Ресейдің АЭС-і Жамбыл ауданының Үлкен ауылы маңына салынады
Кеше Мәскеуде қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен орыс президенті Владимир Путин кездесті. Екеуара біраз мәселенің басын шалып, бірнеше келісім жасасты. Сол келісімдердің бірі орыс басшысының қазақ жерінде атом электр станциясын салу туралы ұсынысы болды. Ұсынысты Владимир Путин айтты. Тоқаев мұқият тыңдады.
«Бірлесе отырып жұмыс жүргізудің жаңа формасына көшуді ұсынамын. Қазақстанда Ресей технологиясы бойынша АЭС салудың мүмкіндігі туралы меңзеп отырмын» деді Путин.
Ал бүгін Қазақстанның энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев атомды электрстанциясын салуға қатысты Сенат дәлізінде тұрып пікір білдірді.
«АЭС салу туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Біз әзірге оны салатын орынды ғана анықтадық. Сосын ғана қандай технологияны қолданатынымызды келісеміз. Біз бұл мәселені қосымша зерттеуді ұсынамыз. Алайда соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Қазірге тек орнын анықтадық. Алматы облысындағы Үлкен деген ауыл» деді вице-министр Мырзағалиев.
Кеше Владимир Путин АЭС салу туралы ұсыныс айтты. Бүгін министрлік оны салатын орынды белгіледі. Ол – Алматы облысына қарайтын Үлкен деген ауыл екен.
Үлкен ауылы - Алматы облысы, Жамбыл ауданында орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша аталған ауылда 1982 тұрғын тұрады. Аудан орталығы - Ұзынағаштан солтүстік-батысқа қарай 325 км-дей жерде, Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағасында орналасқан.
Путин қазақ жерінде атом электр станциясын орыс технологиясы бойынша салуды айтты. Жалпы Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы әңгіме алғашқы рет айтылып отырған жоқ.
Қайсыбір жылы осы мәселе қоғамның қызу талқысына салынды. Құрылыс жұмыстарын 2018 жылы бастап кетеді деген. Қоғам наразылығынан соң, бұл іс кейінге шегерілді. Ал 2014 жылы АЭС салатын орын ретінде Шығыс Қазақстандағы Курчатовты таңдап алған еді. Кейін Алматы облысында салатын болды. Тіпті, 2015 жылы Жапонияның премьері Синдзо Абэ мен экс-президент Назарбаев кездескен. Сол кездесуде Назарбаев пен Абэ әлгі атом электр станциясын жапон технологиясымен салатын болып келіскен.
Жалпы бізге атом электр станциясы керек пе? Қазақстан электр энергиясына, жаңағы Ресейдің АЭС-іне қаншалықты мұқтаж?
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан халқына жолдау жасап, энергия өндіруде «жасыл энергетикаға» көшетінімізді айтқан. Ол технология тиімді әрі экологиялық қауіпсіз екендігі де дәлелді түрде көрсетілген. Бізді, ел-халықты сол сөздерге сендірген. Тіпті, Үкіметке 2030 жылға қарай алтернативті энергия көздерін алудың үлесін 30 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген.
Ол аз десеңіз, алтернативті энергия көзін табу атты ұранмен миллиардтаған ақша шығындап, Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін де өткізген жоқ па едік?! Егер айналып келіп, атом электр станциясын салатын болсақ, миллиардтаған шығын шығарып өткізген «ЭКСПО» дегеніңіз әдіре қалғаны ма? Осының барлығы кім үшін, не үшін өткізілді, сонда?
Жоғарыдағы сұрағымызды қайталап қояйық, бізге атом электр станциясы керек пе? Керек болған жағдайда оны орыс технологиясымен салу қаншалықты тиімді? Орыс технологиясының қаншалық сапалы екені Чернобыльде белгілі болды емес пе. Алматы облысында салатын станция Чернобыльдің тағдырын қайталамасына Путин кепілдік бере ме? Осыған дейін Ресейден сатып алған ұшақтарымыз жиі апатқа ұшырап, қаншама сарбаз шейіт кетті. Оның сұрауы қайда?
Семейда сан рет жарылыс жасап, зардабын қара халық тартқанда соқыр тиын шығындамаған Ресей, Байқоңырдан ұшырған зымыраны қазақ даласына құлап, гептилінен у шашылғанда мойындамаған Ресей ертең "күл болмасаң, бүл бол" демесіне кім кепіл?
Қазақстан өзін 100 пайыз энергиямен қамтамасыз етіп отырған мемлекет. Дүние жұрты жасыл энегрияға көшіп жатқанда қазаққа ең қауіпті АЭС салатындан не мұқтаждық туды?
Мұхтар Тайжан, саясаткер:
- АЭС салу туралы айтылып жатыр. Бірақ біз бұған жол бермеуіміз керек. Өйткені ол өте қауіпті. Қазаққа мүлде қажеті жоқ. Қазақстан өзін-өзі энергиямен қамтып отырған ел. Бізде мұнай да бар, жел де бар, күн қуаты да бар. Әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде күннен электр қуатын өндіру потенциалы жоғары.
Сондықтан АЭС-сіз де өмір сүруге болады. Әсіресе Алматы облысында өзендер өте көп. Гидро электрстанцияларын салуға болады. Ол абсольютті зиянсыз. Бір жағынан энегия өндіретін станциялар көбейеді. Ол өзара бәсекелестікті тудырады.
Ал бір ғана АЭС салатын болса, жаңағы электр қуатын сол ғана өндіреді де, ол өз кезегінде монополизмге жол береді.
Екінші жағынан Ресей технологиясы - ең сенімсіз технология. Басқасын айтпағанда, Байқоңырдан ұшырып отырған зымырандарының өзі кейде ұшады, кейде ұшпай құлап жатыр ғой. Ресей жемқорлыққа әбден батқан ел. Сондықтан мұндай күрделі технологиямен біздің жерде сынақ жасауға жол бермеуіміз керек. Ешқандай сенім жоқ.
Біз АЭС-ке мұқтаж емеспіз. Мысалы, электр энергиясына ең көп қажеттілік Алматы облысында болса, оны Қапшағайдағы ГЭС өндіріп, қамтып отыр. Яғни, дефицит жоқ.
Қазір бізде электр желілері ескірген. Өзіміз өндіріп отырған электр қуатының 30 пайызы жаңағы ескірген желілерге шығындалып отыр. Бізге соларды жаңарту керек. Сонда қосымша тағы 30 пайыз электр қуатын алатын боламыз.
Үшінші мәселе, жаңағы АЭС-ті салуға қаншама миллиард доллар ақша керек. Оны қайдан алады? Әрине, қазынадан, бұл жағын да ескеру керек.
Асхат Асан, журналист:
- Қазақ жерінде атом электро стансасын салу туралы мәселе көтерілгелі біраз жылдар болып қалды. Біздің билікті ондай пиғылға итермелеп отырған, әрине, Ресей көршіміз. Әйтсе де, бұл әңгіме әлі де пәтуасын таппай келеді. Жылдар бойы Семей полигонының зардабын шегіп, әлі де сол тажалдың салдарымен күресіп келе жатқан ел үшін мұндай құрылыстың жақпайтынын билік те, биліктің «достары» да жақсы түсінгеннен болар, тақырып ашылып барып, жабылып қала беретін.
Шындығында, Қазақстанға АЭС-ы керек пе?
Қазақстан мұнай, газ, көмір, уран сынды энергетика шикізат көздеріне бай әрі энергетикалық держава саналады. Өндірілетін энергия көлемі 103 -105 млрд кВт. сағатқа пара пар. Бұл ауқым елді толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оның артық қалған 5 млрд кВт.с.-қа жуығын сыртқа сатуға мүмкіндік бар. Электр энергиясының 70 пайызға жуығын көмірден, 14, 6%-ын судан алсақ, газбен істейтін стансаларда 10,6 % өндіріліп , мұнайға сүйенген стансалар 4,9 % энергия береді.
Одан кейін, 2017-ші жылы дүбірлетіп ЭКСПО өткіздік. Ұраны – жасыл энергетика. Бірақ, ол ұран сол күйі қалғандай. Бұл бағытта ауқымды бір істердің атқарылғаны еш байқалмайды. Әйтпесе, күн шуағы аз емес, даламызда жел «еркін сайран салатын» ел емеспіз бе? Неге мықтап қолға алып, жүзеге асырмасқа?Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін қажет арзан қуат көздері емес пе? Бұл мәселе жолға қойылса, тұрақты тұтынатын табарларды да арзанға шығаруға мүмкіндіктер туар еді. Қаншама жұмыс орындары ашылар еді. Өйткені, қосымша құны жоғары таза электр энергиясын өндіре отырып, Қазақстан құрылыс, машина жасау, элетро техника салаларында тұрақты жоғары деңгейлі жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алар еді. Мысалы, елдің оңтүстік шығысы (АЭС салуға орын даяр тұрған Алматы облысы) көмір, мұнай, газ кен орындарынна шалғай жатқанымен, күн мен желге, таудан құлап ағып жатқан өзендерге кенде емес. Инвестицияны осы бағыттағы қондырғылар жасауға машықтанатын кәсіпорынға неге тартпасқа? Өзімізде шыққан құрал-жабдық та арзан болар еді... Мысалы, Алматыда «Алматы машина жасау зауыты» болған. Демек, өндіріс алаңы бар. Яғни, «достар» ұсынып, уақытша президент мойынсұнып отырған АЭС-тың түкке де қажеті жоқ!
Мен өз басым, Ресей салмақшы атом стансасынан зор қауіп көремін. Өйткені, бұл ел – технологиялық дамудың жоғарғы сатысында емес, керісінше, дамудан кеш қалғандығынан, ылғи да техногендік апаттарға жиі ұшырап отыратын мемлекет. Оны алысқа бармай-ақ, Байқоңырдағы «былықтарынан» байқауға болады. Отыз жылдай еліңе, жеріңе сынақ жүргізіп, халқыңды «тәжірибе үшін қажет қоян» деп қана санаған көршіден не үміт, не қайыр...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz