Мемлекеттік тілді төрге оздырудың мүмкіндігі бар
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кездің өзінде-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде" деп, еліміздің келешегін анықтап берді. Конституциямыздың 7-бабында: "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі" деп айқын жазылды. "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады," - делінсе, мұның өзі сол уақыттағы қалыптасқан объективті өмір талабынан туындаған тұжырым болғандығын да есімізде ұстауымыз керек. Уақыт өте келе, халықтың басым көпшілігі мемлекеттік тілді игерген уақытта бұл баптың қажеттілігі болмай қалары да сөзсіз.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кездің өзінде-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде" деп, еліміздің келешегін анықтап берді. Конституциямыздың 7-бабында: "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі" деп айқын жазылды. "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады," - делінсе, мұның өзі сол уақыттағы қалыптасқан объективті өмір талабынан туындаған тұжырым болғандығын да есімізде ұстауымыз керек. Уақыт өте келе, халықтың басым көпшілігі мемлекеттік тілді игерген уақытта бұл баптың қажеттілігі болмай қалары да сөзсіз.
Ал қазақ тілінің болмыс-бітімі, икемділігі мен байлығы, қабілеті мен қасиетіне келсек, әлем тілдерінің қай-қайсысымен де ұялмай, қысылмай қатар тұруға лайық деуге толық негіз бар. Тәуелсіздігімізді жаңа алған тоқсаныншы жылдардың басындағы шовинистік тұрғыдағы кейбір басылымдарда "бұл тіл мемлекеттік тілдің қызметін атқаруға әлі ертерек, оған қарымы жетпейді" деген сөздер теріс пиғылдан туған бос сандырақ болатын. Ана тілінің уызына жарып өскен, оның қадір-қалыбын бір адамдай білетін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Тарих толқынында" деген кітабында былай деген еді: "Дауға салса алмастай қиған, өмірдің кез келген орайында әрі қаруы, әрі қалқаны болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен? Әрине, одан қымбат ештеңе жоқ деп айтуға болады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған - оның ғажайып тілі".
Сонымен бірге қасиетті, қабілетті қазақ тілінің күні-бүгінге дейін босағадан төрдегі өзінің лайықты орнына өте алмай келе жатқаны және шындық. Тіл жөнінен алғандағы бүгінгі таңдағы ахуалымыз, осы уақытқа дейін істелген, істелмеген істер, жағдайды өзгертіп тұйықтан шығудың жолы қайсы, осы жөніндегі ойларымызды ортаға салғымыз келеді.
БҮГІНГІ АХУАЛЫМЫЗ ҚАНДАЙ?
Осыдан аз уақыт бұрын компьютер арқылы қолдары қалт еткенде бір-біріне көңіл аударуға тұратындай әртүрлі қызықты хабарлар, кейде әзіл-қалжың да жолдап отыратын, жауапты қызметте істейтін "орыс тілді" жастарымыздың біріне өзі сияқты, Мұхтар Шахановша айтқанда "шқ" ("шала қазақ") досынан тосын бір хат жеткен екен, ол соны оқып, мәз болып күліп отырды. "Інім, қызыққа жалғыз батқанша бізге де айта отыр," - деп әзілдеп едім, ол өзі оқып отырған нәрсені зыр еткізіп принтерден қағазға шығарды да, қолыма ұстата салды. Материал орысша жазылғанмен, "Қазақ тілі - таяу болашақта" деген тақырыбы елең еткізді. Мен де оқып, еріксіз күлдім. Ана тілін әлі үйрене алмай жүрген жастарымыздың өздерін өздері әжуалап жазған дүниесі екен. Авторы жоқ, түгі жоқ, бір-бірінің халін жақсы түсінетін, өз мамандықтарына жетік, өздеріне тапсырылған қызметті ойдағыдай істеп, табысты атқарып жүрген жастарымыздың бір-біріне жолдаған хаттары. Мұның өзі оларды енжар қалдырмайтын, ойландыратын мәселе екені байқалып тұрды. Сонан соң мен оны қазақшаға аударып шықтым. Онда былай деп жазылыпты:
"Қазақ тілі шенеуніктеріміздің қызметтік лексиконына барған сайын батылырақ еніп келеді. Бұл, әрине, жақсы. Барлық мекемелерде іс жүргізу ресми түрде мемлекеттік тілге көшетін уақыттың ауылы енді алыс емес сияқты. Осыған шенеуніктеріміз қаншалықты дәрежеде дайын екен? Біз кішкене қиялға беріліп, сол күнді көз алдымызға елестетуге тырыстық...
Сонымен, Қазақстан. Таяу болашақ. Мемлекеттік кеңселердің бірі. Таңертеңгі жеделдеме жиналыс. Директор креслосының артындағы қабырғаға: "Біз қазақша сөйлейміз" деп үлкен әріптермен жазылған ескерту ілінген. Тым-тырыс тыныштық. Қызметкерлер мазасыз сезіммен әлденені күтуде. Директор алғашқы сөзді неден, қалай бастасам екен дегенді біраз ойланып отырды да:
- Салам алейкум, что ли? - деді абайлап тіл қатып.
- Аллейкум ассалам! - десті қызметкерлер жүктері кішкене жеңілдегендей болып, еркінірек тыныстап.
Қайтадан тым-тырыс тыныштық орнады. Директор миының сөздік қорға жауап беретін оң жақ сыңарындағы майланбаған тегершіктерінің сықыр-сықыр жұмыс істегені естіліп тұрды. Мекеме басшысы терезеге көз салды да:
- Ауа райы! - деді екі сөзді қуана айтып. Бірақ оның миының тегершіктері кенет тоқтап қалды. Айтатын ойдың аяқталуы үшін тағы бірнәрсе қосуы керек еді. Директордың ойына басқа сөз түспей, кішкене қызарды да:
- Ауа райы бүгін ого-го! - деді.
- Ого-го! Ого-го! - деп жамырай қайталасты бастығына жан-тәнімен берілген қызметкерлері. Тек қаржы мәселесін басқаратындықтан еркінірек сөйлеп үйренген бұғалтыр ғана ақырын дауыспен:
- Гиги-гай! - деп сақтана түзету жасады.
Директор осы қытыққа тиетіндей, өзінің беделіне нұқсан келтіретіндей екіұшты жағдайдан қалай шығып кетуді ойланып қалды. Оның миындағы тегершіктерінің сықырлап қайта жұмыс істей бастағаны естіліп тұрды. Ақыры, түк таппаған мекеме басшысы уақытша шегініске барып:
- Ауа райы - гиги-гай! - деді келісетінін білдіріп. Бастығына берілген қызметкерлері:
- Гиги-гай! Гиги-гай! - деп қайталасты екінші оқылымдағы бұл түзетуді жамырай қабыл алысып.
Келісімге, түсіністікке қол жетті. Алайда жеделдеме жиналыстың тақырыбы анықталмағандықтан, қайтадан тыныштық, үнсіздік орнаған. Кенет директордың миында тағы бір сөз жарқ етті:
- Коррупция! - деді ол.
- Коррупция! Коррупция! - деп шуылдасты қызметкерлері осы бір ежелгі қазақ сөзінің дәмін барынша айқын сезіне түскісі келгендей тамсана қайталап.
Директор осы "коррупция" деген сөзді ары қарай қалай жалғастырсам екен деп іштей әлекке түсті. Бірақ оның ойына баяғыдан естіп келе жатқан "Маскүнемдікпен күрес", "Денсаулық - зор байлық" деген сияқты сөздер ғана түскен еді. Кенет ол шығар жолды тауып кетті:
- Коррупцияға - қазақша күрес! - деді жігерлі үнмен.
- Йес! Йес! Қазақша күрес! - деп шаттана қостады қызметкерлері.
Бас бұғалтыр тағы да өз пікірін айтып қалды:
- Қазақша дегендей, коррупция - жемқорлық.
Қорытындысында "Жемқорлыққа - қазақша күрес!" деген нұсқа біржола қабылданды. Директор осы сәтте бүгінгі жеделдеме жиналыстың әлемдік қаржы дағдарысына байланысты азық-түлік бағасының өсуіне арналуға тиіс екенін есіне алып, осы сөздердің қазақша баламаларын ойша іздеп кетті. "Азык-тулик багалары" деген сөздерді ғана есіне түсіре алған ол тұйықтан шығатын жолды бәрібір тапты.
- Азык-тулик багалары - Алатау сиякты, - деді сенімді үнмен.
- Жомолунгма сияқты! - деп қыршаңқы бұғалтыр директордың сөзін тағы да өзінше әрлей түсті.
Осы бір ыңғайға келген қолайлы сәтті мекеме басшысы текке жібермей, қапысыз пайдаланып қалуға тырысып:
- Жок! Именно Алатау сиякты! Қазақпыз гой! - деді нығырта, қарсыласуға жол бермейтіндей үнмен.
- "Жок" - это по нашему! - деп шуылдасты қызметкерлері бастыққа қолдау көрсетіп. Енді ол "мировой финансовый кризис" деген сөздердің қазақшасын есіне түсіруге тырысып, ойланып тұрып қалған еді. Осы сәтте бес жылдан бері қазақ тілін өздігінше үйреніп жүрген кадр жөніндегі орынбасар Иван Иванов есіктен ентіге кіріп келді.
- Кешіккеніме кешірім сұраймын, - деді Иванов қазақша. - Жиналыс не туралы өтіп жатыр? Әлемдік қаржы дағдарысы туралы ма?
- Точно! Алемдик каржы дагдарысы! Мировой финансовый кризис! - деді қуанып кеткен директор...
Қазақстан. Таяу болашақтан көрініс. Үстел басында отырғандардың бәрі қазақтар, біреуі ғана орыс еді."
Осы бір әзіл әңгіме біздің қоғамымыздағы қазіргі орын алып отырған хал-ахуалды әдемі көрсететінімен еріксіз көңіл аударады. "Асфальтта туғандар" деп аталған, ана тілінің уызына жару бақыты басына қонбай, балабақшада да, мектепте де, ойнап-күліп ержеткен ортасында да өнебойы орыс тілінде ғана сөйлесіп есейген, университет, институт бітірген, ойлау дәрежесі де, қабілет-қарымы да өз қатарынан кем емес талай жастарымыздың сырттай сыр бермегенмен, ана тілін білмегендеріне іштей қорынып, өздеріне өздері риза болмай жүргендерінің талай куәсі болдым. Осыдан бірер жыл бұрын Премьер-Министрдің кеңсесінде істейтін екі інішекпен әңгімелескенімде, олар да өздерінің ана тілін үйренгісі келетінін айтып отырды. Екеуі де айтқанды түсінеді, шала-пұла сөйлесе алады. Солардың бірі тілінің онша мәз емес екеніне қарамай, қазақтармен қазақша сөйлесуге тырысып жүргенін айтты. Қазақша сөйлем құрауға, кейбір жұрнақ, жалғауларды пайдалануға келгенде әлі көп нәрсені шатыстырамын деді. "Соған қарамай сөйлесе берсем, таяудағы бірер жылда үйреніп кетермін деп үміттенемін", - деген еді. Екінші жігіт ақша төлеп, өзінің бірер ай арнаулы курсқа барғанын, бірақ кеңседегі жұмысы қауырт болғандықтан, көбіне уақытқа қарамай істеуге де тура келетіндіктен, сабақтарға жүйелі қатыса алмағанын, сәл-пәл үйрене бастаған сияқты көрінгенімен, әлі де жарытып сөйлесе алмайтынын ренжи әңгімеледі. "Бір тәуір жері, біз сияқты тіл білмейтіндер қызметте әзірге ешқандай кемшілік көріп жүрген жоқ", - деді ол. Содан бері арада тағы бірер жыл өтті. Баяғы екі жігіттің ешкімнен қорынбай, ұялмай сөйлесіп жүргенінің тілі кәдімгідей төселіп қалыпты. Екіншісі де өзінше сөздік сатып алып, тиіп-қашып айналысып, үйренуге тырысуда екен. Бірақ, бәрібір, қысқа ғана жауаптасуға жарағанымен, еркін сөйлескісі, бір нәрсені дұрысырақ түсінгісі келгенде орыс тіліне ауысып кете береді.
Және бір назар аударатын нәрсе, осы Астанамызда болсын, Алматыда, басқа қалаларымызда болсын, жұмыс істеп жатқан тіл үйрететін курстардың нәтижелерінің көбінесе ойдағыдай еместігі. Осының өзі оқыту әдістемесін, оқулықтар, мұғалімдер сапасын одан әрі жетілдіре түсу қажеттігі жөнінде еріксіз ойлантады. Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін үйрететін курстар ұйымдастырылғанымен, оған жазылғандардың аптаның белгілі бір күнінде, белгілі бір сағаттарында өтетін сабақтарға өнебойы жүйелі түрде қатысып отыруына мүмкіндік берілмейді. Жұмыс көбейіп кеткенде басшылар қызметкерлерінің тіл үйренетін курстың сабағына қатысуына рұқсат етпейді. Осылайша сабақтарға тиіп-қашып қатысқан соң, нәтиженің де ойдағыдай болмайтыны белгілі.
Керісінше, әскерге барған, қазақ тілін білмейтін орыс жігітінің Отан алдындағы парызын өтеп қайтқан мерзімі ішінде қазақшаны әп-әдемі үйреніп келгеніне куә болғанмын. Құрылыс материалдарын сататын базарда бір жап-жас орыс жігіті: "Аға, не іздедіңіз? Менен қараңыз. Менен алыңыз. Бағасын азырақ түсіріп те беремін" деген соң басқаларға бұрылмай, бірден соған барғанмын. "Өй, айналайын, қазақшаң тәуір екен. Қазақ ауылында өскен баласың-ау, шамасы", дегенімде ол: "Жоқ, аға, - деді. - Орыстардың ортасында өстім. Орысша мектеп бітіргенде қазақша түк білмейтінмін. Маған әскер көмектесті. Мен барған әскери бөлімде қазақ жігіттері көп болды, командиріміз де бұйрықты мемлекеттік тілде ғана беретін. Алғаш біраз қиналғанмен, артынан көп өтпей-ақ, қазақшаны жылдам үйреніп алдым. Енді соның пайдасын көріп жүрмін. Қазақша айқайлап шақырсам болды, өзіңіз сияқты ағалардың бәрі ешқайда бұрылмай, тура маған келеді, керектерін менен сатып алады", - деді ағынан жарылып.
Республика Президенті 1998 жылдың 8 желтоқсаны күні қол қойған "Қазақстан Републикасындағы тіл туралы" Заңның 4-бабында: "Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті", - деп көрсетілді. Ал тіл жөніндегі осы заңның 23-бабында: "Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді", - деп жазылды. Өкінішке орай, осы талаптың жүзеге асырылмағаны, оны орындау үшін Үкімет ешқандай талпыныс жасамағаны, осы уақытқа дейін қағаз жүзінде ғана қалып қойғаны күйзелтеді.
Қазір біздің қоғамда "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы" заң қабылдау қажеттігі жөнінде де көп айтылып жүр. Қала мен ауылда тұратын барлық қазақтар үшін мұның өзі толғағы жеткен, барынша актуальді мәселе болып тұр. Көршілеріміз Ресейден бастап Еуропаның, дүние жүзі елдерінің көбінде бар мемлекеттік тіл туралы заң олардың қай-қайсысынан да бізге керегірек. Ең алдымен, ол мемлекеттік тілімізді Конституцияда айтылған өз тұғырына қондыру үшін керек. Алайда "Егемен Қазақстан" газеті бастаған бірқатар қазақ тіліндегі басылымдарда ғалымдар, ұлт жанашырлары жазған мақалалардан мұндай заңның қабылдануына қарсы болып жүргендер мемлекеттік тілімізді жарытып білмейтін қайсыбір заңгерлер, билік басында жүрген өз қандастарымыз екенін қынжыла отырып оқыдық. Олар: "Бізде тілдер туралы заң бар ғой, сол бар жағдайды реттей алады" деп уәж айтып, бұл жөніндегі әңгімені ілгері бастырмайды екен. Сол реттей алмағаннан кейін емес пе, тәуелсіздік алғанымызға 18 жыл өтсе де, мемлекеттік тіліміздің төрдегі өзінің Конституциямен белгіленген орнына әлі күнге отыра алмай келе жатқаны. Және біздегі Тіл туралы заң - Қазақстандағы барлық этностардың тілі туралы болғанымен, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң емес қой. Ресейде мемлекеттік тіл туралы мұндай заң 2006 жылдың мамыр айында қабылданды, ол аз десеңіз, 2007 жыл Орыс тілі жылы болып жарияланды.
2001 жылы мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының аударма, лингвистикалық сараптама және Парламент актілерін шығару бөлімін басқардым. Сонда біздің бөлімнің ұйытқы болуымен "Мемлекеттік тіл - тәуелсіздігіміздің тірегі" атты семинар өткізгеніміз есімде. Оған белгілі ғалымдар, депутаттар, министрліктердің, тілдерді дамыту департаментінің жауапты қызметкерлері, аудармашы мамандар қатысып, туған тіліміздің көкейкесті мәселелері кеңінен сөз болған-ды. Сол семинарда туған тіліміздің жанашырларының бірі, белгілі қоғам қайраткері, Парламент Сенаты Төрағасының сол кездегі орынбасары Өмірбек Байгелдінің өте орынды, салиқалы пікір айтқаны есімде. "Бір-бірімізді үгіттеу, ұран тастау жетті. Айғай да қажетсіз. Онда басқалар да айғайлайды ертең. Жұмыс өнетін жол іздеуіміз керек. Не жетпейді? Бізге өркениетті елдер сияқты жұмыс істеудің әдісі жетпейді. Қазір он жылдық бағдарлама бар. Енді Үкіметтің әр жылға арналған, бекітілген іс-шарасы болуы керек. Онда, айталық, мектеп саны биыл мұнша, одан кейін мұнша болады делінуі, бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Министрліктерге, салаларға міндеттер қойылуы керек. Биыл сауда орны, әр саладағылар, өз мамандығы бойынша, айталық, 1000 сөзді үйренуі қажет. Ол үшін оларға арнаулы сөздіктер шығару, оқыту керек. Ал олар жаттап, емтихан тапсырады. Сатушыға, медбикеге, полицейге, басқаларға қызметке қажетті осынша сөзді білмесең жұмыс істей алмайсың делінуі қажет. Министрліктерге де айту жөн. Мысалы, Ішкі істер министрлігі бес жылдан кейін мемлекеттік тілге түгел көшеді деп. 5 жыл бар. Олар жоспар жасайды. Мұғалім жалдап үйрене бастайды. Ертең жылаған адам болса, "кешір, бес жыл бұрын айтылған, неге үйренбедің, енді істей алмайсың" делінеді. Сонда айғай да, ұйғай да болмайды. Әр жылға осылай жоспар жасалып, бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Мемлекеттік тілге Парламент те, Үкімет те түгел көшіріледі деп жазылсын бағдарламаға. Оған қарсы болып отырған кімдер? Астауға жетіп алған біздің тілді білмейтіндер", - деген еді Өмекең. Өмекеңнің ол сөзі жоғары билік орындарында, министрліктердің көбінде жауапты қызметте отырған тіл білмейтін қызметкерлер жөнінде екенін түсінгенбіз.
Бізде премьер-министрлер ауысып жатады, олардың мемлекеттік тілге жаны ашып, қамқорлық көрсетейін деген сыңайы байқалмайды. Тек қана Президентіміз анда-санда осы мәселеге назар аударып, қамшыласа ғана Үкімет балалар бақшаларын, мектептер салуға жоспар жасап, мемлекеттік тілді дамытуға қаржы бөледі. Бірақ мемлекеттік тілді өмірімізге сала-сала бойынша, жүйелі түрде кеңінен енгізу жөніндегі жұмысты шындап қолға алып, ұйымдастыру шараларын өткізуге ешқандай ниет білдірмейді. Үкіметтің тіл туралы заңды орындауын бақылайтын, талап ететін ешкім жоқ. Ал жеке адамдардың, қоғамдық ұйымдардың айтқан сөздері де, айғайлаған үндері де жартасқа соққан жаңғырық сияқты. Оларды елеп-ескеріп, керек қылып жатқан ешкім жоқ.
Соңғы жылдарда біз облыстар, біраз қалалар мемлекеттік тілге көшті деп жүрміз. Демек, олардағы жоғарыға, төменге жіберілетін құжаттар мемлекеттік тілге көшуі керек. Ал енді барлық мәселелер бойынша шешім қабылдап, тапсырма беретін, орындалуы жөнінде ақпараттар талап ететін, биліктің ең жоғарғы сатысында отырған Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр кеңсесі, қос палаталы Парламент қызметкерлері өз жұмыстарын орыс тілінде ғана жүргізіп отырғанда, облыстар мен қалаларды мемлекеттік тілге көшірдік дегеніміз бос сөз болып шықпай ма?
Тәуелсіздік алғаннан бергі тағы бір өкінішті жағдай - жоғарғы басшылық орындарында жүрген азаматтарымыздың ішінде мемлекеттік тілімізді жетік білетін, өз ұлтының өнеріне, салт-дәстүріне шындап жаны ашитын, әрі сол жанашырлығын іс жүзінде дәлелдеуге тырысатын ұлтжанды азаматтардың аз екендігі. Бірақ олар сирек болса да бар. Кейде олардың істеген істеріне қарап сүйсініп, оларды өзіне үлгі тұтатын азаматтарымыз көбірек болса екен деп тілейсің. Осы орайда өзім жақсы білетін сондай азаматтардың бір-екеуі туралы айта кетуді өзіме парыз санаймын.
ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫҚТЫҢ ЕКІ МЫСАЛЫ
Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз ең алғашқы мәдениет министрі етіп өнерге, әдебиетке, мәдениетке шын жаны ашитын халқымыздың атақты композиторы Еркеғали Рахмадиев ағамызды тағайындағанын білеміз.
- Сол кездерде Президентіміздің Жарлығы шыққан, Қазақстанда бұдан былайғы жерде мемлекеттік тіл қазақ тілі болады деп. Соған байланысты Жоғарғы Кеңес қаулы қабылдаған, - деп еске алады Ерағаң осы күндері. - Мен соларды пайдаландым да, қолма-қол Мәдениет министрлігі бойынша бұйрық беріп жібердім: "Мәдениет министрлігінің қарамағындағы мәдениет ошақтарының барлығы бұдан былайғы жерде қарым-қатынастарды мемлекеттік тілде жасайтын болсын", - деп. Ел шуылдап кетті. Мұндайға бұрын үйренбеген, үкіметтік деңгейдегі қарым-қатынастың барлығы орыс тілінде ғана жасалады деген ұғым санаға әбден сіңіп, беріш болып қатып қалған. Біздің министрліктегі сол бұйрық жалпақ жұртқа аяқ астынан жай түскендей әсер еткен болса керек. Содан бір күні Өскеменнің казак-орыстары ма, тағы біреулер ме, менің үстімнен арыз жазыпты. Жоғарғы Кеңесте де мені жамандап сөйлегендер болыпты. "Мәдениет министрі қырып-жойып барады. Келмей жатып мемлекеттік тіл - қазақ тілі болады деп жатыр. Қазақ тілінде сөйлеңдер, қазақ тілінде қарым-қатынас жасаңдар дейді," - деп. Содан мені Жоғарғы Кеңеске шақырған соң, бардым. "Осылай да осылай, депутаттар қайта-қайта мәселе көтеріп жүр", - деген әңгіме айтылды маған. Мен жауап бердім: "Президенттің командасындағы қызметкермін, міне, Президенттің Жарлығы: "Қазақ тілі - мемлекеттік тіл болады" деген. Міне, өздеріңнің қабылдаған қаулыларың. Онда да "қазақ тілі - мемлекет тілі" деп айтылған. Ал енді менің жазығым не? Мен нені бүлдірдім, кімді орынсыз зорлап жатырмын? Мәдениет министрі болғаннан кейін бұл шешімдерді орындауға тиістімін. Сондықтан да бұдан былайғы жерде мәдениет саласында іс жүргізу, қарым-қатынас мемлекеттік тілде болады дедім. "Қазақ тілі" деп айтқан жоқпын. Сонымен кетіп қалдым. Мен министрліктен кеткенше қазақ тілі министрлік бойынша айналымға еніп, көп-көрім қалыптасып қалып еді. Іс жүргізудің бәрі қазақшаға көшті. Облыстардан хаттардың бәрі қазақ тілінде келетін болды. Олар өздері жазды ма, біреуді жалдап жаздырды ма, ол екінші мәселе. Мәдениет саласында қызмет ететіндер мемлекеттік тілді үйренуге ден қоя бастады. Жағдай бірте-бірте қалыптасып келе жатқандай еді. Екі жылдан кейін, 1992 жылы мен министр қызметінен кеттім де, орныма қазақша онша білмейтін адам келді. Сонымен қалды менің біраз жерге апарған дүниелерім, - дейді Ерағаң сол жылдарды еске түсіріп.
Ақша дегеніңіз ай сайын емес, күн сайын құнсызданып, бұрынғы одақтас республикалармен байланысымыз быт-шыт үзіліп, кәсіпорындар тоқтап, жұмыс орындары жабылып, күнкөріс қатты қиындап кеткен сол жылдардың өзінде бірде-бір кітапхананың, мәдениет пен өнер ошақтарының жабылуына жол бермей, композиторларға, музыканттарға, суретшілерге қолынан келгенше жәрдемдесуге жанталасқан Еркеғали ағамыздың сол жылдардағы еңбегі - өз алдына жеке әңгіменің тақырыбы. Бұл жерде біз мемлекеттік тілге байланысты бір ғана қырын сөз етіп отырмыз.
Сол сияқты Республика Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты, соңғы бірнеше жылда республикалық "Қазақтелеком" акционерлік қоғамында мемлекеттік тілді іс қағаздарына енгізу бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған Жандар Кәрібайұлы деген азаматтың да өзінің қызмет істейтін мекемесінде, акционерлік қоғам басшыларының қолдап, қостауымен мемлекеттік тілімізді іс қағаздарына қолданысқа енгізу жолында аянбай, жемісті еңбек еткенін білемін. Бұл қоғамда мемлекеттік тілді толық қолданысқа енгізу үшін соңғы 7-8 жыл ішінде арнайы жасалған бағдарламалар бойынша республика көлемінде қызмет атқаратын мыңдаған қызметкерлерді халықпен қаншалықты дәрежеде қоян-қолтық жұмыс істейтініне байланысты бірнеше санаттарға бөліп тастап, үздіксіз оқытуы нәтижесінде 2003-2007 жылдары "Қазақтелекомның" орталық аппараты мен облыстардағы филиалдарында мемлекеттік тілді 11 678 адам оқып, үйреніп шығыпты. Өздерінің күнделікті қызметінде қолдана алатын дәрежеге жетіпті. Олардың көбі бұрын мемлекеттік тілді мүлде білмеген өзге ұлт өкілдері екенін айтқан жөн. Бұл қоғамда өз қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде меңгергенін байқау үшін тестілер жыл сайын үзбей өткізіледі. Мемлекеттік тілде қызмет атқарып, құжаттарды дайындап жүрген өзге ұлт өкілдерін ақшалай ынталандыру, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілде әртүрлі жарыстар, конкурстар өткізіп тұру да әдетке айналған.
Енді мынадай көрсеткішке назар аударалық. 2008 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша "Қазақтелеком" акционерлік қоғамындағы қазақ тілінде дайындалған құжаттардың жалпы құжат айналымындағы үлесі 87,4 пайызға жетіпті. Тағы біршама уақыт өткенде бұл қоғамның қызметі Ата заңымызда жазылғандай, толығымен мемлекеттік тілге көшетініне көңіл сенеді.
- Соңғы жылдары еліміздің байланыс және телекоммуникация саласын ырықтандыру нәтижесінде рынокта бізден басқа да операторлар пайда болды. Мақсатымыз бір, міндетіміз бір. Рас, рынокта бәсекелеспіз, ал мемлекеттік тілді сала бойынша қолдану аясын кеңейтуде бәсекелес болмай-ақ, керісінше иық тіресе бірлесіп қимыл жасауға біздің қоғамның басшылығы ұсыныс жасап, жаңа бастама көтерді. Бұл шақыруды қабыл алған "Транстелеком", "Қазтранском", "Нұрсат", "Алтел", "Арна" акционерлік қоғамдары мен "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-ның өкілдерінің қолдауымен мемлекеттік тілді байланыс және телекоммуникация саласына енгізуге басшылық жасайтын Үйлестіру кеңесі құрылды. Оның құзырына орысша-қазақша терминологиялық сөздіктерді, техникалық құжаттарды қазақ тілінде жүргізудің технологиялық негіздемесін жасау, қазақ тілін интерактивтік қашықтан оқыту бағдарламасын өмірге енгізу, тілге байланысты түрлі семинарларды, конференцияларды, дөңгелек үстелдерді, мемлекеттік және корпоративтік мерекелерді, конкурстарды бірлесіп өткізу сияқты мәселелерді үйлестіріп отыру жүктелді. Осыған орай тілдер мерекесі шеңберінде жоғарыда аталған алты оператор өкілдерінің қатысуымен "Тілдер фестивалін" өткіздік. 2008 жылғы 19 қыркүйекте "Транстелеком" акционерлік қоғамының ниет білдіруімен Алматы қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында байланыс операторлары болып табылатын телекоммуникация компаниялары қызметкерлері арасында "Ана тілі - мемлекет тірегі" атты тілдер фестивалінің өткізілуі де тағылымы мол тартымды оқиға болды. Оған қатысқан әр ұлт өкілдері мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде білетінін паш етіп қана қоймай, Қазақстанды өз үйім деп санайтын әртүрлі этностардың салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдерін де кеңінен насихаттап, оларды театрландырылған көріністермен өрнектеп, көпшіліктің көңілінен шыға білді, - деген еді осы компанияның кешегі қызметкері Жандар Кәрібаев. Өз ұлтының шын мәніндегі патриоты болып табылатын осындай азаматтардың мемлекеттік тілімізді төрге шығару жолындағы істеген істері, атқарып жүрген қызметтері көңілде ризалық, тілектестік сезімдерін туғызады. Елбасымыздың айналасында, әкімдердің, биік лауазымды шенеуніктердің арасында туған тілімізді сүйетін, оған жаны ашитын азаматтар сирек болмай, көбейе түссе екен деген тілек өне бойы көкейімізде жүреді.
<!--pagebreak-->
ҰТЫЛЫСТАН - ҰТЫСҚА
Тәуелсіздік алғалы бергі он сегіз жыл ішінде Елбасымыздың Қазақстанда ұлтаралық, этносаралық татулықты көздің қарашығындай сақтауға, әртүрлі қилы замандарда, ауыр жылдарда қазақ жерінен пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің ешқайсысын өгейсітпей, барлығына теңдей жағдай туғызуға барынша көңіл бөліп келе жатқаны бұл күнде елдің бәріне аян. Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің барлығы біледі, риза көңілмен алғыстарын жаудырады. Елдің, жердің, мемлекетіміздің иесі болып табылатын қазақ халқы тоталитарлық билік жылдарында талай мәрте аштықтан қырылып, қатыгез репрессияларға ұшырап, бетке шығар қаймағынан, ұлттық тұлғаларынан айрылса да, азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы жылдарында жүздеген мың боздақтарын құрбан етіп, талай зұлмат заманды бастан кешіріп, тілі мен ділі аяусыз қысым көріп, талай ғасыр армандаған тәуелсіздік таңына әлсіреген, қансыраған, есеңгіреген қалпында жетсе де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған барлық халықтар үшін аса ауыр сынақ болған қиын жылдардың бәрінде де асқан төзімділік, ұстамдылық, даналық танытып, өзінің ұлттық имиджіне, халықтық, адамгершілік, бауырмалдық сипаттарына сызат түсірмей, осы күнге жетуі үлкен абырой.
Шүкіршілік, Қазақстанды бүгінгі таңда бүкіл дүние жүзі біледі. Оны экономикасы жылдан жылға ілгері басып, биікке өрлеуге бет алған, тыныштық пен татулықтың, ұлтаралық, дінаралық келісімнің, адамдар арасындағы бауырмалдықтың шынайы үлгісіне айналған, келешегі зор, болашағы жарқын, көршілерінің бәрімен өзара сыйластық қарым-қатынастар орната білген, бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде таниды. Осы жылдардың бәрінде қазақ халқы өз тілінің, мемлекеттік тіліміздің кем-кетігін толтырып, лайықты орнын алуы үшін үздіксіз жұмыс істегенімен, өзге тілдерді кемсітуге, бір тілді өзге тілдерден артық қоюға жол берген жоқ. Тың көтерген жылдарда, тоталитарлық билік кезеңінде жүздеген қазақ мектептері бір-ақ жылдың ішінде күшпен жабылып, олардағы мектеп оқушылары зорлықпен орыс мектептеріне ауыстырылған, ашық айтып жарияланбағанмен ірі-ірі қалалардың бәрінде қазақ тілінде тәрбие беретін бөбекжайлар мен балалар бақшаларын ашуға тыйым салынған, мекемелерде, өнеркәсіп, өндіріс орындарында, әскерде, жоғары оқу орындарында, өмірдің барлық салаларында бір ғана орыс тілінің үстемдігі орнаған ауыр жылдарды басынан кешсе де, қазақ халқы өз еркіндігі өзіне тиген жылдар ішінде бұрынғы өзіне жасалған қысымшылықтарды өзгелерге қайталап, Қазақстанды мекен еткен ешбір этностың тілін де, ділін де, дінін де кемсітуге барған жоқ. Қазақ тілінің қайсыбір жанашырларының көкірегінде біз қазақ тілін батылырақ өмірге енгізбей, өзге этнос өкілдеріне жалпақшешей боламыз деп көп жылдарымызды текке өткізіп алмадық па, өзге республикалармен, халықтармен салыстырғанда ұтылыста қалмадық па деген күдіктің бары рас. Бұған бізге ондай күдікке, сарыуайымға салынудың қажеті жоқ, мемлекеттік тіл жөніндегі талаптар бірте-бірте өзінің қисынды жолымен өмірімізге шым-шымдап еніп, мемлекеттік тілдің мерейі үздіксіз өсіп, көтеріле бермекші, осыған дейін ұтылыста қалдық-ау деп саналған факторлардың ұтысқа айналатын уақыты бүгінгі таңда келіп жетті дегіміз келеді. Енді осы жөніндегі ойларымызды ортаға салайық.
ТІЛ ТӘРБИЕСІ БАЛАБАҚША, МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ
"Егемен Қазақстан" газетінің өткен жылғы 4 қарашадағы санында жарық көрген академик Ғарифолла Есімнің "Этнос мәдениеті - елдік мәйегі" атты ойлы әрі маңызды, батыл ұсыныстар айтылған мақаласы еріксіз ойға қалдырды. Мақалада бүгінгі таңдағы республикамызда қалыптасып отырған қоғамдық хал-жағдайға объективті баға берілуімен бірге өз еліне, ұлтына, тіліне, Отанына шын жаны ашитын, оның болашағын ойлап, көңілі алаңдайтын әрбір патриот азаматтың көкейінде жүрген, әлі күнге дейін шешімі табылмай келе жатқан, түйткілі мол мәселелер туралы жай ғана айтылып қоймай, әлемдік тәжірибеге, өркениетке әлдеқашан қолдары жеткен озық елдердегі орын алып отырған нақтылы жағдайларға сүйене отырып, республикамыздың жарқын келешегін аңсаудан, соған сенуден туған өміршең және, біздіңше, жүзеге асыруға әбден болатын, уақыты пісіп-жетілген реалистік ұсыныстар айтылыпты. Бұл мақаланы өз басым қоғамдық ой-пікірге қозғау салатындай, ғалымдардың, жазушыларымыздың, журналистердің, білім беру-оқыту саласындағы мамандарымыздың қатысуымен жан-жақты талқылауды қажет ететіндей сипаты бар, тың ойларға құрылған маңызды мақала деп ұқтым. Сондықтан сондағы айтылған кейбір мәселелерге байланысты өзімнің де пікірлерімді, пайымдауларымды ортаға салмақпын.
Әлемде, шынтуайттап келгенде этникалық ерекшеліктері, сипаттамасы жоқ халық болмайды. Мемлекет те болмайды, тек Америка Құрама Штаттарын есепке алмағанда. Өйткені, Америка, өзінің аты айтып тұрғандай, әуел бастан-ақ көптеген нәсілдер мен этностардан құралған құрама мемлекет болды ғой. Ал одан өзге дүние жүзіндегі белгілі, дәстүрлі елдердің, мемлекеттердің бәрінің де ғасырларға тереңдеп кетіп жатқан этностық тарихы, тамыры, сипаттамалары бар. Солардың ең бастысы - әр халықтың тілі. Қазақстан да осындай мемлекеттер қатарына жатады.
Дүние жүзіндегі барлық өркениетті елдердегі сияқты Қазақстанда да республикамызды мекен ететін барлық этностардың басын біріктіретін, олардың бойына патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін егіп, ортақ мақсатқа, демократиялық құндылықтарды қадір тұтатын жаңа қоғам орнатуға жұмылдыруға негіз болатын этнос мәдениетін қалыптастыруымыз қажет деген ойды сабақтай келе мақала авторы Президентіміздің "мемлекеттік тілді дамытуға барлық этностар атсалысады" деген тұжырымын алға тартады. Өйткені, жаңа тұрпаттағы этнос мәдениетін қалыптастырудың негізі осында жатыр. Этнос мәдениеті ел азаматтарын бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындастыра түсетін, ортақ мүддеге қызмет ететін феномен болуға тиісті. Сонымен бірге үнемі есте ұстайтын жай, мемлекеттік тіл - этнос мәдениетінің де, қазақстандық патриотизмнің де басты тұғыры болуға тиіс екендігі. Осындай бүгінгі заман талабына сай этнос мәдениетін қалыптастыру білім мен тәрбиеге, мектепке байланысты болатынын айта келе: "Бұл жерде менің негізгі көпшілікке жария етпекші ойым, ол қазіргі Қазақстанда бар мектептердің білім беру стандартын және мазмұнын түбегейлі өзгерістерге түсіру қажеттігіне қатысты", - деп негізгі ойын ортаға салады автор.
Автордың осыған жалғастыра айтқан ой-пікірлеріне де толығынан қосыламыз. Расында да біз қазір тәуелсіздіктің арқасында әлем таныған қазақ еліне айналдық. "Енді білім беру жүйесін де заманға сай нақтылауымыз керек. Бұл мәселедегі ұсыныс, өзге өркениетті елдер сияқты бірыңғай оқыту стандартымен оқытылатын жаңа тұрпатты мектеп қалыптастыруымыз керек. Яғни, Қазақстан азаматтары бара-бара балаларын этностарына қарамай бір сыныпта, бір мектепте оқытуы керек. Мұндай жағдайда қазіргі мектептердегі оқыту бағдарламалары, стандарттары, тәсілдері, жүйелері, құндылықтары жаңа сападағы өзгеріске түспек. Мәселе түбегейлі шешілуі үшін бұл үрдіс мектеп жасына дейінгі мекемелерден бастау алғаны жөн. Орыс балабақшасы, қазақ тіліндегі балабақша орнына бір тәрбие жүйесіне құрылған мемлекеттік тілде тәрбие жүргізетін балабақша болуы қажеттілік", - дейді автор. Өте орынды пікір.
Енді бір ғана сәтке шегініс жасап, тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бергі жүріп өткен жолымызды еске алайықшы. Сонау сексенінші жылдары, тоқсаныншы жылдардың басында жағдайымыз қандай еді? Астанамыз Алматыдан бастап республикамыздың барлық ірі қалаларында бірлі-жарым ғана қазақша мектептер болды. Жетпісінші-сексенінші жылдарда Алматыда ана тілімізде тәрбие беретін жалғыз ғана қазақша балабақша және жалғыз ғана мектеп бар еді. 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғадан кейін шовинистік пиғылдағы кей белсенділердің оларды да жауып тастау керек, "жалпы ұлт тілдерінде тәрбие беретін бала бақшалар да, мектептер де зиянды" деп әңгіме көтергендерін де ұмытқан жоқпыз. Кезінде "Лениншіл жас" газетінің Семей облысындағы тілшісі, кейін Семей облыстық газетінің редакторы болып істеген алғыр журналист, жазушы, ұлтжанды әріптесіміз Рысхан Мусин сол жылдардағы Алматыға келген бір сапарында бірнеше жылдан бері облыстық газетте Семей қаласында ең болмағанда Алматыдағы сияқты біреу болса да қазақ тілінде тәрбие беретін бала бақша ашу керек деп мәселе көтеріп, ол әрекеттерінен түк шықпағаны, маңдайлары тасқа тигендей болғаны туралы күйіне әңгімелегені есімде. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ресми тіл болып жарияланып, ұлтына жаны ашитын азаматтардың күш салуы арқасында жер-жерде қазақша мектептер мен бала бақшаларының саны бірте-бірте көбейе бастады. Егер 1991 жылы Қазақстандағы барлық мектептердегі қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 30 пайыздың төңірегінде ғана болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіштің 60 пайызға жеткеніне, әрине, шүкіршілік дейміз.
Ал балабақшаларының жайына келетін болсақ, тоқсаныншы жылдардың басынан бастап ана тіліміз үшін тыным таппай жүргізілген күрестің, қоғамдық ой-пікірде орын ала бастаған өзгерістердің, санадағы сілкіністің арқасында 1996 жылы қалалар мен селоларды қоса алғанда қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың саны республикада едәуір өсіп, 1100-ге жеткен еді. Орыс тілінде тәрбие беретін балабақшалардың саны одан, әрине, бірнеше есе көп болатын. Сорымызға қарай сол жылдардағы жекешелендіру саясатын жүзеге асыру сеніп тапсырылған үкіметіміз де, қолдарына билік тиген әкім-қаралар да орысша "приватизация" деп айтылатын сөзді "прихватизацияға" айналдырып, балалар бақшаларына, ауыл, село, қалалардағы білім ошағы болып отырған кітапханаларға, кітап дүкендеріне, жастардың бас қосатын орны кинотеатрларға, мәдениет, спорт сарайларына, тағы басқаларына жаудай тиіп, аз ғана уақыттың ішінде туталақайын шығарды. Алматы қалалық "Қазақ тілі" қоғамы төрағасының орынбасары М. Абағанов деген азаматтың Алматы қаласының сол кездегі басшылықтағы қызметкерлерінің бірі 15-ке тарта балабақшаны ағайын-туыстарының, жақын-жұрағаттарының атына аудартып, әрқайсысын 5-10 мың теңгеден жекешелендіріп алғаны туралы естігенін газет бетінде жария етсе, туған тілімізге жаны ашып шырылдап жүрген ақынымыз Мұхтар Шаханов та осы туралы:
Тіл менен ділден жыл сайын ақсап арымыз,
Мәдени ошақтарымыз, балабақшаларымыз,
Мұң қосып елдің мұңына,
Алаяқтарға сатылып кетті бір шиша коньяк құнына...
Рухымыз ұтылған сайын қоңдана түсетін байлар,
Сенбілік түскі асын Швейцарияға барып ішетін байлар,
Балабақшаларымыз бен мәдени ошақтарымызды қайтарсын,
Азаматтығы тірі тұрса егер, нақ осы істен байқалсын... - деп күйіне өлең жазды. Енді бүгінгі таңдағы жайымызға келсек осыдан бірер жыл бұрынғы Білім және ғылым министрі келтірген дерек бойынша, республикамызда қазақшасы, орысшасы бар, барлық тілдердегіні қосқанда небәрі 1195 қана бөбекжайлар мен балабақшалар қалған екен, солардың 335-і (28 %-ы) ғана қазақ тілінде тәрбие беретіні де айтылған. Одан бері бұл сандар біраз өзгеріске түсіп, біршама өскен де болар. Бірақ қалай болғанда да қарын ашыратын, көңіл көншітпейтін көрініс. Бұдан туатын қорытынды - мемлекетіміз балабақшаларының санын тез арада, кейінге қалдырмай, осы алдымызда тұрған таяу жылдардың ішінде шапшаңдатылған қарқынмен бұрынғы қалпына келтіріп, одан да көбейтуді қолға алмаса, елімізде жас ұрпаққа лайықты тәрбие береміз, демографиямызды түзейміз, халқымыздың санын көбейтеміз деген мақсаттардың орындалмай қалуы мүмкін. Бұл істі Білім және ғылым министрлігі жан-жақты ойластырып, бағдарлама, жоспар жасап кірісер болса, оған Үкіметіміз бен Парламент қолдау көрсетсе, лайықты қаржы бөлініп отырса, мұның өзі орындалмайтын міндет емес. Қазір оған, шүкіршілік, мемлекетіміздің әлеуеті, мүмкіндігі жетеді. Және мемлекеттің қамқорлығымен жаңадан салынатын балабақшалардағы тәрбие беру жұмыстарына мемлекеттік мүдде, мемлекеттік талап тұрғысынан келіп, "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі" делінген Конституциямыздың қағидасын басшылыққа алып, мемлекеттік тілде тәрбие жүргізетін етіп жолға қоюды жүзеге асыру жөн болар еді. Әрі мұның өзі әлемнің өркениетті өзге елдеріндегі сияқты, жоғарыда айтылғандай, бірыңғай оқу стандартымен мемлекеттік тілде білім беретін жаңа тұрпатты мектеп жүйесіне көшуімізге, келешекте сондай жүйені қалыптастыруымызға да негіз болар еді. Біз бұл жерде қазіргі орыс тілінде, басқа тілдерде тәрбие беріп жатқан балалар бақшаларын шұғыл өзгерту керек деп отырған жоқпыз. Олар да, жекеменшік нысанда ашылған, ашылатын өзге балабақшалары да бұрынғыша жұмыстарын істей береді. Болашақта олардың да келе-келе, бірте-бірте қалыптасқан ортаға бейімделері сөзсіз. Әңгіме бұдан былайғы уақытта мемлекет қамқорлығымен ашылатын, мемлекет қаржысына салынатын, мемлекеттің аялы алақанын сезіне отырып жұмыс істейтін Қазақстанның келешегіне арналған жаңа сипаттағы балалар бақшаларының бірыңғай жүйесін құру, қалыптастыру және сонымен сабақтастырып мектеп реформасын да жүзеге асыру жөнінде болып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бергі өткен он сегіз жыл уақыт мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуда жекелеген азаматтардың немесе қоғамдық бірлестіктердің ғана күш салуы жеткіліксіздігіне, бұл мәселеде мемлекеттің өзінің ықпалы басым болуға тиіс екеніне толық көз жеткізді. Өйткені шынтуайттап келгенде тек мемлекет қана мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуы мәселесін лайықты түрде шешуге қабілетті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы заманда қайсыбір өркениетті елге бара қалсаңыз да, білім беру саласына көз жіберсеңіз, сол мемлекеттегі негізгі жер иесі, негізгі этнос болып табылатын халықтың тіліндегі бірыңғай мектептер мен арнайы орта, жоғары білім беретін оқу орындары жүйесін көресіз. Мемлекеттегі барлық этностардың өкілдері сол елге атын берген ұлт тіліндегі бір үлгідегі мектептерден бірдей білім алып шығатындықтан, өмірге дайындықтары, қызмет барысында өсуі, өздері таңдаған мамандықтары бойынша шаруашылықтың қай саласында жұмыс істесе де табысқа жетуі жөнінен бірдей мүмкіндіктерге ие болады. Осыған байланысты тоқсаныншы жылдардағы Түркияға барған сапарым еске түседі. Сонда мен бір депутатпен әңгіме үстінде Ыстамбұл қаласының үлкен ауданында мыңдаған қазақтардың шоғырланып бір жерде отырғанын айта келіп, сол ауданда қазақша бір мектеп ашсақ, оған оқулықтарды да, оқытушыларды да Қазақстаннан тартуға болар еді деп пікір айтқанымда, әлгі депутаттың маған жалт қарап: "сіздер, қазақ туысқандар, бізге өкпелемеңіздер, ол болмайтын шаруа. Түркияда түрікшеден өзге тілде білім беретін мектеп жоқ және болмақ та емес, ал, әңгіме мәселен, ағылшын, неміс, француз тілдері сияқты кей тілдерді пән ретінде оқыту жайында болса, оның жөні бөлек", - деген еді. Қазақстандағы қазақтардың саны қазір 60 пайызға жетті, мектептердегі оқушылардың да 60 пайызы қазақ мектептерінде мемлекеттік тілде оқып жатыр. Және бұл тенденция жылдан жылға арта бермек. Егер қазір осы үрдіске мемлекеттік тұрғыдан ықпал етпей, өз бетіне жіберген күннің өзінде де, Қазақстан бәрібір түптің түбінде Түркиядағы, Алманиядағы, Англиядағы сияқты жағдайға келері анық. Бірақ онда, әрине, көп жылдар текке кетеді. Көп уақытымыз шығын болады. Онсыз да біз қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, мәртебесін көтеру мәселесін тым кешеуілдетіп алдық.
Өткен жылғы 23 қазан күні Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселені айналып өткен жоқ. "Бүкіл дүние жүзінде үлкен тасқынмен келген миграциялық "қысымды" дәл Қазақстан секілді ешбір мемлекет бастан өткерген емес, - деді ол. - Ал бұл 70-ші жылдары өзінің тарихи Отанында қазақ ұлты санының аз болуына әкеліп соқты. Қазақ жеріне табан тіреген өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнату үшін қазақтарға орыс тілін меңгерудің қажеттігі туды. Оның үстіне, кеңестік кезеңнің сол кездегі саясаты да осыған алып келді. Орыс тілінсіз жұмыс табу қиын болды. Тарих пен мәдениет те сол кездегі идеологияның қысымында еді. Бұл қазақ тілі мен мәдениетіне өз әсерін тигізбей қоймады", - деп көрсетті ол.
Президентіміз Ассамблеяның мемлекеттік тілді оқып үйрену қажеттілігін насихаттау бағытында белсенділік танытуы керектігіне айрықша мән берді. "Академик Дмитрий Лихачевтың егер бір халықты өз тілі мен мәдениетінен алшақтатсақ, онда ондай халық та жоқ дегені бар еді. ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқының тілі мен мәдениеті жойылып, құрып кетуге аз қалды. Сол себепті, ұлтымыздың өзінің жоғын қайта түгендеу жолындағы батыл ұмтылысы - заңды құбылыс. Бұған басқа этнос өкілдері де түсінушілікпен қарап, қолдайтындығына көз жеткізіп келеміз. Мен мұндай қолдауды бір кезде осында қоныс аударып, Қазақстанды өз Отаны ретінде бағалайтындардың алғысы деп түсінемін. Екіншіден, бұл Қазақстан жеріндегі әр ұлт пен ұлыстың өзара бірлік пен татулықта өмір сүруіне негіз болады деп ойлаймын. Бұдан кейінгі кезеңде Қазақстандағы қазақ тілінің рөлі күшейе бермек. Әрине, орыс, ағылшын, және өзге тілдерді дамыту мәселесін де қолдайтын боламыз. Мемлекеттік тілді ең алдымен біздің балаларымыз білулері қажет", - деді. Осыдан соң Президент биылғы жылы мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінгендігін, ал 2005 жылы осындай қаржы көлемі небәрі 133 миллион теңгені құрағанын мысалға келтірді. Сондай-ақ және бір қуанатын жағдай - тағы да Елбасының тапсырмасымен мемлекеттік тілді қолдауға бағытталған арнайы қордың құрылғандығы. Демек, мемлекеттік тіліміздің Конституциямызда жазылғанындай, қоғамдағы өзінің лайықты орнын алуы үшін қазір қажетті қаражат бөлініп, алғышарттар жасалып, қолайлы жағдайдың туып отырғанын аңғаруымызға болады.
Бүгінгі таңда қалаларда болсын, аудандарда болсын бөбекжайлар мен балабақшалар жетіспейді. Олардың саны өте аз. Қаладағы жас отбасылардың бәрі де сәбилерін балабақшаға қалай орналастырамыз деп, осы бір күрмеуі мол қиын мәселені шеше алмай жүр. Балабақшада орын жетпегендіктен өзіміздің Астанадағы, басқа қалалардағы қазақтың жас отбасыларының едәуір бөлігі ата-әжелерден, үлкендерден ұялып, өз көңілдері ұнатпай тұрса да, балаларын орыс тіліндегі балабақшаларға беруде (олардың саны қазақша балабақшалардан әлі күнге әлденеше есе көп). Оларға барған соң арғы жағы белгілі, балалардың тілдері де, мектепалды дайындықтары да орысша болады, қазақша жақсы түсінбеген соң ата-аналары да балаларын бұрыннан қалыптасқан үрдіспен орыс мектептеріне апарып береді. Қазақстандағы барлық оқушылардың 60 пайызы бүгінгі таңда қазақ мектебіне барады десек те, 400 мыңнан аса қазақ балалары әлі де орыс мектептерінде оқып жатуының бір себебі осында. Мемлекет құзырындағы, ата-аналар төлейтін бағалары арзандау балабақшаларда орын жоқ. Оларға кезекке тұрғанмен, ол кезек келгенше баланың мектепке баратын жасы да жетіп қалады. Осындай жағдайды көргенде мыңдаған балабақшалардың тоқсаныншы жылдардың екінші жартысындағы жекешелендіру кезінде талапайға түсіп, арзан бағаға сатылып, алаяқтардың қолына өтіп кеткеніне ішіміз ашиды. Кезінде жақсы үлгімен, стандартпен салынған, әртүрлі қитұрқы жолдармен әркімдердің қолына өтіп кеткен сол балабақшалардың жекешелендіру кезіндегі құжаттарын қайтадан тексеруден өткізіп, кезінде төленген азын-аулақ ақшаларын иелеріне қайтарып, балабақшаларды бұрынғыша қалпына келтіру қажет-ау деген ой келеді. Осының бір тетіктері табылса. Сонымен бірге қалалардағы, облыстардағы, аудан орталықтарындағы нақты жағдайды зерттеп, қажеттілікті анықтап, әр жылдың жоспарына енгізіп, қаржы бөліп, жыл сайын ондаған, жүздеген жаңа үлгідегі, мемлекеттік тілде тәрбиелейтін бала бақшаларды пайдалануға беріп отырсақ, біраз жылда-ақ бұл проблема түбегейлі әрі дұрыс шешілер еді. Және ондай балабақшаларға республикамызды мекендеген барлық ұлт өкілдері де өз балаларын қуана-қуана берер еді.
Сондықтан да сенатор, академик Ғарифолла Есімнің: "Ендігі жердегі мәселе біз білім беру жүйесін 2010 жылы 12 жылдыққа өткізбестен бұрын осы бірыңғай жүйелі мектеп мәдени жобасын қоғамда талқыға салып, заңдастырып алғанымыз жөн. Негізінде мұндай мектеп жобасы мен 12 жылдық білім беру мәдени жобасы бірге қарастырылып, заңдастырылса іс табысты болар еді. Бұл екі жобаны бөлек қарастырсақ, уақыттан ұтыламыз", - деген пікіріне толығынан қосылатынымызды айтқым келеді.
Сонымен бірге тағы бір ескеретін жай бар. Ол - осы 12 жылдық үлгіге көшудің моделі әлі күнге анықталмағаны. Мұның өзі Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті А. Құсайыновтың "Егемен Қазақстан" газетінің биылғы жылдың 9 қаңтарындағы санында жарияланған "12 жылдық білім беруге әзірміз бе?" атты мақаласында таратылып айтылды. Әлемнің дамыған елдері АҚШ, Жапония, Канада, Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай сияқты елдердің бәрінде негізінен мынадай үлгі: 6 немесе 5 жылдық бастауыш білім, 3 немесе 4 жылдық орта білім және 3 жылдық бағдарлы немесе кәсіптік білім беру моделі қабылданған. Ал Қазақстанда неліктен екені белгісіз, 4 жылдық бастауыш, 6 жылдық орта және 2 жылдық толық орта білім беру моделі бекітілген. Бірақ мұның неліктен осылайша, барлық дамыған елдерден өзгеше болып бекітілгені ешкімге түсініксіз және осының тиімділігін дәлелдейтін зерттеулер де бізге белгісіз деп маңызды проблема көтереді автор.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде қайталап айтарымыз, тәуелсіздік алғалы бергі он сегіз жыл ішінде кез-келген ұлт өкілдерін жатырқамайтын, құшағын ашып, бауырына тартатын кең пейілді қазақ халқы мемлекеттік тіл проблемалары жөнінен алғанда да асқан сабырлылық, ұстамдылық, төзімділік танытып келді. Соның арқасында елімізде татулық пен бірлік тамырын бұрынғыдан да тереңге жайды. Бүгінде барлық өзге этнос өкілдерінің жер иесі, мемлекет иесі болып табылатын қазақ халқына деген алғысы мен ризалығы шексіз. Мемлекеттік тіл мәселесіне де олар түсінушілікпен қарайды. Мемлекеттік тілді үйренуге, әсіресе балаларының сол тілді еркін меңгеріп, ортақ Отаны Қазақстанның белсенді азаматтары болып шығуына ынталы. Осы бір орайлы кезеңді орнымен пайдаланып, бір кезде заңда жазылғанымен әлі күнге орындалмай келген: "Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді" деген бапты қағаз жүзінде қалдырмай, іс жүзіне асыратын, заңмен бекітетін уақыт жетті. Жоғарыда біз сөз еткен "Қазтелекомда" бірнеше жылдан бері атқарылып келе жатқан жұмыстар осыны табысты түрде іске асырудың үлгісіндей, мысалындай бола алады. Мемлекеттік тілді үйренуге мүмкіндік жасап, уақыт белгілей отырып, оны сала-салалар, министрліктер, ең биік орталық аппараттар бойынша қолданысқа енгізу оларда жауапты және басшылық қызметтерде жүрген кей азаматтарға ұнай қоймауы да мүмкін, әрине. Сондықтан мұндай шешімді, бұйрықты, заң талабын жүзеге асыруды бақылайтын, талап ететін, ашық қарсы болмаса да іштей ұнатпай, жүзеге асырылуына кедергі жасайтындарды, орындағысы келмейтіндерді тәртіпке шақыратын, жазалауға да құқы бар және бір құрылым керек-ақ. Мүмкін оны Франциядағыдай "Тіл полициясы", немесе Балтық жағалауындағы елдердегідей "Тіл инспекциясы" деп, немесе басқалай да атауға болатын шығар.
Және сонымен бірге ең басты айтпағымыз, мемлекет аясындағы мемлекеттік тілде тәрбие беретін бала бақшаларды көбейтіп, Конституцияда айтылған "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі" деген бапты, халқымыздың сенімін арқалаған Президентіміздің "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде" деген ұстанымын, дүние жүзіндегі барлық өркениетті елдер үлгісін негізге ала отырып, балабақшадан басталатын тәрбие, білім беру жүйесіне сапалы терең реформа жасайтын, соны жүзеге асыратын уақыт жетті.
Бүгінгі таңда "Президенттің 20 интеллектуалды мектептері" жобасы іске аса бастағаны белгілі. Астанада осындай алғашқы мектеп жас түлектерді қабылдап, оқытуға кірісіп те кетті. Біз осы үлгіні, Алматыдағы талантты ұстаз Аязгүл Миразова басқаратын Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның, тағы басқа да озық мектептеріміздің тәжірибелерін ескере отырып, Қазақстандағы білім беру саласын жаңа заман талаптарына сай қайта қарап, өміршең, ұлттық бағдарлама жасалса деген ұсыныс айтамыз. Оның негізгі принциптері етіліп Президентіміздің балалар мен жастарға білім мен тәрбие беруге байланысты алға қойып отырған міндеттері алынуы қажет деп санаймыз. Және ол, осының алдында айтып өткеніміздей, республикадағы барлық этнос өкілдеріне бірдей білім мен тәрбие беретін мемлекет қарауындағы балабақшалар мен мектептер жүйесі болуға тиіс. Мұқият ойластырылған осындай жүйеге мемлекеттік тіл негіз болып қалануы шарт. Барлық салалар бойынша мамандар әзірлеу, олардың білімдері мен қабілеттерін өз мемлекетінің экономикасын өрге бастыруға пайдалану жөнінен таңқаларлық табыстарға жетіп, әлемге танылған өзге елдердің жетістіктері ескеріле отырып, білім беру саласында жаңа реформа жасалса, ол жақсы нәтиже берер еді деген ойдамыз.
Қазақстан бұрынғы Кеңестер одағынан бөлініп шыққан барлық республикалар арасында өз жастарының әлемнің ең дамыған елдеріндегі мақтаулы оқу орындарында білім алып шығуына мүмкіндіктер туғызып, барынша жағдай жасаған алғашқы ел. Қазір Қазақстанның бұл үлгісіне өзге көрші елдеріміз де ден қоя бастады. Білім беру саласын да мемлекеттік тілмен, мемлекеттік мүддемен орайластыра отырып, ең озық үлгілерге сай етіп, реформалай алсақ, таяу жылдарда-ақ мемлекетіміздің абыройы бүгінгіден де асқақтар еді.
Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Егемен Қазақстан» газеті 16 маусым 2009 жыл