Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2392 0 пікір 7 Маусым, 2011 сағат 06:06

Амангелді Айталы: Шеттен келген қазақты әлі жатсынып жүрміз

- «Көші-қон туралы» жаңа заңдағы, оралман азаматтық алса да, оралмандық жеңілдіктері сақталады, - деген шешім жеңіс емес, бұл - өте кеш қалған шешім, - дейді ұлт және қоғам қайраткері, экс-депутат Амангелді Айталы. Оның айтуынша, жаңа заң елге ораламын деген шеттегі қандастарымыздың үмітін толық ақтай алмайды. Жуырда ғана Елордамызда өткен дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайына қатысқан Амангелді Айталы «Жас қазаққа» арнайы сұхбат беріп, парасатты пікірлерімен бөліскен еді.

- «Көші-қон туралы» жаңа заңдағы, оралман азаматтық алса да, оралмандық жеңілдіктері сақталады, - деген шешім жеңіс емес, бұл - өте кеш қалған шешім, - дейді ұлт және қоғам қайраткері, экс-депутат Амангелді Айталы. Оның айтуынша, жаңа заң елге ораламын деген шеттегі қандастарымыздың үмітін толық ақтай алмайды. Жуырда ғана Елордамызда өткен дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайына қатысқан Амангелді Айталы «Жас қазаққа» арнайы сұхбат беріп, парасатты пікірлерімен бөліскен еді.

Жас қазақ: Амангелді аға, дүниежүзі қазақтарының кезекті басқосуынан нендей ой түйдіңіз? Бұл жолғы жаһандық жүздесу әлем қазақтарының түйткілді мәселелерін шешуге әсер ете алды ма?
Амангелді Айталы: Бұл - менің қатысқан үшінші құрылтайым. Үшеуін ептеп салыстырып көруге болады. Соңғы құрылтайда шетелдегі қазақтардың Қазақстанға «қоныс аударуға» деген үміті зор еді. Сондай-ақ, көшіп келу қарқыны да қазіргі уақытпен салыстырғанда, өте жоғары болатын. Бүгінгі құрылтай алдыңғыларынан гөрі көп жағдайда көңілсіздеу өтті. Оның басты бір себебі, бұрынғыға қарағанда, Қазақ еліне келетін көштің саябырсуы, бәсеңсуі. Осы мәселе елдегі қазақтарды да, шетелдегі қазақтарды да ойландырып отыр. Бұл жерде «Көштің бәсеңсуінің себебі неде?» деген сұрақ өзінен-өзі туып отыр. Көштің саябырсуы алдыңғы құрылтайлардағы үміттің толық ақталмағанын көрсетуде. Осы жолғы құрылтайда бір көңіл аударғаным, біз бүгінге дейін Қазақстанға көшіп келген қазақтардың толық санын білмейтін сияқтымыз. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасында «300 мың отбасы көшіп келді» десе, көші-қон мәселесімен айналысып жүрген депутат Уәлихан Қалижанұлы «260 мың отбасы қоныс аударды», - деді. Бұл алшақтық неден туып отыр? Оптимистік көзқарас туғызу үшін, біреулер президент­ке мәліметті өсіріп беріп отыр ма? - деген ой келеді. Сондықтан, көші-қон есебінің қанша болғанын білмеуіміз де біраз ойларға жетелейді.
Біз я мойындайық, я мойындамайық, диаспора дегеніміз - ғылыми термин. Тарихи Отанынан шашырап, жер-жерде жүрген этностық топтарды диаспора дейді. Диаспорада екі үлкен мәселе бар. Кейде «диаспораның екі жаны бар» дейді. Бір жаны өзінің тұрып жатқан еліне бейімделіп, соның заңымен өмір сүріп, күнкөріс жасауы. Екінші жаны - тарихи Отаны. Осы екі дүниенің ортасында жүрген адамдар түбі бір жағына шығуы керек. Әлем тарихы көрсеткендей, диаспора я өзі жүрген ортасына сіңіп, жоғалып кетеді, я еліне оралады. Мысалы, қазақтарға сіңіп кеткен қожалар мен төрелер сияқты. Көптеген елдерде мұндай диаспоралар бар. Ата-тегін білгенімен, бірақ мәдениет, тіл, дәстүр, ойлау жүйесі жағынан өмір сүретін ортасына бірте-бірте сіңіп кетеді. Мысалы, қыпшақ не мұсылман тектес орыстың қаншама фамилиялары бар. Бірақ, орысқа сіңіп кеткен. Сол сияқты Ресейдегі, Қытайдағы және т.б. елдердегі қазақтардың да тұратын ортасына сіңіп кету қаупі бар. Сондықтан, көптеген диаспора өкілдері тарихи Отанына қоныс аударуға тырысады. Себебі, шетелде өмір сүретін еш этностық топ өзінен-өзі жоғалып кеткісі келмейді. Оның ұлттық санасы бар. Бірақ, ең бір үлкен мәселе - тарихи Отаны тартымды болуы керек.
Жас қазақ: Осы жерден сөзіңізді бөлейін, құрыл­тайдағы сөзінде Президенттің өзі соңғы кездері белгіленген квотаның толмай жатқанын айтып қалды. Неліктен көші-қонның қарқыны бұрынғыдан саябырсыды?
Амангелді Айталы: Бір жағынан, шетелдерде тұратын жағдайы жақсы, өзінің сүйікті кәсібімен айналысатын диаспора өкілдері Қазақстанға келмес бұрын, біздегі кәсіпкерлікті, интеллигенция мен қатардағы адамның күнкөрісін өзінің Еуропадағы немесе Қытайдағы ахуалымен салыстырады. Жасыратыны жоқ, жасы ұлғайған адамдар тарихи Отанындағы және шетелдегі зейнетақыны салыстырады. Мысалы, Қытайда тұратын қазақтардың зейнетақысы Қазақстандағыдан екі есеге көп. Сондықтан, кейбіреулері Қазақстанда тұрып, Қытайдағы зейнетақысын алып келіп жатады. Міне, сананы тұрмыс билейді деген осы. Тәуелсіздігіміздің 20 жылында 1 миллионға жуық қандасымыз елге қоныс аударды десек те, Қазақстандағы әлеуметтік жағдай (әсіресе, жергілікті қазақтың тұрмыс, білім, денсаулық, жұмыспен қамтамасыз етілу деңгейі) жақсармай, шеттегі қазақ үдере көшпейді. Содан соң, кәсіпкерлік ахуал жақсармай, жемқорлық пен бюрократтық психология жойылмай тағы келе алмайды. Шындығын айтсақ, белгілі бір жағдайда елімізге деген сенімсіздік, үрей бар. Көші-қонның саябырсуының бір себебі - осы.
Жас қазақ: Амангелді аға, сіз бір сұхбатыңызда: «Шеттен келген қазақтарды әлі де болса, ұлттық тұрғыдан жатсыну бар», - деп едіңіз. Осыған не себеп?
Амангелді Айталы: Біріншіден, экономикалық жағдай. Себебі, елдегі қазақтардың біразы баспанасыз, жұмыссыз жүргенде, шеттен келген қазақтарға үй-жай салып, жұмыс берсе, «Неге бұлай?» - деген орынды сұрақ туады. Мұны ғылымның тілінде «мигрантофобия» дейді. Мысалы, Қазақстаннан қоныс аударған орыс немесе басқа ұлт өкілі өзінің тарихи Отанында белгілі бір артықшылықтарға ие болса, ол елде де осындай психология болады. Мысалы, АҚШ-та Мексика, Испания және т.б. елдерден келген мигранттарға бірден жағдай жасалмайды. Себебі, жергілікті халық оған қарсы. Оларға бірден азаматтық та бермейді. Олар бірте-бірте америкалық болады. Бұл - бір жағдай. Екіншіден, қазақ ұлты әлі де болса: «Осы елдің иесі - біз», «Қазақ тілінің иесі - біз», «Қазақ мәдениетінің мұрагеріміз», «Қазақтың тарихы - біздің тарихымыз» деп айтатындай жоғары деңгейдегі ұлттық санаға көтеріл­мей тұр. Сондықтан, шеттен келген қандастарымызды әлі де болса, ұлттық тұрғыдан жатсыну бар. Оларға кәдімгі бір еншісі бөлінбеген бауыры ретінде қолғабыс берейік демейді. Барлығы бірдей болмағанымен, сол көшіп келіп жатқан қазақтардың біреуіне өзбек, біреуіне қалпақ, біреуіне қытай, біреуіне моңғол т.с. ат қойып жату - біздің қазақ ретінде де, азамат ретінде де әлі деңгейіміздің төмендігінде. Осы бір фактор әрі шошытады, әрі ойландырады. Осылайша біз әлемдік деңгейдегі қазақ ұлты болу түгілі, көшіп келіп жатқан миллионға жуық қазақтың өзін «мынау Моңғолиядан келген қазақ», «анау Қытайдан келген қазақ», «ал мынау Өзбекстанның қазағы» деп жікке бөліп жатырмыз. Рулық жікшілдік деген өз алдына. Шеттегі қазақтың Отанына оралуына бір үлкен психологиялық тосқауыл болып тұрғаны - осы. Үшінші тосқауыл - біздің «Көші-қон туралы» заңымыз үлкен айтыс-тартыстың нәтижесінде шетелден келген қазақтарға орыс тілін білуді міндеттеді. Оның себебі, мемлекеттік қызметте жүрген қазақтардың қазақ тілін білмеуінен. Сондықтан: «Қазақстанға келдің бе, мен сенімен орысша сөйлесемін! Сен орыс тілін үйрен! Мен қазақ тілін білмеймін!» - дейді олар. Бұл шын мәнісінде - зорлық.
Ақмола облысында тұратын үлкен қазақ ақсақалы Парламентке хат жазды. «Мен бала-шағаммен Моңғолиядан көшіп келдім. Бірақ, тарихи Отаныма орыс тілін үйренуге келген жоқпын. Қызметтегі балаларыма орыс тілін таңып жатыр. Ана жақта моңғол тілін таңды, мына жақта орыс тілін үйрен деп зорлауда. Мен енді қайда барамын? Ұрпағымды алып, үшінші бір елге көшкім келіп отыр», - депті ақсақал өз хатында. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген. Елге келген екенсіз, осындай жағдаймен есептеспесе болмайды», - деп мен жауап хат жолдадым. Ол кісі ешқайда көшкен жоқ. Бірақ көп қазақтың басындағы үлкен бір мәселені көтерді. Орыстануды таңу - жатсыну психологиясы. Сонымен бірге, тұрмыстағы жемқорлық, бюрократтық, қағазбастылық, адамша сөйлесе алмау - бұлардың барлығы шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына кедергі болып отырғаны анық. Биылғы құрылтайда Уәлихан Қалижанұлы: «Жаңа заң қабылдаймыз. Оралман азаматтық алса да, оралмандық жеңілдіктері сақталады», - деді. Бұл - жеңіс емес. Бұл - 7 жыл бойы үздіксіз көтеріліп, шешімін таба алмай жүрген ұят мәселе еді! Бұл мәселенің шешілгені дұрыс, бірақ өте кеш қалған шешім!
Жас қазақ: Бұл жолғы құрылтай жаңалығының бірі - Парламенттің партасында ұза-а-ақ жатып қалған «Көші-қон туралы» заң мәжілісте қабылданып, сенатқа жолданды. Тоқ етерін айтқанда, осы заң елге ораламын деген қазақтардың үмітін ақтай ала ма?
Амангелді Айталы: Менің ойымша, үмітін толықтай ақтай алмайды. Неге? Заң кейбір мәселелерді реттер. Онымен қоса «Нұрлы көш» бағдарламасының жалғасын тапқаны шетелдегі қазақтар үшін үлкен бір жеңілдік екені даусыз. Бірақ, заңнан басқа психологиялық ахуал бар. Адами қарым-қатынастарды заңмен реттеу қиын. Мысалы, жатсыну, алалау сияқты психологияны заңмен алып тастай алмаймыз. Сондықтан, әлі де болса кедергілер азаймайды. Өйткені, бұл заңнан гөрі адамгершілік мәселесі. Елге оралған қандастарымызға нағыз бауырмалдық білдіру, түсіністікпен қарау жағы жетпей жатыр. Яғни «Көші-қон туралы» жаңа заңды қабылдаған соң, шетелдегі қазақтар Қазақстанға ағылады екен деп өзімізді өзіміз жұбатпайық.
Жас қазақ: Құрылтай мінберінен сөз сөйлеген жазушы Смағұл Елубаев ағамыз алдағы 10-15 жылда Қазақстанға келетін көш тоқтауы мүмкін деген пікір айтты. Бұл - күллі алаш баласын ойландыратын мәселе. Жат елдің мәдениеті мен дәстүрін бойына сіңірген ұрпақ қазақ еліне ат басын бұрмай, көш саябырламақ түгілі, тоқтап қалуы да мүмкін ғой. Өйткені, құрылтайға келген қазақ жастарымен тілдескенде осыны аңғардық. Ал Сіз қалай ойлайсыз?
Амангелді Айталы: Жастар келер, бірақ көш азаюы мүмкін. Себебі, жастар білімге құштар. Мысалы, Еуропада тұратын жастар Еуропа білімінің Қазақстан білімінен артықшылығын біледі. Қытайдағы жастар да солай. Сондықтан, білім жөнінен ілгері мемлекеттерде тұратын қазақ жастары Қазақстанға келіп, оқуға, қызмет істеуге құлшына қоймайды. Тағы бір себеп, біздің елімізде жұмыссыздардың ішінде 100 мыңға жуығы - жоғары білімділер. Бұл мәселе жастарды да ойландырады. Ал Өзбекстан сияқты елдердегі жастар бізге келуі мүмкін. Сонда да олар өзі тұратын ел мен Қазақстанды салыстырады. Өзі тұратын елдегі білімнің, өмір сапасының жоғарылығын көргенде, әрине, ойланады. Екінші бір мәселе бар. Шетелде тұратын диаспораларды кейбір демограф-ғалымдар «қонақ» дейді. Өйткені, олар қалай болғанда да, уақытша өмір сүреді. Я сол ортаға сіңіп кетеді, я еліне оралады. Түріктің немесе орыстың тілін, мәдениетін, тіпті дінін де қабылдап кету - заңдылық. Барған сайын олар сол ортаға сіңе береді. Мысалы, құрылтайда Ресейдегі қазақ мектебі туралы әңгіме болды. Қазақтарға қазақ мектебін ашып беретіндей Ресейде ниет те, көңіл де, саясат та жоқ. Ресейге қазақтардың орыстанғаны, орыс тілін біліп, сол ортаға сіңгені жақсы. Мен сізге бір дерек айтайын. 2002 жылы Ресейде халық санағы өтті. Сол санақта қазақтардың саны 800 мыңның шамасында болды. Сонда ресейлік ғалымдар: «800 мың тек сан жағынан, сапа жағынан бұл орыстанған қауым», - дегенді айтты. Сапа дегені - ана тілін білуі. Ұлтты ұлт ететін - тіл. Ресейдегі қазақтар сол ортаға сіңіп бара жатқан диаспора. Оларды негізінен орыстар деп, ал кейбіреу­лер «қара орыстар» деп атайды. Сондықтан, олар көшпейді. Ресейдің Астрахан облысының жастарымен сөйлескенімде, сөз арасында: «Біз Қазақстанға барып, қазақ бола алмаспыз. Әуелі өздерің қазақ болып, бізге үлгі көрсетіңдер! Осы Астанаға, Алматыға келгенде, қазақтардың барлығының қазақша сөйлегенін көргеніміз жоқ», - деп әзіл-шыны аралас сын айтты. Сондықтан, Смағұл Елубаевтың айтқан қаупі дұрыс. Уақыт өткен сайын, біз әлемдегі қазақты жоғалта береміз. Ол - шындық. Бұл шындық - бүгінгі жаһандану заманының үлкен бір заңдылығы. Ол жұтып ала береді, сіңіре береді. Оған бүгінгі күнгі БАҚ, халықтың алыс-берісі, барыс-келісі, түрліше мәдени құндылықтарды бойына сіңіруі итермелей түседі.  

Астана қаласы

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ

03.06.2011 12:42

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406