Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4599 0 пікір 2 Маусым, 2011 сағат 06:36

Таласбек Әсемқұлов. Бастырма

Құрметті оқырман, маған осы мақаланың жобасы ресторанда, дастархан мәзірін аударып-төңкеріп көріп отырғанда келіп еді.

Василий Янның «Шыңғыс хан» атты романында мынадай эпизод бар. Бірде Шыңғыс өз әскерінің дайындығын тексермек болып, түн ішінде жорыққа аттанамыз деп бұйрық береді. Алғаш дабыл қағылып, аламандар ертоқымдарын алып жылқыға қарай жүгіргенде Шыңғыс қаған оң қолына бір уыс тас алып, соны бір-бірлеп сол алақанына сала бастайды. Тастың барлығы сол қолға өтіп болғанша жүз мың қарайлас, мұздай қаруланған жер қайысқан қол қосар-асар атымен, неше күндік азығымен жорыққа әзір тұрады. Сонда қаған, жер бетінде мұндай әскер менен басқа кімде бар деп түн қараңғысында риза болып жымиыпты.

Тағы да біздің бабаларымызбен майданда беттескен ұлы жұрттардың тарихшылары мен жылнамашылары айтады, көшпенділердей сарбаз жер бетінде жоқ деп. Әсіресе басқа жұрттарды, көшпенділердің шегініп ұрыс салуы, тосқауыл соғыстары, қашып бара жатып қайырылып соғуы қатты таңқалдырған.

Әдетте, ұрыста бағы қайтқан отырықшы елдің әскері ешқашан қайырылып соға алмайды. Өйткені, отырықшы елдерде шегініс, қашу тактикалық әдіс емес - жеңілістің белгісі болып саналады. Яғни, жеңілістің психозына ұшыраған әскер жаудың қылышы мен оғынан қырылып біткенше қашады.

Құрметті оқырман, маған осы мақаланың жобасы ресторанда, дастархан мәзірін аударып-төңкеріп көріп отырғанда келіп еді.

Василий Янның «Шыңғыс хан» атты романында мынадай эпизод бар. Бірде Шыңғыс өз әскерінің дайындығын тексермек болып, түн ішінде жорыққа аттанамыз деп бұйрық береді. Алғаш дабыл қағылып, аламандар ертоқымдарын алып жылқыға қарай жүгіргенде Шыңғыс қаған оң қолына бір уыс тас алып, соны бір-бірлеп сол алақанына сала бастайды. Тастың барлығы сол қолға өтіп болғанша жүз мың қарайлас, мұздай қаруланған жер қайысқан қол қосар-асар атымен, неше күндік азығымен жорыққа әзір тұрады. Сонда қаған, жер бетінде мұндай әскер менен басқа кімде бар деп түн қараңғысында риза болып жымиыпты.

Тағы да біздің бабаларымызбен майданда беттескен ұлы жұрттардың тарихшылары мен жылнамашылары айтады, көшпенділердей сарбаз жер бетінде жоқ деп. Әсіресе басқа жұрттарды, көшпенділердің шегініп ұрыс салуы, тосқауыл соғыстары, қашып бара жатып қайырылып соғуы қатты таңқалдырған.

Әдетте, ұрыста бағы қайтқан отырықшы елдің әскері ешқашан қайырылып соға алмайды. Өйткені, отырықшы елдерде шегініс, қашу тактикалық әдіс емес - жеңілістің белгісі болып саналады. Яғни, жеңілістің психозына ұшыраған әскер жаудың қылышы мен оғынан қырылып біткенше қашады.

Р.Джованьолидің «Спартак» романында фракиялық көшпелі тайпадан тұтқынға түскен  Спартак, Рим халқының ермегі үшін Колизейде күнде болып жатқан қантөгістердің кезінде осы таңғажайып тактиканы қолданады. Қашып жүріп алдымен қуып жеткен гладиаторды өлтіріп, ақырында жауының бәрін қырып бітіреді. Бұл мыңдаған жылдар бойы Еуразияның даласын дүбірлеткен, қандай жау болса да, бет қаратпай жеңген көшпенділердің ең әйгілі тактикасы.

Бірде ресейлік авторлар Фоменко мен Носовтың «Жаңа хронология» деп аталатын кітабын оқып отырып мынадай бір таңғажайып мәліметті ұшырастырдым. Моңғолдар ешқашан Батысқа қарай... жорық жасамапты! Оның бірнеше себебі бар екен. Соның екеуін келтірейік. Орыстар жаудың атты әскерінен қорғану үшін ежелден «засека» деп аталатын амал қолданыпты. Ағашты жерден 15-20 сантиметрдей биіктікте қиғаштай шабады екен. Осылайша ені елу-алпыс, кейде жүз шақырым, ал ұзындығы бүкіл орыс жерін белдеулеп орап жатқан ұланғайыр орманды шауып шығады екен.

Бұл амал қазақта да бар. Бұрынғы заманның аңшылары жолбарыс аулағанда қамысты осылай шабатын болған. Мұны байырғы қазақ тілінде «қарна» деп атайды. Дабыл қағып келе жатқан адамдардан қашқан жолбарыс найзадай үшкір қамысқа қарнынан қарналып, немесе сол қарнадан өте алмай тұрып қалып, ажалын табады. Алайда миллиондаған гектар орманды шауып шығу, сол кездегі орыс қоғамының қолынан келмес іс еді. Бірақ жаңа хронологияның авторлары Фоменко мен Носов осылай дейді. Орыс халқы моңғол шапқыншылығын осылай тоқтатты дейді.

Енді аталған авторлардың екінші уәжіне келейік. Батысқа, түн түбіне алғаш шеру тартқанда моңғол әскерінің саны жүз мыңдай екен. Олай болса дейді Фоменко, жүз мың әскерге қанша азық-түлік керек, жүз мың атқа қанша жемшөп керек. Яғни, ол әскердің соңындағы арқұқ (обоз) қандай болу керек, ол арқұқта қанша арба болу керек, ал арбаны тартатын жегін малға тағы да қанша жемшөп керек. Аталған авторларға сенсек, соғысудың өзі, жорыққа аттанудың өзі мүмкін емес нәрсе болып шығады. Ең қызығы - үйде тыныш қана отыру. Алайда, олай болмаған ғой. Түрік-моңғол тайпаларының жаугершілігі қазіргі Италия жеріне жетіп барып тоқтаған. Шыңғыстың өсиеті - соңғы теңіз - Атлантикаға дейін бару. Бұл Батыс тараптағы іс. Ал Шығыста Шын-Машыннан өтіп, бұл бағытта да соңғы теңіз - Тынық және Үнді мұхитына жету. Кейіннен Құбылай хан теңіздің ар жағында да ел барын, Ниппон (қазіргі Жапония) деген мемлекет барын естіп, солай қарай аттанған. Бірақ бұл тарапта моңғол әскерінің қандай кесапатқа ұрынғанын, моңғолдың әскери - теңіз флотының жапон жағалауында қалай суға батқанын тарихтан жақсы білеміз. Міне, түзу жолдан тайған адамзатты жөнге салу мақсатында түрік-моңғол нәсілі осындай глобалистік (қазіргіше «жаһандану») жоспарды күн тәртібіне қойған. Батыстың бір тарихшысы айтқандай, «нәтижесінде, моңғолдар (түріктер деп түсініңіз) қазіргі әлемдік тарихтың космосын қалыптастырды». Ал енді, алдына осындай ұлы мақсат - Қарақорымнан басқарылатын бүкіләлемдік космополиттік империяны құруды көздеген, осы жолда өзінің де, өзгенің де қанын аямай төккен ұлы нәсілдің, ұлы миллеттің, әлдебір орыс орманынан өте алмай тоқтап қалуы, әскердің өзіне және мінетін атына азық жетпей қалады деп жорықтан бас тартуы, әрине, ақылға сыймайтын нәрсе. Ойымызша, Фоменко мен Носов, көшпенділердің жорыққа қалай дайындалып, қалай аттанатынын, қалай жортатынын білмейді. Ол аз десеңіз, айтайық, аталған тарихшылар жалпы тарихтан, соғыстардың, нәсілдердің тарихынан толықтай мақұрым. Христиан дінінен кетіп ислам дініне өткен, ұлы ғалым, радиционализмнің (дәстүршілдіктің) атасы шейх Яхья (шын аты-жөні - Рене Генон, ұлты француз) Үнді елінің ежелгі әлеуметтік құрылымын зерделей келе төрт әулетті ерекше бөліп алады (еуропа халықтарының тілінде бұл әулеттер «каста» деп, ал үндінің өз тілінде «варна» деп аталады). Бұл касталар: 1) брахмандар; 2) кшатрийлер; 3) вайшьялар; 4) шудралар. Брахмандар - ең жоғарғы каста. Бұлар Құдаймен, Абсолютпен тілдесетін болғандықтан фәни дүниені тәрк еткендер. Кшатрийлер - әскери әулет. Бұлар дүниені реттеуші күш. Дүниедегі тәртіпті қадағалаушы күш.  Вайшьялар - өндірушілер (егіншілер, қолөнершілер т.б.). Шудралар - ең төмен тап, құлдар (Бұл ежіктеп отыратын ғылыми мақала емес, сондықтан тым қарапайым  үстірт түсіндіргенім үшін кешірім сұраймын).

Осы күні ғылыми тілде түрік-моңғол көшпенділері деп аталатын халықтар аталған бөлініс бойынша әскери әулет-кшатрийлер болып саналады. Түрлі заманда түрлі халықтардың жылнамашы - тарихшылары сақ, скиф, сармат, массагет, хұн, түрік деп түрліше атандырғанымен, мыңдаған жылдар бойы Еуразия далаларын мекендеп келген көшпенділер бір кіндіктен тараған бір-ақ халық болып табылады.

Кшатрийлер мен шудралардың, немесе, бізше айтқанда әскери әулет пен құлдардың арақатынасын айна-қатесіз бейнелейтін бір тамаша аңыз Геродотта бар.

Скифтің бір тайпасының жауынгерлері алыс елге жорыққа аттанады. Сол жаулаған жерде біраз уақыт тұрып қалған скифтер күндердің күнінде отандарын сағынып қайтпақ болады. Бұл екі арада скифтердің әйелдері есікте жүрген құл-құтандармен көңіл қосып қояды. Дүниеге келген тұтас бір ұрпақ есейіп ел билейді. Ақыры елге қайтып келе жатқан скифтің жауынгерлері өздеріне беймәлім  әскермен, ал шындығында құлдан туған ұлдармен бетпе-бет кездеседі. Қандай жауды болса да жеңіп үйренген скифтер алдарынан шыққан әскерді жеңе алмай қояды. Қылыштасса - қылышқа мықты. Найзаласса - найзаға мықты. Садақ атысқанда да бет қаратпайды. Ақырында скифтің қолбасшысы бұл әскердің кім екенін шырамытып, жауынгерлеріне жауды қамшымен сабаңдар дейді. Сол кезде бес қарумен сайысқанда қайыспай қарсы тұрған жау әскері қамшыдан тым-тырақай қашыпты. Бұл жердегі мораль - құлдың құл болып қалатындығында. Скифтер қамшымен ұрып құлдың құл екенін естеріне түсірген. Мыңдаған жылдар бойы Еуразия даласында абсолюттік әскери үстемдікте болу, әрине, ізсіз кеткен жоқ. Түрік-моңғол халықтарында ерекше намыс культі қалыптасты, және намыспен бірге оның мәңгі серігі-меймана қоса ілесіп жүрді. Отырықшы халықтарды менсінбеу, «жатақ» деп кемсіту, «адам» деп санамау дағдысы көшпенді хұнның көңіліне осы кезде орныққан. Осыдан келіп соғыс стратегиясының екі принципі қалыптасты. Отырықшы елдердің стратегиясы - позициялық соғыс. Апталап, айлап (кейде жылдап) қарсы тұру. Әскер қырылып біткенше соғысу. Көп жағдайда тізе бүгіп, сауға сұрау. Азық-түлік пен ауызсу таусылғанда қамалдың қақпасын ашып берілу.

Ал көшпенділердің стратегиясы - маневрлік соғыс. Жауды (әсіресе, қаруланып шыққан жатақты) жау деп есептемеу, кең далаға алып шығып, садақпен атып қырып кету (бұл найзаның ұшын, қылыштың жүзін жатақтың қанына былғауға жиіркенетін ерекше рыцарлық кодекстен туған стратегия).

Көшпенділер бұл стратегияны, парсылардың басқыншылық соғыстарынан ұлттық санасы оянып, Ескендір Зұлқарнайынның туының астында енді есе қайтару соғысына, қарымта жаугершілікке шыққан, Дарийді жеңіп, парсыны алғаннан кейін тоқтай алмай скифтың даласына аяқ басқан гректермен бетпе-бет кездескенде өзгертуге мәжбүр болды. Есейіп соғыс өнеріне жетіле бастаған отырықшы елдерді енді бұрынғыдай қамшымен ұрып бағындырудың қиын екеніне көзі жеткен көшпенділер жаңа стратегия мен тактиканы үйренді. Шеп құрған жаудың шебін бұзуды, жау қосынын жеңу үшін ең әуелі нені талқандау керек екенін, орай соғып қоршауға алуды меңгерді.

Болашақтағы соғыс аймағына айналатын оперативтік кеңістікті әрбір төбешігі мен бұлағына дейін, жайылымы, ықтасыны, өзені мен жалғыз аяқ жолына дейін  зерделеп білу осы кезден бастап көшпенді хұн әулетінің әскери стратегиясының басты элементіне айналғаны анық.

Міне, жоғарыда аты аталған « Жаңа хронологияның» авторлары Фоменко мен Носовтың көшпенді халықтардың жаугершілігі туралы ұшқары пікірлеріне қарсы уәж ретінде, хұндар өздерінің алымды жорықтарын қалай іске асырғандығы жөнінде бірер аңыз деректің жөні енді келген сияқты.

Қандай да болмасын халықтың азық-түлікті ұқсатуы мен қамдауы, сақтауы және пайдалану әдістері сол халықтың өмір салтына бағынады. Көшпенділердің кулинариясы негізінен көшпенді тұрмысқа лайықталған сүр ет пен ашытып барып кептірілген сүт тағамдарынан тұрады. Бұл, бір жайлағанда жарты дүниені басып өтетін сансыз көш жолдарында әбден сыннан өткен, қанша сақтаса да бұзылмайтын, жібітіп жіберсе аз ғана уақыттың ішінде өзінің бұрынғы қалпын табатын баға жетпес нәрлі, дәмді тағамдар. Мысалға, екі-үш жыл жатқан сықпа құрт қайналған ыстық суда тұрып бір-ақ сағатта езіліп кетеді. Тұзға пісіп бес жыл тұрған қақпыш ет бұлақ суында он сағат тұрып, жібіп, асқанда езіліп піседі. Дәмі тіл үйіреді. Жайлаудан көшерде қарынға салып ошақтын астына көміп кеткен қима қуырдақ бір-бір жарым жыл сақтала береді. Көшіп келе жатқанда, тісі түсіп қызылиек болып қалған қариялар сықпаламай кептірілген ежігейді жейді. Сондай-ақ, қоржында  түннен қалған сүр етті жейді, сабада жүре-жүре шайқалып әбден бабына келген қымызды ішеді. Мінеки, аламандар жорыққа осы тағамдарды алатын болған.

Әр үй азаматын соғысқа өзі дайындайды. Қазақта сол заманнан қалған «Алты қоржын аламан» деген сөз бар. Оның мәнісі мынадай. Сықпай кептірген майлы ежігейден екі қоржын толтырып, қосар аттың бөксесіне артады. Мұны бір деңіз. Содан соң, қазақта «Түте» деп аталатын, жорыққа арнайы дайындалатын тағам болған. Қойдың семіз етін аямай тұздап, жақсылап кептіреді. Қақпыш болып қатқан етті келіге салып түйеді. Содан соң мылжа-мылжа болған етті бір үйлі жан отырып, жүн құсатып талшықтап түтіп шығады. Түте дегеніңіз осы. Осы түтені қоржын етіп толтырып, атқа артады. Мұны екі деңіз. Аламанның азығы осы. Енді қойдың сүр құйрығын екі қоржынға сықастыра толтырып, атқа оны артады. Мұны үш деңіз. Бұл аттардың азығы. Кейде және екі қоржын тобылғыны алады екен.

Қосар-асар аттың мәнісіне келетін болсақ, мұндағы қосар ат - мініс аты. Алаша ат шаршағанда ауысып мінетін көмекші күлік. Ал асар ат, атынан көрініп тұрғандай, азыққа арналған ат. Бір адам қосарына бір ат, асарына бір, кейде екі ат алады. Әрине, асар ат бос жүрмейді. Жортуыл барысында ертоқымсыз, басындағы ноқтамен мініске жүре береді. Қосар мен асар ат неге ертоқымсыз жайдақ мініледі? Ертоқымды шығын қылмас үшін. Сонымен аламан жорыққа дайын болды. Көне соғыс құрылымы бойынша ең кіші әскери бөлік - ондық. Он жауынгер бір онбасыға бағынады. Онбасы бейбіт кезінде қол астындағы он адамның қайсысы қайда жүргенін біліп отыруға міндетті. Онбасының оны жиналып келіп    бір жүзбасыға бағынады. Әлбетте, жүзбасы қоластындағы онбасылардың қайда екенін біліп отырады. Жүзбасылар мыңбасыға  бағынады. Мыңбасылар тубегіне бағынады. Қазақта түменбегі деген де әскери лауазым бар. Тубегі екеуінің шені бірдей. Осы күні ту ұстайтын адамды тубегі деп жаңсақ атайтын болыпты. Қазақта он мың әскер - бір ту әскер деп аталады. Он мың әскердің туын ұстайтын адамды «байрақтар» деп атайды.

Бес тубегі бір байғұртқа бағынады. Яғни, байғұрт - елу мың әскерді басқарады. Байғұрттар ханға бағынады. Міне,  қазақ әскерінің соғыс алдындағы жалпы құрылымы осындай болған.

Ертауыл деп аталатын шолғыншы әскер болашақ жорықтың маршруты бойынша негізгі әскерден бес жүз, кейде мың шақырым озып жер жайытын, жайылым мен суат, егер қыс болса ықтасын жерлерді алдын  ала тауып хабар беріп отырады.

Сонымен жорық басталды дейік. Қосар атты әскер күніне 150 шақырым жол жүре алады. Тоқтаусыз жортққан аламан қалай демалып, қалай тамақтанған? Көзіңізге елестетіңіз. Таңалагеуімнен, кейде тіпті түн ортасында аттанып кеткен әскер күн шықпай-ақ, салқынмен талай жерді шалады. Өмір салтының өзі үздіксіз көші-қон, ат үстінде туып, ат үстінде өлетін қазақ ұлына ертемен, не    түнде тұрып суыт жорыққа аттану - үйреншікті іс. Күн түске тырмысқанда қол бастап келе жатқан хан әскербасыларға белгі береді. Тубегі, мыңбасы, жүзбасы мен онбасы бәрі бір кісідей айқай салады.

- Бір рет асауға болады!

Сол сәтте бүкіл әскер бір адамдай, қоржындарына қол салып, ежігейден уысын толтырып бір асайды.

Содан соң хан, әскердің жүріс қарқынына қарап аттардың жілік майының жұқара бастағанын сезсе, оған да арнайы белгі береді. Тағы да аспанды жаңғырықтырған зілді айқай.

- Аттарға бір-бір асатыңдар!

Сол сәтте бір адамдай тізгін тартқан әскер аттан түседі. Ең әуелі аттың ұмасын уқалап сигізеді. Содан соң қоржындағы киіздей сүр құйрықтан бір-бір білем кесіп алаша, қосар, асар аттардың аузына салады. Келесі сәтте қалың қол жылжып та кетеді. Кідіріс көп болса бес-ақ минутқа созылады.

Осылайша қас қарайғанша жортады. Бұл кезде ертауылдан келген хабаршы, әскердің демалатын жерін белгілеп, қарауылды қойып та үлгереді. Егер әскер қонған жерде жайылым болса әр жүздіктің жылқысы бөлек жайылады. Аттар қалмақша, яғни, әрбір екі ат бір-біріне айқаса байланады. Бұл түн ішінде жау шапса, аттарды жылдам тауып алу үшін жасалатын амал. Әлбетте, ертоқым алынбайды, тек айылдары босатылып, ердің өзі аттың мойнына таман, шоқтықтың үстіне мінгізіліп желдік жасалады. Атты ерттеуге бір минуттей ғана уақыт кетеді. Осы бір минут уақыт не ұтыс береді деп күмән келтіруі мүмкін кей адам.  Үлкен ұтыс. Біріншіден, қалмақша байланған ат қойған жерден табылады. (Әрине, бұлай байланған жылқы дұрыстап жайыла алмайды. Алайда, қазақтың аз оттап, көп жусайтын қоренде жылқысы алақандай жерден бірнеше рет керт етсе болды, жорыққа дайын тұрады). Екіншіден, ертоқымды орнына жылжытып, құйысқанды кигізіп, айылды тартуға он секунд уақыт кетеді. Яғни, бір минутке толар-толмас уақытта аламан ұрысқа кіре алады. Болашақтағы жаудың ықтимал түнгі шабуылының тойтарысы осындай ұсақ дайындықтан тұрады.

Әскер қалай ұйықтайды? Астыға тоқым төсеп, ерді басқа жастап ұйықтау дегенді талай естідік. Жаңсақ әңгіме. Аттың ерін неге алуға болмайтынын (тіпті қосар-асар аттың үстіндегі тоқымы мен басындағы ноқтасы да алынбайды) жоғарыда айтып кеттік. Дулығаның астынан киілетін жығаның не екенін біздің қазақ ұмытып та кеткен шығар. Жыға, негізінен, аламанның басын дулыға қарып кетпес үшін, немесе қажап тастамас үшін киілетін бас киім. Сондай-ақ күрзінің соққысын жұмсартатын да - жыға. Сол себепті жыға өте қалың болады. Түйе мен қой жүнін араластырып иірген жіпті бірнеше қабаттап, тоқиды. Жіп қалың, бірақ шілтер сирек. Сирек болуы - басты желдету үшін керек. Аламан жатарда дулығаны шешеді, бірақ жыға басында қалады. Ойымызша, қазақ жауынгерінің ертоқымы артында аттың екі бөксесінен салбырап тұратын ораулы бір затты, оқырман кинодан талай көрген шығар. Бұл зат - ішік. Ішік өте үлкен болады. Өзі -  киім. Өзі -  төсеніш. Өзі - жамылатын көрпе. Міне, қазақ аламан, қалқанды басына жастап, ішіктің жартысын астына төсеп, жартысын үстіне жамылып саптама етігін шешпеген күйі осылай ұйықтайтын болған. Қарудан - қылышы, қанжары белінде, содан соң саптаманың ішінде «селебе» деп аталатын  екі қоныш қанжар. Қоныш қанжар, қапияда ұйықтап жатып, жаудың астында қалып, белдегі қылыш пен қанжарды ала алмағанда, аяқты бүгіп қоныштан суырып алып жаудың ішін, немесе бүйірін есіп жіберу үшін керек.

Көне жыраулардың өлеңдерінде

- Қу толағай бастанбай, - деген жолдар кездеседі. Бұл жердегі «толағай» - қалмақ сөзі. Қалмақтар адамның басын толағай дейді. Осыдан келіп, бір жол өлеңнен жаугершілік заманның сұмдық сыры ашылады. Қазақ соғыста өлген азаматтарды қолдан келгенше жерлеп кетуге тырысады. Көнекөз қариялардан естігеніміз, адамдардың мәйітін, мысалы бірнеше мың мәйітті әуелі бір-біріне сүйеп отырғызады. Содан кейін екінші қабат тағы бірнеше мың адам алдыңғылардың үстіне отырғызылады. Содан кейін тағы бірнеше мың. Тірі қалғандар шәйіт болғандардың аруағына дұға оқып, қайғыра жүріп даланың төсінде осындай бірнеше кейде он-жиырма, кейде отыз - қырық сұмдық төбелер тұрғызады. Бұл  жерде, біз, әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстарды айтып отырмыз. Ал кейде адам шығыны аз болып, өлген жауынгерлерді елге алып қайтудың мүмкіндігі болса -  алып қайтады. Елге келгеннен кейін арулап көмеді.

Далада қалған, шала-шарпы көмілген сүйек уақыт өте шаң, топырақ үйіріліп, ақырындап төбеге айналады.

Құрметті оқырман, «мықтың үйі» дегенді естуіңіз бар ма? Естімесеңіз айтайын,  «мықтың үйі» дегеніңіз сол, ғапыл мен өкінішке толы қазақтың қанды тарихынан қалған мұңлы  төбелер. Осы күрең топырақ тұнжыр дала, қасиетті Отан үшін қан төккен сансыз ұрпақтың үнсіз молалары.

Қалмақ адам жерлеу дегенді білмейтін мәжуси халық. Майданда өлген жауынгер түгілі, бейбіт өмірде өз ажалымен өлген адамды айдалаға лақтырып кетеді. Өлексе, ит-құс жеп ақ сүйек болып қалса, Тәңірі өзі жаратқан пендесін «қабыл  алады» деп қуанады. Қазақтың «ішегін ит жыртқан қалмақ» деген мәтелі осыдан    қалған.

«Қу толағай бастанбай» деген өлең жолындағы «бастанбай», «бастану» - «жастанудың» байырғы, көне варианты.

«Қу толағай бастанбай» - «жастанатын жастық болмай домалап жатқан қу басты жастанған жаугершілік заман» деген сөз. Қазақтың басынан өткен қиян заман мен қиямет тағдырды бұдан артық айтып беру мүмкін емес шығар.

Сонымен иен  далада, төсегі қара жер, жамылғысы көк аспан,  түнеп  шыққан аламан, таңалагеуімде немесе түн ортасынан ауа қайтадан атқа қонады. Таңғы асы - шеңгелін толтырып асаған майлы, нәрлі түте. Күндердің күнінде, межелеген жерде қалың қол жауменен беттеседі. Олжа аңсап, әйел аңсап, қаны сорғалаған ет аңсап келе жатқан жаужүрек аламан жаудың қосынына қырғидай тиеді. Батыстың, әсіресе грек, рим тарихшылары, парсының, қытайдың жылнамашылары жазады, көшпелілердің найзашылары қандай шепті болса да бұзады деп. Грек авторлары бұларды «катафракт» немесе «ауыр кавалерия» деп атайды. Мәне, сол скиф, сармат,   хұн катафракттарының мұргерлері - пілдей қазанат мінген, алты құлаш көсем найза ұстаған найзагерлер жауды алдымен соғады. Арттағы кептеуіл әскерді тиянақ еткен найзашылар шепті бұзып, жаудың әскерін ойдым-ойдым қылып тастайды. Ар жағы белгілі - жыландай ысқырынған жебе, қиғыр қылыш, қанжоса аламан ойын.

Алғайдың құба жонында беттесіп, қан жосадай егілген, оқ қылқандай шаншылған аяусыз ұрыста кім жеңеді, жеңістің самалы кім жағынан еседі - оны Құдай біледі.

Бірін-бірі аямай қидалаған екі әскердің екеуінікі де дұрыс. Себебі, әр ел өз   мүддесін қорғайды,  өз мұратын көздейді. Себебі, әр жұрт өз шындығын біледі, өз ұрпағының болашағын ойлайды.

Әрине, жаудың жеңілгені ауыр несібе, ауыр қайғы. Бірақ қазақ үшін емес - өзі үшін. Аяусыз қырғын соғыстан кейін басталады. Қаруын тастамаған еркек кіндіктінің   барлығы өлімге кесіледі. Тізе бүккендері кісенделіп құлдыққа айдалады. Болашақта қой бағатын құл-құтандар осылар.   Соғыстың ең ауыр, ең қатыгез көрінісін біз әлі айтқан жоқпыз. Ес білмейтін балалардың барлығын арбаға тиейді. Қалғандарын арбаның күпшегіне теңгереді. Бойы күпшектен асқандарын... қылышқа шалады. Құрметті оқырман, мен триллерді әңгімелеп отырған жоқпын. Мен болған жайды айтып отырмын. Маған ренжімеңіз. Налаңыз - қатыгез заманға. Бұл жердегі есеп - ес білген бала, әкесінің өлгенін, дәлірек айтқанда әкесінің қалай өлтірілгенін көрген бала кейін есейіп ер жеткенде, бес қаруын асынып бері қарай аттанбауы керек.

Құрметті оқырман, тарих ақ биялай киіп өткерілмейді. Елдің бәрі осылай істеген. Ағылшын нәсілі Американың саны 30 миллион болатын үндіс халқын аямай қырып салған. Әрине, бала демей, шаға демей. Ресейдің Қырымлы мен Ноғайда, Қазан менен Сібірде не істегенін айтпай-ақ қояйын. Қазақ басқа жұрттан қатыгез емес. Ежелгі жау, табандасқан дұшпан, ешқашан бітіспейтін дұшпан қалмақтың ес білген баласын арбаның күпшегіне теңгеруі - қазақтың өз ұрпағының қамын ойлауы.

Соғыстағы ең үлкен олжа - әйел. Қазақтың жауынгерлері жығынды болып тізерлеп отырған жауды аралап,  өңі бүтін әйелді, балиғатқа толған  ілікті қызды, бәрін олжалап елге алып қайтатын болған. Біздің  өткен замандағы ғазиз аналарымыз, әз әжелеріміз осы шабындыдан келген қалмақтың қыздары еді.

Қазақта «Ағайын өкпеге қиса да өлімге қимайды» деген мақал бар.  Билік үшін, әйел үшін ағайынның қанын төгуге тыйым салатын ұлы мораль күні кешеге дейін келген. Бірақ осы асыл қағиданың да бұзылатын кездері болады екен. Кейде ат көтіне мініп келген ұрғашы тым сұлу, тым қылықты болып, батырлар бір-біріне қимай қынаптан қылыш суырысқан кездер де болған екен. Сирек болса да кездескен жайт. Жеңілген жау осындай болғанда, енді жеңген елдің жайы қандай?

Жырау бабамыздың айтқан сөзі бар:

Оныншы тілек тілеңіз,

Он ай сені көтерген,

Омыртқасы үзілген,

Аязды күнде айналған,

Тар құрсағын кеңіткен,

Тас емшегін жібіткен

Анаң бір аңырап қалмасқа.

Он бірінші тілек тілеңіз,

Он саусағы қыналы,

Омырауы жұпарлы,

Исі жұпар аңқыған,

Даусы қудай саңқыған,

Назыменен күйдірген,

Қылығымен сүйдірген,

Ардақтап жүрген бикешің,

Жылай да жесір қалмасқа.

Азаматын сарғая күткен  ару, атқа өңгерілген өлі денені құшақтап аңырап, балалардың әкені жоқтап еңіреп қалғаны - дүниедегі ең үлкен қасіреттің бірі сол. Уақыт өтеді, қайғы көмескі тартады. Күндердің күнінде жесір қалған жеңгесін әмеңгердің біреуі алады. Тағдыр деген осы, оған қарсы не амал. Жалғыз ұлынан айырылған ата менен ана, тұлымшағы желбіреген қалмақтың баласын құшағына алып «Я, Алла, осы бергеніңе де шүкір» деп күрсініп олар да қалады.  Біреу қалмақтан қатын әкеліп, мал малданып, жан жанданып, өсіп-өркендейді. Біреудің оты өшеді. Бір қуаныш, бір қайғы. Осының бәрінің үстінде, мәңгі ел - алаштың өзінің қаны түстес қасиетті қызыл туы бөрідей шулап желбіреп тұрады.

***

Осы көне күндерден, жаугершілік заманнан қалған қазақтың қадірлі асы болған. Оны бастырма дейді. Кейде хан апта жортып ыстық ас ішкісі келген әскерге, асар аттың біреуін союға рұқсат етеді.   Әр жүздік өзінің қосарындағы аттың біреуін шалады.   Түн ортасында сойылған жылқының етін мүшелемей көрпе құсатып сылып алады да алаша аттардың ертоқымының астына төсеп, айылды қатты тартып тастайды. Етінен жалаңаштанған сүйек-саяқты тастамай қоржынға салып алады. Кешке  отқа көміп пісірілген  жіліктерді шаққанда ішіндегі майы балдай тәтті болады екен. Алайда тамақтың үлкені күні бойы ертоқымның астында жаншылып әбден езілген, отқа қақталып үлбіреп піскен бастырма. Бұл жерде аттың тері етке  шауып кетпей ме деген күмән болуы мүмкін. Айтайық сізге, аттың алғашқы қамау тері шынында да удай ащы болады. Содан кейінгі қара тер де ащылау. Бірақ бірнеше ай жорықта, міністе жүрген мініскер аттың тері адам ішкендей дәмді болады.

Эмиграцияға кетіп Батыс Еуропада өлген моңғол ғалымы Эренджен Хара-Даван өзінің Шыңғыс хан туралы зерттеу еңбегінде моңғолдардың жорық кезінде түйенің қолтығына нан пісіргенін айтады. Кім біледі? Қиял да болуы мүмкін. Бірақ моңғол мен ойраттың етті бір қайнатып, қаны тарағаннан кейін (бұл бізше шикі ет болып саналады)  жей салатын әдетін ескерсек, онда түйенің қолтығында тұрып буланып, қабарып кеткен ішкі қамырды неге жемейді деген сұрақ туады. Ал бастырма ертоқымның астында тұрып ақ жем болып кететіні анық. Бұл тамақты қазақтан басқа түрік халықтарының қайсысы ұқсатады десеңіз, айтайық, осман түріктерінде бастурма деген тамақ бар. Византияны жаулап, Осман империясының іргесін қалаған арғы селжүк аталарынан қалған тағамның түрі екеніне ешқандай күмән жоқ. Әрине, қазіргі түрік, етті ертоқымның астына салмайды.

Тегіс етіп сүргіленген жалпақ тақтайдың астына салып, үстінен таспен бастырады. Жаугершілік заман аяқталғанымен қазақ осы  қадірлі асын ұмытқан жоқ. Ауыр тастың астына бастырып, содан соң қалпақтай қылып тұтастай қуырған бастырманы өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін жеп келдік.

ххх

Ресторанда бір топ   адам отырмыз. Жігіттердің бірі дастархан мәзірін қарап, - мынау «отбивная котлета из говядины» деген дәмді нәрсе, осыны алайық, - деді.

Жанымызда тұрған даяшы орыс қыз, - Қанша котлет? Барлығыңызға ма? - деп сұрады.

Иә дедік. Арамызда қылжақбастау біреу бар еді, сол даяшыға, - «отбивная» деген сөз, «отбить» яғни, «біреуден бірдеңені тартып алу» деген етістіктен шыққан. «Отбивная котлета из говядины» дегеніңіз сиырды сабап тартып алған котлет емес пе? - деді қылжақтап.

Даяшы, сұлу орыстың қызы, - Жоқ. Сиырдың етін ағаш балғамен ұрады.  Еттің талшықтары орнынан жылжып, езіліп, қуырғанда дәмді болып піседі. Бұл - технологияның аты. Менюда қазақшасы да тұр ғой, - деді жымиып.

Жігіттердің біреуі менюді қолына алып қарап, артынша қарқылдай күлген.  Бетіне аңтарыла қарадық.

-Мынаны қараңдар, - деді досымыз - «Отбивная  котлетаның» аудармасы - «Ұрылған ет».

Жұрт күлісіп жатыр

-«Қағылған-соғылған ет» десе қайтеді? - деді біреу.

Сонымен, келтірейін бе? - деді даяшы.

- Иә, таяқ жеген котлетіңізді алып келіңіз, - деді қылжақбас досымыз.

Кешке үйге келгеннен кейін жазу үстелімнің басында, жарық жақпай ұзақ отырдым. Күндізгі ресторандағы әңгіме, тағам атының күлкілі, нашар аудармасы,   бәр-бәрі есіме түсті. Ақырындап ойға шомдым. Қараңғы бөлменің бұрыш-бұрышынан өткен  тарих, арыстан бабаларымыздың ерлік істерінің елесі атойлай көтеріліп, басымнан небір тағдыр, небір заман кешіп отыра беріппін. Есімді жиып сағатқа қарасам, түнгі үш екен. Беті - қолымды суық суға жуып, бірнеше шыны ащы шай ішіп, сергігеннен кейін үстел басына келіп отырдым. Сәл отырдым да, әдетімше, талмайтын қара қаламды ақ қағазға тіредім...

www.otuken.kz сайты

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351