Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Әттең... 6160 19 пікір 1 Мамыр, 2019 сағат 12:18

Біз неге осындаймыз?

Шындығын айтайық, біз кей-кейде бір құбылысқа баға бергенде мәселенің мәніне тым бойлай бермей, пендешілік сезімге беріліп, асыра сілтеп жіберетіндігіміз құпия емес. Оны айтасыз, тіпті сондай бір күрделі тақырып көтерген мақала авторының жағасына жармасып, тікелей өзіне тіл тигізетіміз де кездесіп қалады. Мұндайда салмақты да сараптамалық түйінге емес, әркімнің жеке басының сол обьектіге деген симпатиясы мен антипатиясы секілді сезімнің жетегіне кетіп қалып, әділеттілікті аттап кететініміз тағы бар. Сосын сол тақырыпты қайта-қайта езе беріп, әбден зәразап болғанша тоқтамаймыз. Фактіге жүгінелік.

Осыдан бірер жыл бұрын қазіргі атағы жер жарған күміс дауыс әншіміз Димаш Құдайбергеннің еліміздегі бір конкурсқа қатысып, жүлделі орынды иелене алмай қалғаны бар. Сондағы Димашқа конкурс қазыларының ішінде Бағым мен Ринаттың берген бағасы ғаламторды әлі күнге дейін шулатып жатыр. Бір қызығы, бұл тақырып сол кезде емес, қазіргі таңда көкейтесті дүниеге айналды. Жарайды, ана қазақ тілінен мақұрым Бағымның өзі білмейтін тілде ән салған жанның жан дүниесін түсіне алмайтындығына таң қалуға болмас. Мәселе, осындай дүбара адамдардың ән конкурстарына қазылық ететін жаман үрдісте жатыр.

Ал атағы елге кеңінен танымал Ринат Зайытов секілді азаматқа келсек, оның Димашқа берген әділетсіз бағасы үшін тек соны ғана жазғыруға болмас. Әңгіме тіпті сол Ринатта емес, мәселе мына әбден әрленген, жақсы қырланып, фонограмма арқылы мықтап күшейтілген әндерге құлағымыз әбден үйреніп, басқа сан қырлы да сыйқырлы әсем дауыстарды қабылдай алмауызда. Ал Ринат сол халықтың бір өкілі ретінде өз пікірін білдірді. Бұл біріншіден.

Екіншіден, біз неге біреудің пікірі үшін жазғыруға тиіспіз? Ринат өз ойын білдірді, кесімді сөзін айтты. Ол біреуге ұнай ма, ұнамай ма, ол аса маңызды емес. Егер әркім өз ойын қысылмай ашық айтуға мүмкіндік беретін өркениетті қоғам орнатқымыз келсе, біз осындай ала-құлалыққа құлағымыз үйреніп, төзімділік танытуға тиіспіз. Әйтпесе, кешегі коммунистерден қалған жұрттың бәрі бір кісідей ойланып, жүріп-тұруға тиіс деген тоталитарлық құрдымға кетеміз. Мүмкін, біз соған жақындап та қалған шығармыз. Әйтпесе, аса шыншылдығымен, қоғамдағы күйіп тұрған мәселелерді ешкімен де, ештеңеден де қысылмай ашық айта білетін Ринатқа баға беретін  біз кімбіз? Оның бір пікірін (тіпті қате болса да) көтере алмайтын, сол бір ауыз сөзі үшін жерден алып, жерге салатындай бізге кім моральдық құқық берді? Ойланайық ағайын, азаматтарымызды қадірлей білейік, Тіпті өзгесін былай қойғанда Ринат секілді бірлі-жарым пікір білдірген адамдарға бола Димаштың миллиондаған жанкүйерлерінің саны азая қоймас.

Тағы бір жайтқа да назар аудармауға болмас. Бірде  есімі елге таныла бастаған Әбдіжаппар Әлқожа деген жігітіміз теледидардан қожалардың қара қазақтан қыз алып, қаны бұзыла бастағандығы жайлы айтып қалды. Ал мұны жеке адамның өзіндік пікірі деуге келмейді. Ол қазақты қожалардан төмен санап, халқымызды екінші сортты жұрттың деңгейіне түсіріп, халқымызға тіл тигізуге дейін барды. Рас, ол кейін өзін қазақ деп есептейтіндігін айтып, ақталып бақты. Осымен іс тәмам деуге болар еді. Олай ете алмадық. Неге? Өйткені осы бір жап-жас баланың өзі жақсы білетін өнер саласын емес, қожалар мен қазақтардың өзара байланысы жайлы өте бір күрделі тақырыпқа қатысты ұшқары пікір айтуына не себеп екендігі ашылмай қылды. Оның есесіне, көрермендер бұл жағдайға назар аударуға тырысқан бір блогер қазақ жігітінінің өзіне бас салды. Сондағы айтатындары «Сен неге өсіп келе жатқан әншіге тисесің? Ол тойға барып, халықтың көңілін көтеріп жүр ғой. Сенікі дұрыс емес» деген секілді адам күлерлік уәждер болып келеді. Сонда қалай, тойда өлең айтатын әншілердің барлығы да періштелер ме? Ол қызметі үшін оның өзі айтқандай миллиондап ақша алады емес пе? Әнші болса, өлең айтып, гуляйттап жүре бермей ме? Ол түгілі анау-мынау оқымыстының да тісі батпайтын аса күрделі жайттарды қаузап несі бар? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға жауап табылмай, мәселе жеке бастың жай-күйінен аспай қалды. Өкінішті-ақ. Ал енді мұндай жайттардың келешекте қайталанбасына кім кепілдік бере алады? Күні ертең тағы бір өмірді көрмеген, ақшаның буынан көкірігіне нан піскен «ақылман» жастың теледидар алдында елді бір шулатпаса не қылсын?

Қоғамымыздағы осынау екі бірдей келеңсіз жайттан туындаған түйінді ойымның бір парасы еді бұл. Қалғанын оқырмандардың төрелігіне қалдырдым.

Жайберген Болатов

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063