Бейсенбі, 20 Маусым 2019
Билік 3240 6 пікір 5 Сәуір, 2019 сағат 09:45

Ауылға бөлінген ақша орнымен жұмсалуға тиіс

Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор Д.Мусин «Бүгінгі бюджетті нақтылау туралы заң жобасының басты ерекшелігі – бюджеттік шығындардың басымдықтарын қайта қарау арқылы, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту болып табылады», - деді.

Отырыста сенаторлар 2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау туралы заң жобаларын қарап, толықтырулар жасап, Мәжіліске қайтарды.

Талқылау барысында депутаттар Үкімет мүшелеріне сұрақтар қойып, өздерінің бірқатар сын пікірлерін айтты.

«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға 2019-2021 жылдары 90 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлу тапсырылған.

Осы орайда сенатор Д.Мусин жоба шеңберінде халықтың тығыздығы, инфрақұрылымның жағдайы, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі мол 1781 елді мекен іріктелгенмен осы жобаны іске асыруға бағытталған ұйымдастыру шаралары және аймақтық стандарттар жүйесін әзірлеу жұмыстарының бүгінге дейін аяқталмағанын сынға алды.

«Бұл кемшіліктер жақында Парламент Мәжілісінде АӨК-ін дамыту бойынша заң жобасын талқылау барысында да айтылып өтті. Бүгінгі күнгі «Ауыл – Ел бесігі» атты арнайы жобасы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» уақыт талабына сай жалғасы ретінде санауға болады.

Сондай-ақ, өткен жылы ҚР-ң АӨК-ін дамытуға және Өңірлерді дамытуға арналған екі маңызды мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны мәлім.

Осы орайда, аталған бағдарламалардың шеңберіндегі мақсаттар мен міндеттердің орындалуына жауапты мемлекеттік органдар бюджеттен бағытталып отырған қыруар қаржыны ең алдымен «тірек» ауылдық елді мекендер мен даму әлеуеті жоғары ауылдардың инфрақұрылымдарын дамытуға тиімді түрде игергендері жөн деп санаймын» , - деді сенатор.

Сондай-ақ, Д.Мусиннің айтуынша, жалпы алғанда, мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамыту бойынша қабылданған бағдарламалар жеткілікті, алайда оларды халық игілігіне іске асыру бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізетін жауапты және үйлестіруші нақты мемлекеттік органды анықтау қажет.

«Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары және ауылдық аумақтарды дамытудың сектораралық бағдарламаларын біріктіруді көздейтін «Ауыл – Ел бесігі»  атты арнайы жобасын жүзеге асырудың бірыңғай саясаты айқындалуы тиіс деп ойлаймыз.

Аталған шара ауылдық аймақтарды басқаруда ведомствоаралық бытыраңқылықты еңсеруге, сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің арасындағы үйлесімді күшейтуге өз әсерін тигізері сөзсіз»,- деді сенатор Д.Мусин.

Әділбек Қаба

Abai.kz

 

6 пікір