Сенбі, 23 Қараша 2024
3419 11 пікір 22 Сәуір, 2019 сағат 09:51

Ассамблея – асыл мұраттар алаңы

Тұңғыш Президент-Ұлт Көшбасшысы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ Өкімімен шақырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 28-інші сессиясына да санаулы сәт қалды. Мәртебелі ұйымның сессиясы – «Күлтөбе басындағы жиын» емес, күн дидарлы елдегі бірлік пен берекенің салтанаты. Бұл – мойындалған ақиқат! Өйткені, Ассамблеяның тұрақтылыққа – тұғыр, келісімге – кепіл бола білген бірегей институт екендігі әлдеқашан дәлелденген. ҚХА тәжірибесіне өзіміз тұрмақ, өзге елдердің сарапшылары арнайы зерттеулер жүргізіп, қызығушылық танытуында зор мән жатыр. Ұлттық саясатымыздың салмағы – осында.

Иә, Ассамблея – асыл мұраттар мен асқақ армандар алаңы. Асыл мұратымыз – ынтымақ, асқақ арманымыз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтар Қазақстанды тарихи Отаны санайтын 100 ден астам ұлттың ортақ мүддесіне айналды. Әрине, Елбасының сарабдал саясаты мен Ассамблеяның арқасында. Бұл жерде Елбасы саясаты мен қазақ халқының көнеден керуен тартқан жомарттығының, кең пейілі мен мейірімінің үндестігі небір тарихи тәуекелдерде жеңіске жетуімізге дәнекер болғанын аңғаруға болады. Бұл да – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Естеріңізде болар, кешегі Кеңес дәуірінде «азшылық көпшілікке бағынады» деген сыңаржақ қағида болды. Мұның астарында көптің азға  көрсетер әлімжеттігі мен үстемдігі тұрғаны белгілі. Алайда, қазаққа бұның қажеті болған жоқ. Тағдыр талайымен Қазақстанға қоныс аударған жүздеген ұлттың жүзін жарқын етуге тырыстық. Бұл біздің қанымызға сіңген дара қасиетіміз еді. Дей тұрғанмен, даралығымызды пұлдап, жат жұрттың баласына ұсынған дәміміз бен шығарған төрімізді құндаған кезіміз болған емес. Дәл осы кеңдігіміз келешегіміздің кемелдігіне негіз болды. Тіпті, жүзі – басқа, жүрегі – бір, тілі – басқа, тілегі – бір отандастарымыздың біздің салт-дәстүрімізге, діліміз бен тілімізге деген құрметі артып, ықыласы оянды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалға жүгініп көрелік.

Ұлытау ауданының шалғай бір ауылында неміс отбасы бар. Әлгі әулеттің қазақ халқына деген ықыласында шек болмаған. Тілімізді меңгеріп алғаны – өз алдына, бие байлап, қымыз ішкен. Сол отбасының бір ұлы міндетті әскери қызметке шақырылады. Кеңес дәуірі. Ресейдің бір түкпіріндегі әскери бөлімге түседі. Сөйтіп, ата-анасы сарыла күткен алғашқы хаты да келеді. Сондағы жазғаны: «Әке, апа! Ротаның барлығы – орыс, жалғыз қазақ – менмін. Тіл білмей, қиналып жүрмін» деген екен. Міне, бізде өзгені жатырқамайтын жайсаңдық, ал, отандастарымызда бізге деген құрмет сонау Кеңес дәуірінде де болған.

Осы бір игі дәстүр Ассамблея алаңында жарасымды жалғасын тауып келеді. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сындарлы сәт өзге көршілеріміз секілді бізде де болды. Сол кезеңдегі ақпарат құралдарында жарияланған саяси болжамдар біздің елде екі үлкен қауіп бар екенін ескерткен-ді. Бірі – қойнауымыз толған байлығымыз, екіншісі – еліміздің ұлттық құрамындағы жергілікті ұлт (қазақ) үлесінің аздығы. Яғни, көпұлттылықтың өзін «қауіп» санаппыз. Бәрі керісінше болды емес пе?! Қазіргі таңда осы екеуі де – кен байлығымыз бен көпұлттылығымыз баға жетпес байлығымызға баланып отыр.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан дәл қазір саяси сындарлы сәттің табалдырығында тұр. Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы тарихи шешім қабылдады. Осы сәтте де кейбір сарапшылар сабырсыздық танытып, салмақсыз болжамдар айта бастады. Ал, әлем елдері Қазақстандағы билік транзитінің бейбіт жағдайда ауысуын елдегі тұрақтылықпен байланыстырып, оң бағасын беріп жатты. Кезектен тыс Президент сайлауы белгіленді. Міне, осынша жауапты сәттерде Қазақстан өз мүмкіндігінің шексіздігін танытты. Ол мүмкіндіктердің бастауында елдегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім тұр. Ал, осынау құндылықтардың басты кепілі – Ассамблея.

Қарағанды – Елбасының еңбек отаны. Азамат ретінде қалыптасып, қайраткер ретінде Қарағанды топырағында танылды. Сондықтан да, қарағандылықтар Тұңғыш Президенттің әр бастамасы мен барлық бағдарламаларына қызу қолдау көрсетуден айныған емес. Елбасы төрағалық ететін Ассамблея құрылымының жергілікті деңгейдегі жұмысында да ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже баршылық.

Қазыналы Қарағанды облысында бүгінгі таңда 3126 адамды қамтитын 87 этномәдени орталық жұмыс жүргізіп отыр. Аталған орталықтардың негізгі жұмыс бағыты өздерінің ұлттық құндылықтарын дәріптеуге және тұрақтылықты тұғырландыру мақсатындағы қазақстандық идеологияны қуаттауға қызмет етеді. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты нығайту – этномәдени орталықтардың негізгі миссиясы. Олардың негізгі жұмыс сипаты облыс әкімі тағайындаған гранттар арқылы жүзеге асып келеді. Республикамызда алғашқылардың бірі болып ашылған «Достық үйі» шын мәніндегі бекем бірліктің, мызғымас татулықтың ордасына айналған. Жоспарланған іс-шараның дені осы бір қастерлі сарай, қасиетті шаңырақтың аясында ұйымдастырылып келеді.

Қарағанды облыстық ҚХА мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің мұрындық болуымен 2018 жылы ұзын-ырғасы 2700-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Барлық іс-шараның мазмұндық сипаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларында қамтылған құндылықтарды дәріптеуге, дамытуға бағытталуда. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы екі тарихи мақаласы арқылы өзін халқын шексіз сүйген, сүйе білетін шынайы патриот ретінде дәлелдесе, Ассамблея – нағыз патриоттар мінбері. Жекелеген ұлттардың емес, тұтас Отанның тағдырына алаңдайтын мәртебелі орган. Елбасының Тәуелсіздік жылдарындағы ұлы мақсаттарға ұмтылған идеяларының дені осы Ассамблея мінбері арқылы іркіліссіз іске асып, ұлт кәдесіне жарап келе жатқандығын ҚХА мүшелері мақтаныш тұтады.

Облыстық Ассамблея жұмысының мақсаты да, мазмұны да Елбасы идеяларымен үндестік тауып, оларды жүзеге асыруға бағытталуда. Мәселен, өткен жылы ұйымдастырлған «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» акциясы, Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған іс-шаралар, «Ел жүрегі –Астана» атты патриоттық акция, Ұлытау ауданындағы «Руханият» этноауылына жасалған 6 күндік экспедиция, Қарқаралы ауданында өткізілген «Жастар арасында рухани тұрақтылықты дамыту және патриоттық құндылықтарға тәрбиелеу» атты үш күндік көшпелі семинар, бәрі-бәрі Елбасының жоғарыда аталған бағдарламалық мақалаларында қамтылған маңызды мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталды. Сондай-ақ, ҚХА ұйымдастырған шараларда ұраншылдық пен көзбояушылықтың болмағанын жергілікті халықтың ықыласы арқылы дәлелдеуге болады.

Сонымен қатар, Қарағанды облыстық ҚХА хатшылығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған көптеген шаралардың кейбірінің дүбірі алты құрлыққа жетіп, халықаралық сипатқа ие болғанын атап өтуіміз керек. Әлемнің Мексика, Перу, Перу, Польша, Түркия, Франция, Шотландия, Ресей, Тәжікстан мемлекеттерінің кәсіби ұжымдарының қатысуымен өткен «Жезкиік» халықаралық фольклорлық музыка фестивалі мен «Мэрцишор-2018» VI халықаралық румын фольклорлық фестивалін ерекше атар едім. Ұлт ұясы Ұлытау төрінде өткен «Жезкиік» фестивалі дәстүрлі түрде алты құрлықтың көзайымына айналар өнер думаны болмақ. Міне, Ассамблея қабырғасында ұйымдастырылған мазмұнды шаралардың мазмұны мен ауқымы!

ҚХА-ның ұлы мұратты көздеген бірегей жобасының бірі – «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы. Қазақстан халқын біріктіруші ортақ құндылықтарды қалыптастыруға, дамытуға бағытталған бұл жобаның маңыздылығын таныту мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, «Жібек жолындағы сұхбат», «Балқаш күзі» І фестивалі және басқа да мазмұнды шаралар ұйымдастырылды. Осы шаралардың арасынан «Жібек жолындағы сұхбат» жобасын ерекше атап өтер едім. Кемел ой, келелі идеялардың бастауындай болған шараға белгілі қаламгер, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бастаған қазақ зиялылары, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей елдерінің сарапшылары, саясаттанушылар және тарихшы ғалымдар қатысты. Ұлы Даланы ұлы мұраттарға ұйыстырудағы ұлттық идеологияның маңызы мен негізгі тетіктері жөнінде ордалы ойлар ортаға салынды. Шараға қатысып, экспедиция құрамында болған этомәдени орталық өкілдері қазақ халқының дала философиясына негізделген дана саясатына жоғары баға берді.

Қарағанды өңірін ашық аспан астындағы мұражай десе де болады. Киелі Ұлытауы, қасиетті Қарқаралысы, асқақ рухты Ақтоғайы, жазиралы Жаңаарқасы бар. Осы аты аталған құтты мекеннің қай-қайсысы да тек Қарағанды үшін ғана емес, Қазақстан үшін қастерлі. «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Ұлы Дала Елі» экспедициясы облыс аумағындағы киелі жерлердің барлығын аралап шықты. Экспедиция барысы жөнінде жергілікті БАҚ-тарда сериялық жарияланымдар жарық көрді.

Қазақ халқы – ежелден бітімгерлік ұстанымдағы дана халық. Жауласқанның жаға жыртысуына, дауласқанның даурығуына жол бермеген. Қоғамдағы медиация институтының дамуына, қанатын кеңге жайып, өрістеуіне ҚХА-ның қосып отырған үлесі зор. Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» медиация кабинеті жабдықталып, халықтың құқықтық мәдениетін нығайту жұмыстарын жүйелі жүргізе бастадық. Тұрмыстық дау-жанжалдан бастап, еңбек қатынастарындағы келіспеушіліктер мен әлеуметтік салдары басым келеңсіздіктердің алды налу мақсатында «Медиация – қоғамды дамытудың тиімді институты» тақырыбында оқыту курстарын ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Кешенді бағдарлама сипатында өткізілген курстарға обылстық қала-аудандарынан қоғамдық медиаторлар қатысып, тәжірибелерін жетілдірді. Медиация қағидаттары бүгінгі таңда тек дауласушы тараптардың арасындағы ымыраны ғана емес, ұлтаралық келісімді нығайтушы күшке айналып отыр.  Бұл орайда ҚХА облыстық хатшылығы мен Қоғамдық келісім Кеңесінің бітімгерлік миссиясын ерекше атап өтуге тиіспіз.

Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесіне қатысты қоғамдық мәселелер облыстық ҚХА назарынан тыс қалған емес. Жастар бойына отаншылдық рухты сіңіру мақсатында республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы құрылып, аталмыш ұйым жүздеген игілікті шара ұйымддастыруға мұрындық болды. Жігерлі жастар көшбасшылық ететін штабтың әрбір шарасы құрғақ есеп үшін емес, қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар шара болғанына баса мән бергеніміз абзал.

ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің жұмыс топтарында отбасы құндылықтары, көпбалалы отбасылар проблемасы, ұрпақ тәрбиесі мәселелері тұрақты талқыланып, кейбір өзекті мәселелерге жергілікті атқарушы билік назарын аударту секілді ұстанымдардың ұтқыр қадамы нәтиже бергеніне көңіл марқаяды. Аналар кеңесінің көшпелі мәжілістері облыстың қала-аудандарында да ұйымдастырылып, қарапайым тұрғындардың әлеуметтік проблемаларының оң шешім табуына ықпал еткенін қалай айтпасқа?!

«Достық үйінде» ашылған 2324 кітап қоры бар кітапхана мен мұражай да ақпараттық, білім беру, мәдени-ағартушылық мақсаттары тұрғысынан ҚХА жұмысының мазмұнын арттырып отыр. Жалпы, ҚХА Қарағанды облыстық хатшылығы мен Қоғамдық келісім Кеңесі, облыс әкімі аппараты «Қоғамды келісім» мекемесінің бірлесе атқарған істерін жіпке тізгендей баяндай берсек, атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жобаларды бір мақаламен түгесіп шығу мүмкін емес.

Сөз түйінінде ҚХА белсенділерінің мұрындық болуымен ел игілігіне асып, кәдеге жараған, тұрғындардың алғыс-батасына кенелген қайырымдылық шараларына тоқтала кеткеннің артықтығы болмас. Қарағанды облысы ҚХА жанындағы қайырымдылық пен тәлімгерлер клубы 2017 жылдың қараша айынан бері жұмыс істейді. Құрамында 23 меценат бар қайырымдылық ұясының облыс аумағында өтіп жатқан мерекелік, бұқаралық іс-шаралардан тыс қалған кезі жоқ. Атымтай-Жомарт азаматтардың атсалысып, демеушілік көрсетуімен бірқатар ауылдарда мәдени-әлеуметтік нысандар жаңартылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға қомақты қолдау көрсетілді. «Мектепке жол», «Мейірім шуағы», «Қайрымдылық керуені» сынды жалпыхалықтық акциялар барысында да қарағандылық меценеаттар көш бастап жүр. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Нұрлан Қалтаев, «ASYL ADAM» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Көңілбай Шөкенов сынды жомарт жүрек иелерінің есімін құрметпен атар едім.

Жеке кәсіпкер ретінде менің өзім де Жезқазған-Ұлытау өңірінде біршама қайырымдылық акцияларын өткізіп, сауапты шараларға ұйытқы болып жүрмін. Мәселен, өзім құрылтайшы болып отырған мекеменің жас мамандарын тегін баспанамен қамтамасыз етіп, аз қамтылған отбасылардың балаларына қайраткер тұлғалар атындағы шәкіртақылармен ынталандырып, тіпті, үлгерімі жақсы студенттердің жылдық оқу ақысын 100 пайыз төлеп бердік. Өткен жылы Семей политехникалық колледжінің мерейтойына орай аталған колледжге ІТ сыныбын жабдықтап бердім. Жезқазған қаласында мүмкіндігі шектеулі Серік Ақбөкенді тұрақты жұмысқа қабылдап, лайықты айлық жалақы тағайындалды. Тағы да Жезқазған қаласындағы №9, 13 мектептерге ойын алаңдарын сыйға тарттым. Көптеген жергілікті қаламгерлердің кітаптарының жарық көруіне тұрақты түрде демеушілік жасап, өнер-мәдениет қайраткерлеріне арнайы степендиялар үлестіріп жүрмін. Өзімнің жеке иелігімдегі колледж жатақханасында аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тұрып жатыр. Республикалық «Мың бала» жобасының Ұлытау өңіріне сапарын толық қаржыландырдым. Тізбелей берсем, кеуде соғып мақтанып кеткендей болармын. Мұның барлығы –  менің арзан абырой үшін емес, еліміздің гүлденуіне үлесімді қосып, Қазақстан азаматтарының тең дәрежеде өмір сүруіне ықпал етсем деген перзенттік пейілмен жасап жүрген теңізге тамған тамшыдай ғана еңбегім.

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы теріс пікір, жаңсақ ой қалыптаспаса екен. Осы жазбаны жариялаудағы басты мақсатым да – осы. Атқарған ісімізді көпшілікпен бөлісіп, ҚХА төңірегінде жасалып жатқан игі істерді халық таныса екен, көңілге түйсе екен деген ниет біздікі. Елдегі саяси тұрақтылық пен кемел келісімнің кепілі болып отырған мәртебелі органның бет-беделі аласармаса екен!

...Көршілер көшіне көз тігіп көріңіз. Кемсіткеніміз емес, толқулар мен терактіден көз ашпай отыр. «Кәрі құрлықты» қаржы дағдарысы жайлап, көп елдерде саяси тоқырау белең алып жатыр. Ал, біз ше? Қазақы мәтелмен мәнерлесек, «бозда ойнап» жүрміз. Бұл – бірлігі бекем елде ғана салтанат құратын құбылыс.

Біз – болашағы біртұтас елденбіз! Ортақ үйіміз – Қазақстан! Мұның барлығы – жалаң ұран емес,  әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялаған мақтаныш!

Бекзат Алтынбеков, Қарағанды облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы, Білім меценаты, облыстық мәслихат депутаты

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406