалары секілді ірі денелі ортаншысы сирақты еді, оның кейін мықты қуғаншы болатыны осы кезде-ақ белгілі бола бастаған, сондықтан да оны Желаяқ десе болғандай, ал Ақбөріден сойып қаптап қойғандай айнымай қалған ақ төбел, ұяластардың көгілдір көзді тентегі – ең кенжесі енесінің санасында Еркеш деген есімді әлдеқашан иеленген-ді. Аманшылық болса, махаббат маусымы туысымен арландардың ол үшін жан аямай қырқысары сөзсіз-ді...

Түнде байқатпай басып қалған сол бір ертеңгіліктегі ақша қар бұлар үшін күтпеген мереке болды. Әуелі апанның айналасын көміп салған беймәлім заттың түр-түсі мен иісі бөлтіріктерді едәуір абыржытып тастаған, бірақ көп ұзамай сұп-суық нәрсенің ұнағаны сондай – бірін-бірі қуып, қарға бір-бір сүңгіп шыққан олар пысқырынып-түшкірініп, әбден құмардан шыққанша асыр салды.  Маусымның аяғына қарай әрқайсысы өмірін өз бетімен бастау үшін ата мен енеден, бір-бірімен айрылысуға тиісті сол бір қыс бөлтіріктер үшін осылай басталып еді.

Кешке қарай қар тағы да жауды, ал келесі күні елең-алаң шақтың өзінде дала күндізгідей жап-жарық болып тұрды. Айналаны жым-жырт тыныштық басты, қарын ашқандығы байқалды. Қасқырлар тобы төңірекке құлақ түре бастады – аңға шығар мезгіл де таялған еді. Ақбөрі киіктерді шеп құрып, қамалап ұстау үшін басқа сыбайластар іздей бастады. Әзір ешкім белгі берер емес. Бәрі де сол белгіні ынтыға күтуде. Міне, алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанын анық елестете алмай тұрған Қазанбас бір орнында отыра алмай тыпыршиды, Желаяқ болса бәріне дайын сияқты, ал Еркеш енесінің көгілдір көздеріне шексіз берілгендікпен батыл қарайды, оның жанында үйірдің әкесі – Тасшайнар ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Бәрі де Ақбөрінің бұйрығын тосуда. Алайда одан да үлкен патша – Аштық тәңірісі патша-Құлқын бар еді. Ақбөрі орнынан тұрды да, бүлкілдей жөнелді, бұдан әрі күте беруге болмайтын. Қалғандары да оның ізінен ерді.

Бәрі де қаншықтың армандағанындай болды. Міне, көптен күткен сол сәт – қуғын сәті де туды. Арада тағы да біраз уақыт өтеді – міне, сол кезде суық пен аштық қысқан салт бастылардың бәрі қасқырлар «артеліне» бірігеді де, қыс өткенше тізе қосып қимылдайды. Бұл кезде Ақбөрі мен Тасшайнар өздерінің тұңғыштарын киіктер қуғынына салып, алғашқы сынақтан өткізіп алады.

Кейбір бұталы жерлерге келгенде бүкеңдеп, кейбір жерлерден көлеңкеше көлбеңдеп өте шығатын қасқырлар бейкүнә ақша қарға қаһарлы күш пен мызғымас тұтастықтың белгісіндей гүл шоғыры іспеттес іздерін қалдырып, біресе аяңмен, біресе текірекпен жымын білдірмей тартып келеді.

Ақбөрі кенет төңіректі байырқалау үшін бір төбешіктің басына шауып шықты да, ауадан иіс тартып, көгілдір көзін алысқа қадаған күйі қалт тұра қалды. Селдір тұманмен мұнартқан ұлы түзден ескен қыр желі қысқа қарай жеке бөлініп шығып, жаңа отарларға біріккен бір жасар текешіктер мен тушалар үйірінің иісін әкеліп тұрды. Сол жылы киіктер мол төлдеген болатын, бұл – қасқырлар үшін бөтен емес еді.

Сол шилі төбеге қаншық әдеттегідей көбірек аялдап қалды, шамасы, аңшылықты сәтті аяқтау үшін шабуылды қай жерден бастағанның қолайлы болатынын желге қарап дәл анықтау қажет болса керек. Міне, дәл осы сәтте көктен де, жерден де нөсер алдындағы найзағай дүрсіліне де , басқаға да ұқсамайтын бір ғажайып үн даланы күңіренте жөнелді. Осы бір бейтаныс үннің бірте-бірте күшейе түскені сондай – Тасшайнар шыдай алмай төбенің басына атып шықты да, жанына қаншығын ертіп, кейін шегіне берді, аспанға бірдеңе көрінді білем, көк жүзінен тұмсығын төмен иіп, жамбастай ұшқан, бұрын бұлар ешқашан кездестірмеген, даусы құлақты жаратын бір құбыжық темір құс көрінді, оның соңынан тағы да сол тәрізді шомбал бірдеңе еріп келе жатқан секілденді. Сәлден кейін олар бірте-бірте ұзап кетті де, шуыл басылды. Бұл – вертолеттер еді.

Сонымен жүзген кезде артына із қалдырмайтын балықтар секілденген екі вертолет Мойынқұм аспанын көктеп өтті. Алайда егер бұның әуе барлаушылары екенін, осы сәтте ұшқыштардың жерден не көріп, не білгенін, Мойынқұмға ендеп кіруге тиісті вездеходтар мен тіркемелі жүк машиналарының қай квадраттармен қозғалуға тиісті екендіктерін құлақтандырған ашық тексті радиохабардың эфирге шыққанын есептемегенде, олардың пайда болғанынан көкте де, жерде де ештеңе өзгерген жоқ еді...

Ал алдағыны болжай білуді Құдайы қош көрмеген қасқыр байғұстардан не сұрайсың, бір сәттік қана абыржуды бастан кешірген олар ізінше-ақ вертолеттерді мүлде естерінен шығарып, түз тағыларының басщасынан кещесіне дейін нысанаға алынып үлгерілгенін, олардың картаға, нөмірленген шаршыларға түскенін, біраздан соң бәрінің де оққа байланатынын, қысқасы, алдын ала жоспарланып, координацияланып қойылған бұл жаппай қырғынның  болмай қоймайтынын, көп ұзамай күллісінің қазірдің өзінде-ақ осылай қарай бет алған моторлар мен дөңгелектерге тиеліп, ана дүниеге аттанатындарын сезбеген күйі кең даламен киіктер жайылымына қарай жосылтып бара жатты.

Ата-бабасынан бері негізгі қорегі болып келе жатқан киіктердің ет жоспарын толтыру үшін қажет болғанын, облыстың «бесжылдықтан шыға алмай жатқанын», сондықтан да ол жақта мазасыз ахуал қалыптасқандығын, сондықтан да облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жаны қысылған біреудің Мойынқұмның ет ресурстарын толық игеру жөнінде жаңа стратегия ойлап тапқанын, мұның өзі тек ет жоспарын орындап қана қоймай, халық пен жоғарыдағы талап етуші орындардың алдында облыс абыройын да сақтап қалатындығын олар – қасқырлар – қайдан білсін. Олар – түз тағылары орталықтан облысқа: «жерден қазсаңдар да ет жоспарын орындайсыңдар, осы созғандарың да жетер, бесжылдықтың қорытындылаушы жылы халыққа не бетімізді айтамыз, жоспар қайда, ет қайда, міндеттеме қайда?» деген секілді қатаң қоңыраулар түсіп жатқанын қайдан білсін.

«Жоспарды осы тоқсанда қайтсек те орындаймыз, –деп жатты облыстық басқармадағылар. – Қосымша резервтер бар, жергілікті жердегілерді қысамыз, талап етеміз...»

Ал ойларында  дәнеңе жоқ қасқырлар бұл кезде баяғы сол Ақбөрінің бастауымен ұрлана жылжып, көздеген межелеріне жеткеннен кейін жұмсақ қардың үстімен аяқтарын сақтана басқан күйлері шабуыл алдындағы ең ақырғы тосқауылға – биік өскен ши тоғайына келіп, бұта-бұтаның түбіндегі қоңырайған төмпешіктер секілденіп, бұқпантайлай қалды. Бұл арадан төңірек алақанға салғандай айқын көрінетін еді. Бүйірлері ағараңдаған қызыл қоңыр киіктердің жер қайысқан үлкен тобы ешқандай қауіп-қатерді сезбеген күйлері тұяқтарының астындағы жас қармен жентектелген жусанды бырт-бырт үзіп, жыңғылды алқапта алаңсыз жайылып жүр. Шабуыл алдында аруақтанып, жасырынған жерлерінен бәрі бір мезгілде оқша атылу үшін – одан кейін не болатынын қуығынның өзі көрсетеді – әлі де тоса тұру керек болатын, сондықтан да Ақбөрі күтіп жатты. Төзімі таусылған жас бөрілер құйрықтарын шыдамсыздана қимыңдатып, құлақтарын жымырып алды, аузын айға білеген ұстамды Тасшайнардың да қаны басына шапты, бірақ көзіндегі отын әріге жасырған Ақбөрі әзір белгі берген жоқ – түз тағыларының ішінде жылдамдық жағынан алдына жан салмайтын киіктерді қуып жету оңай шаруа емес. Сондықтан да ең бір қолайлы сәтті күтпей болмайтын еді.

Кенет көктен түскен найзағай секілденіп, тағы да аспанда вертолеттер пайда бола кетті. Бұл жолы бұрынғысынан әлдеқайда жылдам, әрі төмен ұшқан олар ә дегеннен аяқ астынан абыр-сабыры шығып, мына темір құбыжықтан жанталаса дүркірей қашқан киіктердің ізінен салды. Аспандағы қуғынның сұмдық тез, әрі кенеттен басталғандығы сондай – көш бастар көсемдерінен де айрылған жан ұшырған киіктерді шәт-шәлекейі шығып, естерінен танды, қайткенде де осы бір бейкүнә жануарлардың көктен төнген техникаға қарсы қояр еш дәрмені жоқ еді. Вертолеттерге де керегі осы еді – дүркіреген үйірді жерге тықсыра түсіп, басып озған олар киіктердің бір тобын көршілес жатқан екінші топқа қосқан күйі Мойынқұм ақырзаманына сандаған жаңа үйірлерді айдап тығып, онсыз да дегбірлерінен адасып жан ұшыра зырқыраған, бұған дейін сұмдықтың мұндай аяусыз түрінен мүлде бейхабар жатқан түз тағыларын одан сайын естерінен тандырды. Бұл күйге түскен тек қана аша тұяқтылар ғана емес еді, мол дүрмектің ортасында олардың ата жауы – қасқырлар да бар болатын.

Вертолеттердің осы бір жан түршігерлік шабуылына куә болған Ақбөрі мен оның үйірі әуелі де қорыққандарынан ши-шидің түбіне кіріп кеткен, бірақ көпке шыдамдары жетпеген олар да іле-шала осы бір қарғыс атқан мекеннен қаша жөнелген еді. Қасқырларға басқа бір қауіпсіздеу жаққа зым-зия жоғалу керек болатын, алайда тағдыр оған жазбапты. Сәл ұзай бергендері сол еді, кенет арттарынан жерді гуілдеткен сансыз тұяқтың дүсірі естілді – вертолеттен зәре-құты қалмай қашқан киіктер құйындай құтырынып, көз ілеспейтін сұмдық жылдамдықпен бұлардың ізінен салған екен. Қасқырлар артына бұрылып та, келесі бір тұсқа сытылып та үлгере алмады, өйткені жолындағыны тірідей жайпап, қара бұлт секілді түйілген мол тасқын бұларға ентелеп жетіп-ақ қалған екен. Өздерін-өздері билеуден әлдеқашан қалған киіктердің топан суша қаптаған тобының тығыздығы сондай – егер енді бір ғана секундқа кешіккеннің өзінде олардың олардың мың сан тұяққа тапталып, мылжа-мылжасы шығатыны айдан анық еді. Қасқырлар тек сондықтан да жылдамдықтарын бәсеңдетпей, керісінше, зәрелері ұшқаннан бар жандәрменін салып, өлермендікпен тым-тырақай қаша бергеннің арқасында ғана аман қалды. Міне, олар ұлы жарыстың тұтқынында. Ешбір ақылға қонбайтын-ақ жағдай: қасқырлар өздері осыдан санаулы-ақ минуттар бұрын бұтын-бұт, қолын-қол қылып пәрше-пәршесін шығармақшы болған құрбандықтарымен бірге қашып келеді, бір-бірімен иін тірескен олардың ендігі ойы – мына ортақ апаттан қалайда аман қалу, енді олар аяусыз тағдырдың алдында бір-бірімен тең. Мұндайды – қасқырлар мен киіктердің бір-бірімен иін тіресіп қашқанын – Мойынқұм түзі бүгін тұңғыш көрді, тіпті даладағы үлкен өрт кездерінде де бұған ұқсас бірдеңе болған емес.

Ақбөрі бірнеше рет топтан сытылмақ боп атылып кетуге ниеттеніп еді, бірақ бұдан жан-жағын қаумалай зымырап келе жатқан жүздеген киіктердің тұяғының астында мыжылып қалғаннан басқаны көре алмады. Осы бр жан ұшырған дүлей жарыстың  ішінде қасқырлар тобы әзірше жұптарын жазар емес. Ақбөрі оларды көзінің қиығымен болса да бақылап қояды – әне, олар көсіле жүйткіп, бір-біріне құйрық тістесе келеді: зәресі ұшқаннан көздері шарасынан шығып кеткен Қазанбас, онан сәл кейінірек Желаяқ, ал ең артында күші кеміп, әлсірей бастаған аяулы Еркеші, онан сәл қиыстау шабысқа бойындағы барын салған Мойынқұм найзағайы – оның Тасшайнары. Қуудың орнына – қуғынға түсу, киіктерді қуудың орнына солардың ырқына құл болу – көгілдір көзді қаншықтың армандағаны осы ма еді?.. Алғашқы құрбандық Еркеш болды. Жығылып түсіп, жалғыз-ақ рет қаңқ етуге шамасы келген ол мыңдаған тұяқтардың астында мылжаланып қала берді...

Ал дүрмекті екі қапталынан қыса түскен қуғыншы вертолеттер бір-бірімен рация арқылы хабарласып, киіктер жан-жаққа бытырай қашпас үшін жылдамдықты одан сайын үдету арқылы онсыз да жаны мұрындарының ұшына тығылған жануарлардың үрейін ұшыра түседі. Шлемофоннан қуғыншылардың: «Жиырмасыншы, жиырмасыншы, естіп тұрмысың! Тықсыра түс! Әлде де баса түс!» деген әңгірлеген қырылдақ дауыстары естіледі. Ұшқыштарға жоғарыдан бәрі алақандағыдай айқын көрінеді – ақ қардың үстімен сең бұзған дариядай алас ұрған қап-қара өзен долдана жүйткіп барады. Наушникпен әлгілерге жауап қатқан көтеріңкі дауыс естілді: «Құп болады! Басамыз!.. Ха-ха-ха, ананы қара, қасқырлар да солармен бірге зытып барады. Міне, қызық, сұр серілердің өзі келіп қақпанға түсті! Енді шаруаларың бітті, ағайындар! Бұл жерге «Ну, погоди!»жүрмейді».

Алдын ала мұқият жоспарланғандай олар киіктер дүрмегін осылайша титықтата бастады. Дауылдатқан киіктер үлкен жазыққа келіп құйылғанда оларды – вертолеттер таңертеңнен бері солар үшін тырысып баққан еді – аңшылар, ал дәлірек айтқанда, өлім себушілер қарсы алды. Төбесі ашық вездеход «Уазиктерге» мінген өлім себушілер киіктерді көздеп әуре болмай-ақ, бейне шабындықтан шөп шауып жүргендей баудай түсірген күйі үйірлерді одан әрі қуа жөнелді. Олардың артынан тіркемелі жүк машиналары ілесті – тегін олжаға белшесінен батқан адамдар оққа ұшқандарды машина қорабына тией бастады. Қайдағы бір сайдың тасындай іріктелген әлуетті немелердің жаңа шаруаға тез бейімделіп алғандары сондай – жаралы киіктерді қуып жүріп түйреп, оққа ұшқандардың қан-қан ұшасын сирақтарынан ұстаған күйі ырғап-ырғап жіберіп, бірінен соң бірін борттың үстіне лақтыра бастады! Мойынқұм түзі Құдайын құрбандықпен аямай-ақ жарылқады – машина қораптарында киіктердің ұшасы тау-тау болып үйіліп қалды.

Ал қырып-жою тоқталған жоқ. Дәрмені құрып, әлсірей бастаған киіктерге машинамен кійіп-жарып жетіп барған атқыштар олардың оңын-оңына, солын-солына жайпап салып, үйір-үйір бөкендерді одан сайын естерінен тандырды. Жаппай үрейдің шарықтау шыңына шығып, ақырзамандық дәрежеге көтерілгендігі соншалық – атыстан құлағы бітіп қалған Ақбөріге бейне күллі әлем меңіреу болып қалғандай, бейне бүткіл дүние бір-ақ күнде күйреп, аяғы аспаннан келгендей көктегі күннің өзі бұлармен бірге қуғынға түсіп, үрейі ұшқан киіктерше өзіне жанталаса пана іздегендей, быт-шыты шығып қирап, жан-жаққа мыңдаған сынық сәуле боп шашырап түскендей, тіпті құдіретті вертолеттердің өзі енді бар даусынан жұрдай боп, алып қарақұстар секілді шетсіз-шексіз аспан кеңістігіне үн-түнсіз байланып қалғандай көрініп кетті... Ал «Уазиктердің» борттарына не бір тізерлеп отырып, не төрт тағандап жатып алған атқыштар қара жердің үстімен үн-түсіз құйындай ұйтқып  жүргендей, естері шыға елірген бөкендер болса көзді ашып-жұмғанша қызыл қанға боялып шыға келіп, автомашиналардан ұшқан оқтардан  үн-түнсіз омақаса түсіп жатқандай... Осы бір меңіреу үнсіз әлемнің ортасынан Ақбөрі кенет адамның бет-жүзін көрді. Қаншықтың оның бет-жүзін соншалықты жақыннан, соншалықты айқын, дәл көргені сондай үрейі ұшқан ол дөңгелектің астына түсуге аз-ақ қалды. «Уазик» дәл қасынан жанап өте берді. Оның бортынан кеудесіне дейін ғана көрініп бара жатқан адам машинаның алдыңғы жағында отыр. Басында жел қағар әйнек кіреукесі бар, жел мен жүйткіген жылдамдықтан бет-жүзі долырып кеткен оның қолындағы бүткіл даланы басына көтерген мегафоны ауық-ауық секіріп кетеді. Шамасы, ол команда беріп жатса керек, егер Ақбөрі сол сәтте айналадағы айқай-шуды есіте алса, егер оған аяқ астынан адам тілін түсінетін қабілет дарыса, онда ол бұйырушының: «Екі қапталды атыңдар! Қапталды атыңдар дейім! Ортаны атпаңдар, жаныштап кетеді. Жаныштап кетеді деймін, сайтан алғырлар!» – деп, самбырлап бара жатқанын ұққан болар еді.

Кенет әлгі қолына мегафон ұстаған адам киіктермен бірге қасқырдың, оның артынан олардың  тағы бірнешеуінің қол созым жерде қапталдаса шауып келе жатқанын байқап қалды. Ол дереу қарлыға, әлденеге өшіге айқайлаған бойы қолындағы мегафонды  тастай салып, төменнен бір винтовканы суырып алды да, оны жалма-жан білегіне асырып, оқтай бастады. Ақбөрінің ештеңеге мұршасы келіп үлгермеді, әйнек кіреукелі адам өзін көздей бастағанда да ол ештеңеге түсінген жоқ, түсінген күннің өзінде мол дүрмектің қалың ортасында келе жатқан ол тоқтай да, ешқайда жалтарып құтыла да алмас еді, ал ол болса мұны ұзақ көздеп тұрып алды, Ақбөріні құтқарған да сол еді. Аяғын бірдеңе осып кеткендей болған қаншық домалап түсті де, тұяқтарға тапталып қалмас үшін орнынан жалма-жан атып тұрды. Оның сонан соң көргені – тұңғыштарының ішіндегі ең ірісі Қазанбастың кенет әуеге атылып түсіп, қызыл қанға боялған денесін баяу қалықтатып, рабайсыз созылып кеткен аяқтары бұлғаңдап, жамбастай құлап бара жатқаны еді. Бәлкім, ол құлап бара жатып жан ұшыра ышқынған шығар, бәлкім, ол өлер алдында айдай әлемге айтар ең соңғы назасын білдіріп жар салған болар, Ақбөрі оның ешбірін естіген жоқ, тек әйнек кіреукелі адамның винтовкасын басынан асыра бұлғақтатып, секіріп-секіріп түскенін  байқап қалды, соның артынша өзі де Қазанбастың өлігінің үстінен ырғыған күйі қашып бара жатты, міне, дәл осы сәтте сансыраған санасына сыртқы дүниенің қым-қуыт шуының қайтадан дауылдай лап бергенін түйсінді: ол – қуғынның құлақ жарған айқай-шуы, тынымсыз атқыланған оқтардың ысқырықтары, автомашиналардың ащы, жабайы сигналдары, адамдардың айқайы, бөкендердің жан тәсілім етер алдындағы қырылы, төбеден төнген вертолеттердің гуілі еді. Әбден діңкесі құрыған киіктердің көпшілігі бұдан әріге шамасы келмей, тұяқтарын дәрменсіз серіпкен күйлері жүректері қанасына сыймай атқақтап, алқынып құлап түсіп жатыр.  Жинаушылар  оларды жатқан-жатқан жерінде құлаштай бауыздап, денелері дір-дір еткен жартылай өлік, жартылай тірі ұшаларды сирақтарынан алған күйлері ырғап-ырғап , қорапқа лақтыруда. Үстеріндегі киімдері бастарынан аяқтарына дейін қанға малынған бұл жандарға қараудың өзі қорқынышты еді...

Егер көкте жердегінің бәрін бақылап отыратын көз болса, Мойынқұм түзінің астаң-кестеңін шығарған осы оқиғаның куәсі болар еді, бірақ ол бұдан кейін не боларын , тағы да неменелер жоспарланып жатқанын бәрібір біле алмайтын.

Мойынқұм қуғыны қашушылар да, қуушылар да әбден титықтап, ымырт түскен кезде аяқталды. Келесі күні таңертең вертолеттердің қайта оралатынын, қуғынның қайта жалғасуға тиістілігі, бұл жұмыстың тағы да екі-үш күнге, тіпті одан да көпке созылуы мүмкін екендігі, өйткені әуеден жасалған барлаудың деректеріне қарағанда Мойынқұм түзінің батыс қойнауларында ақбөкендердің алаңсыз жатқан үйірлерінің молдығы күнібұрын есепке алынып, жоспарланып қойылған-ды. Сондықтан ресми тілмен айтқанда, өлкенің игерілмей жатқан резервтері деп аталатын бұл байлықты тезірек игеріп, жоспар айналымына қосу керек болатын. Кейбір ресми кісілердің Мойынқұм мәселесіне көзқарасы осылай еді. Бірақ әрқашан кез келген ресми шешімдердің артында тарихи даму нұсқаған өмірлік жағдайлар жатады. Ал өмірлік жағдай дегеніміздің өзі – сайып келгенде, адамдар, олардың талғамы мен  талабы, кемшіліктері мен жетістіктері алдын ала анықтауға келмейтін армандары, бойындағы рухани қайшылықтары ғой. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Мойынқұм трагедиясы да ерекше, тосын құбылыс емес еді. Сол күні Мойынқұм түзіне осы бір тағылыққа еркімен араласқандар да, еріксіз қосылғандар да түнеп шықты.

Ал бүткіл үйірден тірі қалған Ақбөрі мен Тасшайнар қайткен күнде де қанды қырғыннан қашығырақ кетіп, қарасын батыру үшін қараңғы даламен бүлкектеп бара жатты. Бірақ терілері қарын жүнінен бастап құймышағына дейін тер мен балшыққа баттасқан оларға қозғалу да оңай болып жатқан жоқ. Жараланған аяқтары күйіп қалғандай тызылдап, табандары жерге тиген сайын ауырып, жандарын қинайды. Бәрінен бұрын олар өздерінің үйреншікті апанына жетуді, сөйтіп бүгінгі бастарына төнген бәлені ұмытып, қатерден біржола құтылуды ойлап келеді.

Бірақ олардың тағы да жолы болмады. Апанға жақындап қалғанда алдарынан адамдар килікті. Сайдағы жыңғыл тоғайының бір шетінде әңкиген нән жүк машинасы тұр. Жүк машинасының жанынан адамдардың дауыстары естіледі. Қасқырлар сәл-пәл аялдап тұрды да, бұрылып алып құла түзге қарай үн-түнсіз қайта тартты. Неге екені белгісіз, дәл осы кезде қара түнді қақ жарып, машинаның шамдары парлап қоя берді, жарық қарама-қарсы жаққа түсті, алайда осының өзі-ақ жеткілікті еді. Қасқырлар басы ауған жағына қарай бар пәрменімен зыта жөнелді. Әсіресе Ақбөрінің үрейі ұшты...Әлі құрыған аяқтарын суыту үшін оған таңертеңгі қардың жұқанақтарын қуалай жүруге тура келді...Қаншықтың қарда қалған ұйпалақтаған іздері тым аянышты еді. Бөлтіріктер өлді. Артта енді қайтып оралуға болмайтын апаны қалып барады. Ол жақ енді адамдардың иелігінде...

Бір-біріне тағдыр айдап қосқан олар жүргізуші Кепаны қоса есептегенде алтау еді, бәрі де өлген аңдарды жинаушылар болатын. Пайдалы-ақ жұмыс – әр бөкеннің басына елу тиыннан төлейді, сондықтан кеше жарықта жиналып үлгере алмаған ұшаларды таңертең ертерек жөнелтіп жіберу үшін олар түзге қонып қалды. Кеше қайқайған үш машина жөнелтті. Ертеңгілік қалғандарын тиеп, үстіне кенеп жабылған тіркемелі транспорттармен Мойынқұмнан әрі асырылып жіберілуі қажет.

Сол түні ала қанат қар жапқан даланың басты көркіне айналған он бесінен толған ай төңіректі солғын сәулесімен мұнарландырып, ерте қорғалады. Ай сәулесі айналадағы бұта-бұтаны, сай-жыраларды айқын кейіптеп, құла түзді мұңлы салтанатқа бөлеп тұрды. Алайда көзге бір түрлі оғаш шалынатын айдаладағы әңкиген жүк машинасы қасқырлардың әбден үрейін ұшырды – арттарына қараған сайын құйрықтарын бұтының арасына қыса түскен олар одан әрі емпеңдей түседі. Дегенмен ауық-ауық тоқтап, адамдардың не себепті бұлардың апандарының жанына келіп тоқтағанын, мына зәрені ұшырған нән машинаның бұл арада әлі қаншалықты аялдамақшы ойы бар екенін білгісі келгендей арттарына қадала қарайды. Айтпақшы, бұл былайша айтқанда қыртыс-қыртыс  дәу  доңғалақтары жүз жылда да тозып болмайтындай көрінетін, үстін кенеппен жапқан, әскери тапсырмаларды орындауға арналған МАЗ маркалы машина еді. Ертең жөнелтілгелі тұрған қораптың ішіндегі ондаған киік ұшаларының арасында тұтқынға түскен кісіше екі қолы артына байлаулы бір адам ұшалардың мұздап ,ағашша қақия түскенін денесімен сезеді. Дегенмен оны суықтан қорғап жатқан да сол киіктердің терісі, әйтпесе олай-бұлай қозғалуға шамасы жоқ кісінің халі бұдан да мүшкіл болар еді. Ол қораптың үстін жапқан кенептің тесік-тесігінен көрінген он бесінене туған айға мағынасыз түрмен мелшие қарайды, түрі құп-қу, әрі сұмдық аянышты.

Оның ендігі тағдыры өзімен бірге басқалар секілді Мойынқұмаға пайда табу үшін келген серіктестерінің ырқында болмақ...

Адам өмірі деген ұғымның мағынасын ашу қиын-ақ. Әйтеуір, таусылмайтын адамдық қатынастар комбинациясын, тіршілікте болуы мүмкін сан алуан мінездер қақтығыстарының күрделілігі соншама – осы замандық компьютерлік жүйенің ешқайсысы ең қарапайым деген адамдық жаратылыстың өзінің жалпы сұлбасын интеграциялап бере алмас еді. Осы алтауы, ал дәлірек айтқанда, бесеуі – өйткені Кепа вездеходтың шопыры болатын, оның үстіне бұлардың ішіндегі үйлі-баранды жалғыз сол еді, алайа құлқы жағынан ол да аналардан айнымайтын – осыған, яғни Құдай жолының құпиялылығына, адамдық қатынастарды интеграциялаудың мүмкін еместігіне айқын мысал болар еді. Бұлар бір гүлдің шоғыры секілді бір-біріне өте ұқсас адамдар болатын, демек, Жаратқан оларды о баста солай болуға жазған да...

Ең алдымен, әрине, Кепадан басқасы, ұшарын жел, қонарын сай білген үй-күйсіз адамдар еді, олардың үшеуін әр қилы себептерге байланысты әйелдері тастап кеткен болатын, қалғандарының да өздерін өмірден жолы болмағандардың қатарына қосуға дәлелдер жеткілікті-тін, сондықтан да олар дүниеге қатыгездікпен ашына қарайтын. Олардың ішінде қалғандарынан өзгеше бір-ақ жан бар-ды, оның жасы бәрінен кіші, есімі Авдий еді – ертеректе осындай бір әулие болыпты-мыс – өзі Псков жақтағы бір дьяконның баласы болатын, әкесі өлген соң шіркеу қызметін жалғастыру үшін ата жолын қуып, діни семинарияға түсіпті де, екі жылдан соң діннен безген үшін одан қуылыпты. Міне,енді ол, Обердің  тілімен айтақанда, кемеде бүлік шығарғаны үшін екі қолы артына байланып, тағдырына мойын ұсынған күйінде МАЗ-дың қорабында жатыр.

Олардың бәрі барып тұрған немесе өздерінің тілімен айтқанда, маманданған маскүнемдер еді. Тек тағы да Кепаның жөні бөлектеу еді, қалай болғанда да оған шопырлық  куәлігін сақтау керек қой – әйтпесе әйелі әлдеқашан сазайын берген болар еді – алайда сол түні ол да басқалардан қалыспай, басып ішті. Тағы да ши шығарған Авдий – Авдюха болды, былайша қарағанда қай жақтағы бір қаңғыбас қой, іше салса қайтеді, жоқ тартынып болмайды, бұл Обердің оған деген жек көрушілігі мен өшпенділігін қоздыра түсті.

Обер – айтуға ыңғайлы болу үшін, ақбөкен ұшаларын жинаушыларға ол өзін осылай атауды талап етті – бұл сөз шеннің үлкендегін білдіретін, ал ол, шынында да, жұмысынан шығып қалғанға дейін әскери қылмыстыларды қайта тәрбиелеу қызметінің аға лейтенанты болып істеген еді. Оны қызметтен босатқанда Обердің жанашырлары байғұс босқа күйіп кетті, жұмысқа жанын салатын деп аһ ұрды, бастықтардың әділетсіздігіне күйінген оның өзі де бұл жайлы солай ойлайтын, бірақ ішінен әскерден қуылуының жария қылмауды жөн көретін. Иә, өткен істі қазбалаудың қажеті не. Ал Обердің шын фамилиясы Қандалов болатын, оны о баста Хандаловтан шығуы да мүмкін, алайда бұл жайында бас ауыртып жатқан ешкім жоқ – Обер деген атқа ол әбден лайық еді.

Олар өздерінің командасын «Хунта» деп атауға ұйғарды, бұл атауға әлсіздеу қарсылық білдірген бір кездердегі әртіс Гамлет – Галкин: «Жігіттер, мен осы сөзді ұнатпаймын, «хунтасы» құрысыншы. Біз сафараға аттанып бара жатқан жоқпыз ба, ендеше сафара-ақ болсын!» деп  еді, бұл ұсынысты ешкім қолдай қоймады, шамасы, дүлей «хунтаның» қасында ойнақы сафара әлсіз көрінсе керек. Міне, осы «хунтаның» екінші тұлғасы Мишка – Шабашник, немесе қысқартып айтқанда, Мишаш еді, қаталдығы жағынан ол Обердің өзінен асып кетпесе, кем түспейтін. Оның қит етсе аузынан түспейтін сөзі «бля» еді. Авдийді қолын байлап, машинаның кузовына тастау жөніндегі таптырмас идеяны ұсынушы да сол болатын, «Хунта» бұл идеяны бұлжытпай орындады.

«Хунтаның» елеусіздеу мүшесі Гамлет – Галкин бұрын бір облыстық драма театрында әртіс болыпты, кейін ішіп кеткендіктен сахнадан қуылған ол бұл күндері кездейсоқ табыстармен күн көретін, міне, енді сондай бір оңай олжаның реті келіп тұр – қайдағы бір киікті ме, ақбөкенді ме, бәрібір ғой, сирақтарынан ұстап машинаның үстіне ата бересің, сол үшін ай бойы жұмыс істегенде табатын жалақы аласың және Обердің үстеме сыйлығы тағы бар: жалпы пайданың есебінен бөлінген бір жәшік арақ бәріне ортақ. Ақырында олардың ішіндегі ең жуасы, тіл алғышы Мойынқұмның жергілікті тұрғыны, абориген Үзікбайды ауызға алған жөн болар еді. Не айтсаң да құрақ ұшып тұратын, бір шөлмек үшін Солтүстік полюске айдасаң да жүре беруге дайын абориген Үзікбайдың бойындағы тамаша қасиеті – кісіліктен, өзін-өзі сыйлаудан мүлде мақұрым болатын. Абориген Үзікбайдың қысқаша тарихы мынадай. Әуелі тракторшы болған ол кейіннен ішіп кетеді де, бір күні оның ұлы жолдың бойына иесіз тастап кеткен тракторына машина келіп соғады, адам өледі, Үзікбай екі жыл отырып шығады, бұл кезде әйелі балаларымен кетіп қалады, ал бұл болса басы артық жұмыс күші ретінде қаладан бір-ақ шығады, азық-түлік дүкендеріне жүкші боп кіріп, подъездерде ішіп жүрген жерінен осы Обер тауып алады, артына қарайлайтын ештеңесі жоқ бұл оның соңына ереді... Обер-Кандаловтың құрығынан құтылу қиын болатын – ол шынында да өте иісшіл еді.

Міне, Обер – Кандалов бастаған топ бір-бірімен осылайша табысып, Мойынқұм түзінен бір-ақ шыққан-ды...

Егер кейіннен жаңа бір оқиғалардың себепшісі болатын тағдырлар әр қилы өмірлік жағдайлар жайында айтсақ, Құдай куә ғой, семинарист Авдий оқуын тастамай, тиісті қызметіне орналасса, Обер-Кандаловтың онымен мүлде ісі болмас еді. Айта кету керек, Авдийдің семинарияда тұз-дәмдес болған жолдастары мектепте жүргенде барлық оқушылар секілді ойсыз, қамсыз балалар болғандарымен қалап алған өмір жолына түскенен кейін дьякон марқұмның ұлына қарағанда беріктік, ең бастысы икемділік танытты, сөйтіп алған діни білімдері бойынша шіркеу қызметінің баспалдақтарымен жоғары қарай табысты өрлеп келе жатты. Егер қазір олардың қатарында Авдий де болғанда – ал ол алғашқы кезде басқалардан аса қабілеттілігімен ерекшеленіп, әулие-әкелердің сүйіспеншілігіне бөлене бастаған-ды, – басқаны былай қойғанда ең болмаса әуесқойлықпен болса да шіркеудің табалдырығын аттап көрмеген және көру ойында да жоқ, поптарды уақыттың жіберіп алған қателігі деп ұғатын Обер-Кандаловтың онымен кездесе қоюы екіталай еді.

Алайда бұлай боларын кім біліпті. Егер алдын ала білсе ғой... Өзімен бірге  пайда табу үшін бір-ақ рет сапарлас болуға көндірген адамнан кім ресми анкета сұрап, басын ауыртып жатады. Бұл да коллективпен бірге картоп қазуға барып қайту секілді нәрсе. Тек картоптың орнына өлген аңдардың ұшасын жинау керек болатын... Егер осы бір іс арқылы өзінің өткенін ақтап алуға бар қабілетін жұмсаған Обер-Кандаловқа вокзалда Авдий атты қайдағы бір есалаң, нақұрыс тип кездесіп, біткелі тұрған жұмыстың шырқын кетірмегенде, ол Мойынқұм шағылдарының арасына келгеннен кейін өсітіп басын қатырып тұрар ма еді. Осыны ойлағанда қара ниетке жолды айқара ашып тастау үшін стақандардың бірінен соң бірін тоғытып, сылқита ішкісі, өзі жақсы меңгерген тәсілге салып нақұрыс неменің көкесін көзіне көрсеткісі, сөйтіп оның ақылын ендіргісі келіп кетті... Бірақ ол дәл осыдан қорықты, өйткені мұның артының қаншалықты қиын болатынын жақсы білетін...

Осы бір Авдий деген неме ойына қайдан түсті! Егер тағы да кейіннен жаңа бір оқиғалардың  себепшісі болатын тағдырлар мен өмірлік жағдайлар жайында сөз қозғасақ, онда мұның бәрі бұдан әлдеқайда бұрын, бұдан әлдеқайда алыс бір жерлерде тамыр жайып еді...

Діннен безгені үшін семинариядан қуылған Авдий ол кезде облыстық комсомол газетінің штаттан тыс қызметкері болатын. Газет редакциясы үшін оқылатын тақырыптарды жап-жақсы тауып жаза алатын бұл – керек адам болып шықты. Діннен қуылған жас жігіт дінге қарсы насихатқа таптырмайтын көрнекі құрал еді. Ал жолы болмаған семинарист те баспасөз бетінде өзінің жанына жақын адамгершілік, моральдық тақырыптарға жазылған мақалаларымен көрінуге мүдделі-тін. Газет беттеріндегі оның әдеттен тыс ойлау жүйесіне құрылған мақалалары, сөз жоқ, тек жастардың ғана емес, облыстық баспасөзді жаулап алған іш пыстыратын, құрғақ дидактикалық үндеулер мен әлеуметтік айыптаулардан мезі болған ересек оқушылардың да қызығушылығын туғызды. Әзірше екі жақ та мүдделілігін жоймай, бірін-бірі толықтырып тұрғанымен бұл діни мансабынан ерте айрылған жас жігіттің көкейінде не жатқанын жан баласы, ал дәлірек айтсақ, бір адамнан басқа ешкім білмейтін. Авдий газеттегі беделі тұрақтанғаннан кейін, әйтеуір, бір кездері, өзінің ойынша, аса көкейкесті, өмірлік маңызы зор мәселені – бұрынғы қатып-семіп қалған діни постулаттарға қарсы бағытталған өзінің осы замандық адамның Құдайға қатынасы туралы жаңашыл көзқарастарын тиімді формалар арқылы баспасөз бетіне өткізіп жіберуден үміттенетін. Оның бұл дәрменсіз, күлкілі ойының алдында бір-біріне мүлде кереғар асу бермес екі зор қамал бар еді: оның бірі – Құдай жолының тазалығын кез келген, тіпті ең ниеті түзу деген жаңа іліинен жан сала қорғайтын, уақытқа бағынбайтын, мыңдаған жылдық тарихы бар діни апалогетика да, екіншісі – дін атаулының қай-қайсысын да түбірімен жоққа шығаратын ғылыми атеизмнің құдіретті логикасы болатын. Ал Авдий бейшара болса бұл екі алыптың қасында шыбын құрлы ғана еді. Алайда оның да өз сенгені бар-ды. «Адамзаттың тарихи процестің дамуына байланысты Құдайға деген көзқарасының дамып, жетіліп отыруы» деген өз ойынан шығарған жаңа идеямен шабыттанған дінсіз Авдий Калистратов ерте ме, кеш пе, әйтеуір тағдыр оған жұрттың өз ойын өзіне қайтара ашып беруге мүмкіндік туғызады деп дәмеленетін, өйткені, оның ойынша, индустриялық дәуірдің адамдары дамудың аса бір сыншыл дәрежесіне жеткен кезде өздерінің Құдайға деген көзқарасын қайта қарап, дәлірек анықтай түсуге ұмтылады-мыс. Авдийдің бұл ойлары әлі ілім ретінде орнықпаған, даулы мәселе еді, алайда ресми дін соның өзін кешіре алмады – өзінің жаңа ілімінен бас тартпағаны үшін оны діни семинариядан қуып жіберді.

Авдий Калистратов биік ақ маңдайлы, өзінің көптеген замандастары секілді шашы иығына түскен, қалың жирен сақалы бет-жүзіне керемет жарасып тұрмаса да, үйлесімді жас жігіт еді. Иесіне өлшеусіз қуаныш сыйлаған, сонымен бірге айналасындағы жұртқа жақсылық істемек боп қанша құлшынғанмен, олардан көп жәбір шеккен оның тынымсыз ойлары мен рухына лайық адырайған қой көздері ойнақши жалтылдап тұратын...

Авдий көбінесе кереге көз көйлек, свитер, джинсы, ал суық түсе көнетоз пальто мен әкесінен қалған сақтиян құлақшынды киіп жүретін. Мойынқұм түзіне де ол осы күйінде келді.

Өзінің қорапта дәрменсіз күйде байлаулы жатуы оны сол сәтте әр қилы өкінішті ойларға жетеледі. Алайда бір шығыс ақынының  жалғыздық жайлы айтқан: «Жалғызсың мыңмен бірге жүрсең-дағы, өзіңмен өзің қалсаң тіпті жаман» деген ұмыт боп бара жатқан қанатты сөзін есіне түсірген оның жанына бұл жолы бәрінен де осы жалғыздық қатты батып жатты. Осы сәтте ол біраздан бері жүрегінің бөлшегіне айналып кеткен, жатса-тұрса ойынан кетпейтін сол бір қымбат жанға іштей болса да тіл қатпай, өзінің сыры мен мұңын соған ғана бағыштамай қала алмайтын еді, егер көңілдері аса жақын адамдардың  арасында аса бір қиын жағдайларда ерекше сезімтал телепатиялық байланыстың іске қосылатыны рас болса, сол түні әйтеуір біреудің жаманатты сезген жүрегі өзінен-өзі өрекпіп, рухы жаншылып жатуға тиіс еді..

Ақырында енді ол сол бір шығыс ақынының өз жанын өзі келеке еткен қарама-қайшылыққа толы пікірінің – қызық, осыны аузы барып қалай айтты екен, – түпкі мәнін ұққандай болды: «Шын сүюге ынтыққанның, махаббатта жолы болмасын..» Бұл не сандырақ! Ол үн-түнсіз жылап жатып, егер сол бір жанның жер басып жүргенін білмесе, егер оны жан тәсілім алдындағы адамның өмірді бар ынты-шынтығымен сүйгені секілді сүймесе, онда жанының бүйтіп қиналмасын, бүйтіп сағыныштан сарғаймасын, тұла бойын қазір орнына ұшып тұрып, ұзыннан-ұзақ шұбатылған ұлы темір жолдың бойындағы сол мекен еткен Жалпақсаз станциясына қарай кең даланы көктей өтіп жүгіре жөнелгісі, сөйтіп байтақ түздің қиян шетіндегі кішкентай аурухананың есігінің алдынан бір-ақ шыққысы, сол үйдің алдында тым болмаса жарты сағат аялдағысы келген секілді ақылға қонбайтын, есірік сезім билемесін сезіп жатты... Бірақ бұның қолынан келмесін түсінген Авдий бойындағы, бәлкім, оған ешқандай да қажеті жоқ шексіз берілгендік сезімі үшін өзін-өзі қарғады, өйткені ол осы бір азиялық қиян шетке – Мойынқұмға екінші рет сол үшін қайта оралмап па еді енді, міне, соның кесірінен осындай қорлыққа тап болды. Алайда жанын жалғыздық жабырқатқан сайын сол бір жанды бұрынғыдан да сүйе түскен, сағына түскен ол қазір өзін Құдаймен туысып кеткендей бақытты сезініп жатты және ол сол сәт Құдайдың адамға махаббат арқылы келетінін, сол арқылы пендесін мол рақымға бөлейтінін, бұл жағынан  оның мейірімінің кеңдігіне ештеңенің тең келмейтінін, сонымен бірге махаббат сезімі әркімнің жүрегіне әрқилы жолмен келіп жабысатынын түсінді. «Жаратқан аман болғай! – деп сыбырлады аспандағы айға қараған ол. Сонан соң – «Жүрегіңе махаббат кеп жабысқанда Құдайдың рақымында шек болмайтынын ол да түсінсе ғой...» – деп арман етті.

Осы кезде машинаның жанынан тықыр естілді де, біреу қақырынып-түкірініп қорапқа асыла берді. Бұл – Мишаш еді, оның артынан Кепаның басы қылтиды. Шамасы, олар біраз тастап үлгерген болу керек, арақ иісі мүңк ете түсті.

– Ал, неғып жатырсың, бля? Кәне, түрегел, сілімтік поп, Обер сені кілемге шақырып жатыр, қайта тәрбиелемекке, – деді машинаның үстіндегі киік ұшаларын апандағы аюша қорбаңдай аттап келе жатқан Мишаш.

Орыс тілінен аударған  Серік Асылбекұлы

Abai.kz

 

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3262
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584