Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 9753 0 пікір 31 Мамыр, 2011 сағат 10:55

Тұрсын Жұртбай: «Алпыс мыңнан астам адам «жапон шпионы» деген айыппен атылған...»

 

- Сіздің 1937 жылдың қанды қырғынының басты қозғаушы тетігіне айналған «Жапон тыңшысы» деген айып төңірегінде зерттеу мақалаңыз Түркия мен Жапонияның белді басылымдарының бірінде жарияланыпты деп естиміз. Бізде «жапон тыңшысы» деген айыптың ақиқатын дәлелдейтін деректер жоқтың қасы. Тың дүниеңізді қазақ еліне емес, жапон қоғамының назарына ұсынуға жүрексінген жоқсыз ба?

 

- Сіздің 1937 жылдың қанды қырғынының басты қозғаушы тетігіне айналған «Жапон тыңшысы» деген айып төңірегінде зерттеу мақалаңыз Түркия мен Жапонияның белді басылымдарының бірінде жарияланыпты деп естиміз. Бізде «жапон тыңшысы» деген айыптың ақиқатын дәлелдейтін деректер жоқтың қасы. Тың дүниеңізді қазақ еліне емес, жапон қоғамының назарына ұсынуға жүрексінген жоқсыз ба?

Біз түгіл кеңес тарихшыларының өзі де еңбектерін жандармерия мен қауіпсіздік мекемесінің архивтері негізінде жазды. Мысалы, «Алашорда» туралы жинақ құрастырғанда өздерінің тек құпия тыңшылар мен жандармерияның жасырын мәліметтеріне сүйенгенін Брайнин мен Шафиро: «Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды - деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе - бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па, - деп қойылып отырған жоқ, мәселе - бұл құжаттарды қалай пайдалануда», - деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады.
- Соның ішінде алаштық және кеңестік қазақ зиялыларын шетінен «жапон имперализмінің шпионы» етіп көрсетуге себепкер болған Мұхамеджан Тұңғашин мен мен Бақытжан Қаратаевтың большевиктердің архивіне өткізген жеке құжаттары. Сол туралы білетіндеріңізбен бөлісе кетсеңіз.
- Архивтерге түскен құжаттардың барлығымен ең бірінші құпия мекеме қызметкерлері (ЧК, ОГПУ, НКВД, кейін КГБ) танысып, мәліметтерді іріктеп, тиісті орындарға хабарлап барып, мұрағаттың қорына қосатын бұлжымайтын кеңселік тәртіп бар. Оның үстіне тура сол кезде (1927) «Алашордаға» қарсы құпия мәліметтер жинақталып, Өлкелік комитетте тексеріліп, кімге қандай айып тағу керектігі туралы тергеушілерге нұсқау беріліп жатқан. Қазақ зиялыларына қарғыбау болып тағылған осынау формулировканың шығуына негіз қалаған тарихи оқиға түсінікті болуы үшін Заки Валиди «Қатирасындағы» мағлұматтарды қысқаша баяндап өтейін. 1917 жылы кеңес өкіметінің Ресейдің құрамындағы отар ұлттардың өзін-өзі билеуге мүмкіндік беруге уәде еткен Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен, 1917 жылы 5-13 желтоқсандағы Бүкілқазақтық ІІ құрылтайда - Қазақ автономиясы, ал 20 желтоқсанда Башқұрт-станның үшінші құрылтайында - тәуелсіз Башқұртстан республикасы жарияланып, ресми заңмен бекітілді. Он күннен кейін Қоқанда Түркістан үкіметі жарияланды. Әр республиканың Ұлттық әскері жасақталды. Алайда бұл үш үкімет Сібір Колчак үкіметі, Самара құрылтайшылар үкіметі және большевиктер өкіметі тарапынан үш жақты әскери майдан қыспағына түсті. Олардың ешқайсысы империяның құрамындағы ұлттардың тәуелсіздігін мойындамады, заңсыз деп жариялады. 1918 жылы 3 ақпанда Башқұрт үкіметінің мүшелері жаппай тұтқынға алынады. Алайда оларды Башқұрт ұлттық әскері түрмеден босатады. 27 мамыр күні Чехо-словак корпусы Челябі-Омбы арасындағы темір жол желісін басып алды. Міне, осындай аласапыран тұсында Мұстафа Шоқай сол жолы Каспий арқылы Грузияға, одан Түркияға, одан Парижге эмиграцияға кетті. «Алашорда» үкіметінің өзге қайраткерлері: «Қазақтың - Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс», - деп шешті.
- Содан кейін...
- Содан кейін... 1918 жылы 15 мамыр күні Астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдерімен ақылдаса отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізді, онда: «Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтау көзделді. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті. Колчактік Сібір үкіметінің жоғары командованиесі өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құрылтайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан - Сеиітгерей Мағазов, «Алашордадан» - Әлихан Бөкейханов, Түркістан-Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты» (З.Валиди. Қатиралар. Стамбул. 1969. 249-бет). Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына: «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы», «жапон барлау мекемесінің қызметкері», «Қазақстанды Ресейден бөліп алып, Жапонияға астыртын сатпақ болды», «Өнеркәсіпті Жапон капиталистерінің қаржысымен салуға ұмтылды», - деген сияқты айып тағуға мүмкіндік берді. Олардың мұндай айып тағуына жоғарыда айтылған астыртын мәжілістен: «кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді Ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», - деген (З.Валиди. Қатиралар. Стамбул. 1969. 249-бет) оқиға себепкер болыпты.
- Астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау - оларға өлім жазасын кесумен бірдей болған шығар.
- Өкінішке қарай, солай болды да. «Алашорда» қайраткерлері мен ұлттық интеллигенция өкілдеріне 1927-1930 жылдары: «1.1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысқаны үшін; 2. Орта Азиядағы бастамашылардың қозғалысына қосылып, әскери жасақ құруға ұмтылғаны үшін, сөйтіп, 3. Қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін; 4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттағаны үшін; 5. Англиямен (отызыншы жылдан бастап бұл сөз Жапониямен алмастырылған) астыртын байланысып, ағылшын (жапон) әскері Қазақстанға басып кіре қалған жағдайда, қырда көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлағаны үшін»,- деген (ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві, №78754 іс) айып тағылып, 1927 жылы - 40 адам, 1930 жылы - 32 адамнан тұтқынға алынды. Олардың алды 1930 жылы атылды, соңы айдауға кетті. 1937 жылғы репрессиядан кейін олардың бір де біреуі» тірі қалған жоқ. Керісінше, енді ұлтшылдыққа қоса СССР-дің Бас Прокуроры А.Я.Вышинский айналымға түсірген «Жапония мен Германияның белсенді шпиондары», «Жапонияның жалдамалы итаршылары», «жандайшабы» деген термин қосылып, бұл тергеу мекемелерінің ең оңтайлы әрі үйреншікті айыптау актісіне айнала бастады. Жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында бұл терминді Т.Рысқұлов, О.Исаев, Ұ.Құлымбетов сияқты кеңестік мемлекет қайраткерлері «Алашордашыларға» қарсы олардың «жапондармен астыртын байланысы бар» деп қолданды.
- Кейін олардың өзі «Жапония мен Германияның ең белсенді шпионы» ретінде айыпталып, ату жазасына бұйырылды және өздерінің көрсетінділерінде оны «мойындап» жауап берді ғой.
- 1937-1938 жылғы қасірет тұманы ешкімді мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төнді. 1927 жылы 13 тамыз күні «Қазақ әдебиеті» газетінде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмір сүргізбейміз!» деген мақалада қазақ зиялыларын бас-бастарына түгендеп тұрып: «Ұлтшыл - фашистердің басшылары - Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбеліндей бір топ қана сұрқия жөліктер партия билетін тек өздерінің екі жүзділік бетін бүркемелеу үшін пайдаланып жүрді. Олар еш уақытта да адал ниетімен большевик болған емес. Рысқұлов - рысқұловшылар жауыздық арам істерін пантюркистік контрреволюциядан бастады. Қожанов - қожановшылар алғаш шыққанның өзінде-ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердің туын көтере шықты. Садуақасавшылардың, нұрмақовшылардың көздегені де осы. Бұлардың қай-қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара-бара троцкизммен, оншылдармен ым-жымын біріктіріп, Жапония мен Германияның ең белсенді шпионына айналып кетті», - деген үкім шығарды. Пікірім дәлелсіз болмас үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Алматы қалалық комитетінің архивінде «аса құпия құжат» ретінде сақтаулы тұрған СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың «контрреволюциялық қылмысына байланысты тергеу ісіндегі» 1937 жылы 3 шілде күні қауіпсіздік мекемесінің капитаны Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабы жарияланған Б.Нәсеновтің «Халық жаулары» атты басылымындағы протоколдың әр жерінен үзінді келтірумен шектелеміз: «Біз өзіміздің астыртын ұйымымыздың идеясын тәуелсіз түрік-татар мемлекетін құруға ұмтылу бағытында құрдық. Шын мәнінде мәселе мүлдем басқаша болатын, СССР-дің территориясында еркін өмір сүріп отырған түрік-татар халықтарын Жапон - Герман фашизмінің қарамағына бермек болдық. Иә, мен ұзақ жылдар бойы контрреволюциялық жұмыс жүргізіп, Отанымның сатқыны атанғанымды мойындаймын (111-бет) ... Біз Шығыс Түркістанның (Синьцзяның) оңтүстік және батыс аймақтарындағы ағылшындардың миссиясымен және жапон агентурасымен байланыс жасау үшін оларға өз адамдарымызды жібердік. Біз тұтқынға түскен неміс офицерлерімен және Әнуар пашаның офицерлерімен, Кемал пашаның жақтастарымен байланыс орнаттық ... Түркістан уалаятындағы Кеңес өкіметін құлатуға әрекеттене отырып, «Иттихад уә тарахият» ұйымы Кеңес өкіметінің орталық майдандағы жағдайына сәйкес қимылдауды ұйғарды. Сол кезде ағылшындардың Орта Азиядағы ықпалының күшейгеніне қарамастан, өзбек (қазақ) ұлтшылдарының арасында жапондық көңіл-күй өте күшті болатын. «Иттихад уә тарахият» ұйымының орталық комитетінің мүшелері арасында: «Түрік-татар мемлекеті Жапонияның протекторатымен құрылады», - деген әңгіме болғаны да рас (114-115 беттер) ... «Иттихад уә тарахият» ұйымының Ташкенттегі астыртын ұйымы «Милли иттихад» деп өзгертілді. Қазақстанда ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың жетекшілігіндегі «Алашорданың» кеңейтілген құрылымы ретінде қызмет атқарды. Қырымда «Милли фикр» астыртын ұйымы болды, сондай-ақ Татария мен Башкирияда да түрікшіл ұйымдар жұмыс істеді (116- бет)», - деп көрсетеді.
Бұдан кейін бұл ұйымның мүшесі ретінде Қазақстанның барлық басқару орындарындағы мемлекет басшыларын, сондай-ақ Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түркменстанның, Тәжікстанның, Қарақалпақстанның, Татарстанның, Башқұрт-станның мемлекет басшыларының атын атайды. Бұларға қолдау көрсетіп отырған адам Сталинге бірден-бір қауіпті адам - Рыков деп мәлімдейді. Бұдан әрі Т.Рысқұлов: «Рыков: оңшылдар мен троцскийшілердің түпкі мақсаты - Кеңес өкіметін қазір басқарып отырған партия және үкімет қайраткерлерін күшпен ығыстыру, СССР-де капитализмді қалпына келтіру екендігін батыл айтты. Сонымен қатар ол - кеңес өкіметін әлсіретудің ең басты жолының бірі - Орта Азия мен Қазақстанды Жапонияның протекторатына беру, Орта Азия мен Қазақстанның Кеңес одағынан бөлініп кетуі кеңес өкіметінің СССР территориясында түгелдей құлауын тездетеді - деп есептеді. Бұл мақсатқа жету үшін Германиямен, Жапониямен тығыз байланыс орнату керек. Ұлт республикалардың Кеңес өкіметінен бөлініп кетуіне Германия мен Жапония түрікшіл ұйымдар арқылы нақты ықпал жасай алады. Жапония қазірдің өзінде Орта Азия мен Қазақстанның шекарасындағы мемлекеттер арқылы, оның ішінде Ауғанстан, Иран, Батыс Қытайға өзінің ықпалын жүргізіп, қанатын жаю арқылы жүйелі де табанды жұмыстар жүргізіп отырғанын атап өтті ... Бұл мәселелердің барлығын менімен бірге талдай келіп, фашистік мемлекеттердің барлау мекемелерімен байланысты жеңілдету үшін, Рыков маған біздің ұлтшылдарымыздың Жапониямен арадағы бұрынғы байланыс жүйесін ескеруімді тапсырды», - деп (126-бет) көрсетті.
Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасының орынбасары Сүлеймен Есқараев: «Маған Лекеров (Лекеров Әзімбай - профессор, экономист, марксизм -ленинизм ғылыми зерттеу институтының директоры): Жапонияның Қазақстанға протектораттық жүргіз мәселесі қашып құтылмайтын шындық. Өйткені ол тәуелсіз мемлекет ретінде дербес өмір сүре алмайды. Сондықтан да тек Жапонияның протектораты ғана Қазақстанды өркендете алады. Бұл протектораттық Қазақстанға өте ауыр соғады, тіпті экономикалық тұрғыдан алғанда ол Жапонияның уақытша отарына айналады. Жапонияның протектораттығы Қазақстанды азат етуге кеткен шығынның контрибуцисын өндіруге бағытталады. Мұндай өзара «есеп айырысу» соғыс біткен соң Қазақстанның дайын шикізатының есебінен жабылады. Шикізаттың сыртқа кетуі оның экономикасын артқа сүйрейді, бұрынғы деңгейге жету үшін өте мол мөлшердегі капитал қоры керек. Алайда мұндай қаржы Қазақстанның өзінде жоқ болғандықтан да, ол аса ауыр талаптар қоятындығына қарамастан Жапониядан ұзақ мерзімдік несие алуға мәжбүр болады. Контрибуцияның есебінен несие беруге Жапония келісуі де мүмкін. Оның есесіне несиенің уақыты біткенше арзан шикізат беруді талап етеді. Алған несие Қазақстанның күйзелген экономикасын қалпына келтіруге әрең жетуі мүмкін. Бұлай «қалпына келтіру» Қазақстанның негізгі капитал қорын нығайтып, өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік бере алмайды. Олай еткенде, Қазақстан өзінің капитал қорын өзі сорып, бірте-бірте толық дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан да Жапонияны өзінің шикізатымен «асырап», өзі отарлық күйге түседі. Соғыстан кейінгі Қазақстан үшін осы екі жолдың біреуін таңдауына тура келеді», - деп айтты (146 - 147 беттер) дейді Халық комиссарының орынбасары.

<!--pagebreak-->

- Ал Алаш зиялылары тарапынан мұндай айыптың жалғандығын дәлелдеуге тырысқан әрекеттер болды ма?
- Тек қазақ ұлтының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов қана: «Жапония соғыс ашамын десе, оны қазақтан сұрамайды», - деп жауап беріпті. Мұның барлығы, әрине, қатыгездік пен қинаудың нәтижесінде алынған мәліметтер. Аталған мақалалардың бірінде ақын Сәкен Сейфуллинді әшкерелеп жазған, кейін өзі де айдалып кеткен академик Мұхамеджан Қаратаев сексен алтыншы жылы маған: «Мұны таспаңа (магнитофонға) жазба. Есіңде жүрсін. Кім біледі, көлеңкеміз қысқарып келеді... Тергеу камерасында жатқанымда қасыма біреуді әкеп қосты. Өскеменнің омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкенді (Сейфуллинді) есіне алды... Менен бұрын сол кісімен бір камерада болыпты. Ол: «Мен өзім орнатқан өкіметтің жауы емеспін», - деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бір күні тергеуге кеткен Сәкен кіріп кеп: «Мен біттім, төзбедім қорлыққа!», - деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетінен жата кетіп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннің морт сынуына сенбеген омарташы себебін сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәріне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бізге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екі жас баласын алып келіп, екеуіне екі құлағымды создырып: «Ой, әкеңнің аузын... Сейфуллин, ой шешеңді... Сейфуллин! Сен халық жауысың!», - дегізгенде шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзіне жексұрын боп көрінгенше өлгенім жақсы - деп қағазына қол қойыпты», - деп құпиялап айтты. Намысты азамат үшін, ұлт ұланын ойлаған ақын үшін, әке үшін бұдан асқан қандай қорлық пен мазақ болуы мүмкін. Андре Моруаның: «Кез келген билеуші үшін ең қауіпті адам - жазушы», - деуі де сондықтан. Мағжанның тарихшы Қ.Алдажұманов ғылым айналымға түсірген 1937 жылы 21 мамыр күні Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолдаған төмендегі «Ашық хаты» бар. Оқырманға түсінікті болу үшін оның мәтінін назарларыңызға ұсынсам.
«Мені, контрреволюциялық алашордашыл қайраткер ретінде және төңкерісшіл ұлтшыл жазушы ретінде социализм құрып жатқан қазақ еңбекшілерінің ортасынан пролетарлық өкімет әділ шеттеті, сондай-ақ қазіргі уақытта мені социалистік қоғамнан алыстатып ұстағаны да өте дұрыс. Біраз уақыт еңбекпен түзету мекемесінде болған кезімде, өзім тікелей атсалысқан социалистік алып құрылыстарда оның ізгі ықпалын сезіне отырып, кеңес мемлекетінің еңбекпен түзету саясатының әлемдегі бірден-бір ең сенімді және дұрыс саясат екеніне көзім жетті, сондықтан да мен өзімнің идеялогиям мен бүкіл қоғамдық-әдеби жұмыстарымды қайта тексеруден өткіздім, сөйтіп, барлық қоғамдық-әдеби қызметімде мен ұстанып жүрген және басшылыққа алып жүрген ұлтшыл-алашордашыл идеологияның сөзсіз реакцияшылдығына және сатқындық қылмыс екеніне бүтіндей сендім, ұлтшыл-алашордашыл идеологияның және алашордашыл ұлтшылдардың барлық сатқындық әрекеттері қазақ еңбекшілеріне және бүкіл социалистік отанға дұшпандық қылмыс екеніне көзім жетті. Осы тексерісімнен, осы ұстанымымнан кейін өзімнің өткендегі барлық іс-әрекетімді, қоғамдық және әдеби қызметтерімді айыптай отырып, өзімнің қылмысты өткенімнен, ұлштшылдықтан, ұлтшыл-алашордашылардан мүлдем және мәңгілік қол үземін, сөйтіп, қалған өмірімді ешқандай бұлтарыссыз тұтастай социалистік қоғамға сенген азаматы ретінде, социалистік Отанның сенімді ұлы ретінде социалистік қоғамға қызмет етемін деп шештім. Осындай асыл арманмен, осындай бірегей мақсатпен мен осыдан бірнеше ай бұрын, тиісті мекемелердің рұқсатымен, таңғажайып өркендеу үстіндегі Қазақстанға келдім, қазақ еңбекшілерінің гүлденген өмірі менің және барлық ұлтшыл-алашордашылардың іс-әрекеттерінің сатқындық қылмыс екеніне толықтай көз жеткізді, сөйтіп, өзімнің өткендегі контрреволюциялық ұлтшылдығымды және ұлтшылдарды революция мен социалистік отанға, қазақ халқына дұшпандық деп санап, олармен екі арамды ешқандай бұлтарыссыз және мәңгілік ажыратқанымды, аса ауыр қылмыс жолынан толықтай арылуға бет алғанымды, Отанның адал ұлы ретінде қайта түлегенімді, сол үшін қалған өмірімді социалистік отанға қызмет етуге арнайтынымды мәлімдеймін. Бұл мақсатымды мен Сізге - кеңестік Қазақстанның Үкімет басшысына, бақытты өмір құрып жатқан мұқым қазақ халқына ашық, шын жүрекпен және бұлтартпас сеніммен мәлімдейтінімді осы хат арқылы Сізге жеткізе отырып, менің өзімнің қайта түлегенімді, қайта түбегейлі шыңдалғанымды, социалистік отаныма шынайы берілгендігімді іс жүзінде, шығармашылық жұмысымда, соның ішінде әдеби шығармашылық қызметімде дәлелдеуім үшін (еңбектерімнің) Қазақстанда жариялануына, сол арқылы ұзақ уақыт бойы қылмысты реакциялық жолға, қазақ контрреволюцияшыларына қызмет еткен қаламымның кеңестік еңбекпен өтеу саясатының ықпалымен қайта шыңдалып, қайта тәрбиеленгеннен кейінгі социалистік отанға адал және өнімді еңбек етуіне мүмкіндік берулеріңізді өтінемін. Менің шығармашылық жұмысымның соңғы үлгілері ретінде үш өлеңді осы хатпен қоса жолдап отырмын. Сонымен бірге дәл қазіргі кезде кеңестік-еңбекпен түзету саясатының әлемдегі ең дұрыс ұстаным екенін көрсететін жаңа тақырыпты көркем түрде игеру ісіне кіріскеніме Сіздің және мұқым социалистік қоғамның назарын аударамын, бұл поэмада екі қазақтың - тұрмыстық қылмыскер қазақ пен қылмыскер-ұлтшыл қазақтың өмірі, тәрбиеге көнетін және көнбейтін атышулы халық жаулары мен қоғамның шірінділерінің тәрбиелену жолы жарыстырыла суреттеледі. М.Жұмабаев. 21 май, 1937 жыл», деп (Қ.Алдажұманов, Ақынның соңғы үміті. «Қазақ әдебиеті». 21.08.1992) жазылған.
- Бірақ мұндай Ашық хат авторлары бір Мағжанмен шектелмейді ғой.
- Бәрі де түсінікті. Кімнің абақты мен концлагердің есігін қайтадан ашқысы келеді дейсің? Бірақ Мағжан ашпасам деген есік тағы да ашылды, ашылған жоқ, ашқызды. 1937 жылы желтоқсанның 31 күні кеште Мағжан Жұмабаев екінші және соңғы рет ұсталды. Ш.Елеукеновтің зерттеуі бойынша, Мағжанды тұтқындау туралы №1445 ордер 1937 жылы 27 желтоқсан күні жазылыпты. Осы арада ескерте кетеріміз, Мағжанды тіміскілеткен не тұтқындаған, біз танысқан Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің бірі - Қазақстанның бірінші басшысы, екінші - Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, үшіншісі - Ішкі істер министрі, төртіншісі - төбе би болды.
- 1930-1950 жылдарда Қазақстанда 100 мыңға жуық жапон жұмыс істеді деген мәлімет бар. Соның ақ-қарасы туралы айта кетсеңіз? Тарихи мәліметтер не дейді?
- Иә, отызыншы жылдардың аяғынан бастап елуінші жылдарға дейін жүз мыңға жуық жапондар Қазақстанның ең ауыр және күрделі өнеркәсіп орындарында жұмыс істеді. Бірақ бұлар протектораттар емес, әскери тұтқындар еді. Алматыдағы биік таулы су құбыры мен су электр станциясы сияқты олар салған қүрылыстар да, сол зауалдан қалған жүрек жарасы да әлі де өшкен жоқ. Жапония мен Қазақстан империялардың атом бомбасын сынайтын полигонына айналды. Дәл қазір де Жапон - Қазақстан қарым-қатынасы уран саудасымен анықталып отыр. Артының қайырын берсін. Ал кеңес тұсындағы қаптаған астыртын ұйымдардың жайына келетін болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмір сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пікір алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Бірақ қандай талқыға түспесін Жер жөнінде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ еді. Сонау 1905 жылдың өзінде Мұхамеджан Тынышбаев: «Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерлерді тартып алу мен олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күштірек және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!», - деген болатын. «Коммунистік-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекетті «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейін де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, 1937-1938 жылғы жазалау науқанынан, Ұлы отан соғысындағы қантөгістен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1 миллион 400 мыңға дейін құлдырады. Демограф, академик Бромлейдің СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесінен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 пайыз кеміп кеткенін көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл ішінде бір де бір сәби тірі тумады. Ересектері тек өлумен болды деген сөз. Ақмоладағы репрессияға ұшырағандарға арналған мұражайдың ғылыми қызметкерлерінің жобамен анықтауы бойынша, осының ішіндегі 60 мыңнан астам адам «жапон шпионы» деген айыппен атылып кетіпті. Жоғарыдағы мақаладағы: «Совет халқы, оның ішінде қазақ халқы, бүкіл Қазақстан еңбекшілері өзінің большевиктік қырағылығын бұрынғыдан да күшейтіп НКВД орындарына көмектесіп, ұлтшыл-фашистердің бірін қоймай әшкерелеп, көзін құртады», - деген үндеудің нәтижесі осындай. Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы». Қырып-жоюдың мұндай қасіретін басынан кешкен аз ұлттың бірі - қазақ. Адамның сүйегі ғана қалған иесіз даланы ың-шыңсыз игерудің бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкін емес. Аштан қырылған, азап лагерлерінде қаза тапқан халықтың тәні мен сүйегінен құнар алған топыраққа өсіп-өнген астық мұқым кеңес өкіметін асырады. Әсірелеп айтты демеңіздер, одан басқа сыпайлап айтудың ретін таппадым. Фейербах: «Тарихқа көз салу - жүрекке ине шаншумен бірдей», - деген екен. Сол айтқандай, сіздер де жүрекке тағы бір ине шаншылды - деп есептерсіздер.

Сұхбаттасқан
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036