Қазақстан "ұлыдержавалық шовинизм шоуының" сахнасына айналды
«Бессмертный полк». Бұл жеті-сегіз жыл бұрын орыстар ойлап тапқан бейсаяси акция еді. Бүгінде бүтін бір елдің идеологиялық қаруына айналды. Әсіресе, Кремль Қырымды аннекциялаған соң, «Бессмертный полк» және осы тектес акциялар орыс әлемінің пропогандалық саясатының бір бөлшегі cаналатын болды.
9 мамыр сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің көзі тірілеріне құрмет көрсетіп, құрбандарын еске алатын дәстүр бар еді. Енді оған «Бессмертный полк» дейтін қосылды. Бұл біз үшін бөтен дәстүр. Біреулер білмей шықты, рас. Ал енді біреулері біліп тұрып, білгенін істеді. Ал бұған біздің билік мақұлдық көрсетті. «Мәңгілік полк», «Мәңгі өлмес полк», «Жаужүрек полк» деп атауын тоқсан түрлі өзгертіп алғаны да рас. Одан өзгеріп кеткен дүниені көрмедік. Иә, біреулер өздерінің майданда мерт болған аталарының суреттерін ұстап жүрді. Ал біреулері баяғыда-ақ, қаңқасы құлаған Советтің қан қызыл жалауын желбіретіп, аталарымен бірге қандықол қасапшы Иосиф Сталиннің портретін төбелеріне көтерді. Тәуелсіздігін жариялаған мемлекет үшін бұдан өткен басыну бар ма?!
Сонымен шыжыған күнде шерулетіп жүрген қызыл көшті де көрдік. Қазақстанның бірнеше қаласының әкімдіктері «Бессмертный полк» шеруіне рұқсат берді. Тарқатып жазамыз...
Нұр-Сұлтан
Тәуелсіз Қазақстанның астанасы, бас қаласы. Басқасын қойып, бас қаланың бұған жол беруін қалай айтсаңыз да, ақтай алмайсың. Қазақ Елі монументінен бастап Отан қорғаушылар монументіне дейін 3,5 шақырымды жүріп өтті, әлгілер. Былтыр бұл шеруге 25 мыңнан астам адам қатысыпты. Биыл да сол шамалас болуы керек.
(Елордадағы шерушілер)
Биыл бас қаладағы «Бессмертный полкқа» Ресейдің, Арменияның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның, Өзбекстанның Қазақстандағы елшілері бірге қатысқан екен.
Алматы
Алматы ғой. Азаттықтың алтын бесігі дейтін Алматы Сталинді төбелеріне көтергендерді көшесімен жүргізді. Астана алаңынан қозғалғандар 28-панфиловшылар паркіне дейін 2 шақырымды жаяу жүрді. Азаттықтың жазуынша, Алматыдағы акцияға 120 мың адам қатысқан екен. Сорақысы сол, Советтің қызыл жалауын желбіреткен көштің басында Тәуелсіз Қазақстанның әскерилері, әскери оркестрі жүрді.
(Алматыдағы шерушілер)
Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы акцияға ұзын-ырғасы 140 мың адам қатысыпты. Ал өзге қалаларда ше?
Шерулеткіш шіркіндердің саны Павлодар мен Ақтауда 5 мың, Петропавл мен Оралда 10 мың адамнан асады. Шымкент пен Ақтау алтыншы, Қарағанды жетінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Биыл республика бойынша 14-15 қалада өтті. Әншейінде, үш қазақтың басы қосылса, әкімдіктің басына әңгіртаяқ орнатардай түнеретін полиция бұ жолы қызыл көштің басында жүрді. Қостанайда, облыс басқаратын Архимед дейтін әкім әлгі көштің ашылуына қатысып, сөз сөйлеген екен, тіпті.
(Шымкенттегі шерушілер)
(Қарағандыдағы шерушілер)
(Қостанайдағы шеру. Анау кетіп бара жатқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов)
(Қызылжардағы шеру)
(Оралдағы шеру)
(Ақтөбедегі шеру)
(Өскемендегі шеру)
(Атыраудағы шеру)
Міне, көрдіңіз бе?! Елдегі идеологиялық жағдай осы. Жеңіс мейрамын тойлаған, сұм соғыстың зұлматын көргендерді ұлықтаған, ұмытпаған дұрыс. Ұмытпау керек екен деп, бөтен саясаттың сойылын соғып кетпеу де керек!
Сойылын соғу дегеннен шығады, біздің билік басқасын қойып, өз халқының алдында Кремльге кіріптарлығын көрсетіп қойған жоқ па, осы? Олай болмаса, Тәуелсіз күнде, өз елінің ірі-ірі қалаларында, тіпті Астанасында өз азаматтарына Сталиннің портрет ұстатып, Кеңестің қызыл жалауын желбіретіп қоймас еді ғой. Әй, олай болмаса, Кремль идеологиясының қаруына айналған «Бессмертный полкті» әкімдік сайттарында әспеттемес еді-ау...
Ұзын сөздің қысқасы, бұл Солтүстіктегі көршінің көңілі үшін жасалып жатқан дүние. Басқаша ақтауға және келмейді.
«Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген бар ғой... Алайда айтпай жүрген жоқпыз. Осы бір бөтен әдетті қою туралы жыл сайын айтамыз. «Бессмертный полкті» өткізуге тыйым салу туралы былтыр да, алдыңғы жылы да айтылды. Атағынан атан шөгетін ағалар айтты, аталар айтты. Еститін құлақ болса... Естімеді емес, естіді. Ендеше? Ендеше екі болжам жасауға болады. Я, естіп тұрып, ерегескендей өткізді, я сол солтүстіктің пәрменінен шыға алмады... Болды. Бітті.
9 мамыр жеңістің 74 жылдығы. Бұл дөңгелек дата емес. Сөйтсе де, Қазақстанның қалалары санасы империялық өктемдікпен тәрбиеленген Кремль идеологтарының ұлыдержавалық шовинизім шоуының сахнасына айналды. Кремль бұл арқылы – біз секілді мемлекеттерге орыс әлемінің ықпалын танытып, сес көрсетті. Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де бұрынғы одақтас елдерде қызыл жалауды желбіретті...
Алда 31 мамыр келе жатыр. Саяси қуғын-сүргін, яғни репрессия құрбандарын, ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ұлттық аза тұту күні. Бұл жаңағы жұрт Құдайындай төбесіне көтеріп жүрген Сталин қанқасабының құрбандарын, Алаш арыстарын ұлықтайтын күн.
Иә, қазақ 30-жылдардың басында бүкіл Совет одағының халқы көрмеген үлкен трагедияны бастан кешті. Халықтың 3/1-і қырылды. Тарихи құжаттар мен деректерге сүйенсек, 1920 жылдардан бастап қазақ жерінде 3 миллионнан астам адам аштықтан көз жұмған. 1,5 миллионы босып кеткен. Бұл қазаққа жасалған қастандық еді.
Алаш арыстары «Әлхәмдуилла, 6 миллион халықпыз» деп жүргенде өзбек жұрты 2-3 миллионның айналасында болған көрінеді. Ашаршылық алқымнан алған алағай да бұлағай кезеңнен кейін халықтың 60 пайызы жойылды. Қасақана қолдан жасалған аштық пен қуғын-сүргіннің салдарынан жойылды.
Кеңес өкіметінің тікелей мұрагері – Ресей. Оны өздері де айқайлай айтып жүр. Ендігі мәселе – ердің құны, елдің құны. Мысал ретінде айтар болсақ, Украинадағы ашаршылықты жарты әлем – «Геноцид» деп таныды. Ал біз ше?.. Біз «Бессмертный полк» өткізіп, Сталинді төбемізге көтереміз!
Жақсы, ертең, 31 мамыр күні кешегідей Алматы мен Астанада 140 мың адам ашаршылық құрбандарын еске алу үшін алаңға шыға ма? Шығар-ау, ал оған жергілікті билік рұқсат бере ме? Қайдам! Себебі – қорқады. Митинг болып кетуден қорқады. Халық айдаладағы алаяқтың айтағына еріп кете ме деп қорқады. Сөйтеді де, «бейбіт шеру өткізудің тәртібі бар» деген желеумен, алдап-сулап қайтарады. Біз соған көнеміз. Өйткені, биліктің тізгіншілеріне «Алаш шеруін өткізіңдер» деп пәрмен беретін басқа ешкім жоқ. Өйткені, Алаш арыстарын ұлықтау қазақтан басқа ешкімге керек те емес! Олай емес деп көріңіз...
Ары айт та, бері айт, әлгі шеру өтті ғой. Оны басқасын қойып әкімдіктер дардай қылып жазды, өз сайттарында. Пәлен деді, түген деді. Аты өзгергенмен заты өзгермеген сол шеруге рұқсат берді. Ендігі не істеу керек?
Орыстың «Бессмертный полк» шеруін өткізген жоғарғы билік, жергілікті атқарушы билік – «Алашқа тағзым» шеруін өткізуі міндет! Қашан? 31 мамыр күні! Сталиндік репрессияға ұшыраған Алаш-Орда қазақ ұлттық автономиясы, Алаш қозғалысы қатысушыларының, қазақ интеллегенциясының портреттерін ұстаған жастар барлық қалалардың көшелерімен жүріп өтуі тиіс! Республикалық барлық ақпарат құралдары Алаш арыстарын насихаттауы керек!
Біз Алаштың 100 жылдығын, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын жетім қыздың тойындай өткіздік! Кешегі «Бессмертный полкті» дәріптегендей Алаш арыстары дәріптелген жоқ! Бес-алты ғалым-жазушын бес-алты кітап шығарды. Бес-алты жерде жиын өтті. Басқа не істелді?
«Алашқа тағзым» шеруін биыл өткізеге себеп те жоқ емес!
Биыл:
Телжан Шонановтың 125 жылдығы,
Асылбек Сейітовтің 125 жылдығы,
Қайретдин Болғанбаевтың 125 жылдығы,
Садық Аманжоловтың 130 жылдығы,
Бақтығали Бейсеновтың 130 жылдығы,
Бижанғали Жанқадамовтың 130 жылдығы,
Есенғали Қасаболатовтың 130 жылдығы,
Сейілбек Жанайдаровтың 135 жылдығы,
Мұхамеджан Тынышпаевтың 140 жылдығы,
Сатылған Сабатаевтың 145 жылдығы,
Бақтыгерей Құлмановтың 160 жылдығы. Бұл қол жетімді деректердегі біздің білгеніміз. Биыл зерттеушілер Алаш қайраткерлерінің толықтырылған тізімін жариялады. Онда 700 адамның есім-сойы белгілі. Бұлардың барлығы да репрессия құрбандары болған.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтады. Қазақтың азаттығы жолында шейіт болған арыстарымызды ұлықтайтын уақыт әбден жетті. Жалтақтап болдық. 32 мен 37-де қырылған қазақты жоқтайтын шерлі шеруді өткізе алмасақ, қызылдардың шеруінің де, оны өткізген биліктегі бишікештердің де құны көк тиын!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz