Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2672 0 пікір 9 Маусым, 2011 сағат 08:22

Айхан ШӘРІП . Елбасы Ислам елдерін модернизациялауды ұсынды

Кеше, Тәуелсіздік сарайында 7-ші Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум салтанатты түрде ашылды. Бұл рәсімде алдымен, қасиетті Құран кәрімнің аяттары оқылып, жиналған қауым қазақ жерінде алғаш рет өтіп отырған иісі мұсылманның осынау экономикалық саммитінің сәтті болуын ниет етті. Осылайша Астана Малайзияның Куала Лумпуры, Пәкістанның Исламабады, Кувейттің Кувейті, Индонезияның Джакартасы сынды, бір Аллаға ғибадат еткен ислам әлемінің осындай құрылтайын ұйымдастыру құрметіне ие болған ірі орталықтарының қатарына қосылды. Жаһандық жиынға қатысу үшін 45 елден жиылған екі мыңдай қонақпен бірге, Малайзия үкіметінің басшысы Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разак, Джибути президенті Исмаил Омар Гелле, Индонезия вице-президенті, доктора Боедионо және басқалары қазақ еліне ат арылтып жеткен.

Кеше, Тәуелсіздік сарайында 7-ші Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум салтанатты түрде ашылды. Бұл рәсімде алдымен, қасиетті Құран кәрімнің аяттары оқылып, жиналған қауым қазақ жерінде алғаш рет өтіп отырған иісі мұсылманның осынау экономикалық саммитінің сәтті болуын ниет етті. Осылайша Астана Малайзияның Куала Лумпуры, Пәкістанның Исламабады, Кувейттің Кувейті, Индонезияның Джакартасы сынды, бір Аллаға ғибадат еткен ислам әлемінің осындай құрылтайын ұйымдастыру құрметіне ие болған ірі орталықтарының қатарына қосылды. Жаһандық жиынға қатысу үшін 45 елден жиылған екі мыңдай қонақпен бірге, Малайзия үкіметінің басшысы Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разак, Джибути президенті Исмаил Омар Гелле, Индонезия вице-президенті, доктора Боедионо және басқалары қазақ еліне ат арылтып жеткен.

Кеше Елбасы айтқандай, қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қа­тынасы қадым замандардан та­мыр тартады. Біздің байтақ да­ламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Жаратқан Иеміз Қазақстанға аса бір жомарттықпен, тағылымды тарих, қолайлы жағрафиялық мекен берген. Осылайша еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігіне ие болды. Қазір ислам әлемі өзінің бөлінбес бөлшегі болып табылатын қазақ дүниесімен мақтана алады. Мұны ашылу рәсіміндегі сөзінде Дүниежүзілік исламдық эконо­ми­калық форумның төрағасы Тун Муса Хитам мырза да білдіре кетті (айтқандай, Муса Хитам Малай­зия­ның жоғарғы марапатын - «Тун» титулын осы ел королі Янг Ди Пертуан Адонг қолынан елге сіңірген еңбегі үшін алған).
- Қазақстанның Тәуелсіздік жыл­дарында алған асулары мен қол жеткізген жетістіктері ға­жайып, - деді мәртебелі мейман, - қазақ елінің 20 жылдық үдемелі даму үдерісінен кейінгі бүгінгі бет-бейнесі кез келген адамды таңғалдырады! Ал осы жас мемле­кет­тің жүзі жарқын елордасы - Ас­тана қаласы көздің жауын ала­ды. Бұл - Қазақстанның жетістігі мен жеңісі, осы елдің өзінің табиғи байлығын тиімді пайдалана білуі­нің айқын көрінісі! - деген ДИЭФ басшысы қазақтардың зор табыс­тар­ға жетуінің шарты қандай бол­ған­дығын қысқаша тұжырымдай кетті. Оның байламынша, «бөлін­генді бөрі жейді» дейтін қазақ елі сыртқы әлем үшін есігін айқара ашты, жекеленіп, кергуге емес, одақ­тасып, кірігуге ден қойды. Қа­зақстанда, оның ойынша, тіл­дік, діндік және басқа да рухани тосқауылдар ойдағыдай шешіліп келеді. «Сол себепті бүгін біз қазақтың дархан даласында бас қо­сып, осынау ауқымды іс-ша­раны өткізіп отырмыз! Бүгін біз жа­һандық экономиканың өз­геруіне, көптеген ұлттар мен ұлыс­тардың бірігуіне куәгер бо­лу­дамыз!» деді Тун Муса Хитам.

Дөңгеленген дүниенің әр шар­та­рабынан жиылған мәртебелі меймандарға «Қазақ жеріне қош келдіңіздер» айтқан Қазақстан Президенті Н.Назарбаев осынау жаһандық форумды Астанада өткізуге шешім қабылдағаны үшін ДИЭФ Қорына және оның төр­ағасы Тун Муса Хитам мырзаға ал­ғыс айтып, ілтипат білдірді.
Қазақстан көшбасшысы, әри­не, араб әлемін жайлаған аласапы­ран тақырыбын айналып өте ал­мады. «ХХІ ғасырдың жаңа он­жылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сы­нақ­тармен басталуда, - деді жи­налғандарды шола қараған Нұр­сұлтан Назарбаев, - әлемдік қар­жы дағдарысы, азық-түлік им­портына тәуелділік, жастар мәсе­лесі және басқа да түйткілді жайт­тар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси ре­жімнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды». Ол мұсылман үмбеті бастан кешіп отырған қиыншылықтарды жасырмай, ашық айтты. «Әлемнің өзге өңір­лері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көш­тің соңында қалуы анық бай­қалды, - деді Қазақстан Прези­денті, - бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр. Ислам дінінің діңгегі біртұтас екені бәрімізге ақиқат. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әртүрлі аймақты қамтиды» деді ол.
Осы орайда кеше Қазақстан көшбасшысы ДИЭФ мінберінен мұсылман қауымына қайыры­лып, Ислам әлемін модернизация­­лау-­ды ұсынды. Әрине, бұдан «Ислам діні дағдарысқа ұшырады» деген қате һәм қатерлі түсінік тумауы керек. Елбасы осыны ұқтыруға асықты: «Исламның өзі дін ретін­де ешқандай дағдарысқа түсіп тұр­ған жоқ! - деп нықтады Нұр­сұлтан Назарбаев. - Бұл - қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқан дін! Дағдарысты бастан кешіп отырған - Ислам дүниесінің бірнеше аймағы. Және де қоғамды модернизациялау исламның өзі­нің негіздерін бұрмалау деген сөз емес!» деген ол, Ислам әлеміндегі жаңғыру «алдымен, техноло­гия­лық, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты» екендігін нақтылады. Елбасы жаңғыруға деген зәрулікті қайдан шығарып, айтып отыр?
- Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика сала­сын­дағы әлеуетіне мүлдем сай кел­мейді, - деп түйді Н.Назарбаев. - Мысалы, үлкен сегіздіктің ішін­де мұсылман үмбетінен бірде-бір ел жоқ. Бұл - ислам экономи­ка­сының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрінісі, - деген ол әлемнің әр қиырынан келген мұсылман қауымы орта­сына бірнеше сауал тастады: Үздік жоғары оқу орындарының ал­ғашқы жүздігінде қанша ислам мемлекеттерінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жара­ты­лыстану және техника ғылымда­ры саласы бойынша Нобель сыйлы­ғының қанша лауреаты шықты? Ислам әлемінде қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты? «Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу бо­лашақта лайықты жауабын бе­руіміз қажет деп санаймын!» деді Қазақстан Президенті. Әрине, тәубе дегізер жетістіктер де бар­шылық. Белсенділік, жаңалыққа құштарлық, әрекетшілдік идео­логиясы мұсылман қауымына да тән. «Біз бүгінгі әлемде уақыт та­лабына толықтай жауап бере ала­тын мұсылман елдерін де көріп отырмыз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы, - ақпараттық қоғам­ның, өнеркәсіптік және қаржы­лық саладағы техологияның же­тілген үлгілері баршылық. Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар» деген ол, мұның бар­лығын өткен кезеңде ғана емес, болашақта да «Ислам әлемінің қарқынды және жедел дамумен тамаша үйлесім таныта алатын­ды­ғының жарқын айғағы» деп баға­лады. Әйткенмен, Н.Назарбаев­тың нық байламынша, мұсылман елдерін айтарлықтай модерни­зациядан өткізуді қолға алмасақ, «тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да жүз жылға созылып кетуі мүм­кін!»
Сондықтан Елбасы осындай жаңғырудың дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдап, бір жарым мил­лиард мұсылман үмбетінің да­муына ортақ үлес қосу туралы идея айтты.
Кеше ресми Астана мұсылман елдеріне бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін бірқатар бастамаларды ұсынды. Оларды ел басшылығы былайша тұжырымдады. Қазақ­стан мемлекетінің басшысы «Ис­лам­дық Үлкен ондық (G10)» түзу туралы идеясын жариялады. «Ислам әлемі елдерінің экономи­калық ынтымақтастығы шең­берінде жаңа бағыт қалыптастыру қажет, - дейді Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев, - бұл үшін Дүниежүзілік Ислам Эко­номикалық Қоры негізінде он жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына ар­налған сұхбат алаңын жасауды ұсынамыз» деген ол, мұсылман үмбетінің мол ресурстары «инвес­тициялық ынтымақтастық үшін қуатты қаржы көздерін қалып­тастыруға мүмкіндік беретіндігіне» сенім білдірді.
Елбасының екінші ұсынысы - төрағалық тізгіні жыл ортасында Қазақстанның қолына табыс­талатын Ислам конференциясы ұйымының мүдделі елдерінің қа­тысуымен Халықаралық инно­вация орталығын құру болды.
Үшіншіден, Мемлекет бас­шысының ұсынысы бойынша, Ис­лам әлемі елдерінде мемлекет ұстыны - шағын және орта биз­несті өркендетуді мақсат ететін ДИЭФ-тің арнайы жұмыс тобы құрылуы керек. «Бұл ретте, Ислам Даму Банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін осы форумда талқылаған жөн болар еді, - деп тарата түсті ойын Президент, - біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдде­ліміз». Сарапшылардың баға­лауынша, Қазақстандағы ислам инвестициясының таяу жылдар­дағы өсу мүмкіндігі ондаған мил­лиард долларға дейін жетеді екен. Бұл мәселе кеше, форум аясында жеке талқыға салынды.
Н.Назарбаев мұсылман елде­рін­дегі алыс-беріс және барыс-келіс жайына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, біздің елдері­міздің сауда-экономикалық ын­ты­мақтастығын кеңейтудің ма­ңызды шарты - көлік-комму­ни­ка­циялық және логистикалық же­лі­нің болуы. Осы тұста Елбасы Ислам Даму Банкіне Қазақстан-Түрікменстан-Иран, Парсы шы­ғанағы темір жол құрылысын қар­жыландыруға белсенді түрде қа­тысуды ұсынды. Жалпы құны бір жарым миллиард долларды, ал ұзындығы 963 шақырымды құ­рай­тын бұл темір жол діндес ел­дердің қарым-қатынасына, эко­номикалық саудаға әсерін тигізер еді.
ДИЭФ мінберінен Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсізді­гін нығайту мақсатында, Ислам кон­ференциясы ұйымы аясында, азық-түлік көмегін көрсету жүйе­сін әзірлеуді ұсынды. Осы орайда ол, ИКҰ мүше мемлекеттері үшін, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл­шаруашылық ұйымы - FАО үл­гісінде, аймақтық қор құру идея­сын ортаға тастады. Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық исламдық азық-түлік қорының штаб-пә­терін Қазақстанда орналастыру­ды ұсынды.
- Біз келешекте бұл өте жақсы құрал болады деп санаймыз, - деді кейін журналистерге түсініктеме берген вице-премьер - Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев, - өйткені ИКҰ-ның көптеген елдерінде өте үлкен қаржылық ресурстар бар және олар азық-түліктің тұрақты жеткізіліміне мүдделі. Бұл - біздің Президентіміздің жақсы идеясы, біз оны іске асыру бағытында жұ­мыс істейтін боламыз!
Қазақстан көшбасшысы Н.На­зарбаев елорда төрінен, жаһандық жиын мінберінен Ислам дінін әлі жалғасып жатқан қаралаудан қор­ғауға шақырды. Ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуын діннің өзімен байла­ныстыратын білгішсымақтар бар. Елбасы мұны «ақиқаттан мүлде алыс тұжырым» деп бағалады. Өйткені Исламның мәдени өр­леуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, ас­трономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары ұлы жетістіктерге қол жеткізді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері ғасырлар бойы мұсылмандық Шығыстан христиандық Батысқа қарай жылжыған.
Тағы бір күрмеулі түйін: жа­һандық ақпарат құралдарының көп­шілігі Исламды «Батыстың ұлт­­тық қауіпсіздігіне, мәдени жә­не діни ұстанымына қауіп төнді­руші» ретінде көрсетуін қояр емес. «Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен тер­роризмге жол беретін дін деп ұқ­тырады, - деді Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаев, - мұндай жағдаймен ешқашан келісуге бол­майды!» Ал Ислам мен тер­ро­ризм­ді шендестіру дұрыс емес­тігін, лаңкестіктің ұлтаралық қылмыс­пен, сондай-ақ есірткі айналымы­мен және қару-жарақ контра­бан­дасымен де тығыз байланысты екендігін халықара­лық қоғам­дастыққа насихаттау жағы осал. Демек, бұл олқылықтың орнын толтыратын жоба керек.
- Исламның болмысын бейбіт­шілік пен мейірімділіктің, төзім­ділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз! - деп шарт түйді Елбасы, - ислам елдерінің ұлы ілімнің беделін түсіруге жа­һан­дық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиалық жобалар жөнінде ойланатын кез келді.
Көптеген сарапшылар ХХІ ға­сырда ислам жер жүзі бойынша ба­сымдығы бар дінге айналады деп санайды. Ендеше, терроризм­мен теліп, беделін түсіруге ұмтылу - Батыстың қорғаныштық реак­ция­сы да болуы ықтимал.
Сөз соңында, Қазақ елінің көш­басшысы Қазақстанның «Ислам өркениетінің ажырамас бөлігі саналатын Орталық Азияның қар­қынды әрі орнықты дамуындағы өзінің жауапкершілігін айқын сезінетіндігін» нықтады. Елбасы бүгінде Қазақстанның бүкіл әлем­ге «мұсылманы басым елдің де әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыру мен демократиялық рефор­маларды табысты жүргізе алаты­нын» дәлелдеуге ұмтылып отыр­ғандығын мәлімдеді.
Ашылу рәсімінде, сондай-ақ ДИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам, Малайзия премьер-Министрі Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разак, Джибути пре­зиденті Исмаил Омар Гелле, Ислам Даму банкінің президенті Ахмед Мухаммед Али Аль Мадани, Тә­жікстан премьер-министрі Ақыл Ақылов және Индонезия вице-президенті Боедионо сөз сөйледі. Ал пленарлық сессиясының қо­рытындылары бойынша 5 келі­сімге қол қойылды. Мәселен, стра­тегиялық әріптестік туралы келісімге AMANAHRAYA GROUP CAPITAL мен «Fattah Finance» АҚ-ы отырды. Ал Fattah Shop Company болса, HALAGEL (M) SDN BHD компаниясымен дис­три­бьюторлық туралы мәміле жа­састы. Бұған қоса, өзара тү­сіністік туралы меморан­дум­дарды «Ұлттық ақпараттық тех­ноло­гиялар» АҚ-ы My E.G.Services Berhad-пен, ал «Зерде» Ұлттық ин­фокоммуникациялық холдингі» MIMOS Berhad-пен бекітті. Ұлт­тық «KazNex Invest» енді қазақ­стандық-малайзиялық сауда па­латасымен ынтымақтасатын бо­лып, әріптестік туралы мемо­рандумға қол қойды.
Мұның сыртында Ислам даму банкі 2011-2012 жылдары ауыл шаруашылығы, көліктік инфра­құрылымы, исламдық қаржылан­дыру секторын дамыту және басқа жобалар бойынша Қазақстан экономикасына шамамен 1,2 мил­лиард доллар инвестицияламақ. ИДБ-ның бұл ниеті бірнеше ай бойы әзірленген, кеше Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев пен осы банк басшысы доктор Ахмад Му­хаммад Али қол қойған тиісті меморандумда көзделіпті.
7-ші Дүниежүзілік Исламдық экономикалық форум өз жұмысын бүгін де жалғастырады.

Айхан ШӘРІП

aikyn.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467