Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Әліпби 5552 69 пікір 17 Сәуір, 2019 сағат 09:59

Емле ережелерінде шалағайлықтар бар

2018 жылғы 6 желтоқсанда Ұлттық комиссия отырысында «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» мақұлданды. Соған байланысты «жаңа емлеміз мінеліп, қырналып болды ма, дау тудыратын жерлері жоқ па?» деген оймен оның «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан нұсқасымен танысып шыққан болатынбыз. Біздіңше, емленің ойласатын, жөндейтін тұстары әлі де баршылық. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәлелдер келтірейік.

*2. а́, о, о́, u, ú әріптері төл сөздің басында жазылады: ádis, álem, sán, dán, mádenıet, báıterek; ozyq, ońtaıly, qoǵam, torsyq; óris, ómirsheń, kósem, bórik; utymdy, ustaz, qujat, tumar; úrdis, úkimet, júıe, túbegeıli.

Бұл тұжырым қате. Өйткені «сөздің басында» деген сөз бірінші әріп дегенді білдіреді, ал ә, о, ө, ұ, ү әріптері сөз басынан басқа орындарда да жазылады. Бұған осы баптағы мысалдардың (sán, qoǵam, kósem, tumar, júıe) өзі-ақ дәлел бола алады. Сондықтан «басында» деген сөзді «бірінші буынында» не «басқы буынында» деп өзгерткен жөн.

Сондай-ақ біз бұл ережедегі «төл сөз» тіркесінің қазақтың өз сөзі деген мағынада қолданылуын құптамаймыз. Өйткені төл сөз бөгде адамның сөзінің өзгеріссіз жеткізілген түрінің атауы ретінде жұмсалатын термин болғандықтан ережеде оны басқа мағынада қолданбаған жақсы. Сондықтан ережедегі «төл сөз» дегенді «қазақтың байырғы сөзі» деп алған не басқа сөзбен ауыстырған дұрыс.

*44. Араб цифрымен берілген санға қосымша дефис арқылы жалғанады, сондай-ақ түсірілген -ynshy (-inshi), -nshy (-nshi) қосымшасының орнына дефис қойылады, ал рим цифрымен берілсе, дефис қойылмайды: 6-ǵa, 100-ge deıin, 10-15-ten; 2018-jyly, 5-sanat, 3-kireberis, 10-qazan, 2-aqpan, 136-bap, 1-úı, 9-páter, ХХІ ǵasyr, III tom, IV taraý.

Бұл ережеде дефис екі түрлі қызмет атқарып тұр: бірінде сан мен қосымшаның арасын бөліп тұрса, екіншісінде санға -ыншы, -інші, -ншы, -нші қосымшаларының қосылып оқылатынын көрсетеді. Соған байланысты 6-ǵa сөзі алтыға-алтыншыға, 100-ge сөзі жүзге-жүзіншіге деп екі түрлі оқылады.

Бұл қайшылықтан құтылудың екі жолы бар. Біріншісі –  ережедегі екінші жай сөйлемді «сондай-ақ зат есімнің алдындағы реттік сан есімнің -ynshy (-inshi), -nshy (-nshi) қосымшасының орнына дефис қойылады» деп нақтылау. Екіншісі – ережедегі екінші жай сөйлемді алып тастау. Бұл жағдайда басқа қосымшалар сияқты -ynshy (-inshi), -nshy (-nshi) қосымшалары да санға дефис арқылы жалғанады. Мысалы, 2018-інші жылы.

*100. Буын й мен у дауыссыздарынан басталғанда da-ýys (daý-ys емес), sa-ýat (saý-at емес), da-ıyndyq (daı-yndyq емес), qu-ıyn (quı-yn емес) түрінде тасымалданады.

Мұнда буын й мен у дауыссыздарынан басталса, тасымал олардың алдынан, яғни буын жігінен жасалатыны айтылып тұр. Біздіңше, бұл баптың қажеті жоқ. Өйткені ол мұның алдындағы 99-баптың жеке жағдайы ғана (§99. Сөз буын жігіне сәйкес тасымалданады).

*103. Бір буынды сөздер тасымалданбайды: aı, kún, vólt, kvars, pýnkt.

Бұл бапта «пункт» сөзі бір буынды сөзге жатқызылған. Соған қарағанда емлешілер сөзде бір дауысты жазылса, буын саны да біреу болады деп есептейтін сияқты. Бірақ сөз буынға жазылуы бойынша емес, айтылуы бойынша бөлінеді. Бұл орайда қазақ буын соңында үш дауыссызды қатар айта алмайтындықтан мұндай шетелдік сөзді дәнекер дауыстыны қолдана отырып дыбыстайды. Демек, «пункт» сөзі екі буынды болып айтылады. Сондықтан «пункт» сөзін бұл бапқа мысал ретінде келтіру қате немесе ережені «бір дауыстылы сөздер тасымалданбайды» деп өзгерту керек.

*11. Кейбір кірме сөздерде тіл үндестігі сақталмай жазылады: quzіret, qudіret, muǵalim, qyzmet, qoshemet, aqіret, qasıet, qadir, kitap, taýqіmet, qazіret.

Емледе кірме сөзге «қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтары бойынша игеріліп жазылатын өзге тілден енген сөз» деген анықтама беріліп, ал тіл үндестігін қазақ тілінің негізгі дыбыстық заңдылығы деп көрсеткен. Демек, кірме сөздің жазылуы тіл үндестігіне бағынуы керек, бірақ 11-бап бұған қайшы. Соған байланысты берілген мысалдарды не тіл үндестігіне бағындыруымыз керек, не кірме сөз үшін тіл үндестігі қандай жағдайда орындалмайтынын нақты көрсетуіміз керек. Әр түрлі мысалдар қарастыру жуан дыбыстармен бірге е келетін сөздерді (мысалы, Ахмет, рахмет, қызмет) тіл үндестігіне бағындырып жазу үйлесімді бола бермейтінін көрсетеді, ал басқа сөздерді тіл үндестігіне бағындырып өзгертуге болады. Олай болса, «кірме сөзде е-ден басқа жіңішке дауыстылар жуан дауыстыға жалғас келе алмайды» деген тұжырым жасаймыз. Бұл жағдайда жоғарыдағы мысалдар құзырет, құдырет, мұғалым, қызмет, ақырет, кәдір не қадыр, кітәп, тауқымет, қазырет деп жазылатын болады.

*82. ю әрпі ú әрпімен жазылады: parashút, absolút, glúkoza, debút, prodúser, lúks, valúta, búdjet, búro, sújet, búleten, fúchers, kompúter, tútor.

*83. я әрпі а́ әрпімен жазылады: zarа́d, knáz, narád, razrád, grıláj. Ескерт у. и (ı) әрпінен кейін тұрған я-ның орнына а жазылады: aksıa, alergıa, hımıa, gımnazıa.

Бұл баптарда шеттілдік сөздердегі я-ны ә-мен, ю-ды ү-мен алмастыру нұсқауланған. Сонда ядро, яхта, маяк, маятник деген сөздерді әдро, әхта, маәк, маәтник деп, юань, юмор, каюта деген сөздерді үан, үмор, каүта деп жазамыз ба?! Мұның келісі келмейді ғой. Біздіңше, мұндай сөздерді жазғанда қазақ тіліндегі я мен ю-ға арналған 9, 10-баптарға сүйеніп, я-ны йа-мен, ю-ды йу-мен алмастырған дұрыс. Сыңайы, бұл бапта я мен ю шеттілдік сөздің басында да, дауыстыдан кейін де келетіні, оған жоғарыдағы ережелердің үйлеспейтіні ескерілмеген сияқты. Олай болса, бұл баптар толықтыруды қажет етеді.

Біз бұл мақалада емледегі өзіміз байқаған кемшіліктердің бәрін бірдей тізбелеп отырған жоқпыз. Мысалы, бұған ғалымдар арасындағы пікірталастың басты нысаны болып отырған и мен у-ға қатысты кемшіліктерді де, жүз жылға жуық уақыттан бері ережесі тиянақталмай келе жатқан ә-ге қатысты кемшіліктерді де, шеттілдік сөзді тілімізге бейімдеуге қатысты кемшіліктерді де кірістірмедік. Бұл мәселелердің әрқайсысын әр бөлек сөз ету жоспарымыз болғандықтан, мұнда ережелердегі кейбір шалағайлықтарға ғана тоқталдық. Бірақ осы келтірілген мысалдардың өзі-ақ дайындалған емле ережелерінің бір қайнауы ішінде екенін көрсетеді. Алайда оған қарамастан бүгінгі күнде жер-жерлерде емлені көпшілікке оқыту жұмыстары басталып та кетті. Бұл орайда оқытуды емледегі түйткілдер толықтай шешіліп болған соң жүргізбесе, пайдасынан зиянын көбірек тигізетіні түсінікті. Сондықтан шала емлені жұртшылыққа үйретуге асыққаннан гөрі алдымен кемшіліктерінен арылтуға, әр түрлі пікірдегі ғалымдардың бірлескен талқылауы арқылы ортақ шешімге келуге жұмыстанған абзал.

Ванов Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

69 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2092