Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 21235 29 пікір 26 Наурыз, 2019 сағат 14:41

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дат

Академиктің қазақ елін тығырықтан шығару туралы қазақстан халқына, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа ДАТЫ!

Тағдырлы мәселенің бір шегі болады. Егемендік алғалы бері Елбасына,  Үкіметке 40 жуық елімізді дағдарыстан қалай шығарамыз, дамытамыз деп ұсыныс хаттар жазған екем. Олардың біразы іске асса, көбісі өз кезегін күтуде, себептері белгілі. Жағдай кейінгі кезде өте күрделеніп кеткен соң 2018-2019 жж. хатпен бірге біраз жобаларды да ұсындым. Олар «Жас Алаш» газетінің № 85,84/2018, 1/2019, №21/2019  шықты. Өкінішке орай әдеттегідей Үкіметтен бұл жобаларды ескерерміз деген сияқты мардымсыз жауап алдым. Көңілдің қалғаны соншалықты бұл хатта халқыма, Елбасына деген «датымды» жазып отырмын.

Кеше ғана Елбасы еліміздегі мүшкіл жағдайды айтып өтпелі кезеңге дұрыс шешім қабылдады.

1. Әлемдегі жағдай.

Қазір әлем астаң-кестең, ертең не боларын білу қиын. Ең өзектісі – дағдарыстан қалай шығу, ғаламдық теріс өзгерістерден адамзатты қалай құтқару? Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су, азық-түліктің жетіспеуі, әлеуметтік-экономикалық және саяси қақтығыстар, қару-жарақтың есепсіз көбеюі, жасанды интеллектің қару-жарақты пайдалануға деген мүмкіндіктерінің артуы т.б. теріс үдерістер. Оның үлкен себебінің бірі – әлемнің экономикасын трансұлттық компаниялардың (кейбір мемлекеттердің билік басшыларын пайдалану арқылы) басқаруында, шексіз тұтыну қоғамына айналдыруында. Бізді осылардан құтқаратын бір-ақ нәрсе, ол – адамның адамгершілігі, сезімталдығы, ғылымның бар жетістігін тек ізгілікке, өркениеттілікке пайдаланып азаматтық қоғам құру. Егер дер кезінде кіріспесек, онда біз «бифуркация» нүктесінен өтіп кетіп, бүкіл әлем келмеске кетуіміз мүмкін. Осы туралы ойларымды мен уақытысында G7, G20, БҰҰ, ЕО басшыларына жіберген болатынмын. Сырт бұзылды, ал енді өтпелі кезеңде іштегі ынтымақты қалай сақтап дамимыз? Жоқ, әлде, кейбір ТМД елдері сияқты қырғи қабақ болмауға өресіміз жете ме?

2. Біздегі жағдай.

Қазақстан егеменді ел болғалы 28-ші жыл. «Ә» дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі, шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей, біз бюрократиялық - олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норвегияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Себебі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, жаңа технология мен кадр дайындап, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды қатаң орындады.

Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр т.б. Халық оны ұмытпайды! Менің КСРО спорт шебері ретінде айтарым, спортта жетістіктерімізбен қатар әттеген-айымыз да жетеді. Мысалы, әлемдік деңгейдегі спортшыларымыздың «допинг»-ке түсуін неге мойындамаймыз. Бұқаралық спорттың нашарлығы, әлемдік деңгейдегі күрес мектебінің  төмендеп кетуі,  т.б. соңы қазақтың туын әлемдік деңгейде көтерген Д.Теннің өлімімен жалғасты.

Бұларға бір-ақ мысал келтірсек жеткілікті. Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтап тұрғаны соншалықты, оның ішінде бұрынғы премьер-министр, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері т.б. жеткілікті. Тіпті бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін көрсетеді. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтардың да дер кезінде осыған тоқтау жасай алмағандығында десе де болады. Бар шындықты қорықпай басып айтатын баяғы Бұхар жырау, Махамбет сияқты батыр, билеріміздің, Алаш ұлдарының көрінбегені өкінішті-ақ. Екінші жағынан шындық үшін бас көтергенді қағып тастайтын биліктің таяғы тағы бар. Бұл да біздің 70 жыл бойы Кеңес дәуірінің қылышының астында болғандығымыздан арыла алмай жатқандығымызды көрсетеді. Өз мінін көре алмаған халықтың өркениетке ұмтыла алмайтынын түсінген жөн.

Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары белгісіз. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральді тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ, оны көршілерден де көрдік емес пе?!

Біздің тағы бір үлкен кедергіміз ол – жаһандық интернет, цифрлы жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады.  Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек.  Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқан жастардың отанына келмеу себебін несіне жасырамыз. Халқымыздың келешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талантты жастар ауылдан келуші еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын. Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр? Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсы бірін айтасың? Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін. Мұндай жар жағалай жүріс өте қауіпті. Осылардың бәрін кім шешеді? «Әрине Құдай емес, хан емес, не батыр емес!». Ол үшін әр адамның, жалпы қоғамның білім мен біліктілігі елдегі мәселені эволюциялық жолмен шешуге даярлығы керек.

3. Өтпелі кезеңде тығырықтан шығудың жолы.

Түпкі саяси мәселе, енді қалай мемлекетті жаңаша басқаруда. Әлемде болып жатқан теріс өзгерістермен қатар дағдарыстың үдеуі, Ресейге салынған санкция т.б. экономикалық толқулар, мұнай мен газ, қазба байлықтар бағасының құбылмалылығы, т.б. келеңсіздіктерден, келе жатқан нәубаттан елімізді қалай аман-есен алып шығамыз?

Ардақты ағайын, қара орман халқым! Біз халықтың басым көпшілігі 28 жыл бойы тек «шықпа жаным, шықпа» деп күнкөріс үшін өмір сүріп келдік. Ал енді болса «ештен кеш жақсы демекші» қыруар байлығымызды халқымыздың игілігі үшін жаратып, жақсы өмір сүру үшін риясыз қызмет етуіміз қажет. Ол үшін қазіргі жүйені өзгертіп, түбегейлі реформаға баруымыз керек. Осындай ойлар халық арасында айтылуда. Мемлекетті 5-тік спиралмен жаңаша басқару жобасы халыққа және Елбасына жазған ұсыныстарымда кеңінен көрсетілген (Жас Алаш №1, 9 қаңтар 2019). Платон да өз короліне диктатураның қауіпті екенін айтып, жаңа жол көрсетпекші болып соңғы бар күшін салды. Әрине мен Платон емеспін, туған елімнен басқа баратын жерім де жоқ. Еліміздің бір азаматы ретінде неден бастау керек деген сұраққа бүгін шешуге болатын қысқаша екі маңызды ұсынысқа тоқталайын:

Бірінші, ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз пәрменімен Мемлекеттік Ұлттық келісім Кеңесін (Ұлттық Кеңес) құрып, транзитті билікті беру механизмін көрсетіп, тығырықтан шығу жолын жасап, халықпен ақылдасуы, санасуы керек.

Ұлттық келісім кеңесі тығырықтан шығу іс-шарасын қабылдап, оны Конституциялық реформадан бастап, Мемлекетті жаңаша басқару жүйесін халыққа жария етуі керек. Елді жаңа өркениетке бастау мақсатында барлық аймақтардан аса білімді, зиялы азаматтарды, бизнес және өндіріс өкілдері мен ынталы жастарды Ұлттық Кеңесте басын біріктіре алсақ, Қазақстан жаңа даму деңгейіне шығады. Мемлекеттік Ұлттык Кеңес халық арасынан «Жаңа рухтағы халық өкілдері тобын» кұруы керек.

Бұл жерде Ұлттық кеңесті қалай жасаймыз, әдеттегідей оларды билік жасақтай ма? деген сұрақ тууы мүмкін. Мен, Парламенттің 4 рет депутаты ретінде еске салатыным, Жоғарғы Кеңестің бірінші (12 шақырылым) сайлауында (1990 ж.) өте демократиялық ашық, шын сайлау болды. Міне сол тетікті пайдалану керек. Халықтың сенімін қайтару керек. Мысалы әр 100 мың сайлаушы халықтан  ұлттық кеңеске 1 мүше сайланса, оған қосымша ассамблеядан 10 адам. Осы 100 халық қалаулыларына елді бұзып-жармай транзитті билікті беру мақсатын Қазақстан халқы аманат етуі керек.  Ол үшін Ұлттық Кеңес мемлекетіміздің саяси және қоғамдық дамуының Ұлттық басымдықтарын жасау керек, ынтымақ пен бірлікті күшейту қажет.

Ұлттық келісім кеңесі өз функциясын, регламентін қабылдауы керек және оның негізгі шешетін мәселелері:

*Мемлекетті басқару билігін транзитті жолмен беру тетігін жасау;

*Үш биліктің (заң шығарушы, атқарушы, сот жүйесі) функциясының тепе-теңдігін сақтау;

*Конституцияда шегеленген адам құқығы, сөз, ақпарат, жиналыс т.б. бостандығын сақтау.

Мына жаңа идеяға мән берген жөн. Егер біз рухани – тарихи құндылықтарды жаңа технологиямен біріктіріп және оны жаһандық желімен (желілік коммуникациямен) қосып жүргізетін болсақ, онда түбегейлі мәселелер шешімін табар еді. Дамыған елдер осы идеяны іздеуде, әлі шешімін тапқан жоқ. Ал халық өкілдері тобы дегеніміз – Қазақстанда 18 миллион адамның арасынан «елім» деген ұстанымы, патриоттық сезімі, «табанының бүрі бар», білімді, кәсіби, зиялы азаматтарды, бизнес, өндіріс өкілдері, өсіп келе жатқан ынталы жастарды (елімізде де, сыртта жүргені бар)  - осылардың басын бір мақсатпен қоса білсек, көтермейтін жүк болмайды.

Мақсатымыз біреу – коррупциясыз өркениетті ел болу, халқымыздың өмір сүру деңгейін шұғыл көтеру, жұмыссыз адамды қалдырмау, оқусыз жасты болдырмау, көпбалалы аналардан бастап әркімнің сұранысына барлық жағдай жасау, иммунитетін көтеру! Әр адам бұрынғыдай тек күнкөріс үшін емес, енді жақсы өмір сүру үшін тырысып, отанына риясыз қызмет еткені абзал!

 Екінші, түбегейлі саяси реформаның бірінші қадамы ретінде Қазақстан Парламенттік Республикаға ауысуы қажет. Ары қарай жаңа Сайлау жүйесі, тағы басқа заңдар қабылданып Қазақстанда жергілікті жерде өзін-өзі басқару арқылы азаматтық қоғам орнату. Ал «бізде қалай?» деген сұраққа шындық мынадай. Бізде бір қарағанда биліктің үш тармағы Парламент, Үкімет, Сот жүйесі де бәрі бар сияқты. Бірақ бізде бүкіл басқару және бақылау функциясы тек қана Президент әкімшілігіне берілген. Онсыз оңға да, солға да қимыл жасай алмаймыз. Мұны баяғы Советтер одағының, КПСС-тің кіші моделі, тіпті оның жаман көшірмесі дер едім. Ол 70 жыл жасады, себебі күшпен кіргізген идеологиясы да, бақылауы да мықты болды. Бүгінгідей шексіз билік, шарықтаған сыбайлас жемқорлық болған емес. Ал біз болсақ 28-ақ жылда тығырыққа тірелдік, халықтың сенімі де, шыдамы да таусылуда.

Кеше ғана  Елбасы барып келген Финляндия елінде 5 млн. халыққа 130 мыңнан аса үкіметтік емес ұйымдар тиімді жұмыс істеуде. Ал бізде болса 18 млн. халыққа жүздеген-ақ үкіметтік емес ұйым жұмыс істеуде, оның өзі әкімшілік бақылауында. Қалғанының саны бар, сапасы жоқ. Қазақстан Халқы Ассамблеясының да аты бар да, қауқарлы жұмысы жоқ: әр диаспора өкілінің мәдениетін, әдебиетін сақтауға, т.б. көзбояу шаралары көп те, ал елді ұйыстыратын – қазақ еліне, жеріне, тіліне, халқына деген құрметті қалыптастыру бойынша іліп аларлық ештеңесі жоқ... Мысалы Д.Теннің өліміне, Қарағандыдағы оқиға сияқты бір тағдырлы мәселе көтерілсе жоғарыға жалтақтап, бұғып қалады. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға белсенді түрде араласуында.

Біздің ой-санамызды 4-ші өндіріс революциясының жаңа талабына сай өзгертетін уақыт келді. Егер біз елімізді ХХІ ғасырда жаңа өркениетті өмірге дайындағымыз келсе, онда алдымызда бір-ақ жол бар. Ол қазіргі КПСС-тен қалған басқару моделінен арылып, Қазақстан халқы, жергілікті жерден бастап өзін-өзі басқару моделіне, Парламенттік Республикаға өтуі тиіс. Бұған тек Конституциялық саяси шешім қажет.

Құрметті халқым! Мүмкін бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік тез өзгерістерді түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттан сақтап қалар! Цифрлы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып шешім қабылдайтын сәт туды. Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазаратын кез жетті! Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін. Сондықтан мен Сіздерді революциялық емес, эволюциялық жолға, дана халқымыздың көрегенділігін ұстанып, бірлігі мен тірлігін жалғастыруда қапы қалмауға шақырамын!

Оразалы Сәбден, Қазақстан Ғалымдар Одағының Президенті, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Парламентінің 4 дүркін депутаты  

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572