Сенбі, 8 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 96922. Жазылғандар — 70680. Қайтыс болғандар — 1058
Саңлақ 2178 1 пікір 26 Наурыз, 2019 сағат 10:59

АҚШ санкциясына іліккен өзбек кәсіпкері АIBA президенті қызметінен кетті

Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенті Гафур Рахимов қызметінен кетіп, оның орнына Африка бокс конфедерациясы (AFBC) басшысы Мохамед Мустасан тағайындалды. 

Мохамед Мустасан AIBA-ны уақытша басқарады.

AIBA басшылығына үлкен дау-дамаймен келген өзбекстандық кәсіпкер жұма күні ұйымның президентіндік өкілеттігін уақытша тоқтатты. Ал сенбі күні өткен AIBA Атқарушы комитетінің отырысында ұйымның бес вице-президенттің ішіндегі бірден-бір кандидат Мустасан президенттің міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Гафур Рахимов AIBA президенттік қызметіне аталған ұйымның өткен жылы 3 қарашада Мәскеуде өткен конгресінде сайланған болатын. 134 ел дауыс берген сайлауда өзбекстандықтың кандидатурасын 86 елден қолдаған. Ал Қазақстан өкілі Серік Қонақбаевқа 48 ел дауыс берген.

Алайда Халықаралық олимпиада комитеті бұл тағайындалудан соң бірден AIBA-мен қарым-қатынасын тоқтатты. Өйткені, Гафур Рахимов АҚШ қаржы министрлігінің тізімінде халықаралық қылмыстық топтың негізін қалаушысы ретінде тұр.

ХОК Гафур Рахимов президенттікке сайланса, бокстың олимпиада бағдарламасынан алынуы мүмкін екенін ескерткен. Артынша 2020 жылғы Токио олимпиадасына боксшыларды іріктеуді тоқтатты.

Ал Ғафур Рахимов өзіне тағылған айыптың барлығы «саясат» екенін айтып, мойындамай отыр.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

1 пікір