Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әлеумет 10394 11 пікір 8 Мамыр, 2019 сағат 15:23

Құжаттағы қате есім неліктен құлпытасқа жазғанда ғана түзеледі?

Қазақ тілінің мәселесі көтерілгенде «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» тіркесі санаға еріксіз орала кетеді. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында атқарылған істердің оң нәтижелі болмауынан туындаған күрсініс. Қанымыз бен жанымыз қазақ бола тұра туған тілдің мәселесін жалаулата берген де бір жағынан ұят. Бірақ «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, соңғы кезде қазақ аты-жөндерінің сауатсыз жазылуы жамбасыма аяздай батып жүр. Дауға айналып жүрген біраз мәселелерді жетпіс жылдық бодандықтың кесірі деп сілтей салуымыз да жөн. Бірақ қашанғы өзгенің сойылын соға береміз? Тегіміздің, әкеміздің, өзіміздің аты-жөндерімізді дұрыс, сауатты жазылуын талап етуді қолға алатын сәтті қазір пайдаланбасақ, ертең кеш болып кетуі мүмкін.

1992 жылы Елбасы «Ұлттық дәстүрге байланысты тегін өзгерту туралы» Жарлығын қабылдаған болатын. Бұл заң ұлты қазақтардың сол жетпіс жылғы арманын орындауға сәл болса да жол ашты. Оған қоса Мемлекет басшысының 1996 жылғы №2923 Жарлығында «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып және әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады» деп көрсетілді. Содан бері еліміздің көптеген азаматтары өздерінің аты-жөндерін дұрыс жазу жолында сәтті қадам жасап келеді. Дегенмен тәуелсіздік алынғанға дейін немесе одан кейінгі жылдары таңбаланған құжаттардағы өрескел қателіктер бүгінгі күні көптеген мәселелердің қатарын көбейтіп, талайдың санасын улап жүр.

Оның дені баспасөз беттерінде, болмаса көпке ұсынылған жарнама мәтіндерінде орын алуда. Осы тұрғыда жыл сайын жоғарғы оқу орнына түскендердің тізімі шығатын «Егемен Қазақстан» газетінің тамыз айының санын назарға алсақ. Сондағы грант иегерлерінің есімдерінің әртүрлілігіне қайран қаламын. Мысалы, Мөлдір деген қазақтың әп-әдемі тұнық есімі «Мольдир, Мольдер, Мольдыр» деп лайланып жатса, Аягөз есімі «Аягоз, Аягуз, Аякоз» деп құбыжыққа айналып кеткен. Тіптен орысшалағанда айтуға ауыз ұялатын есімдер қатары да бар.

Алысқа бармай-ақ өзіміздің қала көшелеріндегі жарнамаларда адам аты-жөндерінің жазылуынан кеткен өрескел қателіктерді талқыласақ. Өткен жылы Талдықорған қаласына қарасты мектептердегі үздік ұстаздарының суреті мен олар жайлы қысқаша анықтамасы билбордтарға жарнамаланған еді. Сондағы оқытушылардың аты-жөндерінің жазылуына тілім күрмеліп қалды. Тап бір жарнама тақтайшасында бейнеленген ұстаз кінәлідей оған да бір ала көзбен қарап алғаным рас. Тағы да мысал келтірейін. «Туктибаева Айнур Орманбековна. №14 орта мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі» (Рақышев пен Алдабергенов көшелерінің қиылысында) немесе «Каранеева Айнур Джумагажаевна. Б.Жолбарысұлы атындағы №18 мектеп-лицейі ағылшын тілі пәнінің ұстазы» (Шевченко мен Ғ.Орманов көшелерінің қиылысында). Ал енді жас буынды туған тілінің қадір-қасиетін ұғындыратын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің аты-жөні былай жазылған: «Едильханова Кулзира Амирхановна» (Рақышев пен Алдабергенов көшелерінің қиылысында).

Қала тұрғындарының назарына жарияланған бұл оқытушылар қауымы шынымен өз маманының үздігі болар, менің оған еш қарсылығым жоқ. Аты-жөндерінің де сауатсыз жазылып кеткенінен олар да бейхабар болар. Дизайнын әрлеп-жасайтын маман қолына тапсырылған жазу мен суретті айнытпай қағазға сол күйінше түсіретіні белгілі. Ал жарнаманы баспаға әзірлегендер, болмаса бұл жарнамаға тікелей жауап беретін ұйым неге бұл олқылықтың алдын алмаған? Олар қайда қараған? Өрескел қателік Талдықорған қаласының ғана емес, Алматы облысының ұяты болып тұрғаны ешкімнің қаперіне кірмегені ме?

Қазір бұл жарнамалар алынып, орнына басқа жарнамалық мәтіндер ілінген. Алынып тасталған соң қалалық білім бөліміне хабарласып, мән-жайды білуді жөн санамадым. Бірақ білім бөлімінде еңбек етіп жүрген қызметкерден шет жағасын сұрастырғанымда «Ұстаздардың анықтамасын іздегенде оның жеке куәлікте берілген аты-жөнімен іздейді. Соған сәйкес болмаса, ұстаз жайлы мәлімет шықпай, бірізділік болмай қалады» деген. Қош делік, ол да түсінікті. Қажет құжаттарына «өздеріне ұнайтын» аты-жөндерін толтыра берсін. Ал халықтың көзайымына шығатын жоғарыда айтылған жарнамалардағыдай, болмаса газет-журнал беттерін сауатсыздандыру дұрыс па?

Ширек ғасырдан бері халықтың көзі мен құлағына айналған газет-журнал беттерінде де мұндай өрескелдіктер көп. Өзім еңбек ететін газет қабырғасына түрлі салада қызмет ететін мамандар жиі мақалаларын алып келеді. Сонда бір байқағаным, солардың арасындағы бірде-біреуі өз есімін сауатты жазып әкелмейді. «Мынау болмайды» деп шимайлап түзете бастасам, «По паспорту жазылған ғой, солай болуы керек» деп мені ресми орындарда қызмет ететін мамандай көргені аздай, көзбен жеп кететіндері бар. Кей-кезде ашуға булығып «Сіз Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрған жоқсыз. Бұл – редакция. Қазақ тілінде мақала берген соң сәйкесінше аты-жөніңіз де сол тілде болады» деп зекіп тастап, өз айтқанымды жасаймын. Кейде жоғарыдан түскен бұйрықтарға амал жоқ көндігіп, «бармақ басты, көз қыстыға» айналып кететінім де бар. Өрескел қателіктермен арпалысып жатқанымда әріптестерімнің дені аты-жөннің тек сол қатып қалған төлқұжат бойынша, яғни заң тұрғысында жазылу керек деп менің талабымды аяқ асты етеді.

Иә, дұрыс. Бәрі де заң бойынша болуы керек. Жалғыздың үнін ешкім естімесе де шығарып, заңға қарсы ереуілдеп отырмын. Көпшілігіміздің құжаттарымыз орыс тілінің заңдылығымен толтырылғаны рас. Кез келген ресми орындарда қате болса да рәсімделуі бойынша айтылып, оқылады да.  Көзін ашқаннан бастап тыңдай-тыңдай, тіпті қате жазылудан айтуға ауыз бармайтын, масқара күйге түскен аты-жөннің өзіне де құлағымыз үйренеді. Көп жерлерде құжат бойынша толтырылған нұсқаны сұрайды. Ал заң, өкінішке орай, қате жағында. Сондықтан осындай қате құжаттар арқылы аты-жөн туралы қате пікірдің қалыптасуына ресми түрде жол беріліп отыр.

Ал менің қозғап отырған мәселем сол «Даудың басында қалған Дайрабайдың көк сиыры»... Мейлі, заңға бағынып аты-жөнімізді ресми орындарда құжаттарымызды реттеп сол тілде жаза берейік. Ал басқа жерлерде тілді титтей болса да неге құрметтемеске? Мағынасы терең ата-бабаларымыздың есімдері адам танымастай өзгеріп бара жатқанда өзіміздің шыққан тегімізді ұмытуға шақ қалдық. Мысалы, қазақтың өмір жасы ұзақ, ғұмырлы болсын деп қойылатын «Өміртай, Өмірқұл, Өмірбек, Өмірғали» атты мәнді есімдерінің «Умиртай, Умиркул, Умирбек, Умиргали» деген орысша нұсқаларын естігенде шалқадан құлай жаздадым. Халқымыз өмір сыйлап отырса, орыс тілі оларды «өлтіріп» (аударғанда «умир» болса, орыстың «умер» дегені «өлді» дегеніне сәйкес келеді) жатыр екен.

Айта берсек мысал көп. Қарға қарғаның көзін шұқығанның кебі емес, қаны шелектеп төгілген ата-бабамыздың аруағына деген құрмет, тілі көркем қазақ тілін ұсқынсыздандырып алмау деп ойлаймын. Орыс тілінің шылауынан шыға алмай, қазақ тіліндегі төл болмысына жақындата алмай, қазақ есімдерінің ит сілекпесін шығарып жүргеніміз ұлттың таңбасына түскен ұяты ғана емес, алдымен өзіміздің маңдайымызға таңбаланған сордың белгісі. Өз мүддемізді өзгенің табанына салып беріп, өзімізді өзіміз қорлап жатырмыз. Құлдық психологияға тән осындай жат элементтерден арылатын кез әлдеқашан жетті.

Сондықтан ҚР Әділет министрлігі белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлының зерттеу еңбектерін немесе осыдан он жыл бұрын жарық көрген, бұрын-соңды жиналмаған қазақтың 40 мыңға жуық есімі тіркелген А.Смағұловтың «Қазақ есімдері (энциклопедиялық анықтамалық)» сөздігін басшылыққа алып, қазақ есімдерінің сөздігін дайындаса екен. Бізде азаматтарды құқықтық тұрғыдан, ұлттық есімдердің тілдік табиғаты мен жазылу ережелері туралы дұрыс бағыт беретін ресми құжат болмай отыр.  Осы тұрғыда мамандардан арнайы комиссияның талқылауынан өткізілгеннен кейін ресми түрде бекітсе. Ал құжат толтырар кезде осы сөздік басшылыққа алынса деймін. Сонда жоғарыда келтірілген Мөлдір есімінің он шақты жазылуы болмайтын еді.

Түйін

Адам аттары әркімнің жеке иелегі емес, ол замандар бойы ұлттық санада жаңғырып, ұлттың бар қасиетін бойына сіңірген ұлы мұра. Қазақ есімдері – қазақ халқының ұлттық төлқұжаты. Оны өзге тілге аударып, төл болмысынан алшақтатар болсақ, ол осы бір ұлы қасиетінен айырылады. Қазақтың ұлттық есімдері қазіргі таңда мәдени мұра ретінде қорғауға алынуы керек. Рухани жаңғыруды осы өз аты-жөндерімізден бастасақ, айдарымыздан жел есер еді. Өкінішке орай, иә, тағы да өкінішке орай, төлқұжаттарымызда орысшаланған аты-жөндеріміз шынайы, бірақ нақты қазақша аты-жөндеріміз өлген соң молаларымызда ғана жазылып жүр. Пәленшеұлы Пәленше. Сенбесеңіз, біздегі зираттарды аралап көріңіз...

Зейнегүл Жұмабек

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058