Алдағы уақытта іске асуы тиіс 5 қадам
Елдегі саяси процестерге қатысты жазбаларға қарап отырсаң біздің саяси мәдениетте не біржақты қазіргі жүйені жақтау керек, не біржақты жамандау керек. Ортасы жоқ. Сауатты дискуссия, салмақты анализ өте аз. Екі тарап та бір бірінің сөзін көтере алмайды. Не бар қылу керек, не толығымен жоқ қылу керек. Негізі қоғам болып жетістікке де, кемшілікке де объективті сараптама жасайтын деңгейге өсуіміз қажет. Ешкім көшеге шығып төңкеріс жасасығы келіп жатқан жоқ. Жүйенің кемшілігін жазған азамат ол елдің жауы деген көзқарастан арылу керек.
Биліктің соңғы екі айда жасаған екі оң қадамы бар:
1. Елбасының биліктен өз еркімен кетуі.
2. Кандидат ретінде Тоқаевты ұсынуы. Шынында қазіргі біздің жағдайымызда ең оптимальный кандидат.
Дегенмен алдағы уақытта тағы 5 оң қадам іске асырылуы қажет:
1. Сайлау процесі әділетті жолмен, барлық кандидаттарға тең мүмкіндікпен өтуі тиіс. Саяси дебат ұйымдастырылса қоғамның дамуына дұрыс ықпал етеді.
2. Саяси транзит аяқталғаннан кейін биліктің екі тізгіні толық бір қолға яғни заңды президентке берілуі керек.
3. Билікті екінші президент алғаннан кейін Елбасы канцеляриясына қажеттілік жоқ. Бюджетке шығын. Керек емес институт. Бірінші президент толық пенсияға кетсе бәріне тиімді. Екінші президент басқаға жалтақтамай өз потенциалын толық көрсетуіне жол ашылсын. Елбасының 30 жылы болды. Шама-шарқы көрінді. Енді биліктің келесі толқынына толық ерік бергені елдің дамуына қажет. Елбасы туыстары мен отбасын бюджеттен қаржыландыру да артық қадам. Кедей емес. Бұл шығынның жылдық есебін жарияласа барлық сұрақтың жауабы шығады. Елде табысы төмен отбасылар жетерлік. Аталған қаржының осы салаға жұмсалғаны дұрыс.
4. Билік пен оны жақтайтын ел азаматтары, министрлер мен депутаттар "Бәрі сіздің арқаңызда" деген сарындағы жағымпаздық пен асыра сілтеуден кетуі қажет.
5. Елбасының туған-туыстары биліктің биік мінберінен кеткені жөн. Бізде жоғары білімді, елім деген жастар жетерлік. Соларға орын босатылса қазіргі жүйеге деген сенім де артады.
Осы аталған 5 өзгеріс алдағы 1 жылда іске асса Қазақстандағы билік транзитіне респект деуге болады!
Бауыржан Серікбаевтың facebook парақшасына
Abai.kz