Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Арылу 7913 39 пікір 22 Сәуір, 2019 сағат 15:55

Зеленский айтқандай, сайлау өткізу үшін Имашевтер қызметтен кетуі керек

Владимир Зеленский. Бұл - өзіміз секілді кеңестің кесір жүйесін, қандықол саясатын көрген, 1991 жылы бізден бұрын Тәуелсіздік алып шыққан украин халқының алтыншы президенті.

Бүгін Украинадағы сайлауды біздегі сайлаулармен салыстырып жазып көрейік. Салыстыруға келсе, әрине...

1 пункт. Украинадағы сайлау.

Украинаның Тәуелсіздік алғанына 28 жыл. Кеше Тәуелсіздік тарихындағы алтыншы президентін таңдады.  1991 жылы Леонид Кравчуг ел басқарды. 1994 жылы Леонид Кучма ел тізгінін ұстады.  2005 жылы революция болып, Виктор Ющенко президент атанды.  2010 жылы Виктор Янукович билікті өз қолына алды. 2014 жылы Янукович билігі халықтық төңкеріспен аяқталды. Еуромайдан болды. Янукович киім-кешегін жинап, Ресейге қашып кеткен соң, уақытша 5 ай бойы Александр Турчинов президент атанды. Сосын сайлау өтіп, олигарх Петр Порошенко таққа отырды. Порошенко билігі тұсында Украина Еуроинтергация жолын таңдап, Ресеймен ат құйрығын біржола кесісті. Украиндердің тілін орыс тілінен, дінін Мәскеу патриархатынан азат етті. Укарина ЕО-ға емін-еркін кіріп шығатын болды. Визасыз режім орнатты. Сөйтіп, Украина шын мәнінде еуропалық елге айналды.

Ал кеше Владимир Зеленский президенттік сайлаудың екінші турында Петр Порошенконы жеңіп, алтыншы президент атанды. Бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгеше өтті.

Сайлаудың алғашқы турында президенттікке 39 кандидат таласты. Алғашқы турда ешбір кандидат халықтың 50 пайыз дауысын жинай алған жоқ. Көш бастаған үшеудің екеуі екінші турға өтті. Зеленский (30 пайыз) және Порошенко (17 пайыз). Ал үшінші орындағы Тимошенко 14 пайыз дауыспен екінші турға өтпей қалды.

Осыдан соң, украин саясатының авторитеті саналатын Юлия Тимошенко дауыстың бұрмаланғанын айтты. Өзінің Зеленскийден жеңілгенін мойындап, Порошенконың екінші орынға дауыстарды бұрмалап жүріп жеткенін айтып айыптады. Бұдан ештеңе өзгерген жоқ. Екінші турға сол екеуі өтті.

2 пункт. Дебат.

Сонан соң, дебат өткізу туралы тартыс басталды. Петр Порошенко дебаттың қалыптасқан формада өтуін талап етті. Украин телеэфирі арқылы студияның ішінде сөз таластыруға, ой жарыстыруға әзір екенін білдірді.

Ал Зеленский дебатты Орталық стадионда, халықтың алдында, барлық телеарналардың тікелей эфирі арқылы өткіземіз деп талап қойды.

Екінші турға өткен екеуі бір-біріне бірнеше мәрте бейне үндеу жолдады. Бірі – студияны, екіншісі – стадионды таңдады.  Айтпақшы, Өткенде Петр Порошенко Украинадағы тағы бір олигарх, Зеленскийдің бизнес серіктесі Игорь Коломойский қожалық ететін «1+1» арнасының тікелей эфиріне ешқандай ескертусіз келді. Коломойский Порошенконың кәсіптегі және саясаттағы басты қарсыластарының бірі еді. Сөйтіп, ол сол студияға Зеленскийді шақырды. Ол кезде Зеленский Франция президентінің қабылдауына барған еді. Тікелей эфирде екі үміткер біраз сөз қағыстырды.

Не керек, ақыры дебат туралы дебаттар тәмам болып, Порошенко Зеленскийдің ырқына көнді. Дебат стадионда өтетін болды. Ол дебаттың өзі бөлек талқылауды талап ететін әңгіме.

«Мен сіздің оппонентіңіз емеспін, электоратыңызбын! Мен 2014 жылы сізге дауыс бергенмін. Қатты қателесіппін! Мен сіздің жұмысыңыздың нәтижесімін. Сондықтан бүгін осы жерде тұрмын. Неліктен Украина ең бай президенті бола тұра, ең кедей мемлекетке айналды? Неліктен Украина әлі күнге Порошенко қолбасшылық ететін соғысты жеңіспен аяқтай алмай отыр?» деді Зеленский. 1,5 сағат бойы екі кандидат бір-біріне деген көзқарас пікірлерін ашық айтты.

Мұндай дебат бұрын-соңды авторитарлы билік жүйесіндегі пост-кеңестік елдердің ешбірінде өткен жоқ. Енді өтуі де неғайбыл...

Сонымен Украина сайлауының нәтижесі кеше белгілі болды. Зеленский айқын басымдықпен жеңіп шықты. Ұлттық экзитпол нәтижесі бойынша Зеленский халықтың 73,2 пайыз дауысын жинады. Оның басты қарсыласы Петр Порошенко соңғы сайлауда оңбай ұтылды, ойсырай жеңілді. Порошенкоға бар болғаны 25,3 пайыз халық дауыс берген екен. Өз жеңілісін мойындаған Петр Порошенко Зеленскийді құттықтап сөйледі. Бәрі тып-тыныш, ың-шыңсыз өтті.

Енді аз дегенде біздің Қазақстанда да президент сайлауы өтеді. Біз ше? Бізде қалай болмақ?

1. Сайлау.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 28 жыл. Қазақстан бес мәрте президенттік сайлау өткізді. Назарбаев 1991 жылы - 98 пайыз, 1999 жылы - 91 пайыз, 2005 жылы - 91,15 пайыз, 2011 жылы - 95,55 пайыз, 2015 жылы - 97,75 пайыз дауыс жинады. Назарбаевтың барлық кезеңдегі саяси оппоненттерінің ішінде 10 пайыздан жоғары дауыс алған жалғыз адам – қазіргі оппозицияның ақсақалы Серікболсын Әбділдин ғана. Осы сандарға ОСК бізді де, Назарбаевтың өзін де сендірді. Ал  Халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы президенттік сайлауларды жыл сайын, сайлау сайын қатаң сынға алып жатты. Оппозициялық ұйымдарға қысым жасалғаны да талай рет жазылды.

Біз бес мәрте сайлау өткізіп бір ғана президентті сайладық. Украиндер алтыншы президентін таңдады. Басқасын айтпағанда көрші қырғыз туғандардың өзі бесінші президентін сайлап алған. Қырғыздарда екі рет қатарынан президент болған жалғыз адам – Асқар Ақаев.

2. Азаматтардың құқын шектеу

Енді әне-міне дегенде бізде кезекті рет кезектен тыс сайлау өтеді. 9 маусым күні. Бұл сайлауға рекордсмен Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Ал сайлауға түсудің тәртібі өзгерген. Кандидатты тек саяси партиялар мен республикалық қоғамдық ұйымдар ұсынады. Оған қоса мемқызметте кемі 5 жыл жұмыс істеуің қажет. Қазақстанда кемі 15 жыл тұруың да шарт.

Енді қараңыз, бізде ресми тіркелген 6 саяси партия бар. Олардың үшеуі парламентте. Қалған екеуі парламентке кіруге тырысып жүргендер. Олар бір-бір кандидаттан ұсынды делік. Бұл бес үміткер Назарбаевтың Қасен-Қожа Ахметті қоса есептегендегі 14 оппонентінен артық ұпай жинайды дегенге сенудің өзі қиындау...

Жалғыз ғана оппозициялық партия бар. Оның өкілдері мемқызметте 5 жыл еңбек өтілі бар деген талаптан қалай өтпек? Бұл азаматтардың құқын шектеу емес пе?

Оның үстіне президенттікке кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады. 20 күн ғана қалды. Әлі бірде-бір кандидаттың есімі белгілі емес.

Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана – потенциалды кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «сайлауы» бұрынғыдан өзгеше өтеді деуге тағы келмейді... Сондықтан, Украинадағыдай ұзын-сонар кандидаттардың тіркелуін, жаңа есімдердің саясат сахнасында жарқ ете қалуын , тіпті жап-жас кандидаттың жеңіске жетуін күту – біз үшін ертегі.

3. Дебат

Украинадағы тарихи дебатты айтпай кетуге болмайды. Зеленский мен Порошенко стадионда дебат өткізу туралы дебаттасып жатқанда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев: «Саясатты шоуға айналдыруға болмайды» деп білгішсінген еді. Сөйткен шоумен кеше Украина президенті атанды.

Бізде де президенттікке кандидаттардың тікелей эфирдегі дебатын өткізуге болады. Өткізбедік емес, өткіздік. Бірақ оған Назарбаевтың өзі қатысқан жоқ. Сондықтан оны қоғам қабылдаған да жоқ.

Түйін. Украина сөзсіз әділ, әрі үлгі боларлықтай сайлау өткізді. Және сайлауда жеңіске жеткен Владимир Зеленский пост-кеңестік елдердің азаматтарына үндеу жасады. Мына сіз бен бізге қайрылып сөйледі.

«Пост кеңестік елдердің барлығына айтарым, бізге қараңыздар! Бәрі де мүмкін!» деді ол. Енді осы туралы жазайықшы. Зеленский айтқандай, сайлауды біздің елде өткізу шынында мүмкін бе? Ол үшін не істеу керек? Ол үшін саяси дебатты, саяси тартысты шоу деп түсінетін Имашев секілдідер қызметтен кетуі керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2088