Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2507 0 пікір 8 Маусым, 2011 сағат 03:48

ОҢТҮСТІКТЕ ОРАЛМАНДАР АШТЫҚ ЖАРИЯЛАМАҚ

Бүгінде аштық жариялау акциясы - биліктің назарын аударуға оншалықты септігін тигізе қоймайтын шараға айналғанымен, үміттері үзілуге шақ қалған ағайындар амалсыздан осы жолды таңдауға мәжбүр болып жатады. Бертіндегі мысалдардың өзін айтар болсақ, үлескерлердің, қоғам қайраткерлерінің, бүгінгі Маңғыстаудағы мұнайшылардың аштық жариялауы билікті соншалықты селт еткізе қойған жоқ. Тіпті, өз-өзіңе қол жұмсап, өмірден баз кешіп жатсаң да билік басындағылар көзінің қиығын да салмайтын болып барады. Керісінше, себебін тауып заңның түрлі тармақтарын тізіп әкеліп, өзіңді темір торға телміртеді де қояды. Сөйтіп, проблеманы шешу жолдарын іздеп жүргеніңде екінші бір проблемаға тап болып жатқаның. Мұның соңы қоғамда түйткілді мәселелер үшін күресуді бәсеңсітіп, халықты енжарлыққа әкеліп соқтыруда. Аштық жариялаушыларға билік басындағылар назар аудара қоймайтындықтан, олардың мәселелері сол күйінде шешілусіз қалатындықтан, қоғам да аштық жариялау акцияларына бей-жай қарайтын болған. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, билік назарын аудару үшін түрлі жолдан өткендер, ешқайсысынан нәтиже шықпағандықтан, лажсыздан осындай қадамға да барып жатады. Міне, 1,5 айдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы оралмандар да аштық жариялауды жоспарлап отыр. Онсыз да ішерге ас таппай отырған олардың былайғы күні де аштықпен өтіп жатқанға ұқсайды.

Бүгінде аштық жариялау акциясы - биліктің назарын аударуға оншалықты септігін тигізе қоймайтын шараға айналғанымен, үміттері үзілуге шақ қалған ағайындар амалсыздан осы жолды таңдауға мәжбүр болып жатады. Бертіндегі мысалдардың өзін айтар болсақ, үлескерлердің, қоғам қайраткерлерінің, бүгінгі Маңғыстаудағы мұнайшылардың аштық жариялауы билікті соншалықты селт еткізе қойған жоқ. Тіпті, өз-өзіңе қол жұмсап, өмірден баз кешіп жатсаң да билік басындағылар көзінің қиығын да салмайтын болып барады. Керісінше, себебін тауып заңның түрлі тармақтарын тізіп әкеліп, өзіңді темір торға телміртеді де қояды. Сөйтіп, проблеманы шешу жолдарын іздеп жүргеніңде екінші бір проблемаға тап болып жатқаның. Мұның соңы қоғамда түйткілді мәселелер үшін күресуді бәсеңсітіп, халықты енжарлыққа әкеліп соқтыруда. Аштық жариялаушыларға билік басындағылар назар аудара қоймайтындықтан, олардың мәселелері сол күйінде шешілусіз қалатындықтан, қоғам да аштық жариялау акцияларына бей-жай қарайтын болған. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, билік назарын аудару үшін түрлі жолдан өткендер, ешқайсысынан нәтиже шықпағандықтан, лажсыздан осындай қадамға да барып жатады. Міне, 1,5 айдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы оралмандар да аштық жариялауды жоспарлап отыр. Онсыз да ішерге ас таппай отырған олардың былайғы күні де аштықпен өтіп жатқанға ұқсайды. Бұл туралы "Оралман" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зулойхо Султонова мәлімдеді.

 

ЕЛБАСЫНЫҢ АТЫНА "АРТЫҚ" СӨЗДЕР АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ

Маусымның 6-сы күні Шымкент қаласында оралмандар мен қоғамдық бірлестіктердің белсенділері қатысқан дөңгелек үстел өтті. Бұл жиынның мақсаты белгілі - оралмандар басындағы түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын іздестіру. Жиынды "Оралман" ҚБ жетекшісі Зулойхо Султонова жүргізіп отырды. Зулойхо ханым жиын басталар алдында оған қатысушылардан дөңгелек үстел барысында Елбасының атына "артық" сөздер айтпауды сұранды. Өйткені, "Ұлт көшбасшысы" туралы заңға сәйкес, бұл үшін жауапкершілікке тартылулары мүмкін екендігін ескертті.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы халқының 15 пайызын шеттен келген қандастарымыз құрайды екен. Олардың басым бөлігі еңбекке жарамды жандар. Бірақ, оралмандар арасында жұмысқа орналасу мәселесі өте өзекті болып келеді. Оған қоса жер-үй, квота, азаматтық алу мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Сонымен қатар, қоғамда оралмандарды шеттету, төмендету көзқарасы бар. "Оралмандар жұмыс істемейді, квотаға қол жеткізген соң, қайтадан келген іздерімен қашып кетеді" деген сөздер де жергілікті тұрғындардың оралмандарға оң қабақ танытпауына сеп болып отырғанға ұқсайды. Осындай мәселелерді алға тартқан Зулойхо Султонова дөңгелек үстелге қатысушыларға өз ойларын ортаға салуды сұранды.

 

"БІЗ МАСЫЛ БОЛУ ҮШІН КЕЛГЕН ЖОҚПЫЗ"

 

Жиын барысында сөз алған Қарақалпақстаннан елге оралған Сали Садықов деген азамат оралмандар Қазақстан мемлекетінің дамуына кедергі келтіріп отырмағанына баса назар аударып өтті.

- "Сүйегім ата жұртта жатса екен" деген бабаларымыздың аманатын арқалап келген азаматтарға мұнда оң көзқарас қалыптасып отыр дей алмаймыз. Оралмандар Қазақстан мемлекетінің дамуына үлесін қосуға дайын, олар масыл болмайды. Елге келіп жатқан оралмандардың ішінде ғылым докторлары, кандидаттар, жоғары білімділер көп. Бірақ, Қазақстан олардың білімдері мен біліктілігін дұрыс бағалай алмай отыр. Өзге елде түрлі жоғары салада қызмет еткен азаматтар ата жэұртына оралған соң жұмыссыздардың санын толықтыруда. Елге келіп жатқан отандастарымыздың 4 пайызы ғана зейнеткерлер, көпшілігі еңбекке жарамды жандар. Алайда, олардың лайықты жұмыс табуына мүмкіндіктер қарастырылмауда. Оралмандарды төменгі сортқа жатқызу түсінігі қалыптасып отыр. Осы бір жұмыссыздықдың кесірінен "елім, жерім" деп жеткен отандастарымыздың патриоттық сезімдері тұншығып, сөнуде, - деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар ол оралмандар арасында өздерінің қоғамдағы орындарын қалпына келтіруде де түрлі кедергілерге тап болатынын ашына жеткізді.

- Мәселен, бұрынғы Кеңес Одағы қарамағандағы елдерден оралған ақын-жазушыларымыз Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке қабылдана алмай жүр. Кезінде олар Өзбекстан, Қарақалпақстан Жазушылар Одағында мүше болғандар, айналып келгенде, барлығы да КСРО Жазушылар Одағының мүшелері болып табылды. Менің білуімше, Қазақ КСР-і Жазушылар Одағының мүшелері ел тәуелсіздігін алған соң бірден Қазақстан Жазушылар Одағы мүшелігіне өтті. Ендеше неге шеттен келген қаламгерлер де бірден Жазушылар Одағына қабылданбайды? Біз осы мәселе бойынша Одақтың облыстағы филиалының төрағасы Әбілдә Аймаққа да өтінішпен шыққанбыз. Бірақ, ол кісі де мәселемізді шешіп бере алмады, - дейді ол.

 

АЗАМАТТЫҚ АЛУ ДА АЗАПҚА АЙНАЛҒАН

 

Азаматтық алу мәселесі де оралмандардың ең бір түйткілді мәселесі. Азаматтық болмаса, құжат берілмейді, құжатсыз жұмысқа орналасу қиын. Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз үшін азаматтық үш ай ішінде берілуге тиіс екен. Бірақ, олар азаматтықты жылдап күтуге мәжбүр болып жүр.

- Мен азаматтыққа құжаттарымды өткен жылы өткізген болатынмын. 3 ай ішінде азаматтық алатынымды айтып еді тиісті орындар, бірақ, міне, әлі де оған қол жеткізе алмай отырмын, - дейді Өзбекстаннан келген оралман Раджап Абдыманап. - Менің жасым қазір 45-ке келді де, өзбекстандық төлқұжатымның да уақыты өтіп кетті. Енді мен Өзбекстанға да өте алмаймын. Ондағы туыстарыма да бара алмай отырмын. Сондай-ақ, онда үйім бар еді, соны сатайын десем, оған да мүмкіндік болмай тұр. Өзім зейнеткермін, төлқұжат мәселесі одан да айырды мені. 3 айда берілуге тиісті азаматтығыма енді қашан қол жеткізетінім белгісіз болып тұр.

 

"ҚАҢҒЫБАСТАР ҮЙІНЕ" ТІРКЕЛУГЕ МӘЖБҮР БОЛЫПТЫ

 

Дөңгелек үстел барысында сөз алған тағы бір қандасымыз Сейітбек Адырбеков өздерінің "жақсылықты асырып, жамандықты жасырып" жүргендерін айтады.

- Осында шешілмей жатқан түрлі мәселелерге қарамастан, біз Өзбекстанға бара қалсақ, Қазақстандағы жағдайдың жақсы екендігін айтамыз. Содан ондағылардың атамекенге оралу армандары асқақтай түседі. Қазір Өзбекстанда елге оралғысы келіп жүрген қандастарымыз өте көп, - деді ол өз сөзінде.

Өзбекстаннан келген тағы бір азамат Әнуар Көшербаев өздерінің оралман еместігін айтып өтті.

- Біз ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан өзіміздің тарихи жерімізде туылып, сонда өстік. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын да ол жерлерді біздің ата-бабаларымыз мекен еткен. Тек, Кеңес Одағы тұсында ол жерлер Өзбекстанға өтіп, екі араны шекара бөлді. Содан келіп біз өз атамекенімізде тұрсақ та, шетелдік қазаққа айналдық және ол жақтан Қазақстанға келсек - оралманбыз. Біз Өзбекстаннан елге патриоттық рухта келген едік. Квота алдық, жер телімін алу үшін кезекке тіркелдік. Бірақ, міне, 5 жыл болды, сол жерге әлі қол жеткізе алмай отырмыз. Бір жанұя болып келген едік, қазір үш жанұя болдық, үш пәтер жалдап тұрамыз. Тапқан ақшамыздың бәрі сол пәтерге кетуде. Бізге ең құрымаса жер берсе, өз баспанамызды өзіміз салып алатын едік. Баспана жоқтықтан еш жерге тіркеле алмай, жұмысқа тұруымыз қиындап тұр. Менің өзім де баспанам жоқ болғандықтан, Әлеуметтік оңалту орталығына тіркелгенмін, - дейді ол. Айта кетейік, бұл орталыққа негізінен үйсіз-күйсіз қаңғып қалғандар орналастырылып, оларға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Былайша жұрт "қаңғыбастар үйі" атап кеткен орын енді "елім-жерім" деп келген оралмандарға "қызмет" көрсете бастапты.

Көшербаевтың тағы бір айтқаны: "Басқа елдерді қайдам, бірақ дәл Өзбекстаннан келген оралмандар ол жаққа қайта көшіп бара алмайды. Өйткені, ол жақтың заңы басқа, кеткен адамды қайта қабылдамайды. Сондықтан, "оралмандар квота алған соң кері кетіп қалып жатады екен" деген сөздер бекер" - деген болды.

Осы тұста дөңгелек үстелге қатысқан журналист Сабыржан Байбосынов елімізде оралмандарды шеттету әрекеттерінің жоқтығын айтып өтті.

- Мен көптеген оралмандарды білемін, олар өздеріне лайықты жұмыс тауып, күндерін көріп жатыр. Ал, жер, үй және жұмыссыздық мәселесіне келсек, олар тек оралмандардың ғана емес, сонымен қатар, жергілікті қазақтардың да бас ауруы. Сондықтан, оралмандарды шеттетеді дегенге келісе қоймаймын, - деді ол.

 

ОРАЛМАНДАРДЫ БІЛІМ МӘСЕЛЕСІ ДЕ МАЗАЛАУДА

 

Зулойхо Султонованың айтуынша, оралмандардың балаларының ҰБТ-ға қатысуы да бұл күнде әжептеуір проблема тудырып отырғанға ұқсайды. Оның үстіне, көрші Өзбекстан жерінде қазақ мектептері, сыныптары жабылуда. Ондағы қандастарымыз балаларын өзбек сыныптарына беруге мәжбүр. Өйткені, қазақ мектебін бітіруші жастарға жұмыс табу қиын. Ал, өзбек сыныбын бітіргендер кирилл қарпін түсіне қоймайды. Осыдан келіп атамекенге оралған оралмандардың балалары білім алуда қиындыққа тап болады. Яғни, латын әліпбиімен білім алған олар мұндағы кирилл қарпін үйренгенше уақыт керек.

- Сондықтан, оралмандардың балалары үшін ҰБТ тапсыруда бірқатар жеңілдіктер қарастырылу қажет сияқты, - дейді "Оралман" ҚБ төрайымы Султонова.

Дөңгелек үстел барысында оралмандардың басқа да мәселелері ортаға салынды. Оның ішінде жер, квота алу мәселелерімен қоса, денсаулықтары жөнінде де айтылды.

- Оралмандардың көпшілігі өздерінің заңдық құқықтарын біле бермейді. Осының салдарынан өз құқықтарын қорғауға дәрменсіз. Сонымен қатар, көпшілігі өз мәселелерін ашық айтудан қашқақтайды немесе қорқады. Себебі, бірлі-жарымы әзер тапқан жұмыстарынан айырылып қалудан қорықса, тағы біреулері жергілікті халықты өздеріне қарсы қойып қоямыз ба деп ойлайды және басқа да себептер бар. Бүгін осында жиналғандадың әрқайсысын 50-60 оралман отбасылар уәкіл етіп жіберіп отыр. Дегенмен, сол оралмандар жуық арада мәселелеріміз шешілмесе, онда облыстық әкімдік алдына барып аштық жариялаймыз деп отыр. Біз қазір билікке 1,5 ай уақыт береміз, егер сол уақыт ішінде қандай да бір оңды нәтижелерге қол жеткізе алмасақ, біз аштық акциясын бастауға мәжбүрміз, - дейді Султонова.

- Әрине, аштық жариялау - оралмандарға жеңіл тимейді. Өйткені, олардың көпшілігі онсыз да ашқұрсақ жүрген жандар. Арасында туберкулезбен ауыратындар, әйелдер кеселдерімен науқастанғандар өте көп. Тұрақты жерлері болмаған соң, жағдайы жоқ арзан пәтерлерді сағалап, құнарсыз тамақтармен күнелтуде. Жейтіндері арзан макарон, еттің дәмін айлап ұмытады. Мен оларға аштық жариялау денсаулықтарына орасан зиянын тигізуі мүмкін екендігін ескертіп, райларынан қайтармақ болғаныммен, олар өз проблемаларын шешудің басқа амалы қалмағанын алға тартып отыр, - деп сөзін қорытындылады Зулойхо Султонова ханым.

 

АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ АЙТЫЛҒАН ЖЕРДЕ ҚАЛА МА?

Жиын соңында біз Султонова ханыммен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Соған да назар аудара кетсек.

- Сіз жетекшілік ететін қоғамдық бірлестіктің жұмыс істеп жатқанына 10 жыл болды, еліміздің тәуелсіздік алып, шеттегі қазақтарды елге шақырып жатқанына биыл 20 жыл. Бүгінгі айтылып отырған мәселелер сол уақыттардан бері көтеріліп келеді, бірақ, әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Енді 1,5 айда оның шешіле қоюы әсте мүмкін емес қой?..

- Әрине, солай. Әйтсе де, біз билік басындағыларға тағы бір мүмкіндік беруге тырысып отырмыз. Егер сөзімізге назар аудармаса, аштық жариялауға мәжбүр боламыз. Бүгінгі дөңгелек үстелді ұйымдастыруымыздың себебі де сол, қордаланған проблемаларды ортаға салып, БАҚ арқылы оған қоғам және биліктің назарын аударту.

- Мұндай шаралар бүгін ғана ұйымдастырылып отырған жоқ. Өкінішке қарай, көбіне жиында айтылған мәселелер төрт қабырғаның ішінде қалып қойып жатады. Осыдан бір ай уақыт бұрын "Нұр Отан" партиясының жергілікті филиалының ұйымдастыруымен де осындай жиынның өткені белгілі. Оған өзіңіз де қатыстыңыз. Сол дөңгелек үстелден не нәтиже шықты? Жиын соңында партия төрағасының бірінші орынбасары Ұласбекк Сәдібековтің өзі көтерілген мәселелерге байланысты тиісті орындарға хат жолданатынын айтып еді ғой...

- Ол жиыннан не нәтиже шыққанын білмеймін, ешқандай өзгерісті байқағанымыз жоқ. "Нұр Отан" партиясы тарапынан одан кейін маған ешқандай ақпар берілген жоқ. Құзырлы органдарға жіберілген хаттарға қандай жауап қайтарылғаны жөнінде алда біле жатармыз. Маған өз мәселелерінің шешілуіне көмек беруді сұрап көп оралмандар келеді. Қолымнан келгенше оларға көмектесіп жатырмын. Кейде осындай жиындар ұйымдастырып беремін. Бірақ, көп нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Саяси партиялар тарапынан қаржылық-материалдық көмек көріп отырғанымыз жоқ.

- Жуырда Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы болып өтті. Оған қатыспадыңыз ба?

- Біріншіден, Астанаға барып қайту үшін де қаржы керек. Екіншіден, шақырту болған жоқ. Оған "Нұр Отан" партиясынан өкілдер барып қайтқан болар. Менің оралмандар проблемасымен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Шақыратын болса, жергілікті билік басындағылар да, "Нұр Отан" партиясындағылар да мені білмей-көрмей отырған жоқ. Тек, оларға проблемаларды айтатын адам керек емес.

- Шеттен келген қандастарымыздың арасында өз кәсіптдөңгелетіп әкетіп, тәп-тәуір бизнесмен атанып отырғандар да бар шығар?

- Әрине, бірлі-жарлым ондайлар кездеседі. Бірақ, өкінішке қарай олар біздерді менсінбейді, қаржылай көмек көрсетпейді.

 

ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҚАНДАЙ ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІП ОТЫРМЫЗ?

 

Жиында айтылған әңгімелерден біздің түсінгеніміз - оралмандарға Қазақстан мемлекеті квотадан басқа көмек беріп жатпаған тәрізді. Ең басты мәселе - моралдық көмек қарастырылмаған. Жүйелі идеология да қалыптаспаған. Осыдан келіп түрлі проблемалар туындай түскен сияқты.

Тағы бір мәселе - біз оралмандардың еңбек потенциалын дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Мәселен, Өзбекстаннан қоныс аударушылардың көпшілігі егін шаруашылығына икемді келеді. Ауылшаруашылығын дамыту үшін неге солардың еңбек күшін пайдаланбасқа?! Суғармалы жерлерден үлес беріп, көкөніс өнімдерін өсіруге мүмкіндік берейік, бұл үшін субсидия немесе өсімі төмен несиелер де қарастыруға болады ғой. Есесіне бүгінгі құны аспандап кеткен көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға аз да болса септігін тигізер еді. Жалпы, қай елден келсе де, олардың қандай да бір шаруаға ептілігі, икемділігі болатыны анық. Елімізге тек жатыпішер жалқаулар мен іске олақ, сөзге шорқақ жандар келіп жатпаған шығар?! Сондықтан, осындай мәселелерді үйлестіруші орган болуы қажет-ақ. Жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармалары мен бөлімдері бұл мәселені әзірге үйлестіре алмай отырған сияқты.

Тағы бір айтатынымыз, оралмандарға тегін заңдық кеңес беретін орталықтарды ұйымдастыру қажет сияқты. Өйткені, бөтен елден келген азаматтар бұл жердің заңын біле бермейді, сондықтан өз құқықтарын білмейді. Сосын қандай да бір мәселелерін шешу үшін өзгелердің көмегіне сүйенуге мәжбүр болуда. Айналып келгенде бұл парақорлық пен арада жүретін делдалдыққа да жол ашып беруде.

Шешілмейтін мәселе болмайды, бірақ, шеше алмайтын немесе шешкісі келмейтін адамдар болуы мүмкін. Оралмандардың бүгінгі сөз болып отырған мәселелерін билік басындағылар білмей-көрмей отырған жоқ. Бірақ, сол мәселелердің шешілмей келе жатқанына қарағанда, біздің биліктің басында шеше алмайтын немесе шешкісі келмейтін азаматтар отырса керек-ті. Алдағы бір жарым айдың ішінде олар қалай қимылдар екен, енді соны күтеміз-дағы.

Жалпы, біздің басылым алғашқы жарыққа шыққан күнінен бастап-ақ оралмандар мәселесін жиі көтеріп келеді. 2005 жылы "Алтыншаш Жағанова оралмандарға квота емес, күйеу қарастырып жүріпті" деген мақала жарыққа шыққан уақыттан бері еліміздегі Көші-қон мәселесімен айналысатын орган да бірнеше мәрте қайта құрылымданды. Атап айтқанда, сол уақыттарда бұл орган Алтыншаш Жағанова жетекшілік ететін жеке Агенттік еді. Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамына комитет болып орнықты. Қазір Ішкі істер министрлігінің қарамағында. Органды қайта-қайта құрылымдағанмен, шешіліп жатқан мәселе жоқтың қасы, "баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер, түкті байқамас".

Айта кетейік, Тәуелсіздік алғалы бері елімізге шеттен 300 мыңнан аса оралман отбасы келген екен, бұл 1 миллион жаннан асады. 16 миллион халқы бар Қазақстан үшін 1 миллион адам әжептеуір салмақты күш. Ендеше, олардың мәселесіне ешқашан атүсті қарауға болмайды. Сондықтан, біз де алдағы уақыттарда да оралмандар мәселесін көтере беретін боламыз.

Кенже ШЫҢҒЫСБЕК.

Шымкент қаласы.

«Халық үні» газеті.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435