Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әттең... 11338 18 пікір 14 Наурыз, 2019 сағат 19:49

Қарттар үйі - қазақтың шал-кемпірлері емес, Қарақұсовалар баратын орын

Айтса, тағы айтты дейді... Айтпасқа шара бар ма?! Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органының төменгі палатасы саналатын Мәжілістің ұзақ жылдан бергі депутаты Гүлжан Қарақұсова дейтін апайды екінің бірі таниды, бұл күні. Мемлекеттік тілде екі ауыз сөздің басын құрай алмай, айтқанын өзге түгілі өзі түсінбей, тіліне теріскен шыққан адамдай быдықтап жүрген депутат апайды айтамын. Міне, сол Қарақұсованы не түлен түрткенін қайдам, бүртүрлі мәлімдеме жасады.

Оның сөздерін «Tengrinews.kz», «Almaty.tv» қатарлы ақпарат құралдары таратты.  Не деді дейсіздер ғой. Қазақстанда қарттардың жатақжайын салу керек деді. Былайша айтсақ, қарттар үйін салу керек деді. Қартайған кемпір-шалдар таяқ ұстанар шағында бала-шағаға масыл болмай, қарттар үйінде жатуы керек деді. Сізге түсінікті болуы үшін ресми тілмен емес, осылай жаздық. Сөге-жамандамаңыздар...

Енді ақпаратты таратып жазайық. Бүгін Парламентте алқа-қотан жиын өткен. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова дейтін кісі де келіп қатысқан. Жиынның тақырыбы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мәселесіне арналған еді.

Сол жиында сұранып сөз алған Гүлжан Қарақұсова қарттарға арналған кооперативтер салуды ұсынды. Гүл апаның айтуынша, бұл қарттар үйі емес. Тіпті оған ұқсамайтын көрінеді. Өзі соған сенгендей, сендіргендей болып сөйледі.

Жаңағы кіші-министр Света ханым қатысқан жиында сөз сөйлеген және бір депутат Кеңес Абсатиров еді. «Ақ жол» фракциясының депутаты.

Міне, сол Абсатиров мырза министрлік өкілінен отбасының табысын есептегенде ата-әжелердің зейнетақысы есепке алынатын, я алынбайтынын сұрады.

Абсатиров пен Жақыпованың диалогы:

Светлана Жақыпова болса отбасындағы барлық кіріс көзі түгел есептелетінін мәлімдеді. Света ханымның жауабынан соң, қайта сөз алған депутат Абсатиров мұның дұрыс емес екенін айтты. Тіпті ашуланды да. Міне, екеу ара сөзталқыдан үзінді:

Вице-министр: - Егер жақын туыстар бір шаңырақта тұрса онда олардың барлығының табысы есепке алынатын болады.

Депутат: - Егер есепке алынса, онда не үшін өмір бойы баласын баққан қариялар немерелерін де өзімен бірге сүйреуі керек? Демек, сіздер қарияларды үйден қуып шығуға итермелеп отырсыздар ғой...

Қарақұсованың кооперативі:

Дәл осы мәселеге қатысты пікірді Гүлжан Қарақұсова да айтты. Депутат Қарақұсова зейнеткерлер балаларға масыл болмай бөлек шығу керек деп есептейді екен.

- Ешқайда қуудың қажеті жоқ, біз қарияларға арналған үйлер салуымыз керек, ертең қартайғанда өзіміз балаларға кедергі келтірмей сол жерге барып тұрамыз. Ол қазіргідей қарттар үйі сияқты емес, өзіміздің жеке кооператив болады.

Енді бірнеше жылдан кейін көресіздер, Татьяна Михайловна да (қаржы вице-министрі), Татьяна Ивановна да (Мәжіліс депутаты), мен де сол жерге барып тұрамыз, - деді Гүлжан Қарақұсова.

Сөзін бұрмалады демеңіздер, орыс тіліндегі сөзі мінекей:

«Зачем выгонять? Надо строить нам дома, куда мы в старости пойдем, не мешать детям жить. Это не дома для престарелых. Это наши личные кооперативы. Вот еще несколько лет - и с Татьяной Михайловной (вице-министр финансов Савельева. - Прим.) и Татьяной Ивановной (депутат Мажилиса Яковлева. - Прим.) построим, чтобы детям не мешать, уйдем туда жить на свои доходы».

Тақырыпты талқылау:

Енді әділдігін өздеріңіз айтыңыздаршы, құрметті оқырман! Гүлжан Қарақұсованың айтып отырған кооперативі қарттар үйі емей не?

Ақ сақалды, ақ самайлы, сары тісті болып, әр тайып, бел майысар уағында бала-шаға, немере-шөберенің қызығына қуанып отырар қарияларды қазақта жоқ қайдағы бір кооперативке жөнелтіп жіберуді басқаша қалай атауға болады?

Қанша жерден ақтап алайық десек те, Қарақұсова ұсынған кооператив - аты басқа болғанымен, заты сол – қарттар үйі. Қарақұсова өзі айтқан Михайловна, Ивановналарымен бірге тұрғысы келетін, тұруды мақсат ететін қарттар кооперативі қазаққа керек пе өзі?

«Енді бірнеше жылдан соң... мен де сол жерге барып тұрамын». Бұл Қарақұсованың өз сөзі. Гүл апаның өзі «бірнеше жыл» деп ұзартып сөйлегенімен, ол кісі зейнет жасына баяғыда-ақ, толып қойған. Мәжілістегі геронтакрат депутаттардың бірі.

Жалпы, Қарақұсованың саясаттағы сұлбасын түзудің өзі артық. Ол туралы, оның «хит» сөздері туралы бұқаралық ақпаратта жүздеген, мыңдаған мақала, сараптама, әжуа, кекесін жетіп артылады.

Гүлжан апа не айтса да «хит», қазір. Рас, жетпіске жеткенінде ақылы кіріп, ана тілін, қазақ тілін үйренуге талпыныс жасады. Тілі келмесе де, тырысты. Екі ауыз сөзді ежіктеп болсын сөйлейді. Сөйлеймін деп жұрттың күлкісіне қалды. Гүл апа сонда да қайтпады. Келесі жолы тағы да қазақша сөйлеуге тырысты. Оның қартайған шағындағы құлшынысын жақсыға жорып, «Қарақұсованың қазақшасына күлмейік» дегендер де болды. Жасыратыны жоқ, біз де сол пікірде болдық.

Тақырыпқа тұздық:

Тақырыпқа тұздық ретінде ол кісі туралы аз-кем ақпар бере кеткенді жөн көрдік. Бәлкім, қарттар кооперативін салайық деген ұсынысты айтуға бұл факторлардың да ықпалы болуы мүмкін ғой...

Гүлжан Қарақұсова биыл 69 жаста. Мәжіліс депутаты. Экономист. Ғылым докторы. Профессор.

Сенатта да депутаттыққа тағайындалды.  Жалпы депутаттық қызметіне биыл 16 жыл. 1994 жылдан бері Президент Назарбаевтың қасында жүр.

Айтпақшы, Гүлжан Қарақұсова 2001-2007 жылдар аралығында Еңбек министрі болған. Жаңағы кооперативті салар болса, неге сол кезде салмады екен? Ол осыдан 18 жыл бұрын ғой. Бәлкім ол кезде күш қайратының әлі 20 жылға жететініне бек сенімді болған шығар. Ал қазір ше? Қазір жасы 70-ке жетіп қалды. Енді ол кісіге саяси қызмет қызық емес. Қарттықты, қариялықты, қариялық өмірін ойлай бастаса керек...

Гүл апа 3 бала, 8 немере сүйіп отырған әже. Сойына сүйкенейік деген ойымыз жоқ. Ақпарат қой, біле жүріңіз...Бір баласы Қарақұсова Фархад Сергеевич. Биыл 48 жаста. Бір баласы Романов Роман Сергеевич. Биыл 43-те. Үшіншісі қыз бала. Қарақұсова Дана Сергеевна биыл 35 жаста.

Осы үшеуінің, немесе сегіз немересінің бірінің қолына сыймаса сыймайтын да шығар. Қайын жұртының салтымен жаңағы өзі айтқан кооперативке Михайловна, Ивановналармен қолтықтасып барып қонжиятын да шығар.

Қарақұсова қалаған қарттар үйіне қазақтың қарияларын жетектеп апаруды – ақылдың шеңберіне сыйғыза алмадық.

Депутат Гүлжан апаның отбасылық жағдайының қалай екенін қайдам, әйтеуір ауылдағы қой баққан қазақтың да, қаладағы ой баққан қазақтың да ата-апалары қара шаңырақта отыруы тиіс!

Жасырмаймыз, қазір қарттар үйінде ұлты қазақ ата-апалардың бары, кейбір өңірлерде олардың қарасы көбейе бастағаны шындық.

Ал осындай сорақылықпен күресудің жолын, қарттар үйінің жабылуын ұсынуы тиіс депутаттың керісінше, «мен ертең сол жақта тұрамын» деп мақтанышпен айтуы – мың жерден релистік көзқарас болғанымен, салтқа қайшы, тәрбиеге теріс сөз.

Қазақ қашаннан қарттарды қадірлеп өскен ел. Қазақтың салтында киелі орын – төр болса, сол төр – қарттардың орны саналған. Қазақ «қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді, Қарақұсова ханым! Сіз сөйлейтін ағылшын тілінде, сіздің қайын жұртыңыз сөйлейтін орыс тілінде жоқ сөз, бұл! Жаңағыдай ұсынысты айтуыңыз сондықтан болар... Білмесеңіз, біле жүріңіз!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627