Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 8687 45 пікір 13 Мамыр, 2019 сағат 14:13

«Қазақ-стан» сөзі - қазақтың уақытша тұрағы деген мағына береді

Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрдық деп, қуанып «бөркімізді аспанға аттық». Алайда, «Қазақ елі» емес, Қазақстан атанып, «стан» деген сөздің байыбына бара алмадық. Бұл ел есімді белгілеуде Бізге Ресейшіл орыс тілді биліктің ықпалы үстемдік жасады.

«Стан» - орыс тілінде «уақытша тұрақ» деген мағына береді. Мысалы, «охотничий стан (аңды бір жерден мәңгі ауламайсың)», сенокосный стан (шөпті бір жерден мәңгі шаппайсың), вражеский стан (жау алдыңда мәңгі тұрмайды)», станция (поезд 10-20 мин. қана тоқтап өтеді)», станица (орман шетіндегі екі, үш үй) т.т. болып кете береді.

Бұл сөз парсы тілінде өзіне тиесілі ел шетіндегі шалғай аймақ дегенді білдіреді.

Демек, Қазаққа жалғанған «стан» сөзі Қазақтардың уақытша тұрағы деген мағына беріп тұр. Орыс тілді билік бізді қайда апара жатырсыздар?

Ана тілімізде «стан» сөзі жеке-дара қолданылмайды. Бұл жерде «стан» сөз арасында қолданылып, еліміздің бас қаласына АСТАНА атауы берілуі өте сәтті қадам болды. Себебі, «станның» алды мен артындағы әрқашанда тек қана бастапқы Ата дегенді білдіретін «А» таңбасы Астана қаласы тек қана қазақтың емес, бүкіл әлем елдерінің Астанасы деген мағына беріп тұр.

Келешекте ел атауынан «станды» алып тастап, «Қазақ елі» деп атағанымыз жөн болады. Кезінде Елбасының өзінен мұндай ұсыныс болған. Бірақ, Қазақстан Президенті айналасындағы орыс тілділердің ықпалымен аяғын құнттамады.

«Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Астана – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны – 1 000 000-нан асты.

Астанамызға Алматыдан тілімізде, қазақи ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық білім ордасы да ауысуға тиіс еді. Олай болмады. Солтүстіктегі орысы көп аймағымызды қазақыландырамыз деп  үміттеніп қуандық.  Алайда, бұл үмітімізде ақталмады. Билік ол өлкені қазақыландырмақ  түгілі, олардың өздері бұрынғыдан да бетер орыстанып, солардың ықпалында кетті. Мемлекеттік қызметке орыс тілін білмейтіндер алынбайтын жағдайға жеткен. Астана қаласында келе жатып, көшедегі 80-90% өзге тілде жазылған көрсеткіш тақталар мен жарнамаларға қарап, өзімізді Қазақтың ұлттық мемлекетінде өмір сүріп жатқанымызды сезіне алмайтын халге жеттік, қалада ұлттық нақыш жоқтың қасы, көшедегі жұрттың көбі орыс тілінде сөйлеседі, барлығы дерлік қазақша сұрасаң орысша жауап береді, автобустар да жастардың қарияларды сыйламай, орын ұсынбай, құлағына наушнигін тығып, теріс қарап отыра беретін жағдайлары жиі кездеседі,   яғни 30 жылда Астанамызды қазақи мәдениет ордасына айналдыра алмады.

Қарап отырсақ, Астана ұлттық мәдениетіміздің дамуына емес, керісінше «тежеуіш» рөл атқарып тұрғаны байқалуда. 30 жылда Қазақтың әйгілі алып тұлғалары: Еділ мен Шыңғысты, Алпамыс пен Қобыландыны, Керей мен Жәнібекті, Абай мен Шәкәрімді, Қожа Ахмет Иасауи мен Әулие Бекет - Пір Атаны,  Әбубәкір Кердері мен Мәшһүр Жүсіптерді танымайтын, қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына қызмет етпейтін, қазақтан гөрі шетелдік құндылықтарды ұстануға әуес «заманауи» ұрпақ тәрбиелеп шығарды.

Жақында КТК телеарнасында жоғары білімді сайысқа қатысушы азаматтың «Абай жолы» романының авторы кім деген сұраққа Жамбыл Жабаев деп жауап бергеніне куә болдық.

Астанадан қазақ даласына Қазақтың ұлттық идеологиясын ұлықтайтын, ұлттық намысы мен  жігерін жанитын және өзге аймақтарға үлгі болатындай сыртқы бейнесінен басқа ештеңе сезілмей тұрғаны ащы да  болса бүгінгі күннің шындығы осы.

Есесіне, елдің төл есімін қайтаруға табылмаған қаражатты Астананың атын өзгертуге бір күнде табылғаны бізді таң қалдырды. Қазақ елі "станнан" құтылудың орнына Астананың атын өзгертті. Өкінішті.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054