Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 8698 72 пікір 10 Мамыр, 2019 сағат 21:29

Бұл парад - Путин агрессиясы!

Олар әдеттегідей алаулатып-жалаулатып, әскери әлеуетін әлемге әйгілегенсіп, асқан пафоспен өткізді. Кешегі Мәскеудегі әскери шеруді айтамын...

Жалпы орыстарда мемлекеттік масщтабта аталып өтілетін екі мерекелік дата бар. Жо-жоқ, мереке көп қой, солардың ішінде Володя ағайдың діндей берік ұстанатыны осы екеуі.  Бірі – Жаңа жыл, екіншісі – осы Жеңіс күні. Жеңіс күні Қызыл алаңда әскери парад өткізу Путиннің бұлжымайтын дәстүрі, айнымас салтына айналғалы қашан...

Биыл да сол дәстүрден айныған жоқ. Дөңгелек дата болмаса да әскери шеру өткізді. Кремль идеологиясы үшін бұл шеру – әлемге айбат шегудің ең оңтайлы тәсілі. Өндірісі өлімші хәлде. Батыс пен АҚШ санкциясынан экономикасы есеңгіреген. Жалғыз сенері – әскері, әскери өндірісі, қару-жарағы. Соны саудалайды. 9 мамыр сайын Қызыл алаңға бүкіл әскерін (өкілдерін) шығарып, «міне көріңдер» дейді. Бұл да агрессорлыққа тән сипаттың бірі ғой.

Бұрын мұндай парадтарға Володя ағаймен одақтас, ниеттес, тіпті оған кіріптар елдердің басшылары бірі қалмай барып, қатысатын. Қызыл алаңдағы парадты тамашалап, онан соң алаңның артындағы алауға гүл қоятын.

Биыл олай болмады.  Кремльдің шақыртуы жеткен көп елдің басшылары Мәскеуге бармады. Қазақстаннан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барғанын білеміз, әйтеуір. Кеуделеріне георгий лентасын таққан Кремльдің көп шенеунігінің ішінде қазақы нақыштағы көк таспаны таққан Нұрсұлтан Назарбаев жүрді.

Мәскеу күні бүгінге дейін  неше рет әскери парад өткізді? Оның нешеуіне Назарбаев барып қатысты? Тарқатып жазайық...

1945 жылы ең бірінші парад өтті.  Онан соң 1965 жылы. Бұл Мәскеуде өткен екінші әскери парад. Жеңістің 20 жылдығына арналған. Оған Болгария, Куба, Вьетнам қатарлы 12 мемлекеттің басшылары келді. 1985 жыл. Арада қырық жыл өткенде Мәскеу үшінші рет әскери парад өткізді.

Осы уақытқа дейін Мәскеу 29 рет әскери шеру өткізген. Жеңістің 60 жылдығы, 70 жылдығы секілді дөңгелек даталарда өткен шеруге шетелдік басшыларды шақыру Кремльдің әдетіне айналған. Мысалы, 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына арналған шеруге антигитлерлік коалицияның мүшелері ретінде Ұлыбритания премьері Джон Мейджор, Франция президенті Француа Миттеран, АҚШ лидері Билл Клинтон және Германия атынан ГФР канцлері Гельмут Коль келген. Барлығы 52 мемлекеттің басшылары қатысқан.

Ал Мәскеу өткізген әскери парадтардың ең ауқымдысы 2015 жылы болды. Оған 78 мың әскер қатысты. Мәскеуге парад тамашалауға 31 мемлекеттің басшысы келді. Олардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Ал шақырту алған 50 шетелдік лидер Мәскеуге барудан бас тартты.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі парадқа қонақ ретінде жиі барып тұрады. Есімізге түскенін жазайық, Назарбаев 2005 жылы, 2010 жылы, 2015 жылы өткен Мәскеу парадының құрметті қонағы болды. Назарбаев 2016 жылы да Мәскеуге барды. Ол жолы Назарбаевпен бірге шетелдік қонақ ретінде америкалық боксшы Джефф Монсон, америкалық кинорежиссер Оливер Стоун ғана қатысқан еді.

Назарбаев Мәскеуге барған жалғыз шетелдік «президент»

Ал биыл ше? Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдің шақыртуын қабыл алған жалғыз шетелдік қонақ болды. Иә, биыл Мәскеуге ешкім барған жоқ.

Володя ағайдың баспасөзін басқаратын Дмитрий Песковтың айтуынша, биыл ешкімге шақырту берілмеген. Шетелдік басшыларға келер жылы, Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа арнайы шақырту таратылады екен.

Десе де, осыған дейін ешқандай шақыртусыз-ақ барған шетелдік лидерлер де болды. Мысалы, 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ешқандай шақыртусыз барды. 2017 жылы Молодва лидері Игорь Додон да Кремльдің шақыртуынсыз барған. Ал 2018 жылы Сербия президенті Александр Вучич пен Израил премьері Бинямин Нетаняху Мәскеудегі «Бессмертный полк» шеруіне қатысқан.

9 мамыр - Жеңіс күні. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен Совет армиясының ұлықталатын күні. Бізде де бұл күнді айрықша атап өту деген дағды бар. Екіншідүниежүзілік соғыста қазақ даласынан шыққан, қазақтан шыққан, ерен ерлік жасаған азаматтар аз емес. Жастары жүзге таяған, жүзден асқан сол азаматтардың бірсыпырасы арамызда жүр. Тірі жүр. Олар ерлікпен қан кешті. Майданға кірді. Соғыс көрді. Сондықтан олардың батырлығы әспеттелуі керек-ақ. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда көзі тірі 1 425 майдангер қалды. Одан бөлек, Ленинград блокадасында болған, тылда еңбек еткен, канцлагерлерде болған (кәмелет жасына толмаған) тұтқындарды қоса есептегенде 87 мың ардагер бар. Оларға биыл мемлекет бюджетінен 2,6 миллиард теңге материалдық көмек қарастырылған. Әр облыс өз ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек те көрсетті. Алды 500 мыңнан, арты 150 мыңнан үлестірді.

Парад құны – 210 млн рубль

Мәскеудегі парадқа қайта оралайық. Биыл Кремль әскери парад өткізу үшін 210 миллион рубль шығындапты.

Жоғарыда айтқанымыздай, Кремль үшін Жеңіс парады – пропоганда құралына айналған. Қазір көптеген шетелдік лидерлер Мәскеу шақырған мұндай парадтарға бармайды. Себебі, біреу ғана. Ресей әлем үшін агрессор ел.

Oliver Bilger дейтін немістілді журналистің жазғанындай-ақ, бұл дата – мақтануға тұрарлық басқа еш себеп (экономикада, инжинерияда, ІТ саласында, ғылым мен білім де т.б.) қалмаған елдер үшін өз-өздеріне сенім іздейтін, көңіл жұбататын жалғыз күн.

Ал шындап келгенде, Жеңіс күнін Кремль өз пропогандасына пайдаланып келеді. Ол рас. Мәскеу жыл сайын парад өткізеді. Қызыл алаңға келетін соғыс ардагерлері жыл сайын азайып, әскери аппараттар, ұшақтар, танкілер т.б. көбейіп келеді.

Кешегі Жеңіс парады құдды сұм соғыстың зұлматын көрген қарт майдангерлерді емес, Ресей билігін, Путин әскерінің «құдіреттілігін» ұлықтау процессі іспетті. Иә, бұл - Кремльдің идеологиясы! Бұл - Путин агрессиясы! Ал біз сол Кремль идеологиясының ықпалын өз елімізде-ақ, көріп-біліп жүрміз... Кешегі Елордада өткен «Бессмертный полк» акциясы соның айғағы!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

72 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992