Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 14303 16 пікір 22 Сәуір, 2019 сағат 08:45

Шеркеш Барысбай сұлтан Кипрді қалай бағындырды?

Кипр аралы кресшілер үшін мұсылмандарды шабуға қолайлы Жерорта теңізінің шығысындағы ең маңызды стратегиялық орын болды. Бүржи мәмлүктері кезінде кипрлік кресшілер қарап жатпай, Мысыр мен Шам жерінің теңіз жағалауындағы елді мекендеріне үстін-үстін шабуылдап, мұсылмандардың тынышын алды. Теңіз сауда жолдарын бөгеді. 1365 жылы Кипр королі І Петр Мысырдың солтүстігіндегі Александрияға жорық жасап, қаланы отқа орайды. Әйел демей, бала-шаға, қарт демей халқын қырғынға ұшыратады. Қаланы үш күн тонап ойрандаған кипрліктер елдеріне олжалы оралады.

Үлкенді-кішілі мұндай жорықтар теңіз жағалауындағы қалаларға  жиі-жиі қайталанып тұрды. Александрияға жасалғандай жойқын жорық 1393 жылы Шам жеріндегі Триполи қаласына да жасалды. «1423 жылы кресшілер Думят маңында мәмлүктердің екі үлкен кемесіне шабуыл жасап, ондағы бар жүкті тонап, жүзден аса адамымен қоса алып кетеді» [1, 423 б.]. 1422 жылы бүржилер кезеңінде билікке келген шеркеш Барысбай сұлтан (1422-1438 жылдары 16 жыл билік құрған) кресшілердің бұл қорлығына шыдамай Кипр аралына жорық жасауға дайындық жүргізеді. 1424 жылы Кипрге жасаған алғашқы кішігірім барлау жорығында Лимасол портына шабуылдап, теңіз қарақшылығына шыққалы отырған кипрліктердің үш кемесін басып алып, Каирге олжалы оралады. 1425 жылы көбірек күш жинап қырық кемемен жасаған екінші жорығында Лимасол қамалын талқандап, өртеп кетеді. Тарихшы ибн Хажар әл-Асқаләнидің жазуынша «бұл соғыста, айналдырған жарты айдың ішінде, Кипр жағы бес мыңға жуық адамынан айырылса, мұсылмандар жағынан он үш адам опат болды» [2, 348 б.]. Барысбай сұлтанның әскері мыңға тарта кипрлікті тұтқындап, бұл жолы да Каирге үлкен олжамен оралады.

1426 жылы Барысбай сұлтан үшінші жорығына дайындық жасап жүргенде, Кипр королі Янустің «өзге еуропалық корольдіктерге хат жазып шағымданғаны, Барысбай сұлтанға қарсы көмек сұрағаны, еуропалықтардың көмекке қосымша күш жібергені» [2, 366 б.] туралы хабар жетеді. Оны естіген Барысбай сұлтан дайындығын күшейте түседі. Әскери кеменің санын арттырады. 1426 жылы Барысбай әскері Кипр аралына қарай 180 кемемен үшінші рет беттейді. Ибн Хажардың жазуы бойынша «Барысбай әскері Лимасолға жеткенде, бір жыл бұрын өздері өртеп кеткен қамалдың қалпына келтірілгенін, әскери техникамен жабдықталғанын байқайды. Мұсылман әскері қамалды қоршауға алған кезде, қамалдағы еуропалық әскер үрейлене қаша бастайды. Шабуылдаған Барысбай әскері қамалдың бірінші мұнарасын басып алды. Әскердің және бір бөлігі кішігірім бір ауылды қоршап алғанда, ауыл тұрғындары соғыссыз берілетіндерін айтады. Ауыл тұрғындарынан Янус король туралы сұрағанда, олар оның бес мың атты әскермен және жеті мың жаяу әскермен соғысуға сақадай сай тұрғанын жеткізеді. Мұны естіген мұсылмандар жағы Януске хат жазып, басы аман қалсын десе және әскерін, елін аман алып қалғысы келсе, соғыссыз берілуін, олай етпеген жағдайда аяусыз ойран салып, сарайына баса көктеп кіретінін, өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін тұтқындап әкететінін жеткізеді. Бұл хабарды жеткізген мұсылман елшісін Янус король өлтіріп, өртеп жібереді. Оны естіген мұсылмандар екі топқа бөлініп, бірі теңізден, екіншісі құрлықтан соққы беруге дайындалады» [2, 368 б.]. Барысбай әскері Лимасол қамалын талқандаған кезде, Янус король де әскерімен жетеді. Екі жақ арасында кескілескен шайқас болады. Бұл соғыста Барысбай әскері саны аздығына қарамастан жеңіске жетіп, Янус корольді тұтқынға түсіреді. Никосия қаласын бағындырып, Кипр аралы толығымен шеркештердің қолына өтеді. Барысбай әскері Янус корольге қоса 3700 тұтқынмен Каирге оралады. 1426 жылы 14 тамызда Каир көшелерінде жеңіспен оралғандардың құрметіне ұзын-сонар салтанатты шеру өтеді. Шеру артында 3700 тұтқынмен бірге қолы кісендеулі король Янус пен оның әмірлері де жүріп бара жатты.

Тұтқынға түскен Янус король көпшіліктің алдында Барысбай сұлтанның аяғына жығылып, жер сүйіп, рахымшылық жасап босатуын сұрап жалбарынады. Осылайша Кипр аралы Осман империясына дейін бір ғасырға жуық толығымен мәмлүк-қыпшақтардың (шеркештердің) қол астында болды. Яғни 1426 жылдан 1517 жылға дейін шеркештерге жан амандығы үшін жыл сайын салық төлеп тұрды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек өзінің Фейсбук әлеуметтік парақшасында осы жылдың 8 қаңтарында: «Кипр түріктерінің тілі қазақ тіліне өте жақын. Олар "гелийорум" демейді - "келемін" дейді», – деген болатын. Кипр түріктерінің кейбір диалектісі қазіргі қазақ тіліне жақын болуы Кипрді бағындырған шеркеш Барысбай сұлтан әскерінің, яғни шеркештердің әсерінен болса керек.

Әдебиеттер:

  1. Сағид Ашур. Әл-Харака әс-Салибийа. ІІ том. Мәктәба әл-Анжлу әл-Мысрийа. – 2010 м.
  2. Ибн Хажар әл-Асқаләни. Инбә әл-Ғумр би Әбнә әл-Умр. ІІІ том (853 һ).

Қалдыбай Арыстанбекұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті м.а.

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057