Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 4094 11 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 11:45

Халықпен санаспайтын үкімет пен билікті біз сайламадық

Қазақ болып қалу үшін Қазақстанға көшкен едік, енді ...

Абсурд пен логикаға қисынсыз шешімдерден кейін Қазақстанда өмір сүргің де келмейді екен. Шенеуніктер де адамдар ғой. Басшылық айтты екен деп абсурд болса да бұйрықтарды орындай беруіне таңмын. Қазақстан - Нұрсұлтан деп ұрандатуы, елдің қалауы сол деп көрсетуге тырысуы кәдімгідей ашуыңды келтіріп, жиіркеніш орната екен. Елден жастардың жаппай шетелге көшуіне осы да итермелейді.

Шетелге кеткісі келіп жүрген азаматтардың саны артып жатқаны өкінішті. Соңғы бір аптадан бері достарымның және мүлде маған таныс еместердің арасында АҚШ-қа келгісі келетіндердің көбейгені байқалып жатыр. Желілер арқылы жазып, виза туралы сауалдарын жіберіп жатыр. Өзім де оқудан кейін, елге қайтпай, осында қалуды не Еуропаға кетуді "ойлай" бастадым. Ойлай бастадым, шешкен жоқпын.

Халықпен санаспайтын үкімет пен билікті біз сайламадық. Бірақ олар бізден сұрамай, біз үшін шешім қабылдайды. Өз білгендерін жасайды. Қалай ондай қоғамда өмір сүруге болады?! Қантөгіс жасамайық дейміз. Қантөгіс болмайды, егер билік қарулы күшпен бейбіт шерулерді тоқтатуға талпынбаса.

Мен Өзбекстаннан көшкен қазақпын. Әке-шешемнің Ташкентте тұрақты жұмыстары бар болатын. Үйіміз болып, еш нарседен қысылмай өмір сүргенбіз. Біз де Өзбекстандағы қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп-интернатында оқыдық. Бүгінгі жетістіктерімді дәл сол мектепте алған бастапқы білімімнің арқасы деп білемін. Бірақ бала кезімізде әкем бізді болашақта "өзбек" болып кетпесін деп, бәрін тастап, Қазақстанға көшуге шешкен. "Әкемнің ең дұрыс шешімі" осы болды деп білемін. Ташкенттегі үйіміздің құны Шымкентте жер алуға ғана жеткен. Жергілікті қазақтарды көре алмай жекіретін, оралмандарға ақшалай берілетін "квотаны" алу үшін де әкем жүздеген керексіз құжат жинап, квотаның бір бөлігін көш-қон қызметкеріне амалсыз беруіне тура келген. Ол кезде бала едім. Көпті түсінбейтінмін. Бірақ әкемнің соны айтып, бір ашуланғаны есімде. Қазір ол коррупция биіктің биігіне жетіп үлгерді. Одан ары баратын нүктесі қалмады.

Елде бастапқыда қиын болған болса да, көніп, бейімделіп, өсіп, бүгінгі деңгейге дейін жеттік. Ағам - офицер, қарындасым да, мен да жоғары білім алдық. Журналистикаға ден қойып, әділдік пен теңдік үшін күресуге аз да болса ат салысқаным бар. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеп, қолдан келгенше алға ұмтылып, әке-шешемізді қуантып жүрміз. Қазақ болып қалу үшін Қазақстанға көшкен едік. Енді абсурд биліктің мынадай қылықтары қазақ болып қалу үшін "елден көшу" сияқты ойға баруға итермелейді екен.

"Бірақ сен болмасаң, кім?" дегім де келеді. Әрқайсымыз болмасақ, кім абсурд билікпен күреседі. Кім сөз бостандығы үшін, азат таңдау пен ашық билік үшін күреседі?

P.S. Бір нарсе анық, мұндай абсудризм көп уақытқа дейін жалғасын таппайды. Митингтер жалғаса береді. Полиция қызметкерлері оларды құрықтай береді. Бірақ ол көпке бармайды. Бәрібір халықпен санасуға тура келеді. Биліктің одан басқа амалы жоқ. Одан басқа жолы да жоқ. Бар. Тек кетуді ұйғарса ... Ал ондай толық транзитті көріп тұрған жоқпыз!!!

Жолдас Өрісбаевтың facebook парақшасынан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552